СЕМЕЙДІҢ "ПАТШАЛЫҚ" ГЕРБІН ауыстыруға ЕРМАК әкімнің УАҚЫТЫ жоқ па, НИЕТІ жоқ па?!.
2017 ж. 14 қаңтар
10094
10
Адамды қажытатын, тынымсыз маза бермейтін ой десек те, оның себебі неде деп жауап іздегенде, тағы да сол ойдың жетегінде кетеміз. Сол анталаған ойдың қамауынан құтылу үшін, жауабын іздеп сол тығырықтан шығудың жолын таппағасын халықтың ой-өрісіне, дана ақылына жүгінеміз. Ақиқатын айту керек, осы бес жыл ішінде менің айтар сөзім де, ойым да, тек осы төлтаңба жайлы болғандықтан туыс пен досты да жалықтырып бара жатқаным рас, оңай емес, бірақ жарты жолда тастап кету одан да қиын. Демек, ұғып отырғандарыңыздай тағы да сол шешілмес түйіндей болған Семей қаласының гербі. Бәрі айқын, тасқа таңба басқандай болса да оны ұстатпас сағымға айналдырып қолдан келген бар айласын жасап жатқан Семей қаласының әкімдігінің қитұрқы амалдарынан қажығандықтан, тіпті, басқа амал қалмағандықтан еріксіз тағы да сіздерге жүгініп отырмын. Иә, - иә, заманында Алашорданың астанасы болған, көне түркі тілінде «киелі мекен» атанған, Абайдай дананың, Шәкерімдей шежіренің, Мұхтардай алыптың қаласының гербі жайлы.
Бұл туралы алғашқы мақалам 2014 жылдың 18 ақпаны күні «Қазақ үні» газетінің №07 санында «Халқының тағдырындай тарлан қала» деген айдармен жарияланған да еді. Бұл туралы осы «Қазақ үні» газетінің президенті, ақын Қазыбек Иса ағамыз да үн қосып, 3 наурыз 2015 жылы № 9 санында «АЛАШ ОРДАСЫ СЕМЕЙДЕ ПАТШАЛЫҚ ГЕРБ ҚАШАНҒЫ ТҰРАДЫ? СІЗДЕР ШИРЕК ҒАСЫР БҰРЫН ТӘУЕЛСІЗДІК АЛҒАНЫМЫЗДЫ БІЛЕСІЗДЕР МЕ?» (http://www.qazaquni.kz/?p=34024 ) деген өз мақаласымен де қолдау білдірген еді. Нағыз Алаш азаматы осылай десе керек, Қазыбек ағамызға Семей қаласының жүрегі ұлтым деп соғатын азаматтары атынан шексіз алғысымызды білдіреміз! Содан бері бұл туралы әлеуметтік желілер арқылы аз айтылып, кем жазылған жоқ, бірақ баяғы жартас бір жартас. Одан бері қаламыздың әкімі де ауысып Ермак Сәлімов келгенде енді оңтүстікті жылы желі соғар, жанымызға көктем орнап жадырар деп үміттенген едік, бірақ үмітіміз тағы да жанды жауратар қаңтардың қысына, тығырыққа тірелгендей... Айта кету керек 2015 жылы қала әкімі Е. Сәлімовтың атына : М. Әуезов, Ұ. Есдәулет, Т. Ибрагимов, Б. Исабаев, Р. Алтай сынды Қазақстанға танымал тұлғалар бастатқан 700- ден астам адам қол қойған ашық хат та түсірілген еді, бірақ ол хат та жауапсыз қалды. Дегенмен де «Туған қалам- Семейім!» ҚҚ Президенті А. Рысбекұлының талмай жасаған еңбегінің арқасында гербке арналған байқауға да қол жеткен еді. Қаламыздың ішкі саясат бөлімінің басшысы А. Садырбаев өзінің министрлікке сұрау жіберіп ол жақтан қала төлтаңбасына рұқсат беретін жауап хат алғаны жөнінде де мәлімдеме жасап қуантқаны еш ойдан шығарылған ертегі емес.
Түптеп келгенде 2016 жылдың 24 қыркүйегінде қаламыздың жаңа әкімі Е. Сәлімовтың №84 үкімімен қаламыздың гербі, туы, әнұранына арналған байқау жарияланып бөркімізді аспанға атып қуаныштан жарылып кете жаздадық. Ол туралы 14.09.2016 жылы ғаламторда жарияланып гербке қойылатын талаптары да берілген еді. Бес жыл бойы еңбектеніп төккен тер мен жұқарған жүйке оңай дейсіз бе, осы жылдар ішінде жасаған елуге тарта жұмыстарымды сараптай келе лайықты деп тапқан жеті жұмысымды ұсындым. Сонымен қатар ол жұмыстарымды 24- қыркүйек күні сәтін салып, байқаудың әділ қазылары алдында абыроймен қорғап та шықтым десем болады, олай дейтінім қазылар алқасы тарапынан тек ризашылық естігенімді жасырмаймын. Байқауға ішкі саясат басшысы А. Садырбаев өзі төрағалық жасады және де тарих саласының кандидаты А. Исин, сәулет бөлімінен А. Исатаев, мәдениет бөлімінен Т. Берікбекқызы, және де өлкетану, мұрағат бөлімдерінің мамандары тартылған ондаған адам қатысқан еді, шешімді де шығарған сол кісілер. Семей қаласының гербіне ұсынған жобам ақтық сынға өткенін естіп, қанаттанып, енді тек әкімдіктің соңғы шешімін тосу ғана қалған еді. Ішкі саясат басшысы А. Садырбаев мырза сол комиссия мүшелері алдында қала гербінің қалаға қажет екені жөнінде, оның заңның аясында жасалып отырғаны жөнінде қысқаша түсініктеме де оқығанын сол комиссия мүшелері де айғақтап отыр. Бірақ сол байқаудың нәтижесі де тағы да үш айдан асса да шықпай тағы да тығырыққа тірелді. Өйткені, шешімнің қашан шығатыны жөнінде «Туған қалам-Семейім» ҚҚ атынан (28.11. 2016ж. №55) қойылған сұраққа қала әкімдігінің Семей қаласының идеология бөлімінің басшысы Н.Шарова өзінің (12. 12. 2016 жылғы ресми №03/21560) жауап хатында: «Қаланың әнұранын, елтаңбасы үлгісін және «Семей қаласының туған күнін қарау және айқындау жөніндегі жұмыс тобын құру туралы» № 84 өкімі қабылданғанын айтады. Сол үкімнің негізінде байқау жарияланып, 2016 жылғы 24 қыркүйекте жұмыс тобымен ұсынылған эскиздердің қаралды» делінген. Бірақ, қала жасының төңірегіндегі қала зиялыларының әртүрлі пікіріне байланысты жоғарыда аталған жұмыс тобы әкім өкімімен таратылды,- деп түсініксіз жауап береді.
Мұны қалай түсінуге болады, қала жасы туралы мәселе мен қаланың рәміздері (туы, елтаңбасы, әнұраны) мүлдем қарама-қайшы екенін ескерсек, сонда бұл қандай жауап? Қала рәміздерінің №84 өкімін жоюға Семей қаласының жасын айқындау шарасының қатысы қанша, байқаудың шешімін тоқтатуы заңды ма? екеуі мүлдем үш қайнаса сорпасы қосылмайтын тақырыптар ғой. Ойдан құрастырылып тек болжаммен берілген мына жауаптарына қарап отырсақ Тазша баланың қырық өтірігі де астар болмай қалады екен. Өтіріктің құйрығы бір- ақ тұтам емес пе еді, ұйқасты да, беретін шешімді де халық сенетіндей орнымен пайдаланған дұрыс қой, оның үстіне алдыңызда сұрақ қойып отырған адамдар да жоғары білімді азаматтар екенін ұмытпаған жөн. Ал енді мына қала рәміздерінің қала жасына қатысы қанша деген кезекті сұраққа (21.12.2016ж. № 558) берген жауаптары одан да сорақы болып шықты (30.12.2016ж.№ ЗТ-ЮР-597) герб тек Астана мен Алматы қаласында ғана болуы керек деген «болжам» айтып: «Қазақстан Республикасының қалған әкімшілік- аймақтық бірліктері үшін, оның ішінде облыс, аудан, қала, ауылдық өңір, кент немесе ауыл деңгейінде жеке рәміздер заңдастырылмаған» дейді. (Сұрақ ауылдардың емес, тек қаланың гербтері туралы қойылған еді...)
Ал менің қолымдағы бар ақпаратта, сол рәміздерге құзыретті Мәдениет министрлігі берген жауап хаты былай дейді, үзінді келтіре кетейін: «Облыстар мен қалалардың өзіндік символдарының болуы қолданыстағы заңнамаларға қайшы келмейді және олардың әр өңірдің өзіндік ерекшеліктерін білдіріп тұратын тарихи, тәрбиелік мәні бар деп есептейміз» Құл-Мұхаммед М.А. сәрсенбі, 25 желтоқасн 2013.
Енді Семей қаласы әкімі Ермак Сәлімов рәміздер туралы құзырлы Мәдениет министрлігінің жауабына құлақ аспай бұрмалауы қалай, әлде ол кісіге көмекшілері теріс ақпарат беріп отыр ма деген заңды сұрақ туындайды.
Өйткені, 28.12.2016 жылы қала әкімдігінде А. Рысбекұлымен бірге Семей қаласының ішкі саясат бөлімі басшысы А.Садырбаевтың қабылдауында болғанымызда ол кісі өз қолында министрліктің жауабының күшін жоятын қаулы бар деп жауап берген еді. Бірақ мына берілген жауап хаттарында ол туралы ешқандай да дәлел қосымша тіркелген ақпараттар жоқ екенін көріп отырмыз. Егер ішкі саясат бөлімі ондай қаулы бола тұра оны өздері берген (30.12.2016ж.№ ЗТ-ЮР-597) хатына қосып бермеулері де заңға қайшы екендігін біледі ме екен, әлде бізді үркіту үшін жасалған амал ма, онда онысы өте сәтсіз қалжың болып шығар еді, өйткені біз ешкіммен ойнап жүрген жоқпыз, оған зауқымыз да жоқ.
Сонда Семей қаласының әкімі Е. Сәлімов үшін жоғарыдағы құзырлы органдардың жауабынының ешқандай да маңызы болмағаны ма, қалай десек те министрлер әр саланың Елбасы алдында тікелей жауапты өкілдері екені, әр жауаптары салмақты екені айтпаса да түсінікті.
Оның үстіне әкімдіктің өздері заңды деп тауып 2016 жылдың 24 қыркүйегінде өткізген байқауларын аяқ астынан жоққа шығару үшін жанталаса барын салуы қалай? Тіпті қалалық мәслихатта шешілетін мәселені осыншама аса күрделендіріп жіберуінің астарында қандай пиғылдар тұр? Сонда бұл шараны ұйымдастырған кездегі ішкі саясат бөлімінің басшысы А. Садырбаевтың өзі жоғарыда баяндалған комиссия мүшелері алдында оқыған түсініктемесі де заң бұзушылық болғаны ма, өзі төрағалық етіп өткізген байқауын өзі заңсыз деп тапқаны ма?
Тіпті жауап хаттарының бірінде 24 қыркүйекте өткен байқаудың өкімін біресе 12.12.2016ж, №84 деп көрсетіп, енді бірінде 30.12.2016 жылғы кезекті жауап хатында №82 деп көрсетуі де әкімдіктің бұл жауап хаттарға қалай болса солай жүрдім- бардым қарағандары көрсетіп тұр.
Өкімнің санының шатасып жазылуы біресе №84, біресе №82, ал қате жазылған бір ғана цифр күшінің талай нәрсені өзгертетінін түсіндіріп жатудың қажеті шамалы, сонымен өкім 84 пе? Жоқ әлде 82 ме?...
Қазақстан Республикасының рәміздерін реттейтін өкілеттік осы Мәдениет министрлігінің құзырында болса, онда оны бұрмалауға Семей қаласы әкімінің орынбасары Н.Шарованың және оны орындаған ішкі саясат бөлімі басшысы А. Садырбаевтың қандай құқығы бар екені өте тұманды. Тағы да сол жоғарыдағы сұрақ, егер ол кісілердің қолында дәлелді бұлтартпас айғақтары болса онда ол неге осы берген жауап хаттарына қосымша ретінде тіркеліп берілмеген, түсініксіз, не үшін сары майдай сақтап отыр? Осылай БАҚ арқылы жариялануын тосып отыр ма? онда адамдарды теріс ақпараттар беріп әуре- сарсаңға салған осындай әрекеттері үшін де жауап беруге тура келер. Өйткені, бұл жазылып отырған мақала тек сол әкімдіктің осы уақытқа дейін берген жауаптары негізінде, соның аясында ғана жарияланып отырғанын ескерте кеткім келеді. Демек, ешкімге де жазықсыз жала жабылып отырған жоқ, қалай жауап келді сол уақыттың негізінде ғана жарияланып отыр. Ол кісілер тіпті осы облыс пен қалада болуы заңда қарастырылмаған деген жауаптары арқылы- ақ өздері бағынышты болып отырған ШҚО және Өскемен (27.08.2005ж) қалаларының да гербтерін заңсыз деп тауып отыр ғой. Иә, бұл жағдай мені қатты толғандырып отыр, өйткені, адам деген көтере алмас шоқпарды беліне байламайды, мұның арты күні ертең сол гербтерін қабылдаған Қазақстанның 14 облысы, 160 ауданының да гербтеріне де үкім айтып жоққа шығарғанмен бірдей ғой, сонда олар да заңсыз болғаны ма? Мұндай «заңдастырылмаған» деп ашық мәлімдеме жасау сол қалаларды басқарып отырған азаматтардың ар-ожданына нұқсан келтірмей ме, қалай ойлайсыздар, ол адамдарда заңды қараған болар, әлде қарамады ма екен?..
Оның үстіне 2016 жылы Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі жанынан «геральдикалық одақ» құрылғаны туралы және оның құрамында ҚР Елтаңба авторы Ж. Мәлібеков ағамыздың бар екені жайлы ақпарат тарады. Әрине, құрылып жатқан одақ тек қана Астана мен Алматы қаласының гербтерін талдау үшін ғана құрылмағаны аян, бұл одақтың міндеті бүкіл Қазақстан қалаларының гербтерін бір жүйеге түсіру үшін жасалып отырған игі қадам екені даусыз.
Ал мына жергілікті әкімдіктің бұдан тіпті де хабары жоқ па, жоқ әлде білгілері де келмей ме түсініксіз, пікірлері де мүлдем кереғар, тіпті өздері берген қаланікі қарастырылмаған деген жауаптағы Астана мен Алматы да сол «қала» деген статусқа ие ғой.
Иә, мәселенің мұнша ушығып тереңдеуі Семей қаласының жасына байланысты болуы да мүмкін, өйткені қалада қала жасын тек 300- жыл деп көрсетіп оның одан бұрынғы тарихына көз салғысы келмейтін адамдар да баршылық. Ал жергілікті тарихшыларымыз қала жасының өз бастауын сонау Қимақ мемлекетінен алатынын 1100 жыл екенін айтып та, жазып та жүр. Ал кейбір өлкетанушылардың айтуларынша бұл жер патшалық бекініс салынбай тұрып адам тұрмайтын иесіз иен дала болғаны ғой деген ой келетіні анық, олардың айтқанына сенсек бабаларымыз бұл жерлерді мүлдем мекендемеген сыңайлы. Бәрімізге аян Алматы қаласы биыл Елбасымыздың арнайы қатысуымен қаланың 1000 жылдығын тойлады, ал Тараз қаласына 1500 жыл дейік, сонда Семей қаласына тек 300 жыл ғана ма? Бәрі бір Қазақстанның қалалары болса олардың жас шамасы да бір деңгейде болуы керек еді ғой, әлде Семей қаласы кеш туған кенже төл ме еді? Қимақ мемлекеті қайда, әскери қамал(форпост) салынғанға дейінгі Зордшинкид немесе Доржынкент атанған қаласы қайда сонда, немесе бұл тарих емес пе? Тіпті мына 1718 жылы іргетасы қаланды дейтін басқыншылық мақсаттағы Семипалатинск әскери бекінісінің қабырғасына да сол ескі қаланың(жеті ғибадатхананың) кірпіштерін бұзып пайдаланғаны жасырын емес қой. Қалай десек те Абай атамыз айтқандай: «бір кірпіш болып кетігін тауып қаланып» сол бекіністің де қабырғасында тұр ғой, тіпті бір сынығы болсын, ол да тарих!
Көз алдыларыңызға елестетіп көріңіздерші, айдалаға қорған салына ма, бекініс те елді мекенге адамның өмір сүруіне қолайлы жерге салынады емес пе, ендеше бұл жерді сол қамал салынғанша елсіз мекен етіп көрсету біз салдық деп көрсету кімдерге керек?..
Мұны қала жасына арнайы тоқталып не үшін айтып отырмын, қала әкімі Е.Сәлімов, қала әкімінің орынбасары Н.Шарова және ішкі саясат бөлімі басшысы А.Садырбаев қала жасы мен қала рәміздерін шатастырғандары үшін қысқаша түсініктеме ретінде беріп отырмын. Елбасымыз 2007 жылы өзінің №351 жарлығымен қаламыздың атауын «Семей» деп өзгертіп жол салып берді ғой, ендігі жалтақтауларыңызға жол болсын, әлде, енді гербтеріңді тәуелсіздік аясында жаңалап өзгертіңдер деген қаулыны күтіп жүрсіздер ме? Артық айтсам патша көңілдеріңізбен кешірерсіздер!
Семей қаласы әкімі Е. Сәлімовтың атына жазылған хаттарға берілген жауаптарды негізге ала отырып «Туған қалам- Семейім» ҚҚ президенті А. Рысбекұлы ҚР Президенті атына, ҚР гербінің авторы, ерекше мәртебеген ие Ж. Мәлібеков ағамыздың атына, ҚР ММ министрлігіне және Геральдикалық одаққа ашық хаттар түсірді. Жауабы да кешікпей келер деп үміттенеміз.
Қала гербін қаланың жасымен шатастырып отырған әкімдікке айтарымыз, ұлы жазушы, жерлесіміз М. Әуезов: «Ел боламын десең- бесігіңді түзе!» деген еді, бабаларымыздың ізі қалған, балаларымыздың кіндік қаны тамған қала біз үшін ізімізді жалғайтын ұрпағымызды тербеткен киелі бесік екенін ұмытпаңыздар! Сіздер қала зиялыларын пікірін ешуақытта да өздеріңізге бас шұлғып отырған оқымыстылармен, зейнеткерлермен шатастырмаңыздар, зиялы қауым ұлтының болашағы үшін шырылдайды, қаласы үшін жаны ауырады, қаланың кемшін тұстарына да бас изеп төмен қарап отырмайды! Бір мезгіл соларды да тыңдаңыздар!
Ашынған адам екен десеңіздер ерік өздеріңізде, бірақ берер бір кеңесім, жалтақтаумен әркімнің көңіліне бір қарап күн кешу абырой әкелмейді, Сіздер қалай жоққа шығарсаңыздар да, табан тіреп қарсылассаңыздар да таң атпайын десе де шықпасына күн қоймайды, қазақта бір мақал бар «тауық шақырмаса да таң атады» соны ескеріңіздер.
Біздің білгіміз келетіні, СЕМЕЙДІҢ ПАТШАЛЫҚ ГЕРБІН ауыстыруға әкім ЕРМАК Салимовтың УАҚЫТЫ жоқ па, НИЕТІ жоқ па?!.
Ерлан Шаяхметұлы,
Семей қаласы