ТӘУЕЛСІЗ ЕЛ - МӘҢГІЛІК ЕЛ
2016 ж. 14 желтоқсан
15622
2
Сәбит ОРАЗБАЕВ, ҚР Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
БАРЫМЫЗДЫ БАҒАМДАП, ЖОҒЫМЫЗДЫ ТҮГЕНДЕП ЖАТЫРМЫЗ
Тәуелсіз ел атанғанымызға – 25 жыл. Ғасырмен есептегенде бұл қас-қағымға да жетпейтін уақыт. Дегенмен, осы уақыт аралығында қазақ елі өзінің тарихының ықылым заманнан басталатынын ұғынды. Кезінде біз қызылдар саясаты қысымының салдарынан төл тарихымызды тани алмадық. Әдебиетіміздің Бұқар жыраудан басталатын айтып, түп-тамыры тереңде жатқан тарихымыз турасында сөз қозғай алмаған заманды да бастан өткердік. Туған елі үшін жанқиярлық ерлікке барған есіл ерлеріміз, асыл азаматтарымыз болды. Олардың атын аузымызға ала алмаған сәттерді де кешірдік бастан. Ал, бүгін Аллаға шүкір, Егемен Ел ретінде еңсемізді тіктедік. Өз қолымыз өз аузымызға жетіп, өзге елдермен тереземіз теңесе бастады. Бейбіт елдің азаматтары ретінде бүгінде барымызды бағамдап, жоғымызды түгендеп жатырмыз. Осынау есіл ерлеріміздің ерлігін танып, оларға ескерткіш қойып, елдігімізді көрсетіп жатырмыз. Тереңде жатқан Туған ел тарихын өскелең ұрпақтың санасына сіңіре білсек, мұның өзі оларға көрсеткен үлгі-өнегеміз деп білемін. Осындай игі шаралар ел егемендігінің арқасында жүзеге асып жатқаны сөзсіз. 25 жылдың ішінде еліміздің әрбір саласында қыруар істер атқарылды. Мәселен, бұрын елімізде театрлар саны саусақпен санарлық болса, қазір елуден асып жығылады. Мұның өзі Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ мәдениетіне жасаған үлкен қамқорлығы дер едім. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығымен қатар, ел мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан Әуезов театры бүгінде 90 жасқа толып отыр. Осынау қасиетті қарашаңырақта еңбек етіп келе жатқаным үшін де бақыттымын. «Мәңгілік Елге» бет алған Тәуелсіз Қазақстанымыз жасай берсін! Ел тарихында ерекше орын алар мерейлі мерекеміз тағы да құтты болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!Исраил САПАРБАЙ, ақын-сазгер, драмматург:
АЛЛАНЫҢ БЕРГЕН ЕҢ ҮЛКЕН СЫЙЫ
Біздің ата-бабаларымыздың қолы жетпеген егемендікке біздің қолымыз жетті. Осы үшін шүкірлік айтуға тиіспіз, әлбетте. Тәуелсіздік бұл – әрбіріміз үшін қасиетті ұғым. Біз бақытты ұрпақпыз. Өйткені, біздің ата-бабаларымыз, келешек ұрпақ үшін деп, яғни мына сіз бен біз үшін елімізді, жерімізді қорғау жолында қасық қаны қалғанша аянбай, күресті. Кезінде сонау зар заман ақындары мен жыраулары еркіндікті, теңдікті аңсап жырға қосты. Осы тұрғыдан алғанда Тәуелсіздіктің қадір-қасиеті арта түсері сөзсіз. Тәуелсіздік бізге Алланың берген ең үлкен сыйы. Бүгінде біздің жер бетіндегі барлық дербес мемлекеттер сияқты біздің елдігімізді айғақтайтын Елтаңбамыз, Туымыз, Әнұранымыз бар. Барша қазақ жұртын Тәуеліздіктің 25 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын. Осынау маңызды мереке қарсаңында елдің бүгінгі жай-күйі туралы да айтылуы керек деп есептеймін. Өйткені, біздің әлі жеткенімізден жетпегеніміз көп. Меніңше, өз халқының әлеуметтік, әлеуеттік, экономикалық, рухани, мәдени жағдайын қоса қабат алып жүрген мемлекет қана өзінің мақсатына жететіні анық. Ол үшін әрине мемлеттік тұрғыдан үлкен реформа жасалуы керек. Өкінішке орай бізде атқарылған іске қарағанда, «мынадай бағдарламаны жүзеге асырғалы жатырмыз», «Анадай істі атқаруды қолға алғалы жатырмыз» деген артық ауыз әңгіме көп. Ал, түптеп келгенде халыққа атқарылған нақты істер ғана керек. Сондықтан да, бізге әлі де арқаны кеңге салуға болмайды. Әлемнің озық мемлекеттерімен өзімізді салыстыра отырып, яғни өз-өзімізді қамшылап дамудың шынайы даңғыл жолына түсуіміз керек. Бұл тұрғыда атқарылар шаруалар шаш етектен. Ол үшін әлбетте халық шаруашылығын бүгінгі күннен де қарқынды дамытуды қолға алуымыз қажет. Егін және мал шаруашылығы дами түссе ауылымыз да ажарлана түседі. Осы саланы дамытуға мемлекет тарапынан барлық мүмкіншіліктер қарастырылуы қажет әлде де. Атқарылуы тиіс шаруалар өте көп. Ең бастысы – осынау кең байтақ жеріміздің иесі – халқымыз аман болсын! Тәуелсіздігіміз баянды болсын!Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті, филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:
ҰЛТТЫҢ ЕҢ БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ
Ғасырлар тоғысып, заман алмасып жатты. Өзгермеген бір-ақ нәрсе еді! Ол Егемен ел болам деген қазақтың арманы. «Елім-айлап» зарлады, қызыл қырғын кезінде 4 миллион қазақты аштық жалмады. 48 мың ұлтын сүйген Алаш оғландары мен қыздары атылды, жер аударылды, елінен, ана тілінен айрылды. Бірақ санадағы сәуле өшпеді. 1986-жылдың желтоқсанында Алматының қақ төрінде, Алатаудың етегінде қазақтың ұл-қызы тағы да қызыл қанды қырғынға ұшырады. Енді қазақ қызы күң бола алмайды, енді қазақ ұлы құл бола алмайды! Қылбұрау бостандық рухын тұншықтыра алмайды. Аппақ қар қып-қызыл түске боялды, қыз-жігіттер итке таланды, сапер күректер жас тәндерін тілгіледі. Қазақтың ғасырлар бойы бұғып жатқан ар-намысы оянды. Бұл осылай келген егемендік еді. Әлем назары Тәуелсіз атанған Қазақстан мемлекетіне ауды. Кешегі Ресейдің колониясы, Кеңестер Одағының «соқыр ішегі» болған қазақ елі егемендіктің тізгінін ұстай алар ма екен деп сырттан сынап қарағандар да болғаны жасырын емес-ті. Бірақ дос сүйсінді, «жау» күрсінді. Қазақ ел бола алады екен! Қазақ бір көк тудың астына жинала алады екен. «Қазақтың бүкіл тарихы – бірігу тарихы» – деп Н.Назарбаев қадап айтқандай, Егемендік, Тәуелсіздік, Ана тілі ұлтты біріктіруші күшке, ұлттық идеологияның рухани тірегіне айналды. Н.Назарбаев мемлекеттіктің өркениет жолын ұсынды. Президенттік саяси институт енгізілді. Осылай қазақтың тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Ата заңға сүйеніп, халық алдында Ант берді. Тәуелсіз Қазақстанның көк байрағына тізерлеп отырып, сүйгені тарихи сәт еді. Бұл бірінші рет өткізілген инаугурация болатын. Бәрі толқыған. Осындай кезеңде ту тұғырға берік орнатылмағаны байқалды. Шайқалып қалды. Қас-қағым сәтте Президент Туды тұғырына берік қадап, ырғап-ырғап қатайтып бекітті. Міне, содан бері Тәуелсіздік Туын шайқалтпай, берік ұстап, көк байрағымыз әлемдік тулардың қасында қатар желбіреп тұр. 25 жылда Қазақстан әлемнің азулы мемлекеттерінің қатарынан өз орнын ойып алды. Қазір кез-келген елге барғанда аяғыңды нық басып, сол елдің шекарасынан жалтақтамай ары өтесің, бері өтесің. Өйткені сен қазақ елінің өкілісің, Қазақстан азаматысың! Төбеңде желбіреген көк туың бар, жүрегіңнің тұсында бойыңды қуаттандыратын Әнұраның бар, аты жаһанға танымал Елбасың бар. Сондықтанда баяғыдай Кеңестер Одағының «орысы» емес, қазақпын деп мақтанышпен айтасың. Өйткені сен Тәуелсіз елдің тумасысың, егемен елдің азаматысың. ...Қазақстанның мемлекет ретінде қысқа мерзімде орнығып қана қоймай, әлемді аузына қаратқан Астана салуы ерліктің ерлігі. Бүгінгі Астана қандай?! Әлем картасында ең жас Елорда болса да жаһандық саяси-экономикалық мәселелерді шешетін бас қалалардың біріне айналды. Қазақстанның тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жүрегін жарып шыққан, түн ұйқысын төрт бөлдірген Астана – қазақтың қасиетті Алтын ордасы, Елбесігі, Жерұйығы! Тәуелсіздік – біздің Мәңгілік мұратымыз, Тәуелсіздік «Мәңгілік ел» құрудағы Ұлттық құндылығымыз. Оны көздің қарашығындай сақтау – барлығымыздың асыл борышымыз! Сөзімді Елбасы, Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың мына бір жүрекжарды сөзімен аяқтайын: «Мемлекетіміздің діңгегі – қазақ халқы. Ел де, жер де қазақтікі. Ел болудың ұяты да біздің жұрттың мойнында». Қазақтың жері аман болғай, қазақтың елі аман болғай! Замана сынының санқилы жолдарын жеңіп келе жатқан Елбасы аман болғай! Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерекесі құтты болсын!Мақсат ЖАҚАУ, «Болашақ» РҚ төрағасының бірінші орынбасары, аймақтанушы:
ӘЛЕМДІК КЕҢІСТІККЕ КӨЗ ТІГЕМІЗ
Міне, қазақ елі үшін азаттықтың ақ таңының атқанына 25 жыл толды. Ел Егемендігінің арқасында еркін ойлы жастар өсіп келеді бүгінде. Шын мәнінде бүгінгі ұрпақ кешегі қилы замандарды бастан өткізген ата-бабаларымызға, түрлі жүйелерді басынан кешірген алдыңғы буын ағаларға қарағанда, бақытты ұрпақ! Өйткені, Тәуелсіз елде өсіп келеді. Бастысы – Тәуелсіз қазақ жастарына бүгінде барлық мүмкіндіктің қарастырылғаны. Еліміз егемендік алғалы бері 10 мыңнан астам қазақ жастары «Болашақ» бағдарламасы арқылы әлемнің маңдайалды мемлекеттерінде білімін жетілдіруге қол жеткізді. Бұл жастар үшін өзге шет мемлекеттерде кездесе бермейтін игілікті іс екені анық. Сонымен қатар, еліміздің білім саласындағы тиімді реформалардың арқасында көпшілікке берері мол бағдарламалар жүзеге асуда. Мәселен, келер жылдан бастап барлық кәсіби білімнің тегін түрде берілетіндігі жастар үшін ең жағымды жаңалықтың бірі. Кәсіби білім алу арқылы жастарымыз еңбек адамы атанатыны сөзсіз. Осылайша, мектеп түлектерінің өмірден өз орнын табуына, өз елінің дамуына атсалысуына мүмкіндіктер қарастырылғаны қатты қуантады. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің болашағы деп жастарға жете мән беріп келеді. Мәселен, жақында 1-желтоқсан – Тұңғыш Президент күні Ел Президенті еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған белсенді жастармен емен жарқын жүздесті. Алғаш рет ұйымдастырылған «Жастар форумына» жас ғалымдар мен жас кәсіпкерлер қатысты. Олардың әрқайсысы өз салаларындағы қарышты қадамдарымен таныстырды. Осынау ауқымды шарада Елбасымыз өмірлік өнеге болар көптеген маңызды мәселелерге тоқталды. Бұл шара өз кезегінде жастарға күш-қуат бергені анық. Елбасымен бірге Егемен Елдің ертеңі әлбетте жарқын болары анық. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болып, әлемнің ең озық мемлекеттерімен тереземіз теңесе берсін!Бағжан ӘБІЛДАЕВА, №12 Орталық қалалық клиниалық ауруханасының ақылы Неврология бөлімінің мейірбикесі:
КҮНІМІЗ ШУАҚТЫ, ЕЛІМІЗ ҚУАТТЫ БОЛСЫН
Барша қазақ халқы үшін биылғы жыл ерекше жыл. Өйткені, Тәу етер Тәуелсіздігімізге ширек ғасыр толып отыр. Егемендіктің арқасында еліміздің әрбір азаматы өз мамандығына сай еңбек етіп, Қазақ елінің өркендеуіне шама-шарқынша үлес қосып келеді. Сондай-ақ, еліміздегі әрбір саланың дамуына ықпалын тигізетін берері мол бағдарламалар іске асып жатыр. Оның бірі – Ел Президентінің тікелей бастамасымен қолға алынған денсаулық саласындағы «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы. Аталмыш бағдарлама аясында медицина саласындағы өзекті мәселелер шешімін тауып, ел азаматтарының денсаулығы жақсара түсті. Тәуелсіз еліміздің алдында бүгінгі күні үлкен жауапты міндеттер мен атқарылар ауқымды істер тұр десек, оның барлығын жүзеге асыратын әлбетте дені сау ұлт. Сондықтан да, ел саулығын сақтау жолында аянбай еңбек етуді өзімнің азаматтық парызым деп білемін. Еліміздегі әрбір азаматтың дені сау болсын. Тәуелсіздігіміз баянды болып, еліміздің ертеңі үшін әрбіріміз еселі еңбек ете берейік. Әрбір күніміз шуақты, еліміз қуатты болсын!Оразәлі САДЫҚОВ, Райымбек батыр атындағы 38-ші десанттық шабуылдаушы бригадасының Әуеге шабуылдаушы қарсы қорғаныс батереясының маман жүргізушісі, кіші сержант:
КӨЗДІҢ ҚАРАШЫҒЫНДАЙ ҚОРҒАЙМЫЗ
Еліміздің ең басты мерекесі – Тәуелсіздік күні құтты болсын! Еркіндік алып, еңсе тіктеген 25 жыл ішінде Қазақстан биіктерді бағындырып, өзге мемлекеттердің арасынан ойып тұрып өз орнын алды. Бұл Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында жүзеге асып отырғаны сөзсіз. Бұл өз кезегінде барша қазақ халқының жеңісі. Тәуелсіз Қазақстан – бәріміздің ортақ Отанымыз. Ал, осынау Отанымызды қорғау әрбіріміздің, абыройлы міндетіміз, азаматтық парызымыз. «Отан үшін отқа түс күймейсің» дейді дана халқымыз. Ұлан ғайыр жерімізді көздің қарашығындай сақтаған бабалар аманатына адалдық таныту бүгінгі күннің басты міндеті. Әскери қызмет – ер азаматқа ауыр міндеттер жүктейтіні белгілі. Осындай жолды таңдап, ел үшін қызмет етіп келе жатқаныма қуанамын. Тәу етер Тәуелсздігімізді бағалай білейік! Еркіндіктің басты нышаны – Көк Туымыз көгімізде желбірей берсін! Мақсаты айқын – Егемен Еліміздің ертеңі жарқын болсын!Рүстем Досымқұлов, «Қазақ үні» газетінің тұрақты оқырманы әрі авторы:
ӘРҚАЙСЫМЫЗҒА ЗОР ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮКТЕЙДІ
Өз ойымша, бақытты әрбір адам өзінше түсінеді, бірақ осыған қарамастан біз бәріміз бірігіп Отан үшін аянбай еңбек етуіміз керек, адал өмір сүріп ғажайып елімізді қорғап аялауымыз керек. Ештеңеге қарамастан, қаншалықты қиын болса да біз Отан үшін адал қызмет етуіміз керек деп білемін. Тәуелсіздік әрбір халық үшін, бір жағынан, заңды құбылыс, екінші жағынан, өзінің тағдырын шешуге, болашағын таңдауға деген зор құқық. Тәуелсіздікті жариялап, еңселі ел болып, Қазақ елін халықаралық үдерістерге тең құқықта араласатынын бүкіл әлемге таныттық. Тәуелсіздік – әрбір азаматтан туған мемлекетімізді аялауды және қорғауды, біздің халқымыздан мызғымас бірлікті, шабытты еңбекті және болашаққа сенімді талап етеді.Тәуелсіздік болашаққа сеніміміз біздің дамуымызды қамтамасыз етеді. Қазақстанды дамыған, инновациялы, берекелі елге айналдыру – жалпыхалықтық мақсат-мұрат! Өз басым осы мүддеге жетуге бізге ештеңе кедергі бола алмайтынына нық сенемін. Егемендік дегеніміз тек Ту, Елтаңба, Әнұран ғана емес, бұл ең біріншіден халықаралық аренада бәсекеге қабілеттілік екені де түсінікті. Ал бәсекеге қабілетті болу үшін біз әлі көп нәрсе істеуіміз керек. Заманауи белсене дамып келе жатқан, жаһанданған әлемде экономиканың белсенділігін қамтамасыз ету, экономикалық жетістіктерді сақтап, оны нығайту күн сайын қиындап бара жатқандай. Себебі, жауапкершілік жүгі де салмақты. Өндірістің пайдалылығын және біздің тауарларымыздың бәсекеге қабілеттілігін сақтау қаншама қиын болса да, біз ешқашан да әлеуметтік әділеттік ұстанымынан бас тартпауымыз керек. Заманауи әлемде өзінің экономикалық мүддесін қорғау оңай емес. Осындай жағдайда біздің халқымыздың бірігіп нығаюы аса қажет. Бізге керегі бір күндік жеке материалдық мүдде емес, бізге бүкіл еліміздің тұрақты экономикалық жағдайы қымбат.Бұл қоғамның қарқынды дамуының негізгі. Біз осыны түсінуіміз керек. Қиыншылықтарды жеңіп шығуға тиіспіз. Бүгінгі таңда біздің еліміздің тағдыры біздің ұлттық сана сезімімізге, отаншылдығымызға, болашаққа деген сенімімізге байланысты.Біз Отан үшін аянбай еңбек етуіміз керек деп білемін. Сенімсіздікке бой алдырмай, керісінше «жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, мүмкіндіктерімізді біріктіріп батыл түрде алға жылжуымыз керек. Сонда ғана жеңіске жетеміз! Дайындаған Гүлмира БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ qazaquni.kz