ДАҢҚТЫ БАУЫРЖАН
2017 ж. 09 мамыр
3364
1
ДАҢҚТЫ БАУЫРЖАН БАТЫРДЫҢ ӘҢГІМЕЛЕРІНЕН
Алғашқы адым – Сұрағың бар ма? – Бар. Халқымыз арасында 1940-1950 жылдары ең аты шыққан адам Сәбит Мұқанов пен Бауыржан Момышұлы, 1950-1960 жылдары Бауыржан Момышұлы мен Мұхтар Әуезов, одан бермен қарай жалғыз Бауыржан Момышұлы ғана деген пікір бар. Сіз бұл пікірге қалай қарайсыз? – Сұрақты ойланып қою керек! Ойланбай қойылған сұраққа мен жауап бермеймін! – деп Баукең қатты дауыстап, ашуланды. «Есігім анау, шық үйден!» – дей ме деген қауіпте (бұған дейін сендей ақымақпен сөйлеспеймін деп үйінен талай қуып шыққан да болатын): – Шамыңызға тиіп қалсам, кешірерсіз, аға? Келесі сұрағымды қоюға рұқсат па? – дедім жылдам сөйлеп. – Рұқсат. – Дивизия командирi болған алғашқы күнгi көңiл-күйiңiздi бiлсем деп едiм. – Бұл тілегің орынды. Тыңда. Дивизия командирi болдым. Дивизияның штаб бастығы менен он жас үлкен Калугин деген өте бiлiмдi кiсi екен. Менi менсiнбедi. «Менсiнбегеннiң сазайын тартарсың», – деп iшiме түйiп қойдым. Өтiрiк күлiп жүр. Күллi бұйрықты, ақпарды сол жазады. Мен қол қоямын. – Е, бiр ақымақ келiптi ғой, былай жаза салайын, не түсiнер дейсiң? – деген ойда. Өзi бұйрық жазып үйренiп қалған, ұрысқа қатыспайды. – Қарағым, бұйрық жазу басқа да, соғыс басқа. Түсiндiң бе? Оның ойынша, мен не жазса да қол қоя беретiн көрiнемiн. Бiрiншi рет құжаттарды алып келдi. Бала жiгiт кезiмдегi ұстазым Дүйсекеңе (Дүйсенғалиға) ұқсап, қолыма қызыл қалам алып, әкелгендерiн бұлай емес, былай деп түзеттiм. Сөйтсе де iшiнен: «Бiр командир келедi, кетедi. Мынау да жақында солардың кебiн құшады» – деп ойлап жүр. Солдаттарға да жан керек. Бұл қалады деп оны сыйлайды. Бiр өзеннiң жағасына жете тоқтадық. Бiз ары өтемiз деймiз, немiстер жiберер емес. Жоғары жақ: «Өткiн! Өткiн!» – деп әмiр етiп жатыр. Екi оттың ортасында қалдық. Өзi титiмдей ғана өзен, тереңдiгi тiзеге жетедi. Бiз жақтағы жаға төмен де, немiстер жағындағы жаға биiк. Екеуiнiң арақашықтығы екi жүз, үш жүз метрдей. Төменнiң аты төмен, жоғарының аты жоғары екен. Жоғарыдағылар төменде не бар екенiн көргiш келедi ғой. Төмендегi солдаттың денесi анық көрiнедi. – Алға! Алға! – Асыра сiлтеушiлiк, қарағым, соғыста да болды. Қып-қызыл қырғын. Командашы телефонмен менi сыбап жатыр. Мен де алға деп командирлерiмнiң апшысын қуырып жатырмын. Одан не өнедi? Сен соғыста болған жоқсың, түсiнбейсiң. Бұл нағыз трагедия! Бiраз қырылдық. Үш күн әуре болдық. Снарядтарымыз аз. – Зеңбiректiң бiреуi оқ атпасын! – деп бұйрық бердiм. Ата берсек, қор қалатын түрi жоқ. «Момышұлы зеңбiректерден атпауды бұйырды», – деген сөз командашыға жетедi. Әскери кеңес: «Сатқын! Басқа дивизиялар атып жатқанда, бұл неге бүйтедi?» – деп шәт-шәлегi шығады. Армия командашысы генерал-полковник Чистяковқа хабарлайды. – Бұл не масқара?! Әскери кеңестiң мүшесi генерал-лейтенант Абрамов пен командашы генерал-полковник Чистяков блиндажыма кiрiп келдi. Абрамов дауыс көтере сөйледi. Чистяков үндемей тұр. – Бiздiң Армиямыздағы жалғыз сiздiң дивизия ғана жауға оқ атпай жатыр. Немiстерге берiлгiңiз келе ме? Кәне, сөйлеңiз! Мына қылығыңызға бiз түсiне алмай тұрмыз. Чистяковқа мың да бiр рақмет, үндемей төзе бiлдi. – Жолдас генерал-лейтенант, мен жұрт атып болған соң атамын. Менiң снарядтарым өте аз. Оны болмашы нәрселерге шығын еткiм келмейдi. Көршiлерiм қазiр атып жатқанымен, соңынан таяқ жейдi. Бәрiбiр олар жауды жарып өте алған жоқ. Жаудың маңдайын көздеп атқан кезiмiзде алға жылжитынымызға сенемiн. Сол себептi снарядтарымды, адамдарымды сақтап отырмын. Генерал-лейтенант бiрнәрсе деп келе жатыр едi, командашы Чистяков: – Сабыр сақтауыңызды өтiнем, комдивтiкi дұрыс. Алда не боларын көре жатармыз, – деп едi, әскери кеңес мүшесiнiң үнi өштi. – Бiзге тамақ бересiң бе, жоқ па? Чистяков көңiлдене күлдi. Өзi орта бойлы, көк көз кiсi едi. Тамақ, жүз грамнан арақ бердiм. Дастарқан жиналған соң, командашы: – Ал, полковник, шабуылға қашан шықпақсыз? – дедi. – Шабуылды таңертең бастауыңыз керек! – дедi Абрамов. «Бұған қалай қарайсың?» дегендей Чистяков маған жанарын тiк қадады. Бiр-бiрiмiздi көзқарастан түсiндiк. Орнымнан тұрдым да: – Жолдас командашы, мен шабуылға түстен кейiн шығамын, – дедiм. Абрамов дегбiрсiзденiп: – Не тантып тұрсың?! – деп айқайлады. – Бiз шабуылдап, әр сағаттан ұтылып жатырмыз. Ал сен түстен кейiн дейсiң! Генерал-полковник Чистяков сабырлы қалпын бұзбай: – Неге шабуылға түстен кейiн шықпақсыз? – деп маған сұрақ қойды. – Жолдас генерал-полковник, немiстер бiздiң барлық шабуылымызды тойтарды. Өзiңiз көрдiңiз, олар ертең орыстар бас көтере алмайды деп ойлайды. Тұмсықтарынан есеңгiрете соқтық деп жақсылап түстенедi. Ұйықтап дем алады. Дәл осы кезде шабуылға шығамын. – Тфу, енеңдi ұрайын, мен де осылай ойлап тұр едiм. Ойлаған ойыңды iске асыр! Генерал-лейтенант бiрдеме демек едi: – Бөгет болмайық, комдивтiң ойы дұрыс, – деп генерал-полковник жадырай күлдi. – Көрермiз не шығарын? – Оған Чистяков ренжiп қалды. – Комдив өз басын қатерге тiгiп отыр. Бұдан былай бiз араласпайық. Не боларын көре жатармыз. Немiстер де ақымақ емес. Олар да ойланып жатқан шығар? Маған қарап: – Комдив, – дедi. – Ойымыз бiр жерден шықты… Артиллерия жағынан күшiңiз аздау екен. Қарамағымдағы артиллерия дивизионын кешке дейiн сiзге жiберемiн. Оны ұқыпты пайдалана бiлiңiз. Әскери кеңестiң мүшесi де жiбiдi. Бұрын Чистяков қоштасқан кезде: «Қош болыңыз» – демей, «всего доброго» дейтiн. Орыс тiлiнде бұл қызық сөз. Қош бол десе, көңiлге жолығамыз ба, жолықпаймыз ба деген күдiк туады. Ал «всего доброго» деген «аманшылықпен кездесейiк» деген сөз ғой. Мұның мәнi өте терең. Бұл жолы да командашы менiмен «всего доброго» деп қоштасты. Ертеңiне жеңiске жеттiк. Осы шайқас менiң жаңадан дивизия командирi болғандағы өзiме деген сенiмiмдi бiраз бекiте түстi. Кулагин де өз қатесiн түсiнiп, маған оң көзбен қарай бастады. Бұл, қарағым, қолбасылық жолдағы алғашқы адымым... Әділетті кісі Баукең көзiлдiрiгiн киiп, бас жағындағы журнал столының үстiнде жатқан қағаздарды ақтара қарап, бiр хатты қолына алды. – Бұл өзi өте қызық, түсiнiп тыңда, – деп машинкамен жазылған мына сөздердi дауыстап оқыды: «Қымбатты дивизия командирi! Денiңiздiң сау, творчестволық еңбегiңiздiң жемiстi болуын тiлеген осы жаңа жылдық құттықтауымды қабыл алыңыз. Мына газет қиындысын да қоса салып отырмын. Мұны ұмытылмас, қадiрлi дивизия командирiме менiң жұмысым туралы рапорт деп ұғарсыз. Өмiрiңiз, әдеби еңбегiңiз жөнiнде қысқаша хабарлауға уақыт тапсаңыз, өте қуанар едiм. Прибалтика бойындағы ұрыстар туралы кiтап жазып жүрсiз бе? Сiзге шын берiлген комбат А.Шарыпов» Баукең құттықтау хатты стол үстiне қойып, «Майдандағы достық ұмытылмайды» деген атпен жарық көрген газет мақаласы қиындысын «мә, өзiң оқы» деп маған ұсынды. Онда Дивнегорск қаласында тұратын запастағы гвардия майоры Александр Олимпиевич Шарыповтың майдандас достарымен байланысы туралы әңгiмеленедi екен. Мақаланың бiр жерiнде: «Панфилов дивизиясының бұрынғы полк командирi, кейiннен 9-шы Қызыл ту ордендi гвардиялық атқыштар дивизиясының командирi болған гвардия полковнигi Бауыржан Момышұлының «Москва үшiн шайқас» (офицер жазбалары) атты кiтабы Александр Олимпиевичке ерекше қымбат. Себебi, майор Шарыпов оның қарамағында қызмет етiп, соғысқан. Кiтаптың бiрiншi бетiнде: «Жазған хатыңыз және жылы сөздерiңiз үшiн алғысымды бiлдiремiн. Қызметiңiз үшiн рақмет. Аман-есендiгiңiзге қуаныштымын. Сiз бiздiң дивизияның ержүрек жауынгерi, батыл батальон командирi ретiнде есiмдесiз. Дивизия командирi Б.Момышұлы, Москва қаласы», – деген автор қолтаңбасы бар. Баукең газет қиындысын менен алып: – Жоғарыдағы сөздердiң астарына көңiл бөл, – дедi. – Ерекше қымбат дегеннiң астары терең. Шарыпов ол кезде түрмеде отырған едi. Жоғарыдағыдай қолтаңбам бар кiтапты алады. Кiтап қолдан қолға өтедi. «Ой, мынаның өзi қалай?» деп бастықтар ойланып қалады. Бұрынғы дивизия командирi «ержүрек жауынгерiм» деп отыр, өзiмен сөйлесiп көрейiкшi, деп шақырып сөйлеседi. Көп ұзамай оны күзет бастығы етедi. Бұл үлкен жеңiлдiк. Менiң қолтаңбам, шындығына келгенде, кепiлдеме орнына қызмет атқарады. Жалақысы көбейiп, жағдайы жақсарған соң Шарыпов отбасын Дивнегорскiге көшiрiп алады. Өзiн бұрын да жақсы, тәртiптi ұстаған, ендi тiптен жақсы деп бастықтар қалған жылдарын кешiрiп, бостандыққа шығарады. Ол сол жерде бiржола қалады. Менiң қолтаңбам оған шын мәнiнде пропуск орнына жүредi. Кез-келген адвокат дәл бұлай ара түсе алмас едi. Шарыповтың аузынан тастамай, қайта-қайта хат жазуының себебiн ендi түсiндiң бе? «Жек көрушiлiк пен жақсы көрушiлiктiң арасы қас пен кiрпiктiң арасындай ғана» дейдi халық. Қазақтың «көңiл бiр атым насыбайдан қалады» деген де сөзi бар. Соғыс кезiнде мен оны батальон командирiнен алып, майорлық дәрежесiнен айырып, айып батальонына жiберген едiм. Бұл өлiм жазасына кескенмен бiрдей. Осыған қарамастан ол жек көрушiлiк сезiмiн ұмытып, маған хат жазды. Түрмеде отырған кiсi ғой, «Сен неғып отырсың?» демей, көп ойды, көп адамгершiлiк сезiмдi «сiз бiздiң дивизиямыздың ержүрек жауынгерi, батыл батальон командирi ретiнде есiмдесiз» деген сөзге сыйғызып, қолтаңба жазып, кiтабымды салып жiбердiм. …Айып батальонында ол жараланады. Тәртiп бойынша, кiнәсын қанмен жуды деп жараланғандарға кешiрiм жасалады. Ол бұрынғы орнына қайта баруы, оны тек генерал Чистяков қана шешуi керек. Бiр хатында майор Шарыпов: «Генерал менi өте суық қарсы алды. Моншадан кейiн түктi халат киiп, шай iшiп отыр екен, ұрысты», – деп жазыпты. Оның хатын оқып, генералдың адьютанты Гончаровтың айтқаны есiме түстi. Шарыпов бiздiң дивизияға қайта сұранса, Чистяков: – Жоқ, рұқсат ете алмаймын! – дептi. Жалынып, өтiнген екен: – Сенi неге онда жiбермейтiнiмдi ақылың болса, түсiн. Егер тағы бiр рет сүрiнсең, Бауыржан сенi сөзге келмей аттырып тастайды, – дептi генерал. Менiңше, Чистяковтың шешiмi дұрыс. Мен «е, жақсы келiпсiң» демеймiн ғой. Соны Чистяков сезген. Ол кiсi менi бiледi. Сондықтан да бұрынғы қарым-қатынастары болмайды деп анаған жаны ашыған. Майор Шарыпов өкпелеу орнына генерал Чистяковты бағалауы, оған алғыс айтуы керек. Ол кiсi үлкен адамгершiлiк жасады емес пе? Екiншiден, майор Шарыпов күллi дивизияға мәлiм. «Е, мына байғұс тiрi келiптi ғой» деп бәрi тiксiне қарайды. Бiлсе, генерал Чистяков оны сол екi қолайсыздықтан да құтқарды. Шарыповтың генералға өкпесi мүлде орынсыз. Оны өзi түсiнер деп хатта жазғаным жоқ. Баукең сөзiн кiлт доғарып, маған ұзақ ойлана қарап: – Мұны саған не үшiн айтып отырмын? – дедi де, жауабымды күтпей өзі сөйлеп кеттi. – Адамды адам түсiну оңай емес. Жоғарыдағы оқиғадан майор Шарыповтың да, генерал Чистяковтың да, менiң де кiм екенiмiз көрiнiп тұрған жоқ па? – Көрiнiп тұр. – Көрiнгенде қандай?! Иван Васильевич Чистяковты мен қабiлеттi, адам танитын, әдiлеттi кiсi деп санаймын. Алыптар тобының бірі Баукең маған ұзақ барлай қарап: – Тағы бір тақырып есіме түскені,– деді көңілдене. Мен бар зейініммен құлақ түрдім. – Литва ну тоғай деп айтқан шығармын. Қай жақтан екенін білмейсің, бандиттер жасырынып, бір талдың басынан атады. Оны «көкек» дейміз. Орманға үйренгендер ғой, секіріп түсіп, жоқ болады. Бандиттер – революцияға қарсы топ. Олардың барлаушысы жақсы жұмыс істейді. Кім қай жерде отыр, дәл біледі. Тыр-рр дегізіп, атып өлтіріп кетеді. Көп шабуыл болды, біз де тәжірибе жинап қалдық. Әсіресе, командашы, командирлер келе жатса, жол-жөнекей аңдиды. Екі-үш жолы менің машинамды атты. – Ой, болмайды екен,– деп қару инженерін шақырып, машинамның алдына қол пулеметін орнатқыздым. Ызылдатып кетіп бара жатамыз. Тоғайдың өзі әртүрлі. Кей жері сиректеу, кей жері қалың ағаш. Кей тұста алаңқайлар бар.Қалыңдау жеріне келгенімде, адьютантыма: – Ложкин, көкектерді ат! – деймін. Ол түсініп, тыр-рр дегізеді. Қайтып келе жатқанда да, түнде де атамыз. Сөйтсек, бандиттердің бір тобына оқ тиіпті. Өлгендері де бар екен. – Ойбай, мына бәленің машинасының алдында да, артында да пулеметі бар. Бұдан былай бұған тимеңдер, зиян табасыңдар,– дейді бандиттердің басшысы. Бізге Чистяковтан кейін Гришин дейтін орта бойлы, семіз генерал-майор Армия командирі боп келді. Чистяков ардың-күрдің болғанымен ақылды еді. Гришин туралы олай дей алмаймын. Ол кісі ортадағы броновикке мініп, маған келе жатқанда бандиттер екі рет атыпты. Түрінде қан-сөл жоқ. Қасында аласа бойлы, ақсары өңді әскери Кеңестің мүшесі, генерал-лейтенант Абрамов бар. Гришин кабинетке кіре, шинелін шешіп жатып ұрысты. – Сендер шығыңдар! – деп серіктерімді тысқа қуып жіберді.– Менің ерекше әңгімем бар. – Не боп қалды? Хал қалаймен ісі жоқ, мұнысы несі? – деп отырмын. – Мені екі рет атты. Сіз үш уездің әскери бастығысыз. Мұнда келуге болмайды екен! Неге әскери күзет ұйымдастырмадыңыз?! Бандиттерді білдіңіз ғой,– деп ұрса бастады. Абрамов үндемей тыңдап отыр. Мен де үнсізбін. – Сізге екінші рет келмеймін! – Жолдас командашы, мен сізді шақырған жоқпын ғой.Өзіңіз келдіңіз емес пе? – деппін ғой. Көгеріп кетті. – Сіз менімен қалай сөйлесесіз?! – деп столды періп кеп жіберді. Абрамов не айтар екен деп маған таңдана қарап қалды. – Жолдас командашы, сіздің жеке күзетіңіз бар. Олар броновикте отыр. Сіз де броновикпен келдіңіз. Ал мен жай машинамен жүремін. Сіз менің дивизиямның қарамағына енгенде ғана қауіпсіздігіңіз үшін жауап беремін. Ал Прибалтика республикаларын аралағаныңызда сізді күзету менің міндетіме енбейді, – дедім. Орнынан ұшып тұрды. Мен де тұрдым. Столды періп кеп жіберіп, айқайлап: – Менімен қалай-қалай сөйлесесіз?! – деді. Әскери Кеңестің мүшесі Абрамов: – Жолдас генерал-майор, сізден өтінем, – деп біраз тұншығып, – меніңше, полковниктікі дұрыс. Ол дивизия командирі, сіздің жеке күзетіңіздің бастығы емес, – деді. Гришин көгере түтігіп кетті. Абрамовты көзімен ата қарап: – Есіңізде болсын, мен мұны ешқашан кешпеймін, – деді тістеніп. – Мен бұл жөнінде майданның әскери Кеңесіне толық баян етемін, саяси басқармаға да жеткіземін,– деді Абрамов. – Өзіңіз біліңіз, сіздің жұмысыңыз – сөз тасу! Екеуі шатақтасып қала ма деп қолымды шекеме апардым. – Не?! – Маған шығып кетуіме рұқсат етіңіз? – Қайда? Біздің әңгімеміз әлі аяқталған жоқ. Қалай соғысып жатырсыздар, білгім келеді. Мен әдейі келіп тұрмын. Әділін айтсам, нашар соғысып жатырсыздар. Қайда асығып тұрсыз? Мен ішімді көрсетіп: – Мына жағым нашар болып тұр, – дедім. Гришин ашуға булығып, Абрамов күліп жіберді. – Барыңыз! Тысқа шығып, жарты сағат жүрдім. Ауланың сыртында темекі тартып тұр едім, командашының адьютанты келді. – Командашы сізді күтіп отыр, сіз қайда жүрсіз?! – деп ұрысса бола ма? Шені майор. – Сіз орыс тілін білесіз бе? – Білемін. – Білсеңіз, келген жағыңызға қайта кетіңіз! – Боп-боз болып, әлгі сөзімді командашыға жеткізгелі бұрыла беріп еді: – Кері қайтыңыз!– дедім. Ол кілт тоқтады. – Осы жерде тұрыңыз! – Сіз не, мен командашының адьютантымын. – Сіз адьютант емессіз, жолдас майор. Мен дивизия командирімін. Қазір комендармға өз сөзімді өзім айтамын. Сіз осында тұрыңыз! Мына майор сізге адьютанттыққа жарамайды, басқа кісі іздеңіз дегенді де айтамын. Ішке енсем, Гришиннің ұнжырғасы түсулі екен. Абрамов маған көзін қысып, үндемеңіз деген белгі жасады… Баукең темекі тұтатып тартып: – Гришин ерекше тақырып, – деді толғана. – Мені генерал-майорлыққа ұсынғанда ол қарсы болып, кесір келтірді. Бас штаб жанындағы әскери академияда оқып жүргенімде де жамандық істеді. Көп ұзамай ауырып, дүниеден қайтты. Темекі түтінін үрлей: – Соғыста бәрі жақсы еді деу бос сөз, – деп күлді. – Мысалы, сен келінмен жүз пайыз тату тұрам десең, мен сенбеймін. Бұл – өмір, бейбіт өмір, ал соғыс – соғыс кой. Есерсоқ бастықтар бұға берсең, сұға береді. Панфилов, Чистяков бізді бұға бергізбейтін. Әскери Кеңестің мүшесі, генерал-лейтенант Абрамов та сол алыптар тобының бірі екен... Терең кісілер – Литва мен Латвияда тұрмыз. Қайда барсаң да тоғай, орман. Тоғайлары қалың келеді. Ішіне енсең, шалшық, одан шығудың өзі азап. Қазекеңнің құмға үйренгеніндей жергілікті тұрғындарға ол ойыншық. Бәрінен лаңкестердің зәулім ағаш басынан тырр-рр, тыр-рр еткізіп ататыны қиын. Жүгіріп барсаң, ізі жоқ. Шалшықта із қала ма? Мен үш уездің әскери бастығымын. Майдан командашысы Иван Христофорович Баграмян.Ұзын бойлы, қасқа кісі. – Дивизияңда он екі мың жауынгер, ал лаңкестер 30-40 адам ғана. Олардың көзін неге жоймайсыңдар?! – деп жоғары жақтағылар әкемізді танытады. Бір күні корпус командашысын, дивизия командирлерін Ригаға шақырды. Баграмян бәріміздің басымызды қосып: – Осылай, міндеттеріңді орындамай жүрсіңдер, – деп сынға алды. Салдус деген қала бар еді. Айналасы ну тоғай. Ол менің участогім. Сонда бір лаңкестердің тобы пайда болыпты. Оны милиция органы сезіп, құртыңдар деп елу шақты адам жібереді. Барса, күні бұрын хабарланған лаңкестер бәрін өлтіреді. – Ой, бұл кімнің участогінде болды? – Тоғызыншы гвардиялық дивизияның участогінде. – Командирі кім? – Бауыржан Момышұлы. Баграмян қатты ашуланыпты. Мен елудің өлгенін естіген емеспін. Жиналыста Баграмян ашуланып: – Салдус пен Вильнюс арасында елу адамды өлтіріп, лаңкестер құтылып кетіпті! – деп айқайлап, елдің көзінше масқарамды шығарды. Орнымнан түрегеп тыңдап тұрмын. Үш республика басшылары да отыр. Столын періп кеп жіберіп: – Бұған не дейсіз, полковник Момышұлы?! – деді. Мен сұп-сұр болып тұрмын. Жиналғандар өңкей генералдар, үкімет адамдары. – Егер рұқсат етсеңіз, әскери Кеңеске баян етейін. Баграмян: – Қысқа айтыңыз! – деп тастады. – Жолдас командашы, мен де қысқа, бес минөт ішінде баян етпекпін. – Үш республиканың басшысы қарап қалды. Жап-жаспын ғой. – Жолдас командашы, мен бар-жоғы дивизия командирімін. Маған Балтық жағалауы республикаларының ішкі істеріне араласуға құқық берілген емес. Үш республиканың территориясында лаңкестердің қанша ұясы барын білу менің міндетіме кірмейді. Баграмян көзімен атып жібере жаздап, айқайлады. – Сіздіңше, кімнің міндетіне кіреді?! – Жолдас командашы, бұл Балтық жағалауы республикалары үкіметінің, ішкі істер министрлігінің және ОГПУ-дің міндетіне кіреді. Олардың өздерінің ішкі барлаушылары бар. Лаңкестердің жасырынған орнын олар менен бұрын білген. Бірақ маған хабарлаған жоқ. Егер де осылай деп жәрдем сұраса, мен жәрдемімді аямас едім. Әрі-беріден кейін елудің қырылғанын қазір бірінші рет естіп тұрмын. Сол себепті, жолдас командашы, сіздің маған қойған айыбыңызды мойындай алмаймын. «Тоғызыншы гвардиялық дивизияның командиріне ескертіп едік, осылай жәрдемдескен жоқ», – деп кім айта алар екен? Айттық десе, құжатпен дәлелдесін. Кім бар, кім жоқ деп қару-жарағымды алып, бет алды тоғайдың ішін атқылап жүруім керек пе? Қайталап айтқанда, мен сіздің таққан айыбыңызды мойындамаймын. Баграмян қып-қызыл боп кетті. Тағы айқай салды. – Сіз немене, жолдас полковник, үш республика Орталық партия комитетін, үкіметін айыптамақсыз ба?! Сіздіңше, кінәлі солар, сіз емес қой?! Генералдар: «Бұлай сөйлеуге бола ма, құрыды»,– деп отыр. Баграмян тағы даусын көтеріп келе жатқанда Эстония Компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы аласа бойлы, қараторы кісі екен, орнынан тұрып: – Иван Христофорович, – деп сөзін бөліп жіберді. – Меніңше, полковниктің айтып тұрғаны дұрыс. Баграмян ол кісіге қызара қарады. Литва республикасы Жоғарғы Советі Президиумының төрағасы ұзын бойлы, қасқаланып келе жатқан кісі екен, ол да орнынан тұрып: – Жолдас командашы, мен Эстония Компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысымен келісемін, – деді. Одан кейін Латвия Компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы орнынан тұрып: – Жолдас Баграмян, мен жаңа сөйлеген екі жолдаспен де келісемін. Полковник біздің ішкі ісімізге араласуға өкілеттік алған емес,– деді. Баграмян түтігіп кетті. Үшеуі де әскери Кеңес мүшесі. Баграмян сағатына қарап: – Жолдастар, үзіліс жарияланады. Кеңес ертеңгі сағат таңғы онда қайта жұмысын бастайды. Ешкім кетіп қалып жүрмесін, – деп жиынды жапты. Орнымыздан тұрып, тысқа беттеп бара жатырмыз. Генерал-майор Иван Михайлович Чистяков меніқуып жетіп, құлағыма сыбырлап: – Сен немене, енеңді ұрайын, мұрынбоқ! – деді. Тағы бірдеме демек еді, әскери Кеңестің мүшесі Абрамов анандай жерде бара жатыр екен, естіп қалып, бұрылып кеп: – Иван Михайлович, Бауыржанға ешқандай кінә таға алмаймыз, – деді. – Кеңестің ертеңге дейін аяқталғаны да жақсы болды. Чистяков көзін алартып, маған тағы бірдеме деп келе жатыр еді: – Иван Михайлович, полковник Момышұлының айтқаны әділеттік, – деп Абрамов оны өзімен ертіп әкете бастады. Иван Михайлович ұзай бере, маған тағы ала көзімен қарап: – Фу, енеңді ұрайын! – деді терісіне сыймай. – Иван Михайлович, менің енеммен о дүниеде ғана кездесе аласыз. Чистяков қып-қызыл боп, кілт кідірді. Абрамов төмен қарап мырс етіп күліп жіберді де: – Жолдас Бауыржан Момышұлы, барыңыз, ештеңеге абыржымаңыз. Ертеңге дейін уақыт мол, жақсылап демалыңыз, – деді. Бәрі ойлануы керек, ешкім мазалап, шақырған жоқ. Адьютантым майор, жақсы кісі еді. Екеуміз мейрамханаға ендік. Жүз грамм коньяк алдырмақшы едім: – Жолдас полковник, сізге бүгін де, ертең де татып алуға болмайды, – деді. Маған жаны ашығандығы ғой. Ішпейтін де кезім. Күлкі де, ұйқы да жоқ. Кішкене сергиінші деп ойлап, төсекке жаттым. Көз шырымын таңсәріде ғана алсам бола ма? Сағат онда әскери Кеңес жұмысын бастады. Баграмян сөйледі. Кешегі шатақ туралы бір сөз айтқан жоқ. Одан соң мінбеге Литва республикасы Жоғарғы Советі Президиумының төрағасы көтерілді. – Мен өз атымнан емес, үш республика атынан сөйлеп тұрмын. Кешелі бері талай мәселе ортаға салынды. Мұны ақылдасу деп білеміз. Әркім өз пікірін айтты. Оның көбін біз дұрыс деп санадық. Сіздер де бізге кінә тақпаңыздар. Прибалтика республикалары өзіндік қиындығы бар республикалар. Бір-біріміздің бетімізді тырнауды қояйық, мәселені ынтымақтасып шешейік. Бұл жөнінде Баграмян жолдаспен алдын ала сөйлестік, келістік. Соғыс кезі ғой. Прибалтика республикалары басшыларына осы уақытқа дейін ризамын, мені Иван Христофорович Баграмянның ашуынан арашалап қалды. Терең кісілер екен… Мамытбек Қалдыбай, бауыржантанушы qazaquni.kz