АЗАТТЫҚ АЛАҢЫ
2016 ж. 09 желтоқсан
3936
3
Азаттықтың аңырап адырнасы,
Атқа қонды Алаштың жалын жасы,
Жел өтпеген жетпiс жыл Тасқамалдың,
Желтоқсанда сөгiлдi қабырғасы.
Атой салған Алаңда бiзге аты әйгi,
Жүрегiнде жiгiттiң сызда, қайғы.
Қыршынынан қиылар қыз қатайды...
Бура болып жүргендер бұғып қалып,
Буыршындар бұрқырап мұзға тайды...
Зәрiн жиып заманның түс-реңi,
«Тазалауы» – жазалау iсi ме едi...
Күлдiр-күлдiр күреңдер үнiн жұтып,
Шылдыр-шылдыр кiсендер кiсiнедi...
Тежедi ме кемдiгi әлде күштiң,
Қайнап барып басылды дәрменi iштiң.
Сонда дағы даламда сөнбедi ұшқын.
Декабристер iшiнде бола алмаған
Пушкин сынды пұшайман халге түстiм...
Қиылмаса тамырың құл етер кiм,
Түркiлiк қан түлектi түлетер мың.
Дәрiсiмдi ұмытып шәкiрттерге
Дәрi сынды...жыр оқып тұр екенмiн...
Семсерсiз ел айрылды сенiмнен де...
Сеңдi бұзып, қатайды көңiл демде.
Ат үстiнде өлмеген қорлық едi,
Ақ жүректен қызыл қан төгiлгенде...
Табанымен тажалдар таптағанда,
Ақ сөйлеу де сын едi ақтабанда...
Жазасынан жаудың да асып түстi,
Өр ұлдарын «өгейлер» даттағанда.
Тағы осылар қосылып шыға келдi
Тарих бүгiн жастарды ақтағанда.
Уақыттың жалынан ұстар мығым,
Айыра алар жел аңдыр дұшпанды кiм?
Шешпей қызыл шәпкесiн ұйықтағандар
Ақ қалпақ пен айқайға құштар бүгiн...
Өзгертiп ап тiлi мен тiлегiн де,
Мың құбылар жүрiп-ақ Ұлы елiнде...
Ауа райын баққандар дайын тiптi,
Ауыстырып алуға жүрегiн де...
Теңдiк сұрап ақырған аталардың,
Жаңғырыққан үнiнен от алармын.
Уызданған ұландар ұрандаса,
Рухыңды жаныштап жата алар кiм?..
Азаттық деп...Алаңға барған әркiм,
Сақтағаны атадан қалған антын...
Ақиқаттың дауысын айқайлаған,
Жүрегiңнiң жоғалтып алма, Халқым!..
Қазыбек ИСА
1996 жыл