Тоқтар Серіков: Шетелдік әншілер Мейрамбегім мен Саятымнан артық емес
2016 ж. 04 желтоқсан
5956
3
Тоқтар мен Бейбіт сахнада жүрген 15 жылдық мерейтойларының құрметіне арнап Астана және Алматы қалаларында концерт өткізбек. Әнші аталған концертте тек қазақстандық әншілердің өнер көрсететінін айтты. Бұл туралы 31 арнаның “Айта берсін” бағдарламасында айтылды, – деп жазады stan.kz.
Екі дизайнерге ғана сахналық киімдерін сеніп тапсыратын Бейбіт Сейдуалиева соңғы күндері осы дизайнерлерге баруын жиілеткен. Себебі, желтоқсан айында өтетін есеп беру кешіне жұлдызды жұп ерекше әзірлікті бастап кеткен. Айтуларынша, аталған концертте барлығы жаңа болуы тиіс.
“Мұнда тек жауа әндер мен жаңа дуэттер болады. Бейбіт екеуіміздің жеке әндеріміз де орындалады. Оның үстіне бытырап кеткен шәкірттерім бар болатын. Олардың да басын қосып, Құдай қаласа, желтоқсанның 18-і күні концерт өткізбекшіміз. Ол кеште бала күнімнен бірге өскен достарым әрі әріптестерім Мейрамбек, Саят, Досымжан өнер көрсетеді. Шамамыз жеткенше, осыған дейін өткізген концерттеріміздің деңгейімен теңестіруге тырысамыз. Соңғы кезде халық “Қайда жүрсіңдер? Неге концерт бермей кеттіңдер?” деп сұрап жатыр. Қолдың қысқандығынан, уақыттың жоқтығынан немесе қарынның тоқтығынан концерт бермей жүрген жоқпыз”, – дейді Тоқтар Серіков.
Бейбіт пен Тоқтардың дуэтіне биыл 15 жыл толған. Олар халыққа деген ыстық ықыластарын көрсету мақсатында бір емес, төрт мәрте шығармашылық концерт өткізбек. Оның екеуі Алматы қаласында, соңғы екі концерт Астана қаласында өткізілмек. Алайда өзге әріптестері секілді қос әнші келген көрермендерді шетелдік әншілермен емес, өз өнерлерімен қуантпақ ниетте.
“Сахна – өте қымбат дүние. Кез келген адам еркін шығып өнер көрсете бермейтінін әншілер жақсы біледі. 3D біздің концертімізде де болады. Сахнамыз бастан-аяқ екі мәрте безендіреледі. Бұл біреулерден кем болып қалмайын немесе асып түсейін деген мақсатта жасалып жатқан жоқ. Барлығы әндеріміздің табиғаты мен мінез-құлқына сай жасалып жатыр.
Шетелден әнші шақыртқан жоқпын. Мұны қаламаймын да. Келіп жатқан шетелдік артистер менің Мейрамбегім мен Саятымнан артық емес. Нағыз қазақтың мықтылары солар. Қазақ соларды жақсы көреді. Сол үшін концертіме осы достарымды шақырып жатырмын. Әйтпесе, шетелден әнші шақыру біздің де қолымыздан келеді. Қазір қу дүние не істетпейді. Ақша болса, барлығын да жасауға болады”, – дейді Тоқтар Серіков. Концерт әзірлеуіне еркін кіріскен екеу шараның шаруасымен жүгіріп жүр. Дегенмен ,үш ұлдың әкесі балаларының тәтті қылығына тоймай жүрген секілді. Үйден ұзап шықса, жылдам сағынатын әдет тапқан.