Дәл қазіргі таңда ағымға бөлінген қазақты тоқтатудың жолы бар ма? Жат ағымның жетегінде кеткен жандар дәстүрлі дінімізге енді қайта орала ма? Ел арасында жүрген ақ сәлделі имамдарымыздың беделі мен білімі қандай? Биыл жариялаған «Дін және тарих тағылымы» жылында діни тұлғаларымыз қаншалықты насихатталды? Осы және өзге де мәселелер туралы еліміздегі күллі мұсылман қауымының қарашаңырағы, рухани ордасына айналған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ержан Маямеровпен әңгімелескен едік.
АҒЫМ ДЕГЕН – АҒЫН СУ
– Мойындау керек, дін туралы айтқанда көбіміз мешіт, намаз, ораза, садақа және құран бағыштаудан әрі аса алмаймыз. Шын мәнінде, ислам дінінің шынайы құндылықтарына не жатады?
– Ислам діні – адамгершіліктің, ғылымның, өркениеттің, бірлік пен бейбітшіліктің діні. Ол он төрт ғасырдан бері адамзатты сенім мен нанымына, тегі мен нәсіліне қарамай, бейбітшілік пен ынтымаққа, сабырлылық пен тазалыққа шақырып келеді. Ислам – екі дүние бақытының кілті дейтініміз сондықтан.
Рас, көбіміз дін деген ұғымды намаз бен ораза, құдайы ас және садақа беру секілді амалдармен шектеп қоямыз. Шын мәнінде, бұл дұрыс емес. Қарапайым сөзбен айтқанда, ислам – барлық пендеге «адам» деген жоғары атқа лайықты өмір сүруді үйрететін соңғы дін. Өзіңізді бағып-қағып өсірген аяулы ата-анаңызға қамқорлық таныту, жақындарыңызға жақсылық жасау, отбасыңызға үлгілі әке, өнегелі ана болу, балаларыңызға дұрыс тәрбие беру, көршімен көркем қарым-қатынас орнату, адал жолмен табыс табу, мемлекеттің мүлкіне қол салмау, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсету, міне, осы айтылғандардың жиынтығы – дін. Әрбір жақсы істің басында діннің талабы бар. Көрдіңіз бе, дін біз ойлағандай қиын емес. Діннің шынайы құндылықтары – осы.
– Олай болса, дінге бөліну қайдан шықты?
– Дінге емес, діни сенімге бөліну деп айтқанымыз дұрыс шығар. Өйткені бәріміз бір дінді, яғни бір исламды ұстанамыз. Мәселе діни көзқарастар мен ұстанымдардың қайшылығында. Басты қателік – «менікі ғана дұрыс, қалғандары адасқан» деген көзқарасты басшылыққа алу. Дінде шектен шығуға болмайды. Кейбір бауырларымыз дінге бет бұрғаннан кейін түсінбестіктен ата-анасымен, туған-туыстарымен қарым-қатынасына сызат түсіріп алады. Керісінше, имандылыққа ден қойған адам бұрынғы жаман қылықтарынан арылып, туыстармен байланысты күшейте түсіп, оларға мейірбан бола түсуі керек емес пе?!
Алла Тағала Құранда: «Жүздеріңді шығысқа, батысқа жөнелту – бір игілік емес. Бірақ кім Аллаға, ақырет күніне, періштелерге, кітаптарға, пайғамбарларға иман келтірсе және туыс, жақындарына, жетімдерге, міскіндерге, жолда қалғандарға, сұраушыларға және құлды азат етуге, жақсы көре отырып, мал сарп қылса әрі намазды толық орындап зекет берсе, өзара байласқан уәдесін орындаушы, таршылықта, қиыншылықта және соғыс кезінде сабыр етуші болса, міне, солар шыншылдар әрі солар тақуалар» деген («Бақара» сүресі, 177-аят). Ал пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім ризығының көбеюін және өмірінің ұзаруын қаласа, туған-туысқандарымен қарым-қатынасын үзбесін» деп өсиет еткен. Міне, сауапты айдаладан емес, айналадан, ата-ана, көрші, туған-туысқандардан іздеу керек.
Ағым деген ағын су секілді. Уақыты келгенде «ағып» өте шығады. Ислам тарихына үңілсек, мұндай бөлінулер болған. Қоғамда бүлік шығарып, мұсылмандар арасына дау тудырғанмен, уақыт өте келе идеологияларынан мән-мағына қалмай, құрдымға кеткен. Қоғамға қажет емес мұндай ағымдар түбінде тіршілігін жояды.
РАЙЫНАН ҚАЙТҚАНДАР БАР
– Десек те, жат ағымға ерген жастардың бар екендігі жан ауыртады. Қай жерден қателестік деп ойлайсыз? Олардың дәстүрлі дінімізге оралуына мүмкіндік бар ма? ҚМДБ тарапынан нақты қандай жұмыстар атқарылуда?
– Еліміз тәуелсіздік алған тұста кейбір жастар діни білім алу үшін шетел асып жатты. Олардың кейбірі адасқан ағымдардың соңынан ерді. Елге келгеннен кейін шетелден алған теріс діни көзқарасын жастар арасында тарата бастады. Кейбір жасөспірімдер олардың сөзіне иланып қалды. Соның зардабынан сан ғасырдан бері ата-бабасының ұстанып келе жатқан дәстүрлі дінін ұмытты.
ҚМДБ тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға келсем, нәтиже жоқ емес, бар. Әр мешітте үгіт-насихат айтылуда, сауат ашу курстары жұмыс істеп жатыр. Білікті имамдардан құралған республикалық ақпараттық-насихат тобы және жергілікті ақпараттық-насихат топтары халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Өткен жылы қазақ, орыс тілдерін жетік меңгерген, діни һәм дүниеуи сауаты жоғары, халыққа даналықпен көркем уағыз айта алатын дінтанушылар мен имамдардан құралған екі насихат тобы құрылған болатын. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде өткен жылы 800-ге жуық адам райынан қайтты.
– Әрине, бұл жерде имамдардың еңбегін айтпасқа болмайды. Бұрын имамдарды тек кісі қайтқанда көруші едік. Қазір дін қызметкерлерін мәдени-рухани іс-шараларда жиі көреміз. Жалпы, бүгінгі имамдарға қойылар талап қандай?
– Бәрімізге белгілі, халқымыздың танымал тұлғаларының өткен өмір жолына зер салсақ, «ең алдымен ауыл молдасынан сауат ашқан, хат таныған» деген деректерді жиі кездестіреміз. Сол себепті, қоғам үшін қай кезде де имамдардың берер тәрбиесі мен білімі мол.
Бүгінде ҚМДБ құрамында жоғары білімді 500-ден астам және орта білімді 797 азамат еңбек етеді. Соңғы жылдары білімді мамандардың қатары көбейді. Имам-молдалардың білімімен қоса, діни саладағы тәжірибесін шыңдау мақсатында екі институт жұмыс істейді. Бірі діни жұмысты тиімді атқаруды меңгертсе, екіншісі жат ағымдармен жұмыс істеу əдістерін үйретеді. Дін қызметкерлерінің білімі мен біліктілігін арттыру үнемі назардан тыс қалған емес. Жыл сайын 200-ден астам имам Алматы қаласындағы Имамдардың білімін жетілдіру институтынан өтеді. Еліміздің 5 өңірінде оқыту курстары ұйымдастырылады. Өңірлердегі имамдардың халықпен жұмыс істеу қабілетін тереңдетуге арналған семинарлар жиі өткізіледі. Діни саланың жұмысын жүйелі ұйымдастыра алатын білікті имамдар корпусы қалыптасты деуге негіз бар.
Бүгінде имамдарға қояр талап та күшейді. Олардың атқарып жатқан қызметіне лайық немесе лайық емес екенін анықтау үшін мешіт имамдарын аттестаттау жұмыстары қолға алынды.
Кешегі тәуелсіздік алған кезең мен 2000 жылдардағы имамдар мен қазіргі дін қызметкерлерін салыстыруға келмейді. Қазіргі имамдарда қабілет, деңгей басқа. Іскерлік, байсалдылық, шешендік өнер қалыптасты. Білім мен көзқарас көкжиегі кеңейді. Имамдар уағызды тек шариғи тұрғыдан ғана емес, тағылымға толы тарихымызбен, әдепке үндейтін әдебиетімізбен, мәнді мәдениетімізбен ұштастырып айтуға дағдыланды.
МҰСЫЛМАН МЕЙРАМДАРЫ ҰЛТТЫҚ НАҚЫШТА ТОЙЛАНУДА
– Осы арада өзіміздің діни мектебіміз қалыптасты деуге келе ме?
– Аллаға шүкір, көрші елдермен салыстырғанда біздің діни саладағы қол жеткізген жетістіктеріміз аз емес. Соның бірегейі ретінде айтарым, барлық мешітте бір мезетте бір тақырыпта жұма уағызының жүргізілуі. Кейбір елдерде аймақ-өлкеге бөлініп, бір-біріне бағына бермейтін, үйлесім таппаған діни қызмет жүйесі көрініс тапқан. Бұл тұрғыда біздің ел көш ілгері. Бір орталыққа ұйыған құлшылық үйлеріндегі сан-салалы жұмыс жанданып келеді.
Осыдан үш жыл бұрын «Дін мен дәстүр» идеясын көтердік. Бұл игі бастама көпшілік қолдауға ие болды. Діни мерекелерді ұлттық құндылықтарымызбен үйлестіріп тойлаудың мәдениеті қалыптасты. Құрбан айт, Ораза айт, Мәуліт мерекелері ұлттық сипатта аталып өтеді.
Діни басқарма ешқандай елдің өз ішінде қалыптасқан діни көзқарасын, ұстанымын, жолын, мектебін үлгі тұтып, оған басымдық берген емес, бермейді де. Әр елдің өзіндік дәстүрі, діни жолы бар. Біз, діни саладағы сарапшылар, теолог-ғалымдар қазақ мұсылмандығының қалыптасқан діни мектебінің рөлін арттыруды қолға алдық.
– Діни білім алу мәселесіне қайта ойыссақ… Қазіргі уақытта қанша адам шетелде діни білім алуда? Оларды бақылауға мүмкіндік бар ма?
– Діни басқарма мектепті енді бітірген жастарды шетелге діни білім алуға жібермейді. Өйткені олардың бойына ең алдымен дәстүрлі рухани құндылықтар мен дәстүрлі діни танымды сіңірген абзал. Мүфтият діни білім беру саласы бойынша мұсылман мемлекеттерімен әріптестік байланыс орнатып, ортақ келісімдерге қол жеткізді. Жыл сайын Түркия, Египет елдеріне имам-молдалар білімін арттыруға жіберіледі. Мұның бəрі де діни ахуалды түзетуге, жақсартуға бағытталған шаралар. Бұдан бөлек, түркиялық əріптесіміз профессор, доктор Мехмет Гөрмез мырзамен ортақ келісімге келуіміздің нәтижесінде екіжақты тәжірибе алмасу және дін мамандарын даярлау жұмыстары жүзеге асып жатыр. Болашақта дін қызметкерлеріне арналған ғылыми орталық ашуды да жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта Мысырда, Түркияда 100-ден астам азаматымыз білім алып жатыр. Олар – біздің имамдарымыз бен шәкірттеріміз.
ТАРИХЫМЫЗДАН АЛАР ТАҒЫЛЫМ МОЛ
– 2016 жылды «Дін және тарих тағылымы» деп жарияладыңыздар. Дін мен тарихымыздың байланысы қаншалықты зерделенді?
– Иә, жылдың басында менің ұсынысым бойынша ҚМДБ Төралқа мәжілісінің шешімімен 2016 – «Дін және тарих тағылымы» жылы деп жарияланды. Басты мақсат – тарихи тамырымызға зер салып, дін мен тарихымыздың байланысын терең зерделеу. Ұлттық табиғатымызбен сабақтас шариғаттағы мәзһабымыз бен танымдық мектебімізді тұғырлап, асыл дүниелерімізді, жауһарларымызды жарыққа шығару, үзілгенімізді жалғап, жоғалтқанымызды түгендеу. Сан ғасырлық тарихы бар діни дәстүрлерімізді қалпына келтіру. Сол арқылы қазақтың толыққанды ұлтқа, Алаштың іргелі елге айналуы үшін қолдан келгенше үлес қосу. Мұны тарихи сананы қайта түлететін парасат баспалдағына жасалған игі қадам деп есептеуге болады.
Айта кеткен жөн, «Дін және тарих тағылымы» жылына орай көптеген игі жобалар мен іс-шаралар жүзеге асты. Атап айтқанда, діни һәм тарихи кітаптар шығарылды, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстардағы, аудандардағы өкілдіктерінде «Дін және тарих тағылымы» атты конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер, рухани шаралар өткізілді. Қазақ даласынан шыққан дін қайраткерлері мен тарихи тұлғалар туралы, олардың діни туындыларына арналған деректі фильмдер мен зерттеу мақалалар жарияланды.
Қазақ даласына исламның келуімен даналарымыз бен дара тұлғаларымыз жақсылықтың жаршысына айналды. Елдің жадында қалған қай тұлғаны алсақ та, дін мен дәстүрін насихаттап өткен. Текті бабаларымыз Аллаға деген сеніміне сызат түсірмеді. Мұсылманшылықты бекем ұстанды. Ғибратты ғұмыр кеше білді. Алланың берген ақылы мен талантын исламды насихаттауға, халықтың сауатын ашуға сарп еткен. Олардан қалған білім мен тәрбие ауыз әдебиеті, яғни жыр, айтыс, дастандар арқылы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырды. Біз төл тарихымызды зерделей отырып, исламның ұлттық болмысымыз бен қазақ халқының ел болып қалыптасуына зор үлес қосқанын көреміз.
Бұл тұрғыда біз қазақ қоғамына тыңнан жаңа дүние ұсынып жатқан жоқпыз. Бар болғаны кезінде баһадүр бабаларымыз салып кеткен, кейіннен көмескі тарта бастаған соқпақтың сүлдерін тауып, соны қайтадан сара жолға айналдыруға тырыстық.
– Әңгімеңізге рақмет!
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ,
«Астана ақшамы»