“ШАЛА ҚАЗАҚ” БОЛСА ДА, “ШАЛА ҚЫТАЙ” БОЛМАЙДЫ!
2017 ж. 21 қаңтар
11993
23
ӘНУАРДЫҢ ШАЛА БІЛЕТІН ШАРУАҒА АРАЛАСАТЫН “ШАЛА ТІЛШІ” ЕМЕС, НАҒЫЗ КИНО АКТЕРІ БОЛҒАНЫ ДҰРЫС…
Актер Әнуар Нұрпейісов Сингапурда саяхаттап жүр екен. Босқа жүрмей, ол өзінше үлке-е-н ой түйіпті…. Онысы былай екен:
«Бұл елде негізінен этникалық қытайлар мекендейді. Байқағаным, олар өз араларында көбінесе ағылшын тілінде сөйлеседі. Әрине, кейбіреулер керемет сөйлей алмайды. Бірақ жалпылама алғанда ағылшын тілінің деңгейі өте жоғары. Ең қызығы оларға ешкім де: «Әй, шала қытай, қытайша сөйлемейсің бе?» – деп айтпайды. Тіпті, заманауи Сингапурдың негізін қалаған ұлы реформатор Ли Куан Юдің өзі туған қытай тілінен қарағанда ағылшын тілін жақсы меңгерген. Мұнымен не меңзеп тұр дейсіздер ме? Жай айта салайын деп едім», – депті Нұрпейісов baq.kz cайтының жазуынша.
Біздің актеріміздің ақ тер, көк тер болып, желпініп, ентігіп жеткізген Сингапур мен Қазақстанның қолданыстағы тілдерін салыстыру ол үшін “Жай айта салатын” нәрсе екен… Сингапурдың қала-мемлекет ретіндегі ерекшелігі, ондағы қытайлардың әлемдегі саны 1,5 миллиардтан асып кететіні, яғни, Қытай деген әлемге ықпалды алып ел тұрғанда қытай тіліне қауіп дегеннің қай мемлекетте де, қай тілде сөйлесе де, бір қытайдың да ойына да, түсіне де кірмейтіні Әнуардың да миына әзірге кірмей келе жатқаны өкінішті… Ал Қазақ тілінің өзге бір қазақ мемлекетінде (Қытай мен Сингапур секілді) емес, өз Отанында да мемлекеттік тіл ретінде 25 жылдан бері Атазаңға сай төріне шыға алмай келе жатқанын ойлау ол үшін тіпті жат нәрсе болса керек…
Біріншіден, Сингапурда этникалық қытайлар 76 пайыздан асып тұрса да, төрт мемлекеттік тілдің ішіндегі ағылшын тілі басты тіл болып отырғанының басты себебі – қытай иммигранттары бірнеше топқа, яғни, кемінде 6 топқа бөлініп, 6 диалектіде сөйлейтін болғандықтан бір-бірін түсінудің өзі қиынға соғады… Ал Алтай мен Атыраудың арасындағы қазақ түгілі,өмір бойы шетелдерде тұрып келе жатқан бар қазақтың тілі – бір тіл, диалектісіз бірі-бірін түсіне береді.
Екіншіден, Сингапурда ағылшын тілі де, қытай тілі де төрт тілдің (малай тілі, тамиль тілі) қатарындағы ресми тіл, яғни, статустары бірдей. Ал Қазақстанда қазақ тілі -мемлекеттік тіл де, орыс тілі – ресми тіл. Яғни статустары бірдей емес!.. Конституциядағы 7-ші баптың 2-ші тармағы орыс тіліне мемлекеттік тілмен бірдей дәрежеде статус бермейтіні туралы 2007 жылы Конституциялық Кеңес қосымша Қаулы шығарып, Мұхтар Шаханов бастаған бір топ Мәжіліс депутаттарының сауалына жауап бергенін әртістер түгілі біздің билік басындағы саясаткерлеріміздің көбісі де білмейді немесе білгісі келмейді!.. Сондықтан да, екі елдің жағдайындағы екі тілді салыстыру дұрыс бола қоймас.
Сингапурда ағылшынша сөйлейтін қытайлардың бәрі қытайша беске білсе, Қазақстанда Ресей тілінде сөйлейтін қазақтардың көбісі, әсіресе мемлекеттік қызметтегілер, министрлер мен әкімдер, депутаттардың біразы қазақ тілінде аты-жөнін дұрыс жаза алмайтыны да қазақ актері үшін қайғыратын жайт емес, “жай айта салатын” нәрсе болғаны өзек өртейді…
Әлгі әйгілі ұлы реформатор, заманауи Сингапурдың негізін қалаған мемлекет басшысы Ли Куан Ю ешқашан да “Ағылшын тіліне қытайша жауап бергендер жұмыстан қуылады” деп айтпаған, тіпті, айту ойында да болмаған!..
Бізде “шала қазақ” деп, өзінің ана тілін, яғни, қазақ тілін білмейтіндерді айтады. Ал Сингапурда ана тілін, яғни қытай тілін білмейтін қытайлар бар деп ешкім, тіпті, Сингапурға аяғы тие салып, атам қазаққа ақыл айта бастаған бала әртісіміз де айта алмайды… Ана тілін білмей, Атазаңды аттап тұрып, мемлекеттік тілін білмей, мемлекеттік қызметте істей беретін ел әлемде тек Қазақстан ғана. Сондықтан да, “шала қазақ” болса да, шала қытай, шала орыс, шала түрік, шала өзбек, шала армян, шала грузин, т.б. шала ұлттар болмайды!..
Біз Әнуар бауырымыздың да, шала білетін шаруаға араласатын “шала тілші” емес, шала актер емес, нағыз кино актері болғанын, анығын айтқанда, нағыз қазақ болғанын қалаймыз…
Қазыбек ИСА
“Қазақ үні”