САЯСИ ТОПТАР АРАСЫНДА АШЫҚ АЙҚАС БАСТАЛА МА?
2017 ж. 18 қаңтар
4027
1
Өткен аптада ҚР Президент Әкімшілігі жетекшісінің орынбасары қызметінен босатылған Бағлан Майлыбаевтың тұтқындалғаны туралы бүгін ресми ақпарат шықты.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің деректеріне сүйенсек, Бағылан Майлыбаев Мемлекеттің маңызды әм құпия құжаттарын заңсыз жария етіп жіберіпті. Ата Заңда бұл – Отанға опасыздық, сатқындық деген айып.
Бағлан Майлыбаев қызметінен босатылғанда – орыс тілді бұқаралық ақпарат құралдары түрлі болжамдар жасады. Бірақ ол болжамдардың бірі де тура ондыққа тиген жоқ. Жалпы, қоғамдық ортада өзі туралы жағымсыз пікір қалыптастырған Майлыбаевтың тағдырын енді құзырлы органдар шешетін болды. Бұл жолғы құрбандыққа құлаққа сіңісті болған «пәленше сома жымқырған» деген айып емес, "Мемлекеттің құпиясын жариялау" деген нән айып тағылып отыр.
Бағлан Майлыбаевтың отандық телеарналар басшылығына бөтен елдің азаматтарын тағайындағаны белгілі.
Бұдан бөлек, Бағлан Майлыбаев есте қаларлық не тындырды?
Майлыбаевтың тұтқындалуына қатысты сарапшылар мен зиялы қауым не айтады?
Айдос Сарым, саясаттанушы:
Мемлекеттік құпия құжаттарды жариялау – Отанға опасыздық жасау
- Бағлан Майлыбаевтың тұтқындалуы кездейсоқ жағдай емес. Өткен жұмада ұсталған екі азаматпен де мен жақсы таныспын. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өзі күні кеше ғана үлкен лауазымды қызметте болған азаматтарға «Отанға опасыздық жасау» деген айып тағып отырса, бекер емес болғаны.
Майлыбаевтың Президент Әкімшілігінде атқарған шаруасы аса бір жоғары деп айтуға келмейді. Себебі, ұйымдастыру жұмыстары мен басқару механизмдерін дұрыс жүргізе алмағанын, өткен жылғы жер митингілерінен-ақ көруге болады. Ақпараттық насихатты ұйымдастыра алмағаны тағы рас. Оның үстіне, Майлыбаевтың тұсында, отандық /барлық десек те болады/ телаарналардың басшылығына немесе орынбасарлығына Ресей, я болмаса бөтен елдің азаматтары тағайындалды.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері оның үйін тінту кезінде бұлтартпас дәлелдер тауыпты. Мемлекеттік құпия құжаттарды жариялау дегеніңіз – Отанға опасыздық жасау дегенмен пара-пар. Мұның өзі қоғамның теріс пікірін тудырып отыр. Мен телеарналарға өзге елдің азаматтарын басшы етіп тағайындаған Бағлан Майлыбаевқа бірнеше мәрте сын айтқан едім. Ал енді Майлыбаевтың орнына Марат Тәжін секілді азаматтың келуі, Ақордадағы кадрлық дағдарыстың және саяси реформаның басталуын сездірсе керек.
Маралтай Райымбекұлы, ақын:
Бұдан артық не айта аламын?!
- Бұл туралы не айтуға болады? Ол енді сол саяси алаңда жүрген жігіт. Мен танитын Майлыбаев мемлекетшіл азамат. Елбасының саясатын қолдайтын. Тіпті жанын салып қорғайтын азамат. Мен танитын Майлыбаев осындай азамат. Бұдан артық не айта аламын?!
Бағлан Асаубайұлы 2003-жылдың қыркүйек айынан 2004-жылдың желтоқсан айына дейін «Заң» акционерлік компаниясының президенті болғаны еді. Сондықтан біз Майлыбаевтың қасында қызметте болған Аманхан Әлімұлына хабарластық.
- «Ренжімеңдерші, Майлыбаевтың ұсталғаны туралы ресми ақпарат шықсын. Анау-мынау деп айта беруге де болмайды. Бұл біріншіден этикаға да жат. Сондықтан, мен пікір бермей-ақ, қояйын», - деді Аманхан аға.
Майлыбаевтың тұтқындалуына қатысты саясаткер Берік Әбдіғали мырзаға да хабарласқан едік. «Менен басқаларынан сұраңдаршы. Мен онымен бірге жұмыс істеген жоқпын» деді.
Ал Мұрат Әбенов мырза «Мен бұл туралы пікір айта алмаймын» деп қысқа қайырды.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Мемлекеттік құпияны әшкереледі» деген айыппен Нартай Дүтбаев пен тағы екі шенеунік – Нұрлан Хасен мен Ерлан Нұртаевты тұтқындаған болатын. Одан тінту кезінде заттай айғақтар табылып, 2 айға қамалған еді. Енді дәл осы бап бойынша Бағлан Майлыбаев тұтқындалып, 2 айға қамалды. Бұл нені білдіреді?
Саяси топтар арасында ашық айқас басталғаны ма? Бұл туралы саясаткерлер мен саясаттанушылардың пікірлерін «Abai.kz» ақпараттық порталында жариялайтын боламыз.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz