ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ МЕМЛЕКЕТ ТҰТАС ӨТУІ КЕРЕК!
2017 ж. 13 мамыр
9128
17
РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ
Рухани Тәуелсіздік мәнін ұлт зиялыларының түсінбеуі – қатерлі қателік!
Биыл Қазақ мемлекетінің Тәуелсіздік алғанына ширек ғасырдан асып, 26 жылға кетті. Ал Азаттық алған соң ең алдымен кез-келген тәуелсіздік алған елдер секілді деколонизациялау, яғни отарсыздану мәселесі қолға алынуы керек еді. Бірақ ел егемендігіндегі ең басты мәселе осы уақытқа дейін кешеуілдеп келді. Биыл 80 жыл болатын ХХ ғасырдағы 37 жылғы қанды қырғын – саяси репрессия, 1917-1920-жылдары мен әйгілі 30-шы жылдардағы қолдан ұйымдастырылған алапат ашаршылықтың бағасын беріп, Украина секілді елді қырғынға ұшыратқан империялық Ресейді айыптау билік тарапынан әлі қолға алынған жоқ. Тек 2012 жылы тамызда еліміздің бұрынғы астанасы Қызылордада «Ақ жол» партиясы төрағасы Азат Перуашев қана «Қазақты әдейі қынадай қырған ашаршылық пен қанды репрессия үшін Коммунистік партия жауап беруі тиіс» деп мәлімдеді. Сол секілді нағыз рухани репрессия – түркі халықтарына ортақ латын әліпбиіндегі қазақ мемлекетін 1940 жылы бір күнде империалистік мақсатпен орыстың шовинистік кириллицасына өткізіп жіберуі болатын. Енді міне, осы рухани репрессияның зардабын жоюдың алғашқы қадамдары жасалып, Қазақ мемлекеті 2025 жылы қайтадан Латын әліпбиіне өтетін болды! Бұл қадамға қарқын беріп, Ақ жол ашқан, әрине, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылдың 12 сәуірінде «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мемлекеттің бағыт-бағдарын айқындаған мақаласы. Елбасы бастаған Ұлттық рухани жаңғыру Ұлттық рухани деколонизациямен - Латын әліпбиіне көшу әрекетімен басталды! Біз Елбасының Рухани жаңғырудың басты бағдарламасы болып табылатын бұл туындысының Тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы зор маңызы туралы 18 сәуірдегі «РУХАНИ ТӘУЕЛСІЗДІК БАҒДАРЛАМАСЫ немесе ҰЛТЫҢДЫ СҮЮГЕ РҰҚСАТ БЕРІЛГЕН ҚҰЖАТ» ( http://www.qazaquni.kz/2017/04/18/68062.html ) атты мақаламызда толық жазған болатынбыз. Қазір баспасөзде, интернет әлемінде латын әліпбиіне өтуге байланысты қызу айтыс-талас жүріп жатыр. Бір қуанарлығы латын әліпбиін қолдаушылар - Ресейдің рухани отарынан құтылуды қуана құптаушылар анағұрлым басым және дәлел-дәйектері мен дауыстары айқын. Әсіресе, жастар жағы басым болып тұр. Ұлы Тұрандық тұтастықты жырлаған марғасқа Мағжанның «Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты, Мен жастарға сенемін!» дегені ақындық көрегендік екеніне көз жеткізудеміз. Дегенмен, екі жақтың да айтысына қарап отырып, қаперге алар жайттардың да бар екенін айта кетуге тиіспіз. Ең алдымен, «латын әліпбиіне мемлекет тұтас, түгел өте ме, әлде тек қазақ тілі ғана өте ме?»-деген басты сұрақ – елдің сұрағы. Біріншіден, ертең бүгінгі халіміздей мемлекеттік тіл өз жайында- босағада, ресми тіл –орыс тілі төрде келе жатқанындай жағдай енді әліпби статусында да қайталанбай ма? Заң тілімен айтқанда, де-юре ойдағыдай екі тілдің де-факто әділетсіз статустары енді әліпбиде қайталанбайтынына кім кепілдік бере алады? Екіншіден, орыс мектептерінің 70 пайызы қазақ балалары. Ертең екі әліпби елді екіге бөліп, қазақтілді және орыстілді болып бөлінген бір қазақ (мемлекеттің ұлттық идеологиясы жоқтығының айқын кемшілігі) тағы да екіге бөлініп кететіні анық. Ертең мемлекеттік іс қағаздарын орыстілді кирилицамен, қазақтілді латынмен жазып жатса, нағыз рухани бөліну мен ірге сөгілудің көкесін көретін боламыз. Сондықтан, мемлекеттің тұтастығы мен бірлігі – Тәуелсіздігіміздің берік негізі екенін ойласақ, Латынға мемлекет болып, қазақ тілімен бірге орыс тілі де, тұтас, түгел өткені дұрыс болар! Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Егемен Қазақстан» газетіне тек қазақ тілінде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты ел өміріндегі ерекше бетбұрыс мақаласының тек қазақ тілінде жариялануының өзінің үлкен рөлі бар. Енді 26 жылдан бері іс қағаздарының тек Ресейдің мемлекеттік тілінде жазылып, содан кейін ғана екінші сортты тіл деңгейіне түскен Қазақстанның мемлекеттік тіліне аударылып келген масқаралығы тоқтатылуы тиіс! Барлық іс қағаздары, Президент әкімшілігі, Үкімет, Парламент құжаттары, әкімшілік пен мемлекеттік мекемелер іс қағаздары алдымен тек Мемлекеттік тілде жазылуы керек! «Ымды білмеген дымды білмейді» дегендей, тілді де, ымды да, дымды да білмейтін дымбілместер болса, мемлекеттік лауазымды, жауапты орындарды босатуы керек! Дегенмен, кириллицаның – Ресейдің рухани отарлау құралы, латынның – сол отардан құтылу құралы екенін ойласақ, біз қандай жағдайда өтсек те, бірауыздан Елбасының бастамасын қолдап, латын әліпбиіне өту үшін қайрат танытуымыз керек. Біз енді қанша шуласақ та, латын алфавитіне өту – 2012 жылғы Тәуелсіздік күні қарсаңында Елбасы жолдауында жариялаған еліміздің «Қазақстан – 2050» стратегиялық бағыт-бағдарламасына енгізілді. Рухани Жаңғыру лебін әкелген сәулелі сәуірдегі Елбасы мақаласымен бұл бағдарлама айқын іске қосылды. Енді біз тек «өтпеймізді» емес, «қалай өтеміз, қайтсек, қиындығы мен қателігі аз болады» деп қимыл-қайрат көрсетуіміз керек. Біз бұл туралы 2013 жылы 19 ақпанда "Қазақ үні" газетінде «ЛАТЫН әліпбиіне көшуге ҚАРСЫЛЫҚ – ҰЛТ МҮДДЕСІНЕ ҚАРСЫЛЫҚ!» (http://www.qazaquni.kz/2013/02/19/15223.html) атты мақаламызда терең зерттеп жазған едік. Латынға өтуге қарсылардың екінші басты қаупі осы күнге дейін кириллицада басылған миллиондаған әдеби-мәдени, тарихи, рухани кітаптарымыздан айрылып қалып, тағы да тамырымыз қиылып кетпей ме деген күдік-күмән. Бұл алаңдау да түсінікті жайт. Бірақ, қазіргі технология заманының жетістіктері бұл күдікті жоққа шығарады. Біріншіден, миллиондаған әдеби-мәдени-ғылыми еңбектердің ішіндегі асылы мен жасығы іріктеліп, елге пайдалы дүниелер іріктеліп, сүзгіден өткізіп алатын боламыз. Ал екіншіден, бұған дейінгі шығармаларды латын алфавитіне аудару қазіргі интернетті технология дәуірінде қиын емес. Бізде кемінде кейінгі 5-6 жыл бедерінде Мәдениет және ақпарат министрлігі шығарған әлеуметтік маңызы бар әдебиеттердің барлығы электронды нұсқасымен қабылданып, сол нұсқамен Ұлттық кітапханаға өткізілуде. «Мәдени мұра» бағдарламасымен шығарылған миллиондаған тиражды кітаптардың барлығы электронды нұсқалармен сақтаулы тұр. Электронды нұсқадағы дүниелер бір сәтте-ақ белгіленген латын нұсқасына аударылатынын біз күніге өз басымыздан кешіп жүрміз. Мысалы, «Қазақ үні» газетіінің www.qazaquni.kz интернет порталы 2009 жылдан бері басылымдар ішінде ең алғашқылардың бірі болып латын нұсқасын қатар пайдаланып келеді. Сонда қанша жылдан бергі газет нұсқасы , сайттың өзге де мақалалары «латын» деген нүктені басып қалсаңыз, бір секунд ішінде аударылып шыға келеді. Әрине, әзірше латынның түрік нұсқасы пайдаланылуда. Ертең өзіміздің қазақ нұсқасы қашан шығатынын біз асыға күтудеміз. Сондықтан оқылымы қазақ сайттарының ішінде алдыңғы орында тұрған Qazaquni.kz ұлттық порталымызды Европа қазақтары да оқуда. Түркиядан келген 100-ден асқан кейуананың сайтымызда жарияланған хаты бұған айқын дәлелдің бірі ғана. Ал латынға қарсы зиялылар аяқ астынан ойлай қалған өздеріне тән емес мәселе – қаржы мәселесіне, түрлі қиындықтарға келетін болсақ, 42 әріпті кириллица мен 34 әріпті латын алфавитінің шығындарына келсек, қарапайым арифметикалық амалдарды түсінбеген күннің өзінде латын алфавитінің әлдеқайда экономикалық тиімділігін кез-келген сауатты экономистен ақысыз-ақ сұрап алуға болады… Онсыз да кириллицамен басылуы тиіс дүниелер енді латын әліпбиінде шықса, оның шығыны кириллицаға қарағанда аздау болатыны анық.Ал болашақ ұрпақтар үшін, ұлттың рухани тәуелсіздігі қандай қаржы шығыны болса да, (мұнайы ағып жатқан елде көлденең көл-дария шығындар болмай жатқандай), әрине, қиындықтар да болады, қандай ауыртпалық пен қателіктер болса да, құрбан етуге болады. 1924 жылдың өзінде Орынбордағы қазақ білімпаздары съезінде баяндама жасаған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нәзір Төреқұлов «араб графикасын баспаханада құюға 15 пұт қорғасын кетсе, латынға 2,2 пұт қана кететінін» нақты дәлелдеп, экономикалық тиімділігін көрсетіп берген. Енді екінші мәселеге келейік. Ол онсыз да оңып тұрмаған қазақтілді басылымдардың, кітаптардың тиражының кеміп кету қаупі. Оның үстіне Қазақстанда 2,5 мыңға жуық баспасөз тек орыс тілінде шығып, 5,5 мыңға жуық Ресейдің баспасөз өнімдері таралады. Мұндай жағдайда, латынға көшкен қазақ басылымдарын оқу күрт азайып, латыннан қашқандар кирилицадағы Ресей басылымдарын оқып, жат елдік басылымдардың жалын биіктетіп жібермей ме деген күдік те бар екені анық. Әрине, 26 жылдан бері бүгінге дейін ел еңсесін езіп жатқан бұл күрделі мәселеге біз де қосыламыз. Газет тиражын ойласақ, біраз журналистер бала-шағасын асырап, күн көріп отырған газетіміз бен журналымыз, баспамыз бар болғандықтан, осы уақытқа дейін ең алдымен біздің де айқайлап шығатын жөніміз бар ғой. Бірақ біз үшін ең алдымен ең бастысы – жеке бас жағдайы, басылымдарымыз бен баспа-кітаптарымыздың тиімділігі емес – Ұлтымыздың орыс кириллицасы бодандығынан құтылуы, яғни Рухани Тәуелсіздік болып табылады. Әрине, басылымдардың тиражының зор болуы ел руханияты мен тәуелсіздігі жолында, ақпараттық қауіпсіздік мақсатында маңызды екені анық. Бірақ мемлекеттік идеология мықты жолға қойылып, ел түгел латынға өткенде, шетелден келетін мыңдаған басылымдарды оқу күрт азайып, өмір сүруі тоқтайтыны анық. Яғни, біз үшін қатерлі болудан қалады. Қазір мысалы, латынға баяғыда өткен Өзбекстанда немесе Әзірбайжанда орыс тілді басылымдар кеңінен тарап, жақсы оқылып жатыр деп айту түгіл, елестетудің өзі қиын болып қалды. Латын алфавитінде оқитын ел кириллицамен шығатын Ресей басылымдарын оқудан қалатындықтан олардың тиражы да күрт төмендейтіні, өздерін ақтамайтындықтан кейбіреулері Қазақстанға таратылуын тоқтататындығы заңдылық қой. Қазір Ресейлік басылымдарды кириллицада орыс та , қазақ та оқитын болғандықтан, латынға өткенде ол тек орыс оқырмандарымен ғана шектеледі, әрі қазақ оқырмандары үшін ықпалдылығын жояды. Ал латынға өтудің ең басты жетістіктерінің бірі- ұлттық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету емес пе? Кеше күзде қабылданған Қазақстан Журналистерінің Этикалық кодексінің бірінші бабына осы жолдардың авторы «ұлттық ақпараттық қауіпсіздікті нығайту» мәселесін енгізгенде де осы қауіпті ескерген болатынбыз.. Жалпы, орыс кириллицасы отарынан шығу, бейнелеп айтқанда, ресейлік рубль аймағынан шығудан да артық маңызды мәселе! Бұны түсінбейтіндердің аз еместігіне қарап, 1993 жылы «рубль аймағынан шығамыз ба?»-деп сұрамай-ақ, талқыламай-ақ, шешім қабылдағаны үшін Елбасыға рахмет айту керек шығар деп ойлаймын... Әйтпесе, бұлар, Олжас Сүлейменов бастаған орысша ойлайтындар осыдан жиырма төрт жыл бұрын сол кезде де, 1993 жылы «ойбай рубль аймағынан (кириллица аймағынан деп қабылдаңыз-2017ж.) шығуға болмайды, қараң қаламыз, күніміз қиын болады, әлі де ерте»-деп, шулап шығар еді… Үшінші мәселеге келейік. Мемлекеттік тіл Атазаңға тиіс өз төріне шыға алмай отырғанда елдің қазақ тіліне деген ынтасы одан сайын құрып кетуі мүмкін деген күдікке бой алдыру бар. Бәлкім, бұл бүгінгі орысшыл биліктің зиянының әсері екені анық. Дегенмен, мәселеге тереңнен қарайық. Ұлтқа жанашырлық деп, латынға қарсы шығып отырғанымыз – жаңылысуға соқтыратын қадам емес пе деп бір сәт ойланайық… Тағы бір айтарымыз, жиі айтылып жүрген «қазақтардың 60 пайызға жуығы өз ана тілінде оқи алмайды, жаза алмайды»-деген мәлімет сенімсіздік тудырады. Бұл билік басындағы, солтүстіктегі қалалардағы қазақтар арасында болуы мүмкін, ал жалпы қазақтың 60 пайызы қазақша сөйлей алмайды, жаза алмайды деу ақиқаттан алыс жатыр. Бұл мәлімет «қазақтар қазақша жаза алмайды, сөйлей алмайды»-деп соғып жүрген Жириновскийлердің құлағына жетсе, ол үшін «тамаша көзір» болуы мүмкін… Латынға өтуді кезінде Алаш көсемдері де жақтаған. Түркияның президенті Ататүріктен бастап, Алаштың көсемі Әлихан Бөкейхан да қатты қолдаған. Ал 1929 жылы латынға өту кезінде Алаш арыстары Ахмет Байтұрсынұлы мен Халел Досмұхамедовтың қарсы болуы – бүгінгі кейбіреулердің әдейі елді шатастырып жүргеніндей, кириллицаға өтуді қолдауы емес, Ахаңның өзі жасаған төте араб жазуынынан кетуді қаламағандық болатын. 1924 жылы Орынборда өткен қазақ-қырғыз білімпаздарының бірінші съезінде Нәзір Төреқұлов латынға өтуді жақтап, баяндама жасағанда, Ахмет Байтұрсынұлы қарсы шыққаны белгілі. Кейін, ақыр латынға өтетіні белгілі болған соң, бәрі орнына келіп, айтыс тыйылды. Халел Досмұхамедовтың өзі ұлт мүддесі үшін латын әліпбиін қазақ тіліне үйлестіріп жасауға мемлекет қайраткері ретінде тікелей атсалысқаны белгілі. Ал 100 жылдан кейін бүгінгі ғарыш пен интернет заманында біздің кейбір саясаткерлер мен қайраткерлер осындай мемлекетшілдік пен ұлтшылдық һәм ілкімділік көрсете алмай кері тартып, желге шаптырып жатыр… Осы жерде айта кету керек, саяси партиялар ішінде латынға өтуді ең алғаш қолдаған Алаштың ізбасары болуға ұмтылып жүрген «Ақ жол» партиясы. «Ақ жол» партиясының ұлт зиялыларымен бірігіп жасаған, салмақты саясаттанушылардың жоғары бағасын алған, 2007 жылы жарияланған 2010-2015 жылға арналған Ұлттық тұжырымдамасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі, алфавит – латын әліпбиі болу керек деп айқын жазылған болатын… Бұл тұжырым партияның саяси бағдарламасы мен 2016 жылы қабылданған Алаш бағдарламасында да бар.Елді екіге бөліп, қазақ тілін тұқыртып отырған – кириллица
Кириллицаданың отарынан шыққысы келмей отырғандар латынға өту елді екіге бөледі дейді… Мемлекеттік тілдің дамуына тосқауыл қояды дейді. Жалпы, осындай ой, тұсаулағыш тұжырым қайдан шыққан? Дәлел қайда? 100 пайыз қазақша сөйлегенше латыншаға өтпеймін десең, өмір бойы өтпейсің. Орыс кириллицасының отарында жайылып жүре бересің. Ешқандай алға жылжымаудан гөрі латын әліпбиі арқылы ең болмаса орыс отары қамалынан босануға бір қадам -он қадам болса да, алға жылжу жақсы емес пе? Мемлекеттік тілді үйреніп алмай, латын тіліне өтуге болмайды деген тұжырым, қазақша қарапайым тілмен айтқанда, барар жеріңе жету үшін бір етігіңнің кемшілігі үшін екінші сыңар етігіңді де лақтырып тастап, жалаңаяқ қалып, жолға шықпау деген сөз! Бізге дәл қазір бір етіктің кемшілігін жөндеп, ол болмаса , сыңар етікпен болса да, тіпті жалаңаяқ қалсаң да, жолға шығуымыз керек болар! Ұлт мүддесі жолында ерлерімізге ескі болса да, етігімен су кешу, жалаңаяқ жар кешу керек дүр. Тілдің дамуына әліпбидің рөлі өте зор екенін тіл мамандары жақсы біледі. Яғни, аяққа қарап етік тігеді, етікке қарап аяқ жасамайды… Ал елді екіге бөлмеу мен мемлекеттік тілді үйренуге кириллицаның пайдасы тиді ме? Жоқ! Қайта елді қазақ тілді, орыстілді деп, екіге бөліп, мемлекеттік тілді білуге биліктің ықылассыздығы мен жігерсіздігі арқасында кесірін тигізіп келген тек орыс кириллицасы! Бұған ешкім таласа алмайды! Ендеше болашақ- латында. Алға қарау керек. Оу, елді осы уақытқа дейін екіге бөліп келген – кириллица ғой, латын емес. Өйткені кириллицаны орыс пен қазақ екі түрлі пайдаланады, әрқайсысы өз әріптерімен. Мысалы, ә, ү,ұ, і, ө,қ, ғ,ң, һ секілді қазақы әріптерді қазақтан басқа орыстілділеріңнің ұрып қойғаны бар ма? Ал біз байғұс Тәуелсіз өз елімізде отырып, орыстың ц,щ,ь,ъ,э,ч, т.б. әріптерін мұртын бұзбай қабылдауға құлдықпыз. Мысалы, қазақтар «Мұқтар, Қазыбек деп жазса, орысша «Муктар, Казыбек» деп жазылады. Елді екіге бөлу-екі түрлі жазу деген осы. Бұл жерде қазақ тілінің жазылу жүйесі, орфографиялық заңдылығы ұлттық негізде, мемлекеттік дәрежеде бекітіліп, сақталмаған. Бұл кемшілікті енді латын алфавитін қабылдауда қайталамауға тиіспіз. Сонда қай тілде болса да, Muqtar, Qazybek деп, бір тілде, тек қазақ тілінің жазылу заңдылығымен жазылуы керек. Бұл жерде u әрпінің үстіне қысқалық белгісі қойылғанда ол қазақша «ұ» әрпін білдіреді (әзірше латынның түрік нұсқасы бойынша). Ал латын тек қазаққа ғана емес, бүкіл әлемде бір-ақ әріптермен (қосымша санаулы ғана ұлттық дыбыстарды айқындайтын таңбалар қосылуымен) қолданылады. Мысалы, кез-келген шенеунік, министрің де, әкімің де, тіпті академигіңіз де аты-жөнін орысша нұсқада айтса, немесе, «Олжас Омарұлы» деудің орнына «Алжас Амарович» десе де, кириллица қорасынан шығуға қорқатын әйгілі ақынымыз елп ете қалады да, орыстың қарапайым сантехнигі Егор Якубовичке «Жагор Жақыпұлы» десең, «не оттап тұрсың?»-деп, сайманын сайлап, гүр ете қалатыны анық. Сонда бұл жерде біздің жоғары шенеуніктер мен атақты академиктеріміз, белгілі қаламгер-қайраткерлеріміз бен қарапайым орыс сантехнигінің қайсысының ұлттық намысы зор болып тұр?.. Ендігі бір мәселе- туысқан түрік, әзірбайжан, өзбек елдерінің латынға өткен соң «қатты қиындықта, өкініште өмір сүріп жатқаны» туралы жалғандық. 2013 жылы ақпан айында Әзірбайжан Республикасы Ұлттық академиясы Тілтану институты директоры орынбасары, филология ғылымының докторы Масуд Махмудов қазақстандықтарға латын әліпбиіне өту үшін көмек көрсететін жариялады.. Онда ол әзірбайжан елінің оңды тәжірибесін алға тартады. Ал сол кездегі Әзірбайжанның Қазақстандағы елшісі Закир Гашимов: «Әзірбайжан ТМД елдері ішіндегі ең бірінші латын әліпбиін қабылдаған ел. Белгілі бір кезеңде қиындықтар болатыны табиғи заңдылық. Ал қазір елдің бүкіл азаматтары латын тілінде еркін сөйлеп,жаза алады. Қазақстанның латын алфавитіне өтуі түркі халықтарын жақындастыра түседі» - деп мәлімдеді. Яғни, латынға өткен әзірбайжан елінде, Бакуде емес… айдаладағы Алматыда отырған біздің кейбір зиялылар зарлап отырып айтатындай «өкініш пен зар» сезілмейді. 2010 жылы Ирандағы Ислам революциясының 31 жылдығына және Иран көсемі Аятолла Хомейниді ұлықтауға байланысты Қазақстаннан жалғыз мен барып едім. Сонда Әзірбайжаннан келген «Хаджы» журналының бас редакторы Әли Рзазадемен бірге болдық. Ол маған сапар барысында парсы тілінен аудармашының рөлін атқарды. Бұл сапарым туралы мен кейін «Иілмейтін Иран» атты мақаламда «Жас қазақ үні» газетінде, www.qazaquni.kz сайтында жазған болатынмын. Сонда орыс тілі пәнінің мұғалімдерінің баласы, журналист Рсазаде Әзірбайжан елінің латынға өтуімен рухани Тәуелсіздік қадамын жасағанын мақтана айтып, әлі орыс кириллицасы отарында жүрген Қазақстан азаматы, өзінен едәуір үлкен маған мүсіркей қараған еді… Мүмкін, латын тіліне өткен соң, кездессек, мен де енді онымен терезем тең сөйлесетін шығармын. Бірақ, оның есесіне еліміздің жемқорлығы мен парақорлығы жөніндегі «жарысқа» келгенде мен одан үстемдеу болған сияқтымын… Сол кезде ол әке-шешесінің Бакудегі орта мектептің орыс тілі пәнінің мұғалімдері болса да, барлық күн көрісі мектептегі орыс тілінің дамуына тәуелді болса да, Әзірбайжан руханиятының орыс кириллицасынан тәуелсіздігі үшін латын әліпбиіне өтуді қолдап шыққанын мақтана мәлімдеді. Ал біз өзара айтыс-тартысты бастап жіберіп, кирилқорадан шыққымыз келмейді.. Өйткені біз түрік, түркімен, әзірбайжан, өзбек емес, тіпті Ресей отарында отырып, латын тіліне өтеміз деп батыл мәлімдеген татар да емес, өзгеге еліктеуден, өзгенің ығына жығылудан ешкімге жол бермейтін қазақпыз ғой… Өз туған жеріміз Оңтүстік Қазақстанға, Шымкентке екі барсақ, іргесіндегі Ташкентке бір барамыз. Онда латын әрпінен зәрезап болып, екі көзін жасқа малып, орыс кириллицасын аңсап, Мәскеуге қарап ұлып отырған өзбекті де, өзбекстандықты да көрген жоқпыз. Бәрі латын қарпінде жазып, өзбек тілінде «гәпіріп» жүріп жатыр. Әрине, оларда да, орыс кириллицасын аңсаған кертартпа күштер біраз мәселе көтеріп баққан. Бірақ, естуімізше, бізге қарағанда ұлтшылдығы да, мемлекетшілдігі де көш ілгері өзбектер (сондықтан да екі ғасырда да жер дауында біз жеңіліп келеміз) Мәскеуге қарап маңырағандардың «мәселелерінің» мәсісін тігіп жіберген… Ал енді кешегі Ататүріктей көсемі, бүгінгі Ердоғандай ері бар Түркияға келейік. Кейбір мәліметтерді есепке алсақ, Ататүріктің арманы Кеңес одағы құрсауында қалған түркі елдерімен бір әліпбиде болып, туысқандық бірлікте болуды мақсат еткені айқын Түркия 1928 жылы латын алфавитіне өтеді. Кеңестік түркі елдерінің ішінде қазақстан да 1929 жылы латын әліпбиіне өтеді. Түркі елдерінің байланысын үзу мақсатында Сталин 1940 жылы тағы да кеңестік түркі елдерін бір түнде орыс кириллицасына өткізеді… Латын әліпбиіне өтуді қолдаған Ресейдің 1919 жылдан басталған бұл қадамы Ресей оқу-ағарту халық комиссары А.Луначарскийдің айтуынша Кеңес Одағының және дүниежүзілік пролетариат көсемі В.И. Лениннің өзінің бастамасы болған. Ал кері тартқан кейбіреулер латын әліпбиінің грек әліпбиінің бір тармағы екенін айтып, мұқатқандай болады. Иә, бұл рас. Латын түркінің де, қазақтың да әліпбиі емес. Бірақ, біріншіден грек әліпбиінің латын нұсқасы екінші нұсқа – славиандық империяшыл орыс кириллицасынан таралу аумағы мен жаңа интернеттік технология құралы ретінде айырмашылығы жер мен көктей жоғары. Ал кириллицаның империялық-шовинистік пиғылы жайлы 1935 жылы Ресейдің латын әліпбиіне өту туралы шешім шығарып, латынның орыс нұсқасын жасаған мемлекеттік комиссия төрағасы, профессор Н.Ф. Яковлев орыс кириллицасының ең алдымен идеология құралы екенін, атап айтқанда, ұлыорыстық шовинизмнің, империалистік және миссионерлік насихаттың, әсіресе, аз ұлттарды орыстандырудың алфавиті екенін ашық айтады. Сонымен қатар дамуы жоқ, тар өрісті кириллицаға қарағанда латын әліпбиінің экономикалық тиімділігі мен даму жасампаздығын атап өтеді.Кириллица отарынан шығуға қорқатындар кімдер?
Қазақ елін кирил қорасынан шығарғысы келмей, латынға қарсы болып отырған Ресейді қолдайтындар кімдер? Мысалы, мен өз басым, тоқетерін айтқанда, орыс кириллицасы қорасынан, отарлықтан шығу үшін кез-келген алфавитке өтуді қолдар едім. Ал латын алфавиті кез-келген алфавит емес, маңдайалды, осы заманның, интернет дәуірінің прогрессивті, №1 алфавиті. Интернетті қарап отырсаңыз, сауалнамалар мен пікірлердің 80 пайызы латынды қолдайды. Ал қарсы шығып жатқан азын-аулақтың көбісі жасы үлкен жасамыстар. Кері тартқан ғалымдар. Осы біздің кейбір шалдар бір сәт өздерінің қамынан да басқаны, болашақты, ұрпағының жайын ойласа болады ғой. Әрқайсысы өзінің жасап алған өзімпаздық өрісі тар «теорияларының» тұтқыны болмай, алға да бір қарау керек қой. Осы орыстың кириллица қорасынан шығуға қорқатындар неге негізсіз қалтырай беретініне түсінбеймін. Ресейдің анау-мынау бұлталақтап, былқылдағандарды езіп-жаншып кететін империалық керзі етігін жалау болып шығатынын ғұламамыз Олжас Сүлейменовтер неге 26 жылдан бері түсінгісі келмейтініне таңым бар... Енді Тәуелсіздік алғанымызға 25 жылдан асқанда да, «Бір тілге, мемлекеттік тілге өтуге әлі ерте, латынға өтуге әлі дайын емеспіз» дегендер Қазақ еліне қастықтан басқа ешнәрсе емес! Біз енді солай қабылдаймыз! Бұл жерде араб тіліндегі барлық мемлекеттердің, Қытай мен Жапония секілді әлем алпауыттарының қосымша әліпбиі – латын әліпбиі болғанын да ұмытпайық. Қазақтың ұлт ретінде жойылып кету қаупі латынға көшуде емес, көшпеуде, яғни кириллица отарында қала беруде күшейе береді. Қазақстан Ресей ықпалынан – кириллица аймағынан шығуға ұмтылып жатқаны үшін Ресей қарсы болуда. Сонда біз кімді қолдауымыз керек? Қазақстанды ма, Ресейді ме? Кез-келген намысы бар, сауаты бар қазақ әрине, өз елі Қазақстанды қолдайды. Мысалы, тағы да қайталаймыз, кириллица аймағынан шығу- рубль аймағынан шығумен бірдей саясат екенін кез-келген сауатты адам білуі керек қой. Биліктің латынға өтеміз дегенін ұлтшылдардың барлығы дерлік қуана қолдауда. Тіпті билікке радикалды қарсы көзқарастағылардың өзі бұл қадамды қуана құптап отыр. Ал Мемлекеттік тіл үшін күресіп жүрген ұлтшылдар ең алдымен орыс кириллицасынан құтылуды қолдаудың алдыңғы қатарында болуы заңдылық емес пе? Жай адам адасса – өзі ғана адасады. Ал елдің алдында беделі жоғары тұлғалары адасса, елді де адастырады. Әсіресе, латынның саяси жетістігі мен пайдасын түсіне бермейтін, өз пікірі жоқ қарапайым халық еріп кетеді… Қорыта айтқанда, орыстың Рухани отаршылдығынан құтылудың, Рухани Тәуелсіздіктің басты жолдарының бірі – әліппе ауыстыру. Латынға қазақ тілімен бірге орыс тілі де, яғни, мемлекет болып, тұтас, түгел өту - Тәуелсіздікті ойлайтындар үшін баламасыз байлам болуы керек!( "Ақ жол" партиясының Астанада 12 мамырдағы "Рухани жаңғыру: Латын әліпбиіне өтудің маңызы" атты жиынында жасалған баяндама)
Қазыбек ИСА «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары "Қазақ үні" газеті qazaquni.kz