Қазақ тілін меңгерген өзге ұлт өкілдерінің саны жарияланды
2016 ж. 08 желтоқсан
8690
3
Бүгін Астанада республика бойынша өткен «Мың бала» атты мәдени-ағартушылық байқаудың жеңімпаздары марапатталды. Конкурстың негізгі мақсаты - өзге ұлт өкілдерінің балаларын қаза тілін үйренуге ынталандыру, мемлекеттік тілді біріктіруші фактор ретінде қалыптастыру, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Шыны керек, «Мың бала» деген жобаны қолға алған кезде әр түрлі әңгімелер болды. Жасай аламыз ба, жоқ па? Бір жылдың ішінде қазақ тілін мың бала біледі деген ниетпен бастаған болатынбыз. Бүгін мың бала емес, екі жылдың ішінде 585 000 бала осы жобадан өтті. Олардың ішінде тілді жетік әрі терең меңгерген балалардың саны 106 мыңды құрап отыр. Бұл деген - үлкен күш! Егер бұған дейін Ассамблеяның ішінде 423 000 адам мемлекеттік тілді меңгеретін болса, оларға тағы да 585 000 бала қосылды. Бұл жай әңгіме емес. Бұл - нақты мемлекеттік тіл саясатының іс жүзінде асып жатуына дәлел», - деді Қазақстан xалқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов.
Астанадағы бүгінгі салтанатты жиынға «Мың баланың» барлығы келмесе де, оқ бойы озық шыққан жеңімпаздар жиналды. Олардың әрбіреуіне естелік сыйлықтар табысталды. Балалар өз кезегінде өнерлерін ортаға салып, қазақ тілінде ән айтып, домбырамен күй шертті, тіпті терме айтқандар да болды. Олардың ішінде орыс, татар, украин, кәріс және тағы басқа ұлт өкілдерінің балалары бар.