Нұрсұлтан Назарбаев:«ҮЛКЕН ЕУРАЗИЯ» ИДЕЯСЫ БІРЫҢҒАЙ ЭКОНОМИКАЛЫҚ КЕҢІСТІККЕ ЖОЛ АШАДЫ
2017 ж. 15 мамыр
2334
0
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Бейжіңде «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы аясында халықаралық ынтымақтастықты нығайту мақсатында өткізілген жоғары деңгейдегі форумға қатысты. Оған 29 мемлекеттің президенттері мен үкімет басшылары, сондай-ақ БҰҰ, Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қорының өкілдері келді.
Қазақстан Президенті «Бір белдеу, бір жол» форумының көшбасшылар дөңгелек үстелінде «Үлкен Еуразия» бірыңғай экономикалық кеңістік идеясы туралы, Еуразиялық экономикалық одақтың атқарып тұрған маңызды рөлін атап өтті. Мемлекет басшысы жалпы экономикалық дағдарыс кезінде тиісті қиындықтар болғанын, алайда ағымдағы жылы осы бірлестік аясында сауда көлемі 30 пайыздан астам деңгейге өсім байқалғанын жеткізді. «Бұл ауқымды нарық, 180 миллион халықты қамтып отыр. Осыған байланысты «Үлкен Еуразияның» біртұтас экономикалық кеңістігін құру идеясы жаңа мәнге ие болуда. Жібек жолының экономикалық белдеуі Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Еуразиялық экономикалық одақ және Еуропалық одақ тұғырнамаларын өркендеудің біртұтас өңірлік аумағына ұтымды түрде тоғыстыра алады»,– деді Н.Назарбаев. Сонымен бірге Елбасы «Бір белдеу, бір жол» бағытында ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту қажеттілігін, қоршаған ортаның, оның ішінде көлік артериясына айналуы әбден мүмкін құрлық ішіндегі трансшекаралық су ресурстарының оңтайлы басқару жөніндегі кешенді мәселелерді назардан тыс қалдырмау керектігін айтты.
qazaquni.kz