Өмірбек Байгелді: Адамды дін жарылқамайды...
2016 ж. 28 желтоқсан
8807
3
– Ұзақ жыл Парламент қабырғасында қызмет еттіңіз. Сенаттағы заң шығару ісіне еңбек сіңірдіңіз. Жалпы, діни қатынастарды реттеуге байланысты заң жобалары алғаш қашан қабылданды?
– Жалпы, дінге қатысты заң жобалары кейінірек қабылданды. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары мемлекет пен дін бөлек деген ұстанымда болдық. Мұсылмандық, ислам діні тақырыбындағы әңгімелер депутаттар арасында бейресми жүретін. Әр кімнің дін ұстану еркі өзінде, наным-сенімге жол ашық болды. Кейін келе исламға қатысты жөнді-жөнсіз әңгімелер айтылып, мұсылмандыққа жат басқаша көзқарастар пайда бола бастады. Өзгеше ағымдар көрініс берген соң заң қабылдаудың қажеттігі туды. Өйткені, бұл қауіптенуге тиіс жағдайға айналды. Негізі, ислам діні бөлінуге әсте жол қоймайды. Бірлік, бүтіндік құранда айтылған. Діни тұрғыда жіктелу, бөліну халықтың бөлінуіне алып келер еді. Оның түбі жаңжалға соғады.
– Бұлайша бөліну қай кезден және қалай басталды?
– Нақты мына жерден бастау алды деп дөп басу қиын. Тәуелсіздік алған соң бес-он жыл шамасында осындай келеңсіздік байқала бастады. Шетелге барып, сол жақтағылардың қаржысымен діни білім, тәрбие алып келген жастардың арасында түсініксіз ағымның жетегінде кеткендер болды. Олар елге келген соң кері идеяларын басқаларға таңғысы келді. Жаңағы қаржысымен оқытып, жастарға басқаша білім мен жат тәрбие бергендер оларды өз мүддесіне пайдалануды мақсат тұтып, санасын бүлдірді. Бөліну осылай басталды. Бұған әрине, бәріміз қарсы болдық. Мен кезінде «Қазағым, қайда барасың!» деген көлемді мақала арнадым. Шеттен оқып келген біраз жастар ортасынан ерекшеленіп, киім киісі, өзін ұстауы, діни құлшылық жақтарда сырттан үйреніп келген бағытымен жүргісі келді. Оны өзгелерге қатаң талаппен орындатуға тырысып, осы арқылы олардың құқына қол сұғуға дейін барды. Әуелі, ауыл-ауылды аралап үгіт айтып, онымен шектелмей қорқытуға да кірісті. Қарапайым халықты өз айтқанына көндіру үшін діни шарттарды көлденең тартып, өздері оқып келген теріс идеямен ірітіп, уландыруға көшті. Алайда, біздің демократиялы, зайырлы мемлекетімізде оған жол жоқ. Бұл – заң бұзушылыққа жатады. Шетелден дін оқып келді, рухани кеңістігімізге қызмет етеді деген бір шоғыр жастар осылай теріс беталды. Әке-шешенің тәрбиесін көрген балалар ғой, ондай мінезін түзеп алар деп ойлап едім. Бірақ, олар керісінше әке-шешесіне қарсы шығып, олардың өзіне орынсыз талап қойды. Тіпті, істеген тамағын «харам» деп жемей, олардан безінуге барып жатты. Баланың өзін туған әке-шешесіне бұлай шабуылға өтуі қай дінге салсаң да, адамгершілік тұрғысынан қарасаң да нағыз айуандық. Жарық дүниеге әкеліп, бағып-қағып, адам қатарына қосқан ата-анаға жақсылық жасаудың орнына, оған қарсы келуді қалай айтсаң да ақтап алуға келмейді. Қай жерден білім алса да оқыған жері оған айуандық тәрбие берді деген сөз.
– Ондай адамдар таза исламды ұстанушылар емес, өздері адасқандар дейсіз ғой?..
– Иә, жаңағы жастар өздері шатасқанымен қоймай, өзгелерді адастырып, елдің тыныштығын шайқауға ұрынатыны жаман. Біздің халқымыз кең мінезді, өзгеге құрметпен қарайтын халық қой. Ондайға аса қатты бүлініп кетпеді. Бұндай жағдай тарихта да болған. Кезіндегі, Рубрук, Маркополодар жай ел кезіп жүрген жоқ, өз діндерін насихаттап миссионерлікпен айналысқандар. Біздің халық та оларға кешіріммен қарады. Бірақ, өз ұстанымдарында берік болды.
Қазақ халқы дініне берік болған. Ол қаншама ғасырлардан бері келе жатыр. Сондықтан, ешбір жаңа ағым, бөтен көзқарас біздің арамызда болған емес. Бүгінгі халифат құрамыз деп ұрандаған ат төбеліндей топтың алдауына еріп, саяси ойынның құрбаны болып кеткен кей жастарымыз біз үшын жоғалған ұрпақ болды. Оларды қайта жөнге келтіру қиын. Мүмкін, кейібірі ауыр жағдайдан қиналып, ақша керек болған соң, әлгіндей теріс уағыз, насихаттардың торына түскен шығар. Бірақ, қалай болғанда да олай жасамаулары керек еді. Мен мынандай жағдайды айтайын. «Сайрамда бар сансыз бап» деп жатамыз. Алғашында осының мәніне үңіліп, «неге баптың бәрі Сайрамда?» деген сұраққа тіреле беретінмін. Негізі, Сайрам деген бертінгі атау екен. Ал, оны тарихта Исфиджаб, Хисфиджаб деген. Яғни, исапсыз бап, қисапсыз бап дегенді білдіреді. Ол жерде баптардың көп болатыны – онда Қыдыр атаның жердегі белгісі жатыр. Баптар, әулиелер сол кісінің жанына қоюды өсиет еткен. Маған аян келіп, сол жерге барсам, ондағы кесене құлауға жақын тұр екен. Мүмкін, осыны аман алып қалуға себепші қылып тұрған шығар деп, басындағы қорғанды тез арада қайта қалпына келтіріп, үстін жаптырдым. Кейінірек, басқаша етіп жөндедім. Соның басында отыратын Ергеш деген шырақшы қария қайтыс болды. Негізі, шырақшылық кәсібі ұрпақ жалғауы керек қой. Алайда, артында қалған жалғыз ұлы оны атқармай қойды. Неге шырақшы болмайсың десем, «мен оған лайық емеспін» дейді. Өзі дін ұстанған, намазын қаза жібермейтін жігіт. Сөйтсем, ол Ауғанстанда соғысқа қатысқан екен. «Мен майданда қару ұстадым, мойныма жүктегенім бар, сол үшін бұны ұстауға шартым келмейді» деп шынын айтты. Тағы бір жақын туыстары күзетпек болып еді, ол жылап қайтып келді. «Мені шыдатпай қойды, түнімен ұйқы бермеді» дейді.
Міне, жаңағы өзге елде қолына қару ұстап, соғысып жүргендер қандай күна арқалап жүргендерін біле ме?! Отанын қорғаса шейіт болар еді. Алайда, олар не үшін, кім үшін соғысып жатқанын өздері де білмейді. Өзгенің жерінде, бөтен елде жүр. Біреудің халифат болу дейтін пендешілік ойының, мақсатсыз ойынының құрбаны болып, ақша үшін соның сойылын соғуда. Осы жайды жастарға дұрыстап түсіндірген жөн. Оларды қудалай жөнелуге де болмайды. Ақырын сөйлесу керек. Адамның ең алдымен санасы өзгермей, жасап жүрген ісі өзгермейді. Саналарын дұрыс бағытқа бұру үшін біраз жұмыс істеуге тура келеді. Ең бастысы, бұдан кейінгі жастардың да солардың жолына түсіп кетуінен барынша абай болайық. Енді осыған жалғас хиджаб сәселесін де айта кетпекпін.
– Иә, бұл да таласты тақырыптардың бірі ғой. Сіз қандай пікір білдірер екенсіз. Соны тыңдайық.
– Әсілі, исламда барлығына хиджаб кисін деген сөз еш жерде жоқ. құран, хадисте айтылмаған. Хиджаб ол – арабтың, ұлттық, тұрмыстық киімі. Солардың географиялық ортасына қарай киетіні. Арабтар құмды даланың аптап ыстығы мен аңызақ желінен, боранмен бірге ұшатын құмнан қорғану үшін жеңіл әрі басын, бет-аузын тұмшалап тұратын киім киуге мәжбүр болған. Өйткені, олар мал бағып, құмның арасында жүретін көшпелі бедеуиндер. Ал, осы киімді әкеліп мұсылманның белгісі, Исламның міндетті киімі ретінде көрсетіп, қазақты қинап, күшпен таңу ол – зорлық. Дұрыс емес. Қалай киініп, жүріп-тұру әр кімнің өз еркінде. Осындай зорлыққа қарсы кіндігін көрсетіп жалаңаш та жүргендер болды. Әр қандай орынсыз әрекет пайда болса, оған қарсы дұрыс емес қимыл пайда болады. Қазір, кіндігін жалаңаштайтындар жоғала бастады. Кигісі келсе хиджаб емес, ұлттық үлгідегі қазақтың кимешек, шылауышы бар, соны киуіне болады. Қап-қара хиджаб, нихаб киіп, пәренже жамылу бізде болмаған.
Сосын, адам қайтыс болса дереу апарып көме салатын жағдай пайда болды. Сан мың жылдық тарихы бар халқымызға ондай тәртіп жүрмейді. Соны насихаттап, орындатуға тырысып жүргендердің айтқаны болмайды. Елді құр әурелемеу керек. Қаншама ғасырдардан бері өлімін өз дәстүрімен аттандырып жүрген елге бір күнде бөтен біреудің оғаш үрдісін әкеліп жапсыруға кім жол берсін?! Адам қайтыс болса оны бір-екі күн аялдатып, алыс-жақындағы туған-туыс, ет жақындарын күтеді. Қайғысына ортақтасып, қабіріне бір уыс топырақ салу дейтін бақилық адамға жасалатын міндет, борыштарын атқаруға мүмкіндік береді. Аналардың айтқанындай жанталаса апарып көме салмайды. Мұсылманша, өз халқымыздың ұстанатын ислами дәстүрі бойынша жаназасын шығарып, құран оқып, жоқтауын айтып, жетісін, қырқын, жылын береді. Адам туғанда әндетіп қуанып, шуылдап қарсы алса, өлгенде жылап, тағы да шуылдап шығарып салады. Бұның бәрі қалыпты, адамгершілік пен гумандыққа, биік құндылықтарға, берік дәстүрге бекіген ежелгі жолымыз. Одан жаңылуға болмайды. Онда адасамыз, іріп, бүлінеміз, бөлінеміз.
– Осы айтқан жағдайға жақын мәселелердің бірі Аллаға серік қосу деген желеумен тарихи кесене, қорғандарға, мәдени мұраларға шүйлігу. Тіпті, Алланың, табиғаттың бір жаратылсы саналатын ағашқа өшігіп, өртейтін оқиғалар да жүз берді? Бұған не айтасыз?
– Соның бәрі ақымақтық. Түк білмейтін балалар біреуден шала, теріс оқып келген нәрсесін тықпалауы, елдің алдында ақымақ болудан басқа түк әпермейді. Олар не болса соны «ширік» дейді. Біздің халқымыз ежелден «бір Алла» деп сөйлейді. «Тәңір» деген сөз де Алланың бір аты. Кейбіреулер шатасып, «тәңір деген дін болған» дейді. Ондай дін болмаған. Қазақ «Тәңір жарылқасын» дейді. «Ислам жарылқасын» деп айтты ма? Жоқ. Өйткені, адамды дін жарылқай алмайды, тәртіпке ғана шақырады. Ал, Тәңір жарылқасын дейді. Өйткені жарылқайтын Тәңір, бір Алла. Сол ғана жақсылық беруші деп тілеу тілейді.
Адамның тамыры «Алла, Алла» деп соғады. «Аллаһ» деп соқпайды. Онда қатты дыбыс жоқ. Алла сенің қасыңда, жүргеңіде деген сол. Сол үшін қасиетті жерге, ағаштарға, таза орындарға тиісуге болмайды. Басында адам баратын, көретін бір белгі болу керек. Томпайып жер астында қалып, кейін орны белгісіз болған үлкен адамдар бар. Білместікпен оның үстіне жол салып, содан талай ауыр қатынас апаты туындаған жағдайлар болды.
Өткенде өз ауылыма бардым. Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығы болып жатқан соң, ескерткішіне отбасыммен бірге ізетімізді білдіріп, гүл қойдық. Сөйтсем, басында тақиясы бар жас жігіт келіп, «онда гүл қоюға болмайды» дейді. «Өз жөніңмен жүр, мені тәрбиелейтін сен емес» деп қатқыл сөйледім. Содан кейін ауылда болған асқа қатысып, осы жайлы ойларымды айттым. «Осындайлар шығыпты, көп емес көрінеді, бірақ бар екен. Гүлге қарсы болғаны не, әнге, әуенге қарсы болғаны несі?! О дүниеде жұмаққа бару туралы айтамыз ғой. Сол жұмақта әуен төгіліп, гүлмен құлпырып, жеміске толып тұрған жоқ па?! Бізге Алла тағала «мына жерге сендер иесіңдер, жақсылап тұрыңдар, көркейтіп гүлдендіріңдер» деді. Ал енді, мына біреулер келіп, қара қапас заман орнатқысы келе ме?! Адам жерді өңдеп, гүлдендіріп, әрлеп, еңбек етпесе бұл дүниеге не үшін келді? Бұрынғы ескі өмірге қайта түсуіміз керек пе. Жаңағыдай жастарға айтыңыздар, көздерін ашсын. Мына үлкендерге құлақ ассын. Айдаладағы біреулердің сөзін тыңдамасын» деп айтып кеттім.
Ілім-білімді тең алып жүру керек. Жаңағы жастар құсап тек кітаби ілімді негіз етуге болмайды. Бір халықты сынауға болмас, алайда араб халқы негізінен осы бағытқа кетті де, ғылым дамымай қалды. Мұхаммед пайғамбардан кейін арабтан небір ғалымдар шығып, ғылым бірден көтерілген, керемет дағыман. Қазір оның бәрін тоқтатып тастады.
– Не үшін солай болды?
– Себебі, олар тек құлшылық етумен кетті. Олай болмайды. Оқу керек, даму керек. Ілім көктен түседі, білім адамның өмірден өзі жинайтын қазынасы. Осы екеуі бірге қосылмай нағыз даму болмайды. Бір жағыңа қисайып, тепе-теңдігіңнен айырыласың. Медресе секілді діни оқу орындарының бәрінде басқа ғылыми пәндерен сабақ беру керек. Ал, жай, қарапайым адамдарға діни ілімді терең біл деп күштеудің қажеті жоқ. Бес уақыт намазын өтеп, құран оқыса, ниеті түзу, пейілі таза болса жетеді. Көп білген сайын талас туындайды. Сенікі дұрыс емес, менікі жөн деген дау көбейеді. Оның арты жақ-жаққа тартуға апарады. Ал оған жол бермеу үшін білімді, санасы түзу адами қасиетке ұмтылуымыз керек.
– Әңгімеңіге рахмет!
Дереккөз: qazaqtimes.kz