БАҚ: Депутат министрдің бензинге қатысты өтірігін ашты
2017 ж. 17 наурыз
4787
8
Қазақстанда жоқшылық пен қымбатшылық қолдан жасалып жатыр. Соның бір дәлелін келтірген біздегі депутат Үкіметтің өтірігін шығарды, - деп жазады kaz.365info.kz порталы.
Порталдың хабарлауынша, дәлел, негізінен, бензин тапшылығына қатысты. Рас, Қазақстанда соңғы бір жыл ішінде бензин бағасы өскеннің үстіне өсіп жатыр. Бірақ оның себебін Энергетика министрлігі ашып айтпайды.
[caption id="attachment_66504" align="aligncenter" width="800"] Қанат Бозымбаев[/caption]"Ал Бозымбаев не дейді? Не деуші еді? Халықты ығыр қылған, баяғыдан жаттап алған екі сөзі бар: біздегі үш мұнай өңдеуші зауыттардың кезек-кезек күрделі жөндеуге тұруын айтады, одан соң Ресейге бензин жағынан тәуелділігіміз, кішкене күте тұрыңыздар, әне-міне біз Ресейге тәуелділіктен құтыламыз дейді", - деп жазады портал тілшісі.
Сондай-ақ, журналист Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Барлыбаевтың Энергетика министрінің құпиясын ашып қойғанын алға тартты.
Депутат Ерлан Барлыбаев журналистерге берген сұхбатында:
"Тапшылық туралы сөз болса, Энергетика министрлігі үш зауыттың жөндеуде тұрғанын айтады. Оны күтпей шағын кәсіпорындарға да мүмкіндік берейік. Президент 2014 жылы ішкі нарықты толық отандық жанармаймен қамтамасыз етуді тапсырған. Ал біз әлі 30 пайыз импортқа тәуелдіміз", - деп айтқан болатын.
Еске сала кетейік, Атырау, Шымкент, Павлодардағы үш ірі мұнай зауытынан бөлек аймақтарда тағы 32 шағын кәсіпорын бар. Бұған дейін КТК арнасы хабарлағандай, Энергетика министрлігі сол кіші зауыттарға тек өңдеумен айналысуға рұқсат етіп, мұнай өнімдерін сатуға тыйым салыпты. Ал олар жылына 6 миллион тонна жанармай шығаруға қауқарлы. Бірақ тыйымның салдарынан кәсіпкерлердің қолы байлаулы. Соның кесірінен ішкі нарықта жанармай тапшы, баға да күн сайын құбылып тұр.
Айта кетелік, 2016 жылдың 1 сәуірінде АИ-92 маркасындағы бензин 125 теңге болған болатын, ол қараша айында 128 теңгеге көтерілді. Ал 29-қарашада АИ-92 маркасындағы 1 литр бензин 130 теңгеге шықты. Жылдың аяғында баға 134-135 теңгені еңсеріп қойды. Ал 2017 жылдың басынан бері бензин бағасы тағы да үш рет өсті: қазір баға 143 теңге маңына келіп, тізгін қағып тұр. Бұл да уақытша секілді…