Смирнова Мәжіліске Қазақстанның Компартиясынан өтті ме, жоқ, Ресейдің Компартиясынан өтті ме?
2017 ж. 14 сәуір
4188
45
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" мақаласын ел қуана қарсы алып, қызу қолдауда. Болашаққа идеологиялық бағдар берген мақаланың маңызы орасан екенін көкірегі ояу, көзі ашық әркім де анық түсінуде. Басты бағыттарына баса назар аударып, әр тарауын әдіптеп жатыр. Әсіресе, әлемдік ғылым мен технология тілі - латын әліпбиіне өтуді рухани тәуелсіздік ретінде құлшына қолдауда.
Бірақ көкірегі ояулығы күмәнді, көзі Көк туды да көрмес көрсоқырлар да табылып жатыр. Олар алыстағы ауыл-аймақтан емес, Астанадан, Парламент үйінен шықты! Қазақстан Халық Коммунистік партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова: «Мұндай жолмен Қазақстан орыс әлемінен алыстап кетеді. Себебі, кириллица жойылса, болашақ ұрпақ үшін бұл алфавит те жоғалады. Бұл мені қайғыртады», -деп, беті бүлк етпестен бетпердесін ашып алды...
Бұл депутаттың бұрын мектеп мұғалімі, мектеп директоры болғанын ескерсек, балаларға қандай тәрбие беріп келгенін бағамдай беріңіз.
Елбасының кешегі "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" атты ел қолдаған мақаласы айрандай ұйыған халық бірлігіне дақ саларлық, бір қарын майды шірітетін бір құмалақтарға сабақ ретінде жазылғанын да еске саламыз: " Бізге тарих туралы өздерінің субъективті пайымдарын тықпалауға да ешкімнің қақысы жоқ»
Хош, сонымен біз бұл Смирнова ханымға елдің көңілін елеңдеткен бірер сұрақ қояйын деп едік.
Біріншіден, ол осыдан 26 жыл бұрын Қазақстанның Тәуелсіздік алғанын біле ме, білмей ме?
Екіншіден, ол өзін Қазақстан Республикасы Парламент мәжілісінің депутаты емес, шетелдің, Ресей Думасының депутаты сезініп жүр ме?
Үшіншіден, бұл тек ойы бұзық депутатқа ғана емес, Қазақстанның халықтық коммунистік партиясы басшылығына да айтылар сөз: Ирина Смирнова Мәжіліске Қазақстанның Коммунистік партиясынан өтті ме, жоқ, Ресейдің Комунистік партиясынан өтті ме?
Төртіншіден, "Қазақстан орыс әлемінен алыстап кететін болды" деп, өзге елде, айдалада шала бүлініп, шабына шоқ түсіп жатқан шовинистер шуының жауапкершілігі өзінің мойнына жүктелетінін түсіне алар сауаты бар ма?
Бесіншіден, Елбасы белгілеп берген мемлекеттік саясатқа қарсы шығатындай, ол "орыс әлемінсіз" күн көре алмайтын болса, оны кім ұстап отыр бұл елде?
Біз Мәжіліс депутаты И.Смирнова мен Қазақстанның халықтық коммунистік партиясы басшылығынан осы сұрақтарға жауап күтеміз.
Қазыбек ИСА,
qazaquni.kz