Әзімбай Ғали. ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ ҚАРСЫ шыққандардың саяси БОЛАШАҒЫ БОЛМАУ КЕРЕК!
2016 ж. 18 желтоқсан
4751
12
"Қазақ үні" ұлттық порталы 2011 жылы ұлт зиялыларының ондаған мың адам қолдаған Конституциядан қазақ тіліне тұсау болып келе жатқан 7 баптың 2-ші тармағын алып тастау туралы талабына қарсы шығып, Президентке және билік органдарына Ашық хат жазғандардың тізімін жариялады. "ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ДАМУЫНА ҚАРСЫ ШЫҚҚАНДАР" ( http://www.qazaquni.kz/2016/12/14/61950.html ) атты мақалада қазіргі кейбір саяси партиялар, қоғамдық қозғалыстар басшылары, БАҚ жетекшілері, т.б. біраз адамдардың аттары бар.
Мемлекеттік тілдің бірегей статусына қарсы шыққан орыстардың көбі көшіп кеткен шығар. Орыстектілер арасынан шыққан кейбіреулері демократпын деп жүргендер де бар. Әрине, жалған демократтар қазақ жаншылған, қырылған халық деп кешірім сұраудың орнына, олар қазақ тілінің бірегей статусына жармасты. Өкінішті. Біздің постколониалдық биліктің ниеті де осылардың талабына иілді. Бірақ қазақ өз мүддесін біле білді. Оған куә қазақ мектебінің күрт өсе беруі. Алғашқы демократиялық толқынның сәтсіздікке ұшырауы да қалың қазақтың қалауы - қазақ олардың орыстық шовинистік көзқарастан арылмағанын байқап, қолдамады.
Ал Гульжан Ергалиева секілді қазақтекті орысшылдар ше? Олар қазақтың тілінің тағдырына, қазақ тілінің аяққа тұра бастаған кезінде шабуыл жасады. Қазақ тіліне қарсы шыққандар немесе 138-дің хатын қолдамағандардың ішінде өздерін оппозиция санап жүргендер де көп болды. Керісінше қазақ тілінің жанашырлары сол тартыстарда шыңдалып шықты. "Олар орысша оқығандар еді, ол айып емес - тағдыр" дейді кейбіреулер. Жоқ, олай емес. Мен де орыс мектебін бітірдім. Бірақ қазақ құндылықтарынан жеріген жоқпын. Еркін ағылшыншама және ой-өрісіме қарап, маған АҚШ қа кетуді екі рет ұсынған еді. Бірақ мен Қазақстанымды тастағым келмеді және келмейді де. Адасу көп адамның басына келетін жағдай: "кезінде адасып едім, халқым енді кешір" десе болды ғой. Қазақ кең халық, "жәрайды, адасқан шығар" деп кешірер еді.
Қазақ тілінің дамуына қарсы шыққандардың саяси болашағы және перспективасы болмау керек. Олардың газеттерін алмау, сайттарын оқымау, сөзін сөйлемеу, атын атамау керек. Онсыз да орысша оқу азайып келеді. Көкжиегімізді тарылтпау үшін ағылшын, түрік,қытай баспасөзінен білім нәрін алуымыз керек. Бір сөзбен айтқанда бізге саяси диверсификация және ой тәуелсіздігі керек.
Әзімбай ҒАЛИ
qazaquni.kz