Біз бүгін АҚЫРЗАМАН деген апанға жарыса жүгіріп барамыз
2017 ж. 26 мамыр
6146
11
РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ
Дүние базарына бардым...
Мейірімділік бағасы көтеріліп кетіпті, ала алмадым...
Намыс арзан, көбісі оны сатуда...
Шүкіршілікті мүлдем таба алмадым...
«Достық» деген маскалар көп екен...
«Махаббат» деген ойыншықтардың талайы тұр...
Адамдардың аяқтарының астында «Қадір» деген топырақ шашылып жатыр...
Көлеңкеде Жүрек деген қайыршыны көрдім... Ол адамдарға қарап «мейірім садақа қылыңызшы» деп жалынуда.
Фейсбуктен
АТАМА ХАТ
Ата, биыл сіздің қайтқаныңызға 40 жыл толды. Ол кезде мен 14 жаста едім. Әжем екеуміз үшін бүкіл әлем жоғалғандай болып жетімсіреп қалғанбыз... Айналадағы жұрт «Уақыт бәрін емдейді» - деп жұбату айтып жатты. Атқан оқтай, шапқан аттай болып арада 40 жыл уақыт өтіп кетті. Жылдар белесінде жасыма жас қосқан сайын сіздің орныңыз ойсырап барады. Өмірдің бел ортасынан асқанда өзіңіздің жанымда жоқтығыңызды саналы түрде сезіне бастадым. Ата, өмір, өзіңіз айтқандай қас-қағым сәт екен. Мен, кеше ғана, сіздің тізеңізге басымды қойып – айтқан әңгімелеріңізді, қабылдаған шешімдеріңізді тыңдап жатқан сияқты едім. Айтқаныңыздың бәрі есімде, қоңыр үніңіз құлағымда... Бұқарадан Түркістанға зияратқа шыққан сопылар біздің үйге тоқтайтын еді ғой. Солармен «ақыр заман» туралы бір әңгіме өрбітіңіздер. Сонда, сіз «Ақырзаманның болу-болмауы адамзаттың өзіне байланысты. Адамдар өздерін рухани азғындаудан сақтаса – болмайды. Ақырзаман – бұл меже. Дін – адамдарды сол межеден аттаптаудың құралы» - деген едіңіз. Атажан, бізді өз дінімізден хабардар етіп, жүрегімізге иман ұялатып тәрбиелегеніңіз үшін мың да бір рахмет. Кеңес дәуірінің қыспағына түсіп, ашаршылықты бастан кешіріп, өзге елде өмір сүріп жүріп, бізді – өз ұрпағыңызды ел мен жерді сағындырып, ұлтымызды сүйдіріп, АНА тілімізді ардақтатып, салт-дәстүрмен сусындатып өсіргеніңіз үшін біз сізге бас иіп алғыс айтамыз. Ата, сіздің арқаңызда өмір бойы сағынып өскен қазақ еліне аяғымыз жеткенде ең алғашқы бізді таң қалдырған жай – ана тілін білмеу ұят емес екен, ал салт-дәстүр «ескінің сарқыншағы» ретінде қажет емес екен. Ал, ақ босағасын аттаған жас келіннің басына ақ жаулық салу, келіннің үлкендерге иіліп сәлем салып алғыс алуы сияқты адамдардың қарым-қатынасын реттейтін, өзара сыйластығын арттыратын дәстүрлер тұрпайы саналатыны жүрегімізге салмақ салып, көңіл шіркінді су сепкендей басты. Бәрінен де, ата, кәлимаға тілі келмей, мұсылман екенін білмей өмірден өтіп кеткен жандарды көру қиын екен. Оларды алдарында не күтіп тұр? Олардың аталары мен әжелері қайда қараған? Тағдырдың жазуымен кеңес өкіметінің «тас жолды тегістейтін трактор» сияқты зіл-темір саясатының астында қалған адамдар, оның ішінде ерекше қазақтар, ділі мен дінінен алыстапты. Ата, сіз «заман – қызыл түлкі, тазы болып қуып жет» дейтінсіз. Ол рас екен. Дегенмен, «қызыл түлкіге» еріп кеткендер, соның артында жүріп адамгершіліктен аттап кеткендер көбейді. Сіз теперіш көрген, сіз қызмет еткен мемлекет құлады. Әр ұлт өз басына егемен ел болды. Бұл біз үшін – ата-бабасы Тәуелсіздік үшін жанын қиған ел үшін – орындалған асыл арман, асқан бақыт, шексіз мүмкіндік. Бірақ, кеңес үкіметі 70 жылдың ішінде 15 республиканы бір-біріне байлап-матап тастаған екен. Басымызды бөліп, еншімізді алғанда айналамыз күйреп, завод-фабрикалар тоқтап, совхоздар тарап кетті. Бұл, баяғыда өзіңіз көрген «қызыл қырғынның» келесі кезеңі еді. Ер-азамат жұмыссыз қалды. 70 жыл бойы тоқтамаған Кеңестің машинасы қирап, тәртібі бұзылды. Мемлекеттің бергенін ғана алып, «жоғарыдағылар» не айтса соны құптап үйренген халық тіпті ойланудан қалған екен. «Ал, міне – бостандық. Қалай өмір сүрсең де өзің білесің» дегенде халық не істерін білмей абдырады. Ептілер «өз ісін» бастап, епсіздер «далада» қалды. Бірақ, ата, менің айтарым бұл емес. Ата, сіз қашанда «Ана деген әлемдегі ең ұлық атақ. Анаңды Меккеге үш рет жаяу арқалап барсаң да ақ сүтін өтей алмайсың» - деп айтып отыратын едіңіз. Міне, сол аналар, күйеулері жұмыссыз болып, үйде отырып қалғанда - дипломына, біліміне қарамастан, ала дорбаны арқалап, базар жағалап, саудаға шығып кетті. Ана жүрегі бала-шағасының аш-жалаңаш болмауы үшін қандай да ерлікке дайын екен. Иә, ата, бұл ерлік. Себебі, білікті дәрігер де, білімді мұғалім де, атақты әртіс те ешқашан ата-бабасы кәсіп етпеген жаңа бағытты – саудагершілікті игеріп алды. Бірақ, ата, қолға ақша ұстап үйренген әйел, өз табысына сенген, өз табысымен өмір сүрген әйел өзгереді екен. Ата, сіз «ұлтты тәрбиелеуші – әйел. Алла тағала әйелді жаратқанда алдына адамзат ұрпағын жалғастыруды, тәрбиелеуді парыз еткен, міндет қойған» деген едіңіз. Бүгінде, ата, байлардың баласын шет елден келген гувернант – біздің ана тілімізден, ата дәстүрімізден ешбір хабары жоқ адам тәрбиелеп жатса, кедейдің баласы өзімен-өзі өсіп жатыр. Себебі, қазіргі ата-ана баланы қаржылай қамтамасыз етуді ғана міндетім деп санайды. Ата, есіңізде ме, біздің үй – кішігірім фабрика еді ғой. Сабақтан бос уақытымызда әжем мен мамам бізге кесте тігуді, шұлық тоқуды, киім пішуді үйрететін. Тіпті телевизор көріп отырғанда да бір жұмыспен айналысып отыратынбыз. Жаз айларында кілем, алаша тоқып, киіз басуға көмектесетін едік. Енді түсіндім – біз сол кезде ана мектебінен тәлім алып, төзімділікке, шыдамдылыққа үйреніп, әйел қызметінің практикасынан өткен екенбіз ғой. Ал бүгін, ата, сол мектеп жоқ, сол мектептің профессорлары – нағыз әжелер мен аналар жоқ. 40 жыл өзге елде тұрса да, тек қазақ тілінде сөйлеп, орыс тілінде оқыған біз сияқты немерелерінің санасына ана тілінің уызын салып кеткен біздің әжемдей әже жоқ. Ата, мен ешкімді кінәламаймын. Сіздердің замандарыңыз сондай болды. Сіз «орысша білмесе, нанын тауып жей алмайды» деп, бізді орысша оқыттыңыз. Бірақ, 10 жасқа толғанда жеті атамыз бен «Ықлас» сүресін жазып беріп, «сен қазақсың, сен мұсылмансың» деп, тамырымыздан алыстатпай өсірдіңіз. Ата, сіздің қолыңыздан қара-көк қабы бар Абай Құнанбаевтың жинағы түспейтін. Сен сізден «Қашан оқып боласыз?» - деп сұрағанда, «Күнде жаңадан бастаймын. Бұл кітап, қызым – қазақтың шамшырағы» деген едіңіз. Ата, мен де Абайдан сусындадым, қара сөздерін өміріме азық еттім – рухани азық еттім. Менің түсінгенім – қазақтың адастырмас шамшырағы – ана тілі, қазақ тілі. Бірақ, ата, өз тілін білмейтін және білгісі де келмейтін аналар көбейді. Ал, әр ана, әр әже өз отбасының Ана тілі ұстазы болмаса ұрпақ тілді кімнен үйренеді? Ал тілін білмеген ұрпақ қазақ бола ала ма? Бұл туралы Нұрлан Оразалин ағамыз: Сырымды кімге төгейін? Кім үшін азап шегейін? Бабадан қалған асыл сөз, Сен кетсең, Ертең не дейін? Дүние неге тарылды? Бүтінім неге жарылды? Өтінем жаңа ғасырдан – Сақтай гөр, сақта барымды. Сезімді сел қып, бу атып, Төзімді тозғып, уатып, Өтінем – сөзін бабамның, Сақтай гөр, Сақта, Тәңір –Уақыт! Бірақ, тіл білмеген ұрпақ Нұрлан ағаның зарын естімейді, түсінбейді, тіпті оқымайды ғой! Ата, Күләш апа Ахметованың: Сен – қазақсың! Қазақ деген ел бөлек, Қазақ салған соқпақ бөлек, жол бөлек. Киіз үйі жер сияқты жұп-жұмыр, Шаңырағы күн сияқты дөңгелек. Сен – қазақсың! Қазақ едің туғанда! Онда, дүние тағылымнан үлгі ал да, Атажұрттан, ана тілден айрылма, Төбеңде күн, төменде жер тұрғанда! Қазақты жамандама, қазақ бала! Халық қой қазақ деген аз-ақ ғана. Осынау ай астында, жер үстінде, Қазақтың жанашыры қазақ ғана ! Немесе ақын Қазыбек Исаның: Қожайын тілінде құлдарша Орысша сайрасақ – сол қайғы, Ел Азат болғаны шын болса, Тіл неге Азаттық алмайды?… Қайран ел қалайша қалғиды? Жау іштен шыққаны – зор қайғы. Қазақша есітпей әлдиді, Өскен ұл Ел қорғай алмайды… Кірмеге кіріптар боп күнің, Кіргізді бар дінді бай мекен… Қолсүйер қолбала көп бүгін, Ел сүйер ерлерің қайда екен? деген сөздерін олардың санасына қалай жеткіземіз? Ата, бірде «Қазақ радиосында» тыңдармандардың тікелей сұрақтарына жауап беріп отырғанмын, Алматы қаласынан ер адам байланысқа шықты да «Осы депутаттар қайда қарап отыр? Қазақ қыздары шет елдің азаматтарына, басқа ұлтқа тұрмысқа шығып жатыр. Неге бұл іске заңмен тоқтау салмайды?» - деп ашулана сөйледі. «Аға, көтеріп отырған мәселеңіз өте маңызды. Бірақ бұл жерде депутаттардың не қатысы бар? Бұл жеке адамның құқы, таңдауы – заң да, басқа адам да бұл мәселеге араласа алмайды ғой. Енді, аға, өтініш - менің де сұрағыма жауап беріңізші. Мен де қазақтың қызымын. Мен басқа ұлттың ер азаматына еркек деп қарамаймын – мені отбасым солай тәрбиеледі. Ал, сіз, өз қызыңызды қалай тәрбиеледіңіз – ол өзге ұлттың жігітіне тұрмысқа шыға ма?» - деп сұрадым. Телефон байланысы үзілді. Алматыдан телефон соққан ағам жауап бермеді. Ата, бұрын «безбүйрек» деген сөзді тек жауға байланысты айтады деп ойлайтынмын. Ал қазір арамызда «безбүйректер» көбейді. Қаншама ата мен әже Қарттар үйінде өмір сүріп жатыр. Жоқ, ата, мен олардың балаларын ғана кінәламаймын. Қазақ болудан қорыққан, қазақтықтан қашқан ата-аналардың балалары шығар оларды Қарттар үйіне тапсырған. Себебі, қазақи тәрбие көрген адам ата-анасы түгілі жетімі мен жесірін де қамқорлығынан айырмайды ғой. Сіздің «Уықты басқұр ұстайды, ұлтты дәстүр ұстайды» дейтін сөзіңіз дұрыс екен. Қазақтықтан сақтанамын деп жүріп, мәңгүрттікке бой алдырғандарын жұрт байқамай да қалды. «Есалаңдай әр затқа таңдай қағып, Ой-сезімнен осылай шалғайланып, Дулығалы дәуірдің дүмпуінен, Адам бара жатқандай малға айналып» - деп, Фариза апа Оңғарсынова бүгінгі жағдайды дәл суреттейді. Ата, «мал» демей енді не дейін өз баласын – шарана сәбиді қоқысқа, әжетқанаға тастап кететін әйелдерді. Ата, бұл АҚЫРЗАМАН емес пе? Ананың жүрегінде балаға деген сүйіспеншілік, ана махаббаты таусылған болса, онда ӘЛЕМ қалай тұр? Адамның өмірі соншалықты құнсыз ба? Ата, сіз «Адамзаттың туылуы мен өлуі – Алланың ісі, жаратқанның шешімі» - дегенсіз. Онда неге аналар Алла берген туған баласын өлімге қияды? Біз, «Ана» деген сөзді «Мейірім» деп ұғып өстік. Адам баласы «жақсы көру», «сүю» деген сезімдерді анадан үйренеді. Анасына деген махаббаттан өмірге деген, басқа адамға деген махаббат қалыптасады. «Ана» деген сөз «жүрек» деген сөз емес пе? Ананың жүрегі балаға деген махаббатпен өмір сүреді және сол махаббаттан өледі. Себебі, баланың құлап қалғанда ауырған жері, өмірде қателескен кезі, ауыр сөзбен жауап бергені Ана-жүректі шетінен кеміріп, кішірейте береді. Баланың ауырғаны, өкпелеп қалғаны, хабарсыз кеткені, дұрыс түсінбеуі Ана-жүректі аз-аздап өлтіре береді, өлтіре береді... Ана, баласын тастап кеткен аналардың жүрегі бар ма? Әлде олардың жүрегі тастан жаралған ба? Анадан махаббат сезінбеген бала кім болады? Оған адамзатты сүюді кім үйретеді? Ата, менің бір арманым – барша қазаққа Абайды оқытып, отбасылар арасында жарыс өткізсем деймін. Ең дұрыс жауап берген атаға – Ақсақал, ал әжеге – Ел анасы деген мәртебе берсем деймін. Себебі, біздің қоғамымызда қазір шал көп, бірақ ақсақал жоқ. Жас кезімде сақалы ағарған адам – ақсақал деп ойлайтынмын. Енді түсіндім – Ақсақал деген ұлы атақ екен, ақсақал деген – абыз, дуалы ауызды, ортаға сыйлы, қадірлі, таза адам екен. Бала кезімде, ешқашан сақал қоймаған сізді «ақсақал» дегенде таң қалатынмын. Сізді сонау Самарқандтан Қазақстанға біреудің отбасының шаруасын шешу үшін неге шақырады деп ойлайтынмын. Сөйтсем, сіз әділ шешім айтатын, сөзіңізге ел тоқтайтын Ақсақал екенсіз. Сіз кеткелі 40 жыл өтсе де, көзкөргендер мені "Ыдырыс ақсақалдың қызы" деп құрметтейді. Ал, мен, ата, сол биік атаққа сай болуға тырысамын. Фариза апа айтқанда: Өзің маған ой бердің, ғұмыр бердің, Нар жігіттің арқалар жүгін бердің, Сана бердің сергектеу сезінуге Қайғысы мен күлкісін жұмыр жердің. Сол сергектік тыныштық бермейді маған, ата. Мен барша ер кісіні сізбен салыстырамын. Бүгінгі жігіттер, ата, ұсақтанып кетті. «Отағасы» деген ұлы ұғым бар еді, әйел затын үш қадам артта ұстайтын. Әжем сіздің атыңызды атамай өмірден өтті. Бұл – сыйлағанның биік шыңы екен ғой. Әжем «Ер кісінің жолын кеспе, ер адамның алдына түспе, ер адам үйдің киесі» - деген түсіністікпен өсірді бізді. Әйел заты табиғатынан адал ғой өзі. Әйел жақсы көрген жанға құрбан болуға дайын. Әйел тәуелді болуға бейім. Біріншіден – моральдық тәуелділік немесе ер жігіттің өзін жақсы көретінін сезіну; екінші – материалдық тәуелділік – ері қамтамасыз етсе ошақтың отын өшірмей, айналасын әдемі ұстап отыру. Бірақ, осы тәуелділікті қамтамасыз ететін ер-азамат азайды. Фариза апа: Асау ғасыр, іріні үгіп демің, Бара жатса сөнердей үміттерім. Мен тілеймін – күңкіл мен ұсақтықтан Сақтағай деп даламның жігіттерін – деп уайымы мен қайғысын осы төрт шумаққа сыйдырып кетті. Тек ер азаматты кінәлі деп айтпаймын, ата. Сол ерді азамат ететін немесе ез ететін– әйел, ана екенін түсінемін. Өз ұлдарымды сол жауапкершілікпен тәрбиелеуге тырыстым. Менің жеңгелерім үлкен ұлымды сізге ұқсатады – «қыздармен тегіміздің асыл қасиеттері басқаларға кетіп қалды» деп айтып отырады. Ата, жастардың арасында ұлттық қасиеттерімізге, дінімізге, ділімізге деген қызығушылық бар. Бірақ, олардың сұрақтарына жауап беретін аталар жоқ. Ұрпақтар сабақтастығы үзілген. Бүгін өз дініміз туралы ақпараты жоқ жастар басқа елдің насихатының жетегінде кетіп жатыр. Бірі - тіпті мұсылманшылықтан шықса, екіншілері – исламның басқа теріс ағымдарын қабылдап, ата дәстүрінен бойларын аластап барады. Бірақ, ата, осының қатерін сезіп отырған адам аз сияқты. Жігіттердің дінге бас бұрғанының бір себебі – айналадан тазалықты іздей бастағаны. «Ұят» деген ұлы сөзден айрылған қоғамда қыздың құпиясы, әйелдің жыныстық ерекшелігіне байланысты сырлары қалмайды екен. Жалаңаш әйелді көріп көзі тойған ерлердің қыздарға қызығуы төмендейді екен. Тіпті, ата, жеркенеді ме деп ойлаймын. Міне, сондықтан да, қазіргі жігіттер өз әйелінің жабық болуын қалап – араб елінің киім кию дәстүрін бізге әкеліп отыр. Осылай тұмшаланған бір бойжеткеннен «айналайын, айтшы, неге осыншама жамылып алғансың?» - деп сұрағанымда, «Апа, сізге беріп тұрған кәмпиттің бірінің сырты ашылып қалған – қағазы жоқ, ал екіншісі оралған болса, қайсысын таңдайсыз?» - деп қарсы сұрақ қойды. «Қағазы барын аламын ғой, ол себебі таза» - деп жауап бердім. Сонда ол қыз маған «Өмірде де солай, жігіттер арамыздан тазамызды таңдайды. Сондықтан осылай кийінуді жөн көрдім» - деді. Бірақ, ата, қазақтың да ұлттық киімі жабық, мәдениеті жоғары бабаларымыз осының барлығын ескере отырып қалыптастырған ғой. Өз тарихынан, мәдениетінен хабары жоқ балаларымыздың алыстан іздеп жүргені жанында тұрған жоқ па? Ал, осылай кете берсек «Қазақ» болып қаламыз ба? Әлде немерелеріне қазақша ертек айта алмайтын аталар мен әжелердің жоқтығынан тамырымыздан қол үзіп кетеміз бе? Ата, сіз «ұялудың екі түрі бар. Оны Абай айтып кеткен. Біріншісі – надандықтан ұялу немесе адам өзінің Алла берген талабын көрсетудің орнына – «ұяламын» дегені; екіншісі – біреудің надандығы үшін ұялу немесе біреудің орынсыз, шектен шыққан әдепсіздігі, біреуге жасаған қиянаты үшін ұялу» - дейтінсіз. Ата, менде «тыңдалмаған сөз жетім» дегенді ұғынған жасқа жеттім, біреу үшін ұялудың жиі кездесетіндігі сондай - көп ортаға бармайтын болдым. Ұялғанымнан ауырамын, ата. Ата, менің түсінгенім – адамзат өз дамуының шегіне жеткен сияқты. Біз бүгін АҚЫРЗАМАН деген апанға жарыса жүгіріп барамыз. Ата, біз үшін табиғаттың тылсым сыры, құпиясы қалмады. Біз, жатырда жатқан баланың жынысын да, ағзасындағы ақауларды да алдын-ала, туылмай жатып білеміз. Ата, біз адамдардың жүрегін, бүйрегін, бауырын ауыстырып салып беретін болдық, кәдімгі мәшиненің тозған құрал-жабдығын ауыстырғандай. Ата, біз бүкіл планетаны жойып жіберетін қаруды жасап шығардық. Сондықтан, ата, біз енді ештеңеден қорықпаймыз. Оның ішінде – өлімнен де қорықпаймыз. Олай болса, Алладан да деген сөз емес пе? Нәзипа ШАНАЙ Qazaquni.kz