АРМАНЫМЫЗҒА ЖЕТТІК. МАҚСАТЫМЫЗҒА ҚАШАН ЖЕТЕМІЗ?..
2016 ж. 28 желтоқсан
2068
0
Тәуелсіздік мерекесінің 25 жылдығы құтты болсын, Қазақ елі! Баянды болсын! Баз біреулер «бұл бізге топ ете түскен тосын сый, ол бізге тегін, қантөгіссіз, құрбандықсыз келді, теріміз төгілген жоқ, еңбегіміз сіңген жоқ, сондықтан, оның қадыр-қасиетіне жете алмай жүрміз, Жаңа жылдық шыршаның көлеңкесінен шығара алмай жүрміз» дейді.
Тәуелсіздік бізге кездейсоқ, құрбандықсыз, қантөгіссіз келген жоқ. Жалпы, философияда «кездейсоқтықтар заңдылығы» деген ұғым бар, яғни, әлемде ешнәрсе кездейсоқ, өз-өзінен бола қалмайды, бәрінің себебі бар. Тек біз оны бірден көріп, тани алмай жатамыз.
Әсіресе, Тәуелсіздік кездейсоқ келмейді. Және оған қазақтай еңбегі сіңген, терін төккен, жанын құрбан еткен халық аз. Мысалы, 1916 жылы Қарқара көтерілісі қамтыған аумақта 80 мың түтін болған екен. Кәзір, 100 жылдан кейін сонша отбасы емес, сонша мың адам тұрмайды... Бір ғана 1916-жылғы көтерілісті басып-жаншудың, аямай жазалаудың салдарынан қазақ өлісі бар, шекара асқан тірісі бар, 1 миллондай адамынан айрылды. Көп айтылып-жазыла бермейтін 1921-жылғы ашаршылықта тағы 1 миллион қазақ қырылды. 1932 жылғы қолдан ұйымдастырылған ашаршылық қазақтың жартысынан көбін әкетті...
Тәуелсіз, дербес ел болсақ біз соның бәріне жол берер ме едік? Жоқ, әрине! Бірақ, біздің ерлігіміз бен еңбегіміз далаға кеткен жоқ. Біздің ғана емес, кез келген халықтың азаттық жолындағы күресі ертелі-кеш жемісін береді. Ұлық Алла-Тағаланың әділеттігі шексіз ғой, соның бір дәлелі нақ осы мәселеде көрініс табады – Алла-Тағала азаттық, тәуелсіздік бермейді, соның жолында күресуге мүмкіндік береді. Кім табанды түрде, айлап, жылдап, жүз жылдап күресе алады – соның ретін өзі келтіреді. 1991 жылы да солай болды. Ұйғыр бауырлар да қытай он есе көп екен, жүз есе көп екен демей, осы бетінен қайтпай күресе алса, Тәуелсіздікке қалай қолдары жеткенін өздері де сезбей қалады.
Ал, біздің бейбіт заманда құрбандыққа баруымыз күні бүгінге дейін жалғасып отырған жоқ па? Соның екеуі желтоқсан айымен байланысты. Жалпы, «Желтоқсан» бізде үшеу. Біріншісі және ең әйгілісі, әрине, «Желтоқсан – 86». 16-желтоқсан, тіпті, 17-желтоқсандағы жиынды оқиға деуге, мүмкін, болар, ал, 18-і мен 19-желтоқсан күндері мұздай қаруланған әскерилерге жалаң қолмен қарсы шыққан жастардың қозғалысын «оқиға» деу обал, обал ғана емес сауатсыздық, әділетсіздік, ол – нағыз көтерілістің өзі. Әділдік бізден оған дәл осылай баға берумізді талап етеді.
Міне, сол дүниені дүр сілкіндірген қазақ жастарының көтерілісінің басқа республикаларға тигізген әсері, ықпалы, жемісі өз республикамыздағыдан әлдеқайды қомақты да салмақты болып шыққаны, өз елімізде көтеріліс әлі күнге өзінің шынайы бағасын ала алмай келе жатқаны, 30 жыл өтсе де оның хронологиясын жасамағандығымыздың салдарынан елім деген нағыз ерлердің тасада қалып, жалған батырлардың арамызда көкірегін соғуы, қызыл қанға боялған қасиетті, киелі көтерілістің қадіріне жете алмай жүргеніміз өкініш болмай қайтеді?
Уақыты жағынан үшінші, өкініші, қайғысы жағынан екінші, «қанды Желтоқсанға» енді бес жыл толады. Оған кінәлілер жазасын алды деп жатырмыз, бірақ, әділдіктің салтанат құрмағанын бәріміз көріп, біліп отырмыз. Бар айыбы өздерінің еңбектік құқығын қорғап алаңда тұрған мұнайшылар тарапынан алғашқы жалғыз оқ атылғанда да «қантөгісті бастаған – солар» деуге болар еді, олай болмағандықтан, бейбіт халыққа оқ жаудырып, 16 адамның өмірін қиғандардың бірнешеуінің біраз жылға бас бостандығынан айрылғаны жазықсыз қырылған жандардың өтеуі бола алмайды... Әділет бұл жерде де ертелі-кеш салтанат құратыны сөзсіз.
Екінші Желтоқсан 1991 жылға дөп келді. Оған дейін 14 республиканың бәрі, оның ішінде Түрікменстан 27-қазан күні Тәуелсіздігін жариялаған болатын. Тәуелсіздігін жарияламай отырған жалғыз біз едік. 8-желтоқсан күні Кеңес Одағының таратылғаны мәлім болды. Біз сонда да кібіртіктей бердік. 1990 жылғы 25-қазанда қабылданған керемет Декларациямыз тұрғанда, оны жариялау үшін арнайы заң қабылдаудың қандай қажеттігі бар еді? Жарайды, заң қабылдасақ қабылдайық, бірақ, ақыры көшкен жұрттың орнында қалған екенбіз, қайда асықтық, неге нақ сол 16-желтоқсанға апарып тіремесек болмады? Өздерін кәзір сол кездегі «азулы Жоғарғы Кеңестің мүшесі, халықтың қалаулысы болғанбыз» деп санайтын депутаттар атқарушы биліктің ұсынысына неге қарсы шықпады?..
Жарайды, «өткенге – салауат, алдағыға – аманат» дейік, өйткені сол күні Тәуелсіздік жарияланды, арманымыз орындалды ғой. Ендеше, ең алдымен арман деген не, мақсат деген не, соған аз-кем тоқтала кетейік. Ол үшін тағлымды бір тарихи аңызды еске түсірейік. Зеңгі баба мен Қарабура әулиенің қызы Әнбарбибіден туған Айшабибі Тараздағы Қарахан патшаның ұлына ғашық болады. Аңызда себебі ашық айтылмайды, бірақ, Зеңгі бабаға қызының бұл таңдауы ұнамайды. Ақыры, басқаға көнбейтініне көзі жеткен Зеңгі баба қызына: «Арманыңа жет, мақсатыңа жетпе!» деп бата берген дейді. Отыз күн ойын, қырық күн тойы өткенде Айшабибіні жылан шағып өлтіреді... Ғашығына қосылғанмен, бақытты өмір сүре алмайды.
Аңыздан ой түйсек, арман дегеніміз – «болсам-ау, жетсем-ау» деген тілектің орындалуы болса, мақсат – сол орындалған тілектің жемісі екен. Қазақ елі арманына жетті – 200 жылдық (ешқандай да 300 жыл емес!), дәлірек айтсақ 169 жылдық (1822 жылдан бергі) бодандықтан құтылып, Тәуелсіздікке қолымыз жетті. Ал, мақсатымызға – толық Тәуелсіздікке қолымыз жетті ме? Ауыз толтырып «иә!» деп айта алмаймыз. Айтқымыз-ақ келеді, бірақ, оған айналамыздағы өмір шындығы жол бермейді. Қазақтың ең жанды жері – Тіл тәуелсіздігінен бастайықшы. Іс қағаздарының қазақшаға ауыспағаны ауыспаған. Тіпті, облыстардан қазақша жіберген хаттарға Астана орысша жауап береді. Заң атаулының, үкіметтік құжаттың бәрі алдымен орыс тілінде дайындалады, сосын барып қазақшаға, және көбіне сәтсіз аударма жасалады..
Парламент пен Үкімет қазақша сөйлей ме? Жоқ. Бәрінен бұрын Сыртқы істер министрлігінің, оның шет елдерде қазақ халқының, қазақ мемлекетінің бет-бейнесі болып табылатын елшіліктердің қазақша сөйлемейтіні қазақ мемлекетінің қайтадан Тәуелсіз, Азат, Дербес болуы үшін құрбан болған ерлердің рухын қорлау емес пе? Сөзіміз дәлелді болу үшін күні кеше, «Қазақ үні» ұлттық порталында экономист-ғалым, Франциядағы Қазақстандықтар қауымдастығының президенті Берлин Иришевпен «ҚАЗАҚ елінің МҮДДЕСІН ҚОРҒАУ – АЗАМАТТЫҚ борышым» деген тақырыппен жарияланған сұхбаттан көлемді үзінді келтіруге мәжбүрміз. «...Мысалы, осындағы елшілікке барсақ, жиналыстарының барлығы орысша, министр Ерлан Ыдырысов келеді, ол да орысша сөйлейді. Ұят. Қасыңа еріп барған француздан ұяласың, тіпті. «Сендер қазақ емессіңдер ме, неге ең болмаса елшіліктегі жиындарыңды қазақша өткізбейсіңдер?..» деп таң қалады».
«Самарқанда бір апам бар, ол менен де сорақы!» дегендей, сорақысы әлі алда. «...Осыдан 5-6 ай бұрын Парижде Қазақстандағы ЭКСПО-ға байланысты көрме өтетінін естіп, барып көрейін дедім. Біріншіден, картинаның барлығы төбеге ілініпті. Ал, ол ғимараттың төбесі өте биік екен, жұрттың көбі төбеге қарамады да. «Неге бұлай ыңғайсыз ілінді екен» деп қамығып қалдым. Ондай шараларда анықтамалық пункт болуы тиіс, сондай жерді іздеп барсам, бір Даша деген қыз тұр екен. Амандастым, сөйлестім. «Қазақстан қандай ел?» деп сұрадым. «Енді… Шамасына қарай өмір сүріп жатқан ел ғой» деді. «Жоқ, мен олардың энергетикасы туралы білсем деп едім. Көмірдің қанша пайызы шығады? «Жасыл энергетика» талабына сәйкес қанша энергия қолданылады?» деген сұрақтар қойдым. Ол сасып қалды. «Білесіз бе, мен оларда көмір өндірілетінін білем. Бірақ қанша өндірілетінін білмейді екенмін». «Бұл энергияға қатысты көрменің таныстырылуы емес пе, қалайша білмейсіз?» десем, «Энциклопедия мен интернетті қарасаңызшы» деді. «Сіз сонда Қазақстаннан емессіз бе?» десем, «Жоқ, мен – Ресейден келген студентпін» деді. Күйіп кеттім. Артынша «Даша, да не наша» деп мақала жарияладым. Оны неге жазасың дегендер де табылды. Осы Париждің қаншама мықты оқу ордаларында біздің мықты қыздарымыз жеткілікті ғой. Екі дипломы бар мамандар, докторлар, жұмыс істеп жатқан білімді, патриот қарындастарымыз бар. Соларды шақырмай, Қазақ елінен еш хабары жоқ «Даша», «Машаларды» шақырады. Қазақ елінің әлем алдындағы мүддесін қорғауға атсалысу – менің азаматтық борышым деп санаймын».
Осы мақаланың астына бір азамат пікір жазып, неге «Даша», «Машалардың» шақырылатынының себебін дәл айтыпты: «...Ия, «Даша, не наша». Ол қызды бір министр «ермек» ету үшін алып келген. Ертең ЭКСПО біткен соң, қалтасын толтырып алып еліне қайтады. Вот и не наша…»
Біз осы мақалаға министр Е.Ыдырысовтың ресейлік студент қызды Қазақстанның атынан ертіп барған кім екенін анықтап, ол лауазымды мырзаға бұл ісі үшін қандай шара қолданғанын көрсетіп, жауап беруін күтеміз.
Біз мереке күні аузымызды қу шөппен сүртіп, «ешнәрсеге қолымыз жеткен жоқ» деуден аулақпыз. «Жетістікті көрмеу – соқырлық, кемшілікті айтпау – жаны ашымағандық» дейді Әлихан Бәйменовтей азамат. Біз өзімізді соқыр санамаймыз. Жетістіктеріміз жайлы білеміз, біздің газетіміз ол жайлы жазып та келеді. Сонымен қатар, біз өзімізді ең алдымен елдің жанашыры деп санаймыз.
Бізде неше түрлі жақсы бағдарламалар қабылданады. Бірақ, солар әдетте аяғына дейін жеткізілмейді. Мысалы, 2003 жылы 2003-2015 жылдарға арналған мемлекеттік «Стратегиялық инновациялық-индустриялық даму» бағдарламасы қабылданды. Кәзір сондай бағдарлама кімнің есінде бар? Ешкімнің. Себебі, 2010 жылы оның орнына 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік «Үдемелі инновациялық-индустриялық даму» бағдарламасы қабылданды. Бейне бір алдындағы бағдарлама өмірде болмағандай! Оның жетістігі мен кемшілігі талқылануы, не үшін басқа бағдарлама қабылданып жатыр, оның себептері, осының бәрі ашық айтылуы тиіс емес пе?
Осындай олқылықтардың салдарынан біз кәзір 2000 жылдары көп әңгіме болған экономиканы әртарараптандыру жайлы айтпайтын да болдық. Демек, ол жоспар-жобаларымыз іске аспаған күйі қалды деген сөз. Оны біз еліміздің экспорттық жағдайынан көреміз. 2014 жылы біздің экспортымыз 78,2 миллард долларды құрады. Оның 78 пайызын шикізат, соның ішінде мұнай 60 пайызын құрады. Және бұл көрсеткіш 2013 жылғыдан 7,6%-ға төмен. Бидай экспорты бір жылда 23 пайызға күрт төмен түсті.
Ал, біз өстіп мұнайға тәуелділіктен құтыла алмай жүргенде Біріккен Араб Әмірлігі не істеп жатыр? Көктемде әмірліктің Мұнай министрі Сухейл әл-Марзуи: «Біз дәл кәзір танкерлерге соңғы мұнайды құятын мамандарды даярлап жатырмыз» деді. Яғни, олар жақын арада мұнай экспортын толық тоқтатады деген сөз. Мен мұны естіп, бір «ауырып» тұрып едім, әмірліктің 2014 жылы құрылған Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы, Дубайдың әмірі, БАЭ-нің вице-президенті Рашид әл-Мақтұм: «Біз 2020 жылы Марсқа спутник ұшырамыз, ол 200 тәулік ұшып, 2021 жылы, Тәуелсіздігіміздің 50 жылдық мерейтойы қарсаңында қызыл планетаға зонд түсіреді» деп жариялады. Олар айтса, айтқанын орындайды, мен оған толық сенемін, себебі, бұған дейін де солай болып келген. Енді осыдан кейін «ауырасың ба», ауырмайсың ба?»...
Осыдан бір айдай бұрын отыз жылдан бері араласып келе жатқан ескі досымның бірі қоңырау шалды. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін, не жаңалық бар десем, бір аптадан бері ұйықтай алмай жүрмін деді. Ия, не болды ұйқысыздыққа ұшырайтындай, әлде біреуге ғашық болдың ба деймін ғой әзілдеп. «Қайдағы қыз?! Мен бір апта Дубайда болып келіп едім, сол жақта көргендірім мені ұйқы-күлкіден айырған». «Е-е, одним зомби меньше?» деп күлдім. Өйткені, ол досымның өзі «Өзбекстан бізге ешқашан бәсекелес бола алмайды, біз шынында да жақсы дамып келе жатырмыз» дейтіндердің қатарынан болатын. Менің: «2000-жылдан бергі 15 жылдың ішіндегі бірде бір жылында біздің мемлекетіміздің ғылымға деп бөлген қаржысы жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 0,3 пайызына жеткен емес, сен өзің физматтан қорғаған ғылым кандидатысың, ғылым дамымаған жерде даму жайлы қандай сөз айтылуы мүмкін?» дегеніме бой бермейтін. «Зомби» деп жанына батырыңқырап айтып отырғаным сондықтан. «Рас, рас, меньше...» деп жауап берді. «Олар ертегідей әлемде өмір сүріп жатыр...» дейді. Берілмей жүрген досымның өзі шындықты көзімен көрген соң, сылқ ете түсіп отыр ғой.
Ал, біз космодромы дайын, математиктерімен, ғалымдарымен аты шыққан ел едік қой, біз неге сол арабтардай алдымызға мақсат қоя алмаймыз? Арманымызға – Тәуелсіздікке жеттік. Болды ма осымен? Ал Тәуелсіздіктің жемісін қашан жейтін боламыз? Қашан өзіміздің адами табиғатымызға, табиғи байлығымызға сай дәрежеге көтерілеміз?..
Осыдан біраз жыл бұрын үлкен жазушы ағамыз сөз арасында: «Ертең Малайзияда оқып жатқан немерем каникульға келеді» деп қалды. Біз кәзір балаларымызды Қытай тұрмақ, Малайзияда оқытқанды дәреже көретін болыппыз!.. Сол Қытайдың студенттері бұрын бізге келіп оқушы еді ғой.
Бәріңіздің деніңіз сау, бастарыңыз аман болсын! Мерекенің шырқын бұздым деп ойламаймын. 25 жылдық тойлау емес, ең бірінші ойлау үшін керек шығар...
Шуақ АЙБАЛТАҰЛЫ
qazaquni.kz