«АЛТЫН ТАЛШЫҚТЫ» АЯҚАСТЫ ЕТІП ЖАТЫРМЫЗ

ҚОЛДА БАРДЫҢ ҚАДІРІН ҚАШАН ТҮСІНЕДІ ЕКЕНБІЗ?

Қазақстан шикізатқа бай ел, сол үшін Жаратқан иемізге айтар алғысымыз да шексіз. Бүгінгі әңгімеміз сіздер ойлап қалғандай мұнайдың мол қоры мен есепсіз жерасты қазба байлықтары емес, қазақ атамыз ықылым заманнан тұрақты пайдаланып келген мал шаруашылығы өнімдері, оның ішінде - әлем бойынша «алтын талшық» деген атауға ие болған бір ғана жүн жайында болмақ. Осы бір өмірлік маңызы зор шикізатты рәсуа етіп шірітіп немесе өртеп жатқанын көргенде жазықсыз жануарлардың ғана емес, адамның да басындағы шашы тік тұрады. Маңғыстау облысында түйе жүні кәдеге жарамай, далаға тасталып жатқанын баспасөзден оқып, телеарналардан көріп-естігенде жағамызды ұстауға тура келді. Жылына 100 тоннадан аса түйе жүнін амалсыздан өртеп жібереміз дейді шарасыз қалған шаруалар. Өйткені осы бағалы байлықты өңдейтін де, өткізетін де орын атымен жоқ екен. Бес-алты жылдан бері түйе шаруашылығымен айналысып келген Мейрамгүл Жарылғасова сүті мен етін сауда орындарына шығарып сатқанмен жүнін пайдаға жарата алмай отырғанына қынжылады. Маңғыстау өңірінде Ойсыл қара тұқымын көбейтіп отырған 500-дей шаруа қожалықтары бар екен. Барлығының да жанайқайы осы тектес болып келеді. Мысалы, олар орта есеппен 50 мыңға жуық түйе ұстайды делік, бір түйеден кем дегенде 3 келі таза түбітті жүн түседі. Бұл жылына 150 тонна бағалы шикізат іске жаратылмай далаға тасталады деген сөз. Жергілікті билік енді төрт түлік төресінің жүні мен терісін өңдеп, сүті мен етінен дайын өнім шығаруға субсидия бөлмекші екен. Оның да қашан нақты іске асары белгісіз. – 174 миллион тенге қаражат бөлуді сұрап отырмыз. 69 миллион теңгеге жобаланған нақты бағдарламамыз бар. Сол жоспар бекітілгеннен кейін қаржы сұраймыз. Ол қаржы түйе етін, сүтін, жүнін, терісін субсидиялауға бағытталады,- дейді Маңғыстау облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Талғат Балтабеков. Республика бойынша түйе жүнін өңдейтін жалғыз ғана кәсіпорын бар. Осы облыстың Таушық ауылында орналасқан бұл шағын цехтың тонналап шикізат өңдеуге қауқары жетпейтіні айтпаса да түсінікті. Бұл саланың қыр-сырын өзгелерге қарағанда жақсы білетін маңғыстаулық кәсіпкерлердің айтуынша түйе жүнінің 85 пайызы таза түбіттен тұрады. Түбіт болғанда қандай, қолға түсе бермейтін қымбат шикізат. Оның емдік қасиеті де бар екенін бүгінгі күні мүлдем ұмытқан секілдіміз. Ата-бабаларымыз бел мен буын сырқырағанда, сіңір созылғанда түйе жүнінен жасалған белдік тағып емделгені өмірлік тәжірибеден белгілі.Түйе жүнінен тігілген көрпе немесе түрлі тоқыма киімдер әлемдік нарықта қымбат тұрады. Ал біз болсақ осыншама бағалы шикізатты өртеп, аяқасты етіп жатырмыз. Тағы бір мысал, Павлодар облысында болғанымызда жергілікті ауыл тұрғындары қойдың жүнін өртеп жатқанын өз көзімізбен көргеніміз бар. Сондағы Айманбай деген ақсақалдың мына бір айтқан қынжылысқа толы сөзі әлі де құлағымыздан кетер емес. - Қолда бардың қадірін кетірген кезеңге тап болдық міне. Мен есімді білгелі жарықтық бұл жүнге деген мұндай көзқарасты бұрындар көрген емеспін. Біздің аналарымыз, әжелеріміз жүнді аппақ етіп жуып, киіз басып, текемет, сырмақ жасаушы еді. Жіп иіріп, шұлық, қолғап тоқитын. Қой жүнінен тоқылған кеудешелер қақаған қыста аяздардан қорғайтын. Артылғанын кеңестік кезеңде агент дегендер келіп ақшасын төлеп, жинап алып кететін. Малдың терісі де жерде қалмайтын. Қазір соның бірі жоқ, облыс орталығына апарсаң еңбегің жол ақысына кетеді. Сондықтан аяқ астында қалмасын деп өртеуге мәжбүрміз. Құдай кепиетінен сақтасын! Қазір қанша мал ұстаймын десең де ерік өзіңде, ешкім қысым көрсетіп жатқан жоқ. Әрбір үйде кем дегенде екі-үш жылқы, төрт-бес сиыр, жиырма шақты қой бар. Мына елуден астам түтіні бар біздің ауылдан қымыз таба алмайсың. Бүгінгі жастар бие түгіл сиырларын сауып, май-құрт жасауға ерінеді,-деп кейіген қарияның мұңды жүзі бүгінге дейін көз алдымызда. Ия, он бес жыл өтсе де біз көрген сол бір қарияның көкейдегі қыжылы мен өзегін өртеген бұл мәселе осы күнге дейін шешімін таппай келеді. Бүкіл еліміз бойынша жеке қолда миллиондаған қой бар екені белгілі. Оның терісі мен жүнін пайдалану бізде атымен жоқ десе де болады. Білуімізше Таразда осындай жүн өңдейтін кәсіпорын бар. Ол фабрика бағалы затты тікелей шетелдерге жіберетін көрінеді. Оның үстіне жүн өңдейтін жалғыз фабрика мал өнімдерін молынан өндіретін, аграрлық саланы дамытуды қолға алған біздің еліміз үшін тым аздық етеді. Сондықтан сатқан күннің өзінде де бағалы затты шетелдіктерге су тегінге беруге мәжбүрміз. Алтын талшықтың қадірін бізден әлдеқайда жақсы білетін шетелдіктер одан киім-кешек, түрлі бұйымдар жасап өзімізге ондаған есе қымбат бағасына сатып жатыр. Біз болсақ соны ұялмай сатып алып, мақтанышпен пайдаланып жүрміз. Осыны ата-бабаларымыз көрсе «Ұрпағымыз тым ұсақтанып кеткен екен» деп айтары сөзсіз еді. Сонда бұрынғы ата-бабаларымыздан қалған кәсіптің техника мен технология дамыған заманда біздің қолымыздан келмегені ме? Жоқ, бұл берекесіздік, жалқаулық, масылдық, жатыпішерлікке әбден бой алдырғанымызды білдіреді. Біздің елімізде жетіп-артылатын тері, жүн секілді табиғи шикізатты өңдеуді нақты қолға алсақ оны қолданатын салалар жеткілікті және пайдасы да шашеткетен болар еді. Ең бастысы ниет керек. Осы тұста бұдан 7-8 жылдар бұрын баспасөзде жарық көрген «Ақ киіз» жеке кәсіпорны директоры, биология ғылымдарының кандидаты Айгүл Жансерікованың қазақтың қолөнеріне қатысты білдірген ой-пікірі еске түседі. «Қолөнерді екінші деңгейлі жұмыс көретін қоғамдық пікірге өзгеріс енгізбей, ұлттық дәстүрді өркендету қиын. Шеберлердің қолынан шыққан бұйымдарға кәдесыйлық зат ретінде қарауды қойып, оларды халықтың күнделікті тұрмысына енгізу үшін мемлекеттік қолдау керек» деген-ді белгілі ғалым және ұлттық қолөнерді қолдап дамытуды мақсат тұтқан кәсіпкер. Өте дұрыс айтқан. Денсаулығымызға пайдасынан гөрі зияны басым синтетикалық киім кигенше неге біз қолда бар таза, табиғи шикізатттан жасалған бұйымдарды пайдаланбаймыз? Оған мүмкіндігіміз толығымен жетеді. Тек қолға алып іске кіріссек болғаны. «Мал шаруашылығы сонау есте жоқ ескі заманнан бері үзілмей келе жатқан байырғы кәсібіміз болса да, жүн өңдеу өнеркәсібі әлі ақсап келе жатыр. Жүн жинаудың өзі өзінше бір мәселе. Ауылды жерлерде жүн жеткілікті, бірақ оны Кеңес үкіметі кезіндегідей қабылдайтын, өңдейтін жер жоқ. Қазіргі бір-екі өңдеу кәсіпорнының, біріншіден, қуаты шағын, екіншіден, олардың өндірісі тек экспортқа бағытталған. Кейде біз өз өндірісімізге қажетті жүнді ақшаға да таба алмаймыз. Өндірістің жағдайы шикізат өңдеуден, оның сапасы мен бағасына тікелей байланысты. Ал ауыл тұрғындары өз қолындағы азын-аулақ малының жүнін, терісін қайда өткізерін білмегендіктен, босқа рәсуа етіп, тіпті қоқысқа төгіп жатыр. Егер менеджмент пен маркетинг жүйесі дұрыс жолға қойылған болса және оның негізінде қосымша жұмыс орындары ашылса, халықтың ежелгі тұрмыстық салт-дәстүрі мен қолөнерін дамытуға жаңа мүмкіндіктер пайда болар еді» деген Айгүл Жансерікованың пікірі өте орынды дер едік. Бұдан артық қандай пікір, қандай ұсыныс керек?! Енді осы бір пайдалы істі дамыту үшін не істеу керек және оған не бөгет болып отыр дегенге тоқталайық. Алдымен айтарымыз, бұл салаға нақты мемлекеттік қолдау жоқ. Елбасымыз шағын және орта бизнесті дамытуды қайта-қайта айтып келе жатқаны бәрімізге белгілі. Атакәсібіміз жүн, теріні өңдеп, кәдеге жарату соның бір жарқын көрінісі емес пе? Шикізат жеткілікті болса да соны дұрыс жолға қоя алмай отырмыз. Ол үшін міндетті түрде қалада емес, аудандарда, ауылдарда пайызсыз несие беріп, шағын кәсіпорындар ашу керек. Сонда жұмыс орындары пайда болып ауылдықтар қалаға көшуін тоқтатар еді. Керек болса оларды салықтық міндеттемеден босатсақ та ұтылмаймыз. Қалай десек те ата-бабамыздан келе жатқан осы бір аса пайдалы саланы жандандырып, аяқасты болып жатқан бағалы шикізатты өңдеп ел игілігіне жаратуға міндеттіміз. Зейнолла АБАЖАН qazaquni.kz