Коммунист Смирноваға кім сенеді?
2017 ж. 14 сәуір
2493
10
Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова латын әліпбиіне қатысты пікірі үшін кешірім сұрады
"Латын әліпбиіне көшсек, орыс әлемінен алыстаймыз" деп елді шошытқан коммунист Смирнова Елбасы саясатына қарсы шыққаны үшін кешірім сұрады.
Бұл туралы "Қазақ үні" ұлттық порталы хабарлайды.
Тәуелсіз Қазақстанның Парламент Мәжілісінде отырып, ГосДума депутатының сөзін сөйлеген Смирнова қазақ тілді БАҚ-тың екпінінен қорықты ма ("Смирнова Мәжіліске Қазақстанның Компартиясынан өтті ме, әлде, Ресейдің Компартиясынан өтті ме?"), әлде, "орыс әлемін" аңсағаны үшін Мәжіліс төрағасынан сөз естіді ма екен, әйтеуір, бір күн өтпей сөзінен айнып қалды. Коммунист төрағалары "кешірім сұра" деп айтпаған болар.
Жалпы, демократиялық мемлекет принципін ұстанатын Тәуелсіз Қазақстанның Парламентінде коммунизмнің қалдығы барына қайран қаласың.
- Мен латынның енгізілуін қолдаймын, өйткені, бұл, ғаламдық процесс. Латын әліпбиіне негізделген басқа тілдердегі жаңа ғылым-білім мен заманауи талдамаларды пайдалануға мүмкіндік болады. Мені аландатқаны, классик жазушылардың шығармаларын латын әліпбиіне ауыстыру кезіндегі туындауы мүмкін қиындықтар еді, - деп қырық құбылған Смирнова сонда да қазақтың болашағы үшін емес, орыс мәдениетінің болашағы үшін алаңдайтынын аңғартты.
Қалай дегенмен де, Смирнованың сөзі - коммунистердің Елбасы саясатына деген ойы мен ұстанымы.
Осыған дейін экс-депутат Мұхтар Тінікеевтің танысын шапалақпен тартып қалған видеосы әлеуметтік желіні шарлап кеткенде, қылығына ұялған ол өз мандатынан бас тартып еді. Смирнованың сөзімен салыстырғанда оныкі өзінен басқа ешкімге зияны жоқ қылық. Экс-әріптесін үлгі етіп коммунист депутат мандатын өткізсе құба-құп болар еді.
Себебі, өмір бойы қалыптасқан оның көзқарасы осылайшы бір күнде өзгеріп кетуі мүмкін емес.
"Қазақ үні" ұлттық порталы