Мекемтас Мырзахметұлы: Ресей астанасының аты Мәскеу қазақтың есімінің құрметіне қойылған
2016 ж. 29 желтоқсан
23162
38
Мәскеуде 1088 жылы Асат Мосқау деген жігіт билеген. Мәскеудің халқы оны жақсы көргеннен оның атын Мәскеу дегенге айналдырып жіберген
Белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы Сыр өңірінің студент жастармен бірнеше кездесу өткізіп, кездесу барысында ұлы Абай қарасөздері мен өлеңдеріндегі адам тәрбиесіне байланысты тағылымды ойларын ортаға салды. Кездесу аясында Alashinform порталының тілшілері ғалымды сұхбатқа тартып, тарихтағы тың тақырыптарға қозғау салыпты.
- Өткен жылы ғана біз қазақ хандығының 550 жылдығын атап өттік. Осы тұста өткенімізді жаңғыртып, тарихты жаңаша көзқараспен қайта жазуды қолға алдық. Ұлттық тарихымызға байланысты тың деректер айтылуда. Ғалым ретінде сіздің алып-қосарыңыз бар ма?
- Ұлттық тарихқа байланысты әлі күнге зерттеу қажет дүниелер өте көп. Бір ғана Абайдың толық адамын дәл қазіргі идеологияға пайдалансақ, біз көп нәрседен ұтар едік. Патша үкіметі бізді сексеуіл әдісімен басқарған. Сексеуілді балтамен шапса, жарылуы қиын, ал өзіне-өзін ұрса тез жарылады. Қазақты бір-біріне аңдыту арқылы біздің өзімізді ғана емес, санамызды да құлдықта ұстаған. Осы саясатты кеңестік биліктегілер де пайдаланды. Кеңестер Одағындағы 15 республиканың ішінде ең орыстанып кеткен ел біздер едік.
Шын мәнісінде біздің тарихымыз б.э.д. 7 ғасырдан басталуы керек. ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақтар үшке бөлінді. Батыстағы қазақтар, Қоқан хандығына қараған қазақтар, оңтүстіктегі қазақтар. ХХ ғасырдағы зар заман ағымында 140 ақын сол кезеңнің шынайы көрінісін баяндайды. Ал бұлар әлі күнге толыққанды зерттеліп біткен жоқ. Ең бастысы Абайды толық таныдық деп айта алмаймын. Шәкәрім мен Абай жан мәңгілік деген. Яғни адамның өмірі біткен соң, біздің жанымыз аспан кеңістігінде болады. Қазіргі Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Мәңгілік ел» идеясының негізі осында жатыр.
Абайда не шығыс, не батыс жете алмаған ойлар бар. Егер олардың бәрін зерттеп, насихаттай білсек, онда біздің ұрпағымыз нағыз азат ойлы тұлға болар еді.
- Біздің ұлттық тарихымыз тәуелсіздік алғанға дейін Ресейдің қатаң бақылауында болып, солардың ықпалымен жазылды. Сол олқылықтың орнын толтыру мүмкін ба?
- Әрине, мүмкін. Шындық пен ақиқат күндердің күнінде тарих сахнасына шығады. Сізге бір ғана мысал айтайын. Болгар тарихшысы Киевский русьті басқарып тұрған Сұңқар деген қазақ болыпты деген мәліметті тапқан. Оған Соколов, Станислав деген ат қойған. Ол сол елде тұрып, орыс қызына үйленген. Ресейдің мемлекеттік жүйесін құрып, жасаған осы қазақ болған. Кейін осыны жасырып қалу үшін Киевтің ұлы князі Владимир Мономах жазбалардың бәрін өшіріп, көзін жойып, орнына жалған құжат жасаған екен. Біз осыған 1860 жылдан бері сеніп келдік. Сөйтсек бұл өтірік екен. Бұны Болгар тарихшылары айтып берді.
Мәскеуде 1088 жылы Асат Мосқау деген жігіт билеген. Мәскеудің халқы оны жақсы көргеннен оның атын Мәскеу дегенге айналдырып жіберген екен. Сонда орыстың астанасының аты Мәскеу қазақтың есімінің құрметіне қойылған және орыстың мемлекеттік жүйесін Сұңқар деген қазақ құрған.
Дәл қазіргі уақытта біз ұлы Абайды барынша тануға күш салып, құлдық санадан арылуымыз керек. Ресейдің мұрағаттарында бізге қатысты құжаттарды жойып тастауында үлкен мән бар. Кеңестік билік қазақтың басын көтертпей, бақылауында ұстап отырды. Шын мәнісінде біз қанымыз таза, ойымыз сергек, дүниетанымы өте терең халықпыз.
- Сіз айтқан деректі ғалымдар біле ма?
- Әрине, біледі деп ойлаймын. Көп уақыт өтпей-ақ бұл шындық та айтылатын болады.
Ерболат ТҰРСЫНҚОЖА,
Дереккөз: Alashinform