Ұлт рухын оятудың орнына көргенсіздікке толы көрсетілімдері көп
Қазір ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермей, айтқаны болып тұрған ең бір құдіреті күшті құрал – телевизия.
Кез-келген мемлекеттің телехабарлары қандай ауанда, қандай бағытта болса, оның бүкіл халқының жандүниясы, тіпті мына фәниге, көзқарасы солай қалыптасады. Телеарналары негізінен қай тілде сөйлесе, ол мемлекеттің халқы түп-түгел сол тілде сөйлеуге көшіп кеткенін өздері де байқамай қалады. Қазақстандағы телеарналар дәл мына бағытымен кете берсе, қазекемнің көп ұзамай қандай күйге түсерін кім біліпті?! Соны ойлады ма кім білсін, Елбасымыздың әнебір жылы сөздің бір кележағында "Кім бүйтіп өзінің эфирлік кеңістігін басқаларға беріп қояды" деп кейігені бар.
Ақиқатын айтқанның айыбы жоқ, Қазақстанда адам шошырлық жын-жыпырды, қантөгісті, адамды азаптап өлтірудің, жезөкшеліктің, салдақылықтың, жан шошырлық жиренішті жыныстық қатынастың неше алуан түрін көрсетіп, жарық дүнияға көзін жаңа ашқан сәбилерімізді, қаласа ата-анасын да өлтіре салатын сезімсіз бір мақұлыққа айналдыру үшін, ана тілін, дінін ұмыттыру үшін күндіз-түні жүзден астам телеарналар жұмыс істеп жатқанына бірталай жылдың жүзі болды. Ресейдің немесе өзге де шет елдердің мұндай телеарналарына эфирлік кеңістігімізді беріп қоюымыздың өзі біздің не саяси сауатсыздығымыз, не қайсыбіреулердің қазақ ұлтына жасап отырған жасырын қастандығы деуге толық негіз бар. Өзбекстан, Әзірбайжан, Тәжікстан, Түркіменстан сияқты бізбен тілі, діні бір бауырлас республикалардың бәрінде Ресей ақпарат құралдарын емін-еркін таратуға қатаң тыйым салынған. Өйткені, олар телеарналар да, орыс тіліндегі газет-журналдар да негізінен Ресейдің саясатын, көздеген мақсатын, орыстың тілін насихаттайтынын жақсы біледі.
Олар 1991 жылы КСРО құласымен-ақ, көп ұзамай бүкіл телеарналарын ана тіліне көшіріп алды. Бұл олардың үлкен саяси көрегендігі болды. Қазір бұл республикалардың телеарналары тәулігіне жарты не бір сағаттан артық орысша хабар бермейді. Ал Қазақстан ше? Құдай кешірсін, кейде Қазақстандағы әлгі құжынаған «СТВ», «Мир», «Евразия-1» сияқты телеарналарды айтпағанда мемлекеттік болып саналатын бір-екі арнаның өзі қай елдің арналары
деген де ойға кететін болдық. Сонау 90-шы жылдардың бірінші жартысында-ақ, ішімізде журналист, филология ғылымдарының кандидаты марқұм Батырхан Дәрімбетов, белгілі тележурналист Жұмаш Кенебай бар, бірнеше адам телеарналардағы жоғарыда айтылған сұмдықтар көрсетілетінін және қазақ тіліндегі хабарлардың 50 пайызға да жетпейтінін айтып, талай телеарналармен соттасқан кездеріміз де болды. Бірақ соның бірде-бірінде біз сол кездегі үкімет басшылары тарапынан еш қолдау көрмей, қайта сот орындары бізді сол орысша телеарна басшыларының аяғына жығып берді. Ақыры шаршап қойдық.
Біз теледидарды әп деп азаттық алғаннан бастап, ұлттық-тілімізді, ұлттық дәстүрімізді, ұлттық тәрбиемізді көрсетудің басты құралы етіп пайдалануды ойлаған жоқпыз. Бұл сол кезде әлде өз ұлтына жаны ашымайтын кейбіреулердің қаскөйлігі болды ма, ол жағы әлі күнге беймағлұм. Сол жылдары жоғарыдағылар 50х50 дегенді ойлап тапты. Сол кезде біз «оу, қазақты былай қойғанда, Қазақстанда өзбек, ұйғыр, татар, әзірбайжаны сияқты түрік тілділерді қосқанда халықтың 70 пайыздан астамы қазақша біледі ғой, неге қазақ тіліне 50-ақ пайыз беріледі?» деп өкпелеп жүрсек, сол 50х50-дің өзі әншейін қазақты алдарқату болып шықты. Сол 50 пайыз қазақшаның өзі түн ортасы ауа, тауық бір-екі шақырғаннан кейін барып берілетін болды. Сол кезде кейбір билік басындағылар "бірден қазақшаға көшуге болмайды, ол үшін 4-5 жыл керек» деген гәп таратты. Ал содан бері міне 20 жылдың жүзі болып қалды. Біз Ресейден азаттық алдық деп бөркімізді аспанға атқан жылы туған сәбилер қазір 25-ке келіп, көпшілігі орысша ғана сөйлейтін болды. Оған үштілділік қосылды. Бүйте берсек, көп ұзамай жас ұрпағымызға қазақша үйрететін кадрлар жетіспеушілігіне ұшырап, ұрпағымыз өз тілін мүлде қажет етпейтін ұрпаққа айналуы мүмкін. Оның тағы бір себебі, бүгінгі теледидардағы қазақ тілі – орысшаның аудармасына айналғандығында болып отыр. Баж еткіштер баж ете берсін –бұған телеарна басшылығындағылардың жауапсыздығы тікелей себеп болуда. Әнебір жылдары тап осы мәселені көтергенімізде, белгілі журналист Қайнар Олжай «Хабар» арнасына қосымша стилист редакторлар шақырып, біраз жұмыс істеген-ді. Кейін ол да қалды.
Амал не, бүгінгі телеарналар бірыңғай жеңіл-желпі көрсетілімдердің, әсіресе әнші деуге келмейтін, сөйте тұра «жұлдыз» атанып жүргендердің, мәтінінің не мәні, не мазмұны жоқ, елірме ауруы бар адамдарша әрнәрсені өлең қып айтып тұрғандардың, КВН сияқты әртүрлі арзан-күлкілі ойын-сауықтардың ошағына айналғаны ақиқат. Және кез-келген мемлекеттің телеарналары қай тілде көбірек сөйлесе, сол елдің халқы негізінен сол тілде сөйлеуге көшіп баратқанын өздері де байқамай қалады. Қазіргі Қазақстан телеарналары негізінен орыс тілінің құрсауынан шықпағандықтан да, қазақ тілі өз елінде өгей күй кешіп отырғаны соның дәлелі. Бұның бәрі күніге дерлік айтылып та, жазылып та жүр. Бірақ бұл телеаурулардың «беті бері қарамақ" түгіл, ауруы меңдеп бара жатыр ма деп те қорқамыз. Жақында ұлттық арна деп аталатын «Қазақстан» ТРК-сына бастық болып Ерлан Қарин деген жігіт келгенде "қазақылығы бар жігіт қой, енді бір сыласы болар» деп көңілденіңкіреп қалғанбыз. Көп ұзамай бұл арнаға бас продюсер болып Нұрлан Қоянбаев деген не журналист, не саясаткер, не тіл маманы емес, әйтеуір «Түнгі студия» деп аталатынға әр саланың өкілдерін кезекпен шақырып алып, арзанқол сайқымазақ әзіл, қалжың ұйымдастырып отыратын жігіт, ал «Таң-Шолпанға» журналистикаға, әсіресе, тележурналистикаға қырық қайнаса да, сорпасы қосылмайтын Гүлнұр Оразымбетова келіпті дегенді естігенде, мына «кадр саясатынан» жүрегіміз мұздай болды. Өйткені, ұлттық деп аталатын телеарнаңның басшылығында әзілкештер мен әншілер отырса, ондағы тіліңнің, діліңнің, ұлттық дүниетанымыңның, ұлттық ұрпақ тәрбиесінің не күйге түсерін көкірегіңізде сәл саңылау болса, түсіне беріңіз. Әсіресе, академик Марр бір кезде әлемдегі ең бай, ең көркем тілдің бірі деп атаған түркі тілінің ішіндегі шырайлы да шұрайлысы қазақ тілін соңғы он-он бес жыл ішінде орыс тілінің көшірмесіне айналдырып жіберген де телеарналар екенін қанша жылдан бері қақсап, қақылдап айтып та, жылап-еңіреп жазып та келеміз. Иә, телевизияның өте қуатты қару болумен қатар, қауіп-қатері де өте зор. Теледидар оны көріп отырған адамның миына, санасына тікелей қатты әсер етеді. Оның журналисі қалай сөйлесе, көрермен де солай сөйлейтін күйге түседі және оны өзі байқамайды. Қазір екінің бірі сөз арасында «...
құрайды», «жәнегі», «жанағы», «белгілі болғанындай», «қайда бармасаң да» деп сөйлейтіні де, осы телеарналардағы әрі сауатсыз, не журналистикадан, не әдеби тілден хабары жоқ әнші, квн-шы, ыржақай, әзілкештердің немесе білім-білігі төмен, әйтеуір жаңалықтарды шатты-бұтты, балдыр-батпақ тілмен баяндап шығатын шалағайлардың кесірінен болып отыр. Ондайлар сөз атаулының жазылуы мен айтылуының арасында үлкен айырмашылық (орфография, орфоэпия) болатынын да білмейді. Мысалы
«Ақ Орда» сөзі айтылғанда –
«Ағорда»,
«көкөніс» сөзі
«көгөніс» деліну керек болса, олар соны жазылған күйінде «ақорда, көкорда» дейді. Бұл өте қате. Қазақтар Құдайдай үлгі тұтатын орыстар да «человек», «опоздать», «что» деген сөздерді түгел дыбысымен айтпай «челак», «челок», «што», «апаздать» т.б. дейді ғой. Түркі тектес әзірбайжан, өзбек, татар, қарақалпақ солай сөйлеп-ақ, мемлекеттік тілін төрге шығарып, орыстардың өзін әзірбайжанша, өзбекше сөйлетіп қойды. Осы күні кейбір келіншек түгіл сарықарын қатын-қалаштар "күйеуім", "ерім", "отағасым" деудің орнына «жолдасым», "отбасы", "шаңырақ", "үй-іші" деудің орнына «жанұя» деген ерсі сөздерді де осы телеарналардағы сондай ой-өрісі тайыздардан, әзілкештерден үйренді. Әзілкеш, демекші қазір теледидардың бетін бермейтін әзілкештердің бірі Тұрсынбек Қабатов деген жігіт. Осы жігіттің айтып тұрған әзілдерін әзіл деуге де келіңкіремейді. Әр әзілдің өз салмағы, мән-маңызы, мазмұны тәрбиелік мәні болуы керек. Тұрсекеңде ол жоқ. Оған қарағанда бет-ауызды жыбырлату, қыбырлату басым. Мейлі, оның сол деңгейдегі өз көрермендері бар ғой дейікші. Ең жаман жері сол ол сахнада тұрып қажетті де, қажетсіз де жерде орыс сөздерін араластырып қолдана береді.
Бұның бәрі сөз арасында жәй айта салған пікіріміз ғана. Бірақ теледидаршылардың төмендегі балдыр-батпағынан көп ұзамай тіліміз құрып бітуге таяп қалғанын шынымен байқамайсыз ба? Мына сөз саптауларды дені сау қазақтың сөз саптауы дей аласыз ба? Қараңызшы:
1.Тұрғындарға мерекелік
көңіл-күй сыйлады
2.Өмірге 2000-ыншы
сәби сыйлап (25.03.2017. «СТВ»)
3.Мереке жылылық
сыйлады (7.03.2017)
4.Қуаныш
сыйлады
5.Дайындық уақыты 3-4 сағатты
құрады
6.Келесі жолы
сәттілік жолдас болады («Хабар-24». 26-03.2017)
7.
Бұзу жұмыстары қызу жүргізілуде («КТК»)
8.Оның қалыңдығы 70 см-ды
құрайды (Ұлан Нұрахметұлы «КТК» 24.03.2017)
9.
Кезекті ер адам із-түзсіз жоғалды («КТК» 15.03.2017)
10.Құбырларды
ауыстыру жұмыстары жалғасуда (КТК).("Ауыстырылуда" десе болды ғой!)
11.
Сұранысқа ие сыйлықты сатып жатыр (КТК)
12.Іздеу жұмыстары
жалғасын табуда («Қазақстан» 24.03.2017). (дұрысы–
әлі іздестірілуде)
13.Бұл шаш үлгісі әйелдер арасында жоғары
сұранысқа ие болған (Хабар)
14.
Сұранысқа ие гүлдер («31 арна»)
15.»Жүрегі
үлпілдей (Бибігүл Жексенбай, «Хабар» –«Тұлпар» деген хабар)
Иә, тәуелсіздік алдық деп 25 жыл күндіз-түні бас-аяғы жоқ той-тойлаған қазақтың сол 25 жыл ішінде ана тіліне орысшадан тәуелсіздік әпермек түгіл ең бай, ең шұрайлы да шырайлы түркі тілінің бірі – қазақ тілін орысшаның тікелей аудармасына айналдырып қорлап қойғанын жоғарыда біз келтірген сөз саптаулар-ақ дәлелдеп тұр. Осындағы "
құрады", "сұранысқа ие", "сыйлады", "жалғасын тапты" деген сөздер-ақ қазақ тілін, қайран ана тілімізді орысшадан тікелей тәржімаланып бүлдіріп, былғап, сол арқылы орысшаның отар тіліне айналдырып тұр. Әйтпесе, ұлттық санасынан, ұлттық намысынан айрылып қалмаған, не сөйлеп тұрғанына жауап берерлік ақыл-есі түзу қазақ ешқашан жоғарыдағыдай
«көңіл-күй сыйлады», «сәби сыйлады», «қуаныш сыйлады» дей қоймайды. Оның орнына «мерекелік шаттыққа бөледі», «қуанышқа қарық қылды», «бір қуантып тастады» дер еді ғой.Ал анау
«сыйладылар» орысша «дарить», «подарил»,
«жалғасын табудасы-продолжается» деген орыс сөздерінен некесіз баладай туған сөздер. Немесе «
3-4 сағатты құрады», «
70 см-ді құрады», «зейнетақысы 40000 теңгені құрады» деп те дені сау қазақ айта қоюы екіталай. Осы сөйлемдердің соңындағы «
құрадыны» айтпай-ақ «...
70 см», «40000 теңге», «3-4 сағат» деп бітірсе де, сөйлем әдемі аяқталады. Бұл жерде хабар жүргізіп тұрған қазақты «
составляет 70 см» дегендегі «составляетты» алып тастауға оның баяғыдан қанға сіңген құлмінезі жібермей тұр.
«Сұранысқа ие сыйлық», «жоғары сұранысқа ие», «сұранысқа ие гүлдер» деген де сол өзінің білім-білігі төмен, оның үстіне орысшадан аударып сөйлеуге дағдыланған құлмінезден арылмаған адамның сөз саптауы екені айдан анық. Жоғарыдағы «Қазақстан» арнасының журналисі
«Іздеу жұмыстары жалғасын табуда» деуі де, сол білім-біліктің жоқтығынан пайда болған сырқат. Ал көзін ашқалы телеарнада келе жатқан Бибігүл Жексенбайдың
«жүрегі үлпілдей» деуіне жол болсын! Жүрек не, үлпілдейтін мақта ма, әлде құстың жүні (мамығы) немесе ешкінің түбіті ме екен? Жүрек лүпілдейді ғой.
Бүгінгі телеарналардың ұлтымыздың ұлттық сана-сезімін, ұлттық рухын оятып, тілін, ділін күшейтудің орнына, әнші емес әншілерді, сазгер емес сазгерлерді, не өлең, не қарасөз деуге келмейтін балдыр-батпақ мәтіндерді, толып жатқан сайқымазақ әрі арзан немесе «Нысана» сияқты көргенсіздікке толы әзілдері көп көрсетілімдерді насихаттайтын, КВН-шілердің арзан ойын-сауық қойылымдарының, әйелдердің әркімге көрсете беруге болмайтын керек-жарағының жарнамашысына, тілімізді шұбарлайтын қатерлі құралға айналғаны туралы айтылып келе жатқанына талай жылдың жүзі болды. Бірақ соның ешқайсысынан ешқандай нәтиже шыққан емес. Соған қарағанда, Қазақстанда қазақтың сөзі желге ұшып, керуенге қарап шәуілдегенмен бірдей болды ма деп те қорқамыз...
Қысқасы біз тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде ең қуатты идеологиялық қаруымыз телевизияда зор тарихи қателік жібердік. Бұған аржағы үкіметтегілер мен ақпарат министрлігі, бержағы «Қазақстан» ұлттық арнасынан бастап, көптеген телеарналар жетекшілері не деп жауап береді?
Мырзан КЕНЖЕБАЙ,
qazaquni.kz