Қазыбек Иса. АРҒЫМАҚ. Серік Тұрғынбекұлына
2016 ж. 01 қараша
3152
2
АРҒЫМАҚ
Серік Тұрғынбекұлына
Даналарын даланың дара мүлдем,
Туа танып, тағылым ала білген,
Ережеге сыймайтын мінезіңнен,
Еркіндікті көргендей боламын мен...
Ұлтым деген жаныңды ұғынамын,
Жұртың қолдап, қосуда жырыңа әнін.
Қаламыңнан құйылып қара маржан,
Ұлы дала жырладың ұлыларын...
Ақ алмастай жырыңды сезіп елің,
Таға алмастай бұл күнде сөзіңе мін...
Ақаннан соң, ақындық батылдықпен,
Ер Кейкіні жоқтаған өзің едің!..
Өрнектедің өлеңмен асыл елді,
Қазағым деп жүргендер қасыңа ерді.
Мерейжаста мерейің тасыр енді –
Азаттық деп айқасқан жүз жылдан соң,
Ер Кейкінің еліне басы келді!
Қаным бүгін тасып тұр неге менің?!.
Бассыз қалай төрде отыр төрелерім?!.
Кенесары жайлы бір жазшы, ақыным,
Көп ұзамай басы да келеді оның!..
Батырлардың басымен рух келер,
Үрку кетіп, еліме үміт берер.
Қалды заман бұлағай бұлт төнер...
Ширек ғасыр Азаттық!-
Ұғып көр, Ел!
Ұлт мүддесін біз қашан ұлықтаймыз,
Ұлты талап еткенде ұлық көнер...
Қияларға самғайтын әр қыраны,
Тарландарды ел торғайлық ән қылады.
Шапқан сайын шабытың шалқи берсін,
Арқадағы Алаштың арғымағы!
01.11. 2016. Алматы-Астана ұшағы
Қазыбек ИСА
Qazaquni.kz
ХАБАРЛАНДЫРУ!!!
Сіздерді қазақтың көрнекті ақын-драматургы, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Серік Тұрғынбекұлының "Тәуелсіздікке тағзым!" атты шығармашылық ән-жыр кешіне шақырамыз.
Астана қаласы, Конгресс-холл. 1 қараша, сағат.16-00-де.