Рүстем Есдәулеттің мүсіні театр төріне орнатылады

Кеше "Қазақ үні" ұлттық порталына "Шығыс Қазақстан облыстық драма театры өзі жоқтың көзі жоқ деп отыр ма?" атты мақала жариялаған болатынмыз.

Осыған дейін Фейсбук әлеуметтік желіде Семей педагогикалық колледжінің директоры Шағангүл Жанаева Өскемендегі облыстық театрда талантты режиссер, марқұм Рүстем Есдәулеттің мүсіні бір бөлмеде елеусіз тұрғанына қынжылып, өзі пікірін жазған болатын.

"Өскеменде, облыстық драма театрында болдым. Рүстемнің мүсінін көрейін, суретке түсіріп алайын дегенмін. Іздеп едім, көзіме түспеді. Театр қызметкерлерінен өтіндім. Бір адам ертіп апарып, бір бөлмеге кіргізді. Сол бөлменің бұрышында тұр екен Рүстемнің мүсіні", - деп жазды Шағангүл Жанаева әлеуметтік желіде.

Режиссер, театр және кино актері, ақын Рүстем Есдәулеттің мүсініне қатысты осы олқылықты түзету үшін Өскемендегі ел ағаларына, әкімдік өкілдеріне мән-жайды жеткізіп, араласуын талап еткен едік.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтың тікелей араласуымен бүгін Облыстық драма театрының басшылығы хабарласып, халықтан кешірім сұрап, өздерінің түсініктеме-хаттарын жариялауды сұрады.

Театр басшысы Д. Ұябайдың айтуынша бұл мүсін скульптордың гипстен жасаған макеті болып ғана табылады, негізгі мүсіннің өзі марқұмның зират басына орнатылған. Сондықтан, бұл макет кіре беріске емес, актерлердің дайындықтары өтетін арнайы вокал класына қойылған.

Д. Ұябайдың сөзінше, алдағы уақытта театр әкімшілігі Рүстемнің мұрағат залын ашуды жоспарлауда. Сонымен қатар, Р. Есдәулеттің мүсінін қайта жасату шаралары қолға алынғанын, ол мүсін театрдың кіре беріс не фойесінде орнатылатынын мәлімдеді.

"Қазақ үні" ұлттық порталы бұл мәселені ұдайы назарында ұстайды!

Азамат Тасқараұлы,

"Қазақ үні" ұлттық порталының Бас редакторы