Азат Перуашев: ҚР Азаматтығын алғысы келгендер ҚАЗАҚ ТІЛІНЕН емтихан тапсырсын
2017 ж. 29 наурыз
13871
89
Мәжілісмен Азат Перуашев көші-қон жағдайының ушығуын күтпей, Қазақстан азаматтығын алғысы келетіндер үшін тіл мен Конституцияны білуіне емтихан енгізуді ұсынды, - деп хабаралайды Tengrinews.kz.
"Елбасының бейбіт саясаты мен экономикалық реформалары арқасында Қазақстан жағдайы нашар елдер үшін тартымды болуы мүмкін. Осыны есепке алып, көші-қон жағдайының ушығуын күтпей, көші-қонды реттеу мен ұлттық бірлікті сақтау шараларын дайындау керек деп ойлаймыз. Ең алдымен "Азаматтық туралы" Заңға өзгеріс енгізіп, азаматтық алғысы келетіндер үшін Қазақстан Республикасының Конституциясын, мәдениеті мен тарихын, тілдік саясатын білу бойынша емтихан нормаларын жасау керек", - дейді "Ақ Жол" партиясы атынан сұраныс оқыған Азат Перуашев.
Депутат мұнда еш кемсіту жоқтығын айтады.
"10-бапқа сәйкес Республика азаматтығының дәрежесі артады, өйткені, терроризм және ұлттық мүддеге зиян келтіргендер азаматтықтан айырылады. Еуропа тәжірибесі жағдай нашарлаған елдерден көші-қонның артуы апаттық сипат иеленгенін көрсетіп отыр. Қабылдаушы елдер бюджеттен артық шығын шығарып, ол елдердегі денсаулық сақтау мен әлеуметтік қамсыздандыруға салмақ түсіп, жұмыссыздық артып, қылмыстық жағдай ушыққан", - деп атап өтті ол.
Сонымен бірге, тілі мен діні бөлек мигранттардың көптеп келуі ұлттық бірлікті сақтауға зиянын келтіреді. Перуашевтің сөзінше, азаматтық алуға тапсыратын емтихандар көші-қон үшін тартымды елдердің көбінде бар. Оның үстіне олар ақылы болғандықтан бюджетке шығын келтірмейді. Тіпті кей елдерде мұндай емтихандарды азаматтық алғысы келетіндер ғана емес, еңбек мигранттары да тапсырады. Бұл тіл мен дәстүр білмеуден жергілікті тұрғындармен қақтығыс болмау үшін жасалады екен.