БАС ПРОКУРОРҒА ҚОҚАН-ЛОҚҚЫ КӨРСЕТКЕН КІМДЕР?
2016 ж. 21 желтоқсан
3256
0
ШЕКТЕН ШЫҚҚАН ШЕНДІЛЕРДІҢ ЕСІМІН ЕЛ БІЛУІ КЕРЕК
Еліміздегі құқықтық тәртіптің сақталуын қадағалайтын басты құрылымның тізгінін Бас прокурор Жақып Асанов қолына алғалы бұл салада елеулі өзгерістер орын алып, алдымен өз қатарларында ауқымды тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Лауазымына сай келмейтін бірқатар шенділер жылы орнын босатқаны да белгілі. Несі бар, бар кінәні өзге салалардан іздемей, бірінші кезекте өздеріне сын көзбен қарауы көпшіліктен қолдау тауып отыр. «Алдымен өзіміз өзгелерге үлгі болуымыз керек!» деген ұстанымдары әбден құптарлық. Сонда ғана құқық қорғаушылардың халық алдында беделі артып, жұрт оларға құрметпен қарайтын болады.
Кезекті алқа отырысында Бас прокурор Жақып Асанов қызметкерлерді «үздік» және «төмен» деңгейдегі мамандардың ара-жігін ажыратып, біліктіліктерін әділ саралау керектігін айтты. Көрсеткіші төмендер, лауазымына сай келмейтін мамандар қызметтен босатылады. Әлеуметтік желіде жүргізілген арнайы сауалнамада қатысушылардың 97 пайызы прокуратураға тамыр-таныссыз жұмысқа орналасу мүмкін емес екендігін айтқаны да белгілі. Бұл да мемлекеттік қызметке қабылдау талабын өзгертуге негіз болып отырғанын еске салды Бас прокурор. – Қызметкерлерді қабылдау орталығын құру аяқталып келеді. Ол бөлімге, мысалы, өзгерту жасау туралы сауал жолдағым келсе, тіпті менің өзім де ықпал ете алмаймын. Себебі олар – тәуелсіз сарапшылар. Әрі арнайы белгіленген құпия код болғандықтан олардың өздері де нақты кімді тексеріп отырғанын біле алмайды. Бұған дейін конкурсқа қатысу үшін құжат жинауға тек 5 күн берілсе, қазір мерзім 1,5 айға ұзартылған. Соның арқасында соңғы сараптамада 1 350 үміткер тіркеліпті. Сан жағынан баршылық болғанымен, білімді әрі озық жастарды іріктеу оңайға соқпаған. Өйткені заңнамаға байланысты тестінің өзін 378 адам тапсыра алмапты. ҚР Бас прокуратурасының кадр жөніндегі департамент басшысы Александр Огайдың айтуынша іріктеуге еліміздегі 82 түрлі жоғары оқу орындарының түлектері қатысқан. Тиісті конкурстар өткізілген соң, тек 31 оқу орнының өкілдері ғана қойылған талапқа сай болып шыққан. Қалған 51 университет түлектерінің білімі прокуратура талаптарына мүлдем сәйкес емес. Демек, Жақып Асановтың прокуратура қатарын тазалау шаралары тегін жасалып отырған жоқ деген сөз. Бұл салада бұрыннан кездейсоқ, тамыр-таныстықпен қабылданғандар баршылық екені, жаңадан алынатын мамандарды қатаң сараптаудан өткізу қажеттігі осыдан-ақ көрініп тұр емес пе? Осындай кемшіліктермен күреске шыққан Бас прокурордың бұл ұстанымын ешкім теріске шығара алмас. Бірақ ондайлар да бар екен... Бас прокурор өзіне қысым көрсетіліп жатқанын айтып, үш ұйықтасақ та түске кірмейтін тосын мәлімдеме жасады. Бір қызығы, жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерге жат мінез көрсетіп жүрген үлкен саясаттағы ықпалды шенеуніктер емес, өз қарамағындағы 2 бірдей облыстың прокуроры екен. Ашуға мінген Асанов олардың сазайын беретінін көптің көзінше ашық айтты. – Облыстық екі прокурор мазасын алмауым үшін қысым көрсеткісі келді. Мұны әзілсіз айтып отырмын. Олардың басына бұлт үйірілетін болады, мұндай қоқан-лоққыны қою керек, – деді Жақып Асанов. Бірақ Асанов өзіне қай облыстың прокурорлары қысым көрсеткенін ашып, аты-жөндерін нақтылап айтқан жоқ. Тіпті қарамағындағыларына тиісе бермеуін өтінген ортадағы лауазымды саясаткердің атын да атамады. Тек тамыр-таныстарына сеніп, басшыларына бағынбағандарды алдағы уақытта да үлкен жауапкершілік күтіп тұрғанын қатаң ескертті. Осыған қарағанда, жаппай кадрлық тазарту жүргізіп жатқан Асановтың бастамасы қарамағындағы кейбір шенділерге тіпті де ұнамайтын секілді. Бұған дейін Бас прокурор Қарағанды облысының прокурорын қызметтен қуған болатын. Қазір былыққа батқан Ақмола облысымен айналысып жатқан көрінеді. Сондықтан, қатаң тәртіпті қалайтын Асановқа қоқан-лоққы жасаушылардың, сыртынан жұдырық түйіп отырғандардың қатары тағы арта түсуі мүмкін. Бір айтарлығы, осындай жағдай болатынын біздің оқырмандарымыз алдын ала айтқан болатын. Бұрынғы осы орында болған әріптестеріндей емес, келе салысымен өз саласын сынға алып, қатаң тәртіп орната бастаған Асановты қолдағандар «Осы азаматтың ертеңі қалай болар екен? Жемқорлыққа жеңін түріп кіріскендер оның өзін жеп қоймай ма?» деген күдіктерін білдірген болатын. Айтқандары айдай келді. Енді міне Бас прокурордың өзі оны мойындап, ашық айтып отыр. Бұл жұрттың назарын өз басына аудару үшін айтылған «пиарға» ұқсамайды. – Бас прокурордың өзіне қоқан-лоққы көрсетіп, қысым жасауы біздегі шенділер мен шекпенділердің шектен шыққандығының бірден-бір көрінісі, - дейді бұрынғы заң қызметкері, зейнеткер Бекболат Темірханұлы деген ақсақалымыз. – Ондайларға қоғамның әділ заң аясында өмір сүруі ұнамайды, қызметін пайдаланып өздері қылмыс жасайтындар да кездеседі. Тәртіп болса жемқорлық және басқа да қылмыс атаулыға орын жоқ. Асановтың алған бағыты дұрыс, құқық қорғау орындарының өзінде тәртіп болмаса, қоғам да заңға бағынбайды. «Алдымен өздеріңді түзеп алыңдар» деп әркім білгенін істейді. Бұл бір ғана адамның емес, заңды сыйлайтын, заңға бағынатын біздің жан-жақты дамып келе жатқан қоғамдағы көпшіліктің пікірі. Шынында да, осы тұрғыдан алғанда Бас прокурордың өзіне қыр көрсетіп, қорқытып-үркіту – шектен шыққандық емес пе? Басқа теңеу табу қиын. Сонда ол шенділер кімге сеніп отыр? Қалың қалтасына ма, әлде жоғарыда отырған көкелеріне арқа сүйегендігі ме? Біздің Ата заң бойынша еліміздің әрбір азаматының құқығы бірдей, бәрі де қабылданған ортақ заңға мойынсыну керек. Заңымыз бойынша көше сыпыратын жұмысшыдан бастап, ел басқарған Президент те тең дәрежеде тұруға тиісті. Соның ішінде өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқаруға тиісті құқық саласындағы мемлекеттік қызметкерлер де. Ал, облыс прокурорларының мына шалқуын қалай түсінуге болады? Құқықтық тәртіпті қадағалайтын лауазымды тұлға, заң маманы ретінде бесінші сыныптың оқушысы жатқа айтатын осы бір қарапайым ғана заңдылықты білмегені ме? Әлде, олар өзгелерден ерекше жаралып па немесе елімізге есепсіз еңбегі сіңіп пе? Кінәсіз адамды түрмеге тығып, қылмыскерлерді еркінсітіп қоятындар осындайлардан шықпай ма? Бас прокурорға қысым көрсетсе алдына барған қарапайым адамды қалай қабылдайтынын көз алдына елестетудің өзі қорқынышты. Демек, аталмыш прокурорсымақтар бұл салаға кездейсоқ келіп қалған көлденең көк аттылар болып табылады. Жақып Асанов осындайларды орнынан қуып, білікті мамандарды дұрыс таңдау үшін жұмыс істеп жатқан жоқ па? Ендеше басқа қандай әңгіме болуы мүмкін? Асановқа айтар бір ғана тілегіміз бар – алған бетінен таймағаны дұрыс. Оған қоса қоқан-лоққы жасағандардың атын ашық айтып, жалғанның жарығына шығару керек. Сол сияқты біреуге тіреу болып жүрген мықтылардың да аты-жөнін мәлімдегені жөн. Халық өз «қаһармандарын» білуі керек. Одан қорқатын ештеңе жоқ. Жай ғана, үн-түнсіз жұмыстан шығарып жіберу нақты нәтиже бермейді, бүкіл жұрттың алдында масқаралау керек ондайларды. Тіпті осы мәселені Елбасының алдына шығарса да артық емес. Көпшілік те, Президент те бұл бастаманы қолдайтынына сенімдіміз. Өйткені заң бәрімізге де ортақ, бәріміз де оны сыйлауға, талаптарын орындауға міндеттіміз.
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz