Нұрсұлтан Назарбаев: БОЛАШАҚ ҮШІН БӘРІМІЗ БІРІГІП ЖҰМЫС ІСТЕУІМІЗ КЕРЕК
2017 ж. 02 мамыр
2647
0
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Кездесуге белгілі жазушылар Бексұлтан Нұржекеев, Дулат Исабеков және Смағұл Елубаев қатысты.
Елбасы ел-жұрт пен бүкіл қоғам өмірінде өнердің, шығармашылықтың маңызды орын алатынын айта келіп, шығармашылық зиялы қауым өкілдеріне сәттілік тіледі. Әңгіме барысында ел өмірінің мәдени-гуманитарлық саласымен қатар, қоғамдық-саяси саладағы кең ауқымды мәселелер қозғалды. Атап айтқанда, латын әліпбиіне көшу, демографиялық ахуал, көші-қон саясаты, үш тілде білім беру жүйесін енгізу, тағы да басқа мәселелер қамтылды. Қазақстан Президенті өзінің таяуда жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының кейбір бағыты мен басымдықтарына тоқталды. Тәуелсіздік жылдарында іске асырылған ірі шығармашылық жобалардың маңызды мәселелері талқыланды. «Мәдени мұра» мен «Халық тарих толқынында» бағдарламалары әңгімеге арқау болды. Нұрсұлтан Назарбаев туған жерге деген сүйіспеншіліктен бастау алатын патриотизм тақырыбын жандандыру қажеттігіне назар аударды. Мемлекет басшысы рухани жаңғыру жөніндегі қазақстандықтар алдында тұрған міндеттердің маңызы зор екеніне тоқталып, елді дамыту үшін оларды жүзеге асырудың өзектілігін атап өтті.
Сол сияқты Елбасы Ақордада Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы өкілдерін қабылдап, елімізде діни құндылықтар дұрыс дәріптелуі керектігі жөнінде маңызды әңгіме қозғап, саладағы жұмыстар Рухани жаңғыру идеясымен қабысуы керектігіне толығырақ тоқталды. Мемлекет басшысы дін мәселесі біздің рухани байлығымыздың бір бөлшегі екенін жеткізді. Бұл ретте дәстүрлі рухани тамырымызды нығайта отырып, санамызды жаңарту шарт деп атап өтті Президент.
«Біздің патриоттығымыз, отан сүйгіштігіміз елдің ішіндегі, сыртындағы тыныштық болашағымыз болып саналады. Сол болашаққа бәріміз бірігіп жұмыс істеу керек. Әрине біздің Тәуелсіздік жағдайында ұлан-ғайыр жеріміз бар. Ол жердің үлкен байлығы бар, ішіміздегі тыныштық бар. Оған ала көзбен қарайтындар аз емес. Жалпы қазақты ешкім жеңбеген. Ішінен ірітіп, жүз жүзге бөліп, жаулап алған. Тарих солай», – деді Президент.
Елбасы сыртқы күштердің ықпалында кетуден сақ болуды тапсырды. Сапситып сақал қойып, шолақ шалбар киіп, бетті тұмашалау қазақтың салтында болмаған деп кесіп айтты Елбасы.
Мемлекет басшысы мына жаһандану заманында жастарды барынша білімге тарту керектігіне баса назар аударды. Сәйкесінше жамағатқа сөзі өтетін имамдардың беделін көтеру маңызды екенін атап өтті. Жиынға жиналған дін өкілдері Елбасы сөзін бір ауыздан құптап, бүгінде өңірлерде тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.
qazaquni.kz