Желтоқсанға арналған "Ақ жолдың" тастаяқ турнирі өтті (фото)
2016 ж. 17 желтоқсан
3224
0
Ұлық мерекеміз Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мен Желтоқсан көтерілісінің 30 жылдығы күні -17 желтоқсанды "Ақ жол" партиясы Алматыдағы Тәуелсіздік монументіне тағзым етуден бастады. "Ақ жол" партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев бастаған ақжолдықтар Тәуелсіздік монументіне гүл шоқтарын қойды.
Содан соң "Ақ жол" партиясы ұйымдастырған биллиардтан республикалық турнир басталды. Турнир алдында Желтоқсан көтерілісіне қатысушылар партияның арнаулы дипломы және сыйлықтарымен марапаттау жиыны болып өтті. Жиынды "Ақ жол" партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев ашып, құттықтау сөз сөйледі. "Ақ жол" партиясы төрағасы орынбасары, "Қазақ үні" газеті басшысы, ақын Қазыбек Иса сөз сөйлеп, Тәуелсіздік мерекесі мен Желтоқсан көтерілісінің баға жетпес маңызына баса назар аударып, желтоқсаншылармен таныстырды. А.Байтұрсынов атындағы Тіл институтының хатшысы, филология ғылымы докторы Гүлжахан Орда, белгілі ақын Аманғазы Кәріпжандармен бірге осы күнге дейін белгсіз болып келген Желтоқсан көтерілісіне қатысушылар журналист Жаңабек Тойбазар мен Нағима Ізтілеуова да арнайы сыйлыққа ие болды. Алматы халық шаруашылығы институтында оқып жүргенде курстасы Нұртай Сабилияновпен бірге Желтоқсанға қатысып, талай қызды құрсаудан құтқарып қалған Болат Мырза және белгілі ұлт патриоты, желтоқсаншы Геройхан Қыстаубаевтар "Ақ жол" партиясы мен Қазақстан тарихшылары қауымдастығы бірлесіп тағайындаған "Қазақ хандығының 550 жылдығы" медалымен марапатталды.
Сонымен бірге "Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 25 жыл" мерекелік медалымен "Ақ жол" партиясы ОК хатшысы Арман Сқабылұлы, "Қазақ үні" газеті бас редакторы Құлтөлеу Мұқаш пен осы газеттің орыс редакциясы редакторы, белгілі журналист Дастан Елдес, "Ақ жол" партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Ерлан Ақжолов марапатталды. Ал "Қазақ үні" газеті бас редакторының бірінші орынбасары Зейнолла Абажан "Ақпарат саласының үздігі" төсбелгісіне ие болды.
Ақын Аманғазы Кәріпжан домбырамен арнайы арнау айтып, көпшілікті риза етті.
Содан соң кілең қазақ қаламгерлерінен құралған командалар арасындағы тастаяқ сайысы тартысты болды. Бір қызығы, турнирге қатысқан командалардың атаулары да керемет! "Алаш", "Қазақ", "Желтоқсан" және "Ақ жол" командалары нағыз тастаяқ ойынының үлгісін көрсетті. Қорытындысында саясаттанудың саңлағы Сарымның Айдосы мен əккі тастаяқшы Əшімжанның Жанарбегі бастаған жігіттерден құралған "Қазақ" командасы бас жүлдені қанжығаларына байлады. Екінші орын алған ақжолдықтарға тиесілі ақшалай жүлде қалған үш командаға бөліп берілді. "Алаш" пен "Желтоқсан" екі үшінші орынды бөлісті.
Жеңімпаздарды Астанадан арнайы ұшып келіп, турнирде өзі де бақ сынап, жақсы өнер көрсеткен партия жетекшісі Азат Перуашев марапаттап, жүлдегерлерге Ақ жол тіледі.
Сөйтіп, Желтоқсан көтерілісінің 30 жылдығын 30 қазақ қаламгері "Ақ жолдың" арнайы тастаяқ турнирімен атап өтті.
qazaquni.kz