ОН БІР ЖЫЛ ҚҰМДА РОБИНЗОН БОЛҒАН ЖІГІТ

құлдықтан қалай құтылды?

    Бұл әңгіменің кейіпкері ауылдасым, бірге өскен Тимка деген жерлесім. Тимка бұл әңгімені жақында сырласып өзі айтқан болатын. Шын мәнінде болған, басынан кешкен ұзақ сонар Тимканың әңгімесін қысқартып,  адамдардың аттарын өзгертіп жазып отырмын. Әуелі Тимканың отбасы жайлы қысқаша айтып өтейін. Олар үш ағайындылар. Әкесі тепловоз машинисі, шешесі ауыл мектебінде мұғалім болды. Үшеуі де қазақ мектептерінде оқыған, қазақшаға судай, дарынды балалар болды. Үлкен ағасы  әскери ұшқыш болған, Брежневтің заманында мектепте оқып жүріп Мәскеуге бір байқауға барып, қазақша өлең оқып, оны теледидардан көрсетіпті. Өмірдің қиын соқпақтары көп қой, Тимканың әуелі ағасы, сосын әкесі аяқ асты өледі. Күйікке шыдамаған анасы да өмірден озады. Тәрбиесіз қалған Тимка жас інісі Саня екеуі ғана қалады. Өз бетінше қалған Тимка әртүрлі ортаның әсерімен үйдің заттарын сатып гөләйттап, қарыз алып, әркімнің жұмсауында жүріп, шаруасын атқарып інісіне қарамайды. Мұны  көрген ауыл әкімшілігі інісін жетімханаға жіберіп Тимканы дұрыс жолға салмақшы болады, бірақ ол түзелмеді. Содан бір күні біреудің айтуымен бе, әлде ақылымен бе,  Аралдан 350 шақырым жердегі «Ақшоқы» деген ауылға оны сыртынан «сатып» жібереді. Тимканың құжаттары жоғалған, баспанасы аңғал-саңғал, адам тұрарлық емес халге жеткен. Амалы жоқ,  кете береді. «Ақшоқыда» мыңғырған қойы бар, бірнеше үйір жылқысы мен түйесі бар Уәлхан деген бай ақсақалдың қолына түседі. Уәлханның 4 баласы бар, ауылдан бірнеше шақырым жерде, иесіз далада жайлауы бар, қыстауы одан оншақты шақырым жерде екен. Жалғыз өзі айдалада қой бағып қала береді. Қалтасында көк тиыны жоқ, айлық бермейді. Анда-санда шалдың балалары келіп қойларын санап кетуге келеді. Әкелетіні үш келі ұн, басқа ештеңе жоқ. Оны да көрсетпейді, лақтыра салады. Енді сөзді Тимканың өзіне берейін: «-Мен жалғыз айдалада тұратынымды,  даланың Робинзоны болуға бара жатқанымды, оған дайын болу керек екенімді білдім. Алғашқы күннен бастап бұл «өмірге» дайындала бастадым. Тұрмыстық қажеттік құралдарды өзім істеп алдым, жылтыр сым, бос баклашкалар, бұзылып жатқан бензин зажигалкаларды қалтама салып жинай беремін. Әуелі тұзақ құрып қоян, қырғауыл ұстап тамағымды асырадым. Қоян дегенің көп, үйімнің қасында өріп жүр. Шал да, балалары да мені адамға санамайды. Айдалада жалғыз таяқпен жаяу қойды бағамын, қасқыр баршылық. Келген кезде қожайыным  менің жағдайымды сұрамайды. Ең бірінші қораға барып шалдың әр баласы, әрқайсысы өздерінің қойларын санайды. Қасқыр талап кетті деп ойламайды, мен сойып жеп қояды деп ойлайды. Сосын барып жағдайымды сұраған болады. Шалға, балаларына ашуланғанда бар айтатыным: «Құдайдан табасың» деймін. Сүйтіп өмірімде мал бақпаған басым  қойшы болып шыға келдім. Бірақ, малдың жағдайын білетін, малды ауылда өскен баламын ғой. Мал тануды, бағуды, қойшылықтың қыры мен сырын тез меңгеріп алдым. Шалдың балалары менің арақ ішетінімді біледі ғой, анда-санда менің көңілімді көтермек мақсатта бір жартылық әкеп ішкізеді, өздері де ішеді, соңында сабап кетеді. Бір күні әбден қорланып ызам келіп: - Әй, мен бич емеспін. Мен Сексеуілдің жақайымымын. Қолыма қару түссе қырып кетемін – дедім. Осы сөзім қатты әсер еткен болса керек, шынымен сүйтіп қояр ма екен деп ойлады ма, қолдарын тарта бастады. Аң аулаған, мал іздегендер, кеденшілерден қашқан көліктерден керек болмаса да баклашка ыдысқа бензин, солярка сұрап жерге көміп тығып қоя бердім. Анда-санда ауылдан келген өткінші жүргіншілерден ауыл кітапханасынан, өздерінен кітап сұрап алатын болдым. Соляркаға аздап бензин қоссаң нағыз майшам болып шығады. Жатқан жерім жарбиған балшық там, жаз бойы қысқа дайындық деп тезек жинаймын. Кітаптарды қыстың ұзақ түндерінде майшамның жарығымен оқимын. Кітап тез таусылмасын деп күніне 20 беттен артық оқымаймын. Кейде кітап болмаған кезде бір кітапты  екі-үш рет оқыған кездерім болды. Бір күні шалдың балалары  келіп біреуінің мотоциклінің бензині таусылып оны маған қалдырып кетті. Жайлауда тығып көмген баклашкадағы бензиндерім бар ғой. Жаяу омбылап жайлауға барып бензин алып келіп енді қойды мотоциклмен қайыратын болдым. Жақсы болды, шаршамаймын. Бір күні ұзап кеткен қойымның бір нәрседен үріккенін байқадым. Бұл не болды екен деп зу еткізіп жетіп барсам бір нәрсе жылт етіп бұтаға кіріп кетті. Артынан мотоциклмен бұтаға кірсем бір үлкен қасқыр тұра қашты. Мотоцикліммен қуып бердім. Ал қасқыр болса мұздың үстімен қашқаны бар емес пе. Аяқтары тайғанап тыраңдады да қалды. Жақындап барып қасқырды мұзға қарай қайырып қудым. Қасқырдың енді менен ұзап қашып кете алмасын көріп мотоциклден түстім де байлаулы тұрған насосты жұлып алып қасқырға жақындай бастадым. Жауға ұмтылған кинодағы солдаттаймын, бар кегім осы қасқырда сияқты. Еш қорқу деген жоқ. Маған ол қасқыр кішкентай ит сияқты. Осы күні таң қаламын сол батырлығыма. Көкжал тісін ақситып айбат шегеді. Насоспен тұмсықтан ұрсам деп жақындап келемін.  Насос қысқа екен, дереу ұзартып шамасы осы жер болар деп тұмсықтан бір сілтедім. Ойпырмай, Құдай қалай сәтін салған, дәл тұмсықтан тигізіппін, сылқ ете қалды.  Тағы да бас тұсынан аямай бірнеше соққы жасадым. Қасқырды көтеріп мотоциклге салар кезде ғана байқадым. Дәу арлан!. Әрең көтердім». Енді осы жерде Тимканың қарулылығы жайлы өзі айтқан бір әңгімені айтайын. - Әскерде болған кезімде, бұрыннан қалыптасқан әдет бойынша «стариктер» бізді ортаға алып әртүрлі «сынға» ала бастады. Бір әзірбайжан жігіт болды. Өзінше спортшы, «молодойларды» бір шыбықпен айдап тәртіпке салды.. Маған келді де «Жүр турникке, тартыл!» деп бұйрық берді. «Мақұл» деп турникке барып турниктен шап етіп ұстадым. Мен турникте тартылып тұрып «қанша рет» дедім. Ол асығатын емес, ішіме сартылдатып ұрып қояды. «Жиырма рет» деді бір уақытта.  Жиырма рет тартылып турникте тұрмын. «Тағы қанша рет?» деп сұрадым. Тағы жиырма рет десе тартылуға дайынмын. Менен мұндайды күтпеген әзірбайжанның түсі өзгеріп «спортшысың ба?» деп сұрады. «Жоқ, спортшы емеспін» дедім. Содан кейін маған бірде бір «старик» тиіспейтін болды.» Бір күні шалдың балалары келіп әдеттегіше үш келі ұны бар, (қант, шәй деген атымен жоқ) бірден қораға бет алып әрқайсысы өздерінің қойларын санай бастады. Шалдың балаларының ішінде маған жақындау біреуі бар еді, сол жақындап жағдайымды сұрады. – Не жағдайды сұрайсың? Қасқыр шауып маза бермей жатыр. Кеше таяқпен бір қасқырды өлтірдім дедім. -  Соқ өтірікті! Не деп тұрсың! -  Нанбасаң менің тамыма бар, өзің көр – дедім. Барып қасқырды көріп зәресі ұшып кетті. Қойларын санап жүрген ағаларын шақырып келді. Қасқырды көріп естерінен тана жаздады. Бұл хабар ауылға жетіп «Қасқыр алған Тимка» деген атым елге тарап кетіпті. Сол жылы қыста қасқыр малға жаудай тиісіп көптеген мылтығы бар қойшылардың өздері  бірнеше қойларын жегізіпті. Ал мен болсам, он бір жыл қойшылық тәжрибемде бірде бір қойын шығынға жібермеппін. Осыдан кейін ағайындылар маған жеке ауыз мылтық әкеп берді. Қанша патрон әкеп бергенін айтайын ба? Екі патрон. Баяғы мен айтқан сөзден соң менен қорыққаны ма, сенбегені ме, білмеймін. Мылтықпен тағы үш қасқыр алдым. Жалпы бақташылық он бір жылымда төрт қасқыр соқтым. Сол екі патроннан кейін олардан оқ келмеді. Маған мал іздеушілер көп келеді. Байқағыштық талантымның арқасында  малдың түрі-түсін, енін айтса болды, көрген жерімді айтамын. Ақы ретінде оқталған патрон сұраймын. Сөйтіп патрон көбейтіп қоян, қырғауыл атып алатын болдым. Ақкөңілділігімді айтсайшы, өзімді ұратын қожайынымның балаларына да беретін болдым.. Осы жерде Тимканың тағы бір дарынды қырын айтайын. Малмен айналысып жүрген кезінде Тимка 53 асау айғырды бас білдіріпті. Үйірін бағындыратын айғыр ғой. Айғыр қораға кірмесе үйірі де кірмейді. Сондықтан ең бірінші айғырды бас білдіру қажет. - Әуелгі кезде асау айғырлар талай рет лақтырған кездері болды. Қарап тұрған ақсақалдар: Мына орыс енді мінбейді ғой – деген сөздерді естіп намыстанып асауға қайта мінемін. Талай асау айғырларды бас білдіріп қораға кіргіздім- дейді Тимка. Тимканың тағы бір талантын ауыл балалары айтады. Орысшаға жүйрік емес ауыл балалары талай рет Тимкаға шығарма жаздырып алады екен. Қанша бет керек деп сұрайды, қанша бет керек болса сонша бетті сол заматта жазып береді екен. –Аға, кітапқа қарамайсыз ба десе, «мектепте оқыған дүниелерім ғой» дейді екен. Тимка осылай Уәлханның қойын бағып айдалада жүре береді. Он жыл өтіп 2015 жыл туады. Осылай өмір бойы жүре берер ме еді... Бір күні ауылға хабар жетеді. «Тимканың інісі депутат болыпты». Телевизордан көргендерін айтады. - Бұл хабар маған да жетті бір күні. Сенің інің депутат болыпты. Астанада Назарбаевтың қасында тұр. Телевизордан сөйлеп жатқанын көрдік. Мұны естіген Уәлхан ақсақал ашуланып: «Бұл қалай? Мыңдаған малым бар, мен неге депутат болмаймын. Анау пойыздың шопыры Елбасының қасында жүр – деп әңгіме айтыпты. Мен бұл хабарға аса мән берген жоқпын. Қойымды бағып жүре бердім. Уәлхан шал болса мені ауылға қайтаруға асықпапты.. Бірақ, осы мәселенің арты не болар екен деп арты қуыстанып жүрсе керек. Бір күні маған келді. - Әй, Тимка! Інің депутат болыпты, енді не істейсің? Енді маған не болады? – деп қалжыңдаған болып әңгімеге тартты. Мен болсам, сол баяғы айтатын сөзімнен жаңылмаймын. -Айтып едім ғой, Құдайдан табасың деп. Енді сотталасың! Сүйтсем, шалдың мені ауылға қайтаруға әлі ойы жоқ екен. Тағы да хабарсыз кетті. Содан бір күні Астанадан інім Аралға әкімге, әкім арқылы «Ақшоқыға» телефон соғып Уәлханды телефонға шақырып: Дереу ағамды қайтарыңдар! – дейді. Уәлхан түсіндірмек болып бірнәрсе айтпақ болған екен, інім телефонды тастап жіберіпті. Содан мені ауылға қайтаруға дайындай бастады. Қайту алдында «Ақшоқының» ақсақалдарына кіріп сәлем беріп шықтым. – Тимка-ау, мына жақайымда сен сияқты асау атты бас білдіретін енді ешкім жоқ. Не істейміз? –деп менімен қимай қоштасты. Уәлхан мені ауылға «Джипке» мінгізіп жеткізіп салды.»  Ауылға келген соң Тимканың барлық жоғалған құжаттары «табылды». Иесіз қаңырап қалған, есік-терезесі қираған үйіне жаңа құжат жасалып, үйі жөнделіп, көршілері көмектесіп қалпына келтірілді. Содан бір күні үйге басы салбыраған, бұрынғы өктем кейпі жоқ Уәлхан келді. –Тимкажан, қандай көмек керек? Не айтасың? - Маған сенің көмегіңнің қажеті жоқ! Маған Құдай көмектеседі- дедім. - Мынау менің саған көмегім болсын,- деп, бір миллион теңге берді. Сүйтіп, он бір жыл құлдықта жүрген еңбегім, бір миллион теңгемен бағаланды» деп әңгімесін аяқтады Тимка. Тимканың он бір жыл Робинзон болған хикаяларының бұл оннан бірі ғана. Тағы бір кездескенде  оларды тыңдап қағазға түсірермін деп келістік.   Жайлау ӘЛИ Қызылорда облысы Арал ауданы qazaquni.kz