Президент үш министрді тікелей өзі тағайындайтын болды
2017 ж. 06 наурыз
2725
0
Президент Ішкі істер министрін де өзі тағайындайтын болды. Депутаттар Конституцияға енгізілетін түзетулерді қарау барысында ел президентінің осы өкілеттігін сақтап қалуды жөн деп тапқан деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Ішкі істер министрлігінің азаматтардың, мемлекеттің ішкі қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіндегі стратегиялық рөлін ескере отырып, 44-баптың үшінші тармақшасында ел президентінің Ішкі істер министрін тағайындау жөніндегі өкілеттігін сақтап қалған жөн деп есептейміз", — деді бүгін парламент палаталарының бірлескен отырысында заң жобасы бойынша комиссияның төрағасы Нұрлан Әбдіров.
Бұл ретте, оның айтуынша, ел президентінің жоғарғы бас қолбасшы болып табылатыны, ал Ішкі істер министрлігінің құрылымына ұлттық ұланның кіретіні де ескеріліп отыр. Өзге министрлерді президент бұрынғыша парламенттің келісімімен тағайындайтын болады.
Депутаттардың мақұлдауымен тағайындалатын министрлердің қатарына енді Әділет министрі қосылып отыр. Айта кетейік, бүгін парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар конституцияға енгізілген түзетулерді қабылдады.