НИДІ НЕ ҮШІН БОСАТТЫ?
2017 ж. 03 мамыр
3642
8
1 миллион доллар пара алды деп, ұсталған «Қорғас» халықаралық орталығының бұрынғы басшысы Василий Ни қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Алматы қалалық соты шығарған үкім бойынша, 2016 жылдың 5-қыркүйегінде ұсталған Василий Нимен қоса, «Қорғастың» инвесторлармен жұмыс бөлімінің басшысы Махаббат Сайдуллаева да ақталған, деп хабарлады 31-арнаның жаңалықтар қызметінің тілшісі Жарас Ниязбек.
«Қорғас» орталығы аумағына қымбат қонақ үй салу үшін «Тюльпан Хоргос» компаниясынан миллион доллар талап еткен Василий Ниді алғашында екі айға қамау туралы шешім шыққан. Ақыры, бұл іс туралы шу басылып, ел ұмыта бастағанда, Алматы қалалық соты парамен ұсталған Ни мен қарамағындағы қызметкер Сайдуллаеваны жазадан босатыпты.
Кәрі коммунист Косарев неге қуанып жүр?
Аса ірі көлемде пара алған «Қорғас» басшысының босатылуын депутаттар дұрыс шешім дейді. Соның бірі «көсемінің» мумиаланған мәйітін қазақ жеріне әкеліп қоюды армандап жүрген депутат Косарев болып шықты. Ол аталған арна тілшісіне берген шағын сұхбатында:
— У нас же есть положение, когда он восстановить похищенные, и они могут отпустить его. Это, думаю, правильно, — дейді.
Кәрі коммунисттің пікіріне сүйенсек, ұрланған дүние орнына келсе, ұрлықшыға кешірім жасалуы керек. Біздің заңдарымызда сондай мүмкіндік ескерілген.
Депутат әлгіндей дегенімен, білікті заңгерлер Қылмыстық кодекстің 65-бабы бойынша қылмыскерлерді шын өкінуіне байланысты жауапкершіліктен босатуға болмайды дегенді айтады.
— 65-бап мүлде дұрыс емес. Біздің Қылмыстық кодекс — қылмыскерлердің өкінуін күттіретін кодекс. Ал кез-келген қылмыскер ұсталғаннан кейін өкінеді, ұсталғанға дейін өкінбейді, — дейді кәсіби заңгер Орынбасар Тілепбергенов.
Тағы бір заңгер, Джохар Өтебеков болса:
— Бұрын соңды аса ірі көлемде парамен ұсталып, босатылыпты дегенді естімегенмін. Дәл осы қылмыстың санкциясына 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бұл аса ауыр қылмыс саналады, — деп, әріптесінің сөзін нақтылай түседі.
— 1 миллион доллар парамен ұсталған «Қорғас» орталығының бұрынғы басшысына неше көлемде айыппұл салынғаны белгісіз. Бұл туралы Алматы қалалық соты ешқандай ақпарат таратпады.
Ал кәсіби заңгерлер дәл осындай қылмыстық жауапкершіліктен босататын жағдайдың жекелеген тұлғаларға қатысты өте сирек қолданылатынын айтады, — деп қортындылайды ойын 31 арна тілшісі.
Елімізде, Ни, Ким, Нан дейтін бірнеше алпауыт кәріс азаматтары бар. Мына Ни сол Нилердің сойылынан болуы әбден мүмкін.
Ал, ең басты Ни — ҚР Президентінің ұзақ жыл көмекшісі, ақылшысы болған Владимир Ни еді жарықтық. Ол дүниеден қайтқанда (2010 жылы, қыркүйек айында) Президент Назарбаев: «Владимир Ни Қазақстандағы кәрістерді ел қатарына қосып кетті», — деген болатын. Қазақстандағы кәріс диаспорасының ендігі серкесі Владимир Ким ұзақ жылдар бойында «Қазақмыс» директорлар кеңесінің төрағасы болды. «Форбос» журналының дерегіне сүйенсек, Қазақстаннан шыққан миллиордерлердің көшбасында тұрған алпауыттың бірі де сол – Ким мырза.
Қысқасы, 1 миллион доллар көлемінде пара алып, ұсталған Василий Ни абақтыдан босады. Шамасы, істеген ісіне ол қатты өкінсе керек. Ал, өкінгендер мен өтінгендердің бәріне заң орындары дәл осылайша кеңдік жасай беремейді бізде.
Әйтсе де Вәкеңдікі рахат:
ұрлады, ұсталды, шықты. Романтика!