Қазыбек Иса. КҮЛТЕГІН КҮМБІРІ
2016 ж. 16 желтоқсан
11161
1
Иманғали Тасмағамбетовке
Бұйда бiлмес бурадайын, Бұрқыраған жыр кенiн, Селдей аққан сезiмiмдi Ендi қалай iркемiн... Салыстырса менiменен кiм тегiн – Күллi әлемге куә болар Күлтегiн! Ерлiк жырын жерге жазса Желден жүйрiк тұлпарының тұяғы, Одан да ұшқыр ұлы түркi қиялы. Тасқа тарих тастап кеткен Қаныменен алмастырып сияны... Көк астында көлбеп жатқан Ұлы дала жазығы. Өр намыспен суарылса Көкбeрiнiң азуы, Қара тасқа қаққан сына жазуы – Ең алғашқы Өркениет қазығы!.. Көктәңiрден жеткен құнар – Көктеп рух ойына... Көкбөрiден көкке ұмтылар Қуат сiңген бойына. Естемiс пен Бумын қаған – ел түзеген есiмдер, Ескермеген күндер үшiн кешiңдер! Бiлге қаған бiлiгi мен Тоныкөктiң толғауы Толғандырған өсiп жатыр мынау дала төсiнде Ер. Орхон бойлап, Енесайды емiп eскен Ер Түрiк, Талас пен Сыр Қызылқұмға жiбектен жол келтiрiп, Шығысың мен Батысыңның арасын Ат үстiнде қосып жүрген желпiнiп. Дүниенi дүбiрлеткен Қайран бабам – Ер Түрiк! Қияқұмар қыран менiң ғұмырым, Көкке ұшқанда – Тұран дедiм – тұғырым. Теңiзiмдей тебiренiп терең мен, Құлаш жайсам – Ұлан далам – ұлы ұғым!.. Қасқырдайын шайнап үзген, Қақпандағы сирағын, Қанды жылдар қанша құрбан қиғамын... Қандай ауыр күн болса да, Қайта түлеп, ширадым... Ай нұрына жан жарамды жалатып, Күннен шуақ жинадым... Көкбөрiден Көк байраққа дейiн жүрген жолдарым, Көкөрiмнiң көңiлiнде қалдырса екен зор мәнiн... Дүбiрiмен қалыңдатқан Ұлы Қытай қорғанын Көне түркi көктеуде ендi, Көктәңiрi қолдағын! Найзасымен жазып өткен жиi өлең, Бабалардың басқан iзi – киелi ең... Қалғып кетсем Ұлы жорық үстiнде Қаруым мен қаламыма сүйенем!.. Көк жұлдызын көздерiнде жандырған, Көкбөрiнiң қасиетiн Көкiректе қалдырған, Кеңiстiк пен Биiктiк һәм Тереңдiктi ән қылған, Ұлы халқым, АЗАТТЫҒЫҢ жолында Ұлың болар жан құрбан!.. Қазыбек ИСА 2001 жыл qazaquni.kz