Қазақтың көрнекті ақыны Кеңшілік Мырзабековтың туғанына 70 жыл
Он бестен он алтыға жеткен кезім,
Өндірдей өлкем де өзім, көктем де өзім…
Кеңшілік Мырзабеков.
Ақтөбе қаласындағы №26 маршрут автобусының шоферді ту сыртынан жасырып тұратын, жүргіншілерге бетпе-бет қарайтын жалпақ қақпашасында Қасым Аманжоловтың суреті мен мына лебізі тұр: «Ей, тәкәппар, дүние! Маған да бір қарашы. Танисың ба сен мені? Мен қазақтың баласы!». Көзің түскен сәтте дел-сал денеңді дереу қалай жинап алғаныңды байқамай қаласың. Бұл Қасым ақынның мазмұны социалистік, түрі ұлттық па, әлде керісінше ме, ұмытып та бара жатырмыз ғой, әйтеуір қазақ екеніңді әйгілей беру құпталмайтын заманда қағазға түскен өлеңінің бастапқы шумағы екенін тап басасыз, әрине. Одан бері қанша дәурен өтті. Кешегі Есенқұл Жақыпбектің сөзі тіпті басқаша өрілуі және орынсыз емес еді: «…Сұлу дүние сеземін ғой бекерін, Сұлулықтың таттық талай шекерін. Абақтыдан енді шығар тұтқындай, Онда неге елең-елең етемін? Егделікке бұрғаныммен бетімді, Сұлу дүние, көзім сенде секілді. Пақыр пенде болғым келмей, әйтеуір, Алабұрттым, Аспанға ұштым, Не тынды?». Дүние дегеніңіз — сол: жүз құбылады, мың түрленеді. Мұны жақсы білетін жұрт Кеңшілік Мырзабеков 1972 жылы 7500 данамен жарық көрген алғашқы өлеңдер жинағын «Іңкәр дүние» деп атағанда таң қала да қоймаған шығар. Жас ақынның ғана емес, жалпы жас жүректің тұмса сезімі осы іңкәрлік болатындығына кімнің дауы бар дейсіз?! Сол сияқты 41 жасында шыққан таңдамалысын Сырбай Мәуленовтің «Шаңқай түс» деп атауы әйтпесе Қуандық Шаңғытбаев 58 жасында ұсынған жинағын «Саршатамыз» деп айдарлауы немесе 74 жастағы Қалижан Бекхожиннің жыр кітабы «Кешкі жаңғырық» деп аталуы да ешқандай кінәратсыз заңдылық еді. Дегенмен біз қайтадан Кеңшілікке оралайық. 32 беттік, 12 тиындық жұқа жинақтың саусаққа ілігер-ілікпестей көк-жасыл мұқабасы расында да іңкәр дүниенің көшірмесі секілді: жасыл жайлау, жылы жаңбыр, көк өзен, көңілді құлын… Тіпті бұл жинақтың қашан сатылып алынғаны да анық таңбаланып қалыпты: «Арқалық қаласы, 26.VІІ.73 ж. Ул. Ленина, 121, кв.1. Е.Ашықбаев». Сол кездердегі қалалардың басты сәні көрінетіндей қос тілділіктің лебі есіп тұрғанын қайтерсіз. Екі бөлімнен тұратын жинақтың алғашқы бөлігінің айдары қазір көп жинақтарда көзге ұшыраса бермейді: «Азамат үні». Расында да солай екенін өлеңдердің атаулары және анықтай түседі: «Адамның күні адаммен», «Байқоңыр», «Ант», «Қапшағай әсері», «Теміржолшы», «Айналдық сәби күлкіден», т.б. Қазір де мұндай атаулар түп-тұқиянымен жоғалып кете қойған жоқ. Тек таңдалып алынған объектіні жырлау мазмұны өзгерді. Мысалы, бүгінгі Шаһизада Әбдікәрімовтің «Байқоңыр» атты жыр жинағынан бір кезде Кеңшіліктің тіліне іліккен «Байқоңырым! Мәртебесі — Отанның, Жиһанға атын жаңғырттың ғой жапанның» деген тәрізді лепті лебіздерді таба алмайсыз. Оның (Шаһизаданың) «Байқоңыр» атты өлеңі: «…Аспанымнан бұлттар да жылап көшті, Табанымда — қырау, сыз», — деп өксіп-өксіп сөйлейді. Ал бір тақырыптың мазмұндалу тәсілі әрқалай өзгеруі, әрине, заманның әрқилы киінуімен сипатталмақ. Заман анау алғашқы «Байқоңырдың» жазылуынан бергі кезде қаншалықты ауыс-күйіске ұшырағанын оқыған-тоқыған адамдарға қайтадан тәптіштеп айтудың қажеті жоқ та шығар. Өйтсек таусылмайтын әңгімеге кіріп кетеміз. Сонымен бірден екінші бөлімге — «Балалық күндер елесіне» түселік. Бірінші өлеңге үңілелік: Өліара мезгіл… он алты жаста едік біз, Өліара өтсе, өруге жүрген елікпіз… Тоқтай қаласың. Рас, ең үздік үлгі емес. Ерекше теңеу дейтіндей де ештеңесі жоқ секілді. Дегенмен жүрекке әлдеқандай бір жылы шұғыла қонақтай қалады. Өліараны білмейтін қазақ жоқ, құралай салқыны да әркімге мәлім. Әйтсе де тап осы бастау жолдарда шөл, шөлейтті аймақтарды кезуге бейімделген сертке берік сергек киіктің емес, көк өзендер алқабын әйтпесе орманды шоғырларды мекендейтін тым үркектеу еліктің тілге ілігуі әлдебір жасыл бояулы көктемгі шаққа шақырып тұрғандай. Одан әрі сол нышан тұтас айқындала түседі: «Түнеріп аспан томсарған бұлттар қарсы алып, Жауар ма екен ебіл де себіл тамшы ағып?» немесе «Көк сағымдарға жетердей-ақпын жүгірсем, Көгіме қарай көтерілсеңші, Күнім, сен». Міне, содан кейін барып бастапқы әуен өксіксіз өтінішпен сызыла қайталанады: «Өліара мезгіл… өте ғой енді тезірек, Жолыңды ашты жаңа бір маусым кезі кеп. Безініп тумай, сезініп туған барлығын. Бүлкілдеп тұрған бір «пәле» екенсің, Бүйірімде жатқан бір «пәле» екенсің, о, жүрек». Байқап қарасаңыз, «о, жүрек» дейтін лебіз де асқақ пафос-ұранмен емес, қарапайым қаратпа сөз ретінде келтіріліп тұр. Дегенмен одағаймен жұптастырылған соң соңғы жолдың да, жалпы шумақтың да реңі нұрланып-ақ кеткен. «О, жүрек» деудің орнына жай ғана «жүрегім» дей салса, өліара мезгіл бейнесінің өркені өспей қалардай екен. Әйтсе де автор қаншалықты жас қалам иесі болғанымен басқа өлеңдерінде одағай мен қаратпа сөзге көп жүгіне бермейді. Өйткені бұлар (қаратпа сөз, одағай) жалпы жұртқа ізгі қызмет еткенімен шағын өлеңдерге шектеулі мөлшерде енгені мақұл. Рас, мұны негізінен ірі туындыларда, мысалы, поэмаларда мол пайдаланған, әйтсе де солайша қолданғанын байқатпай жіберген ақындар да бар. Бұлай өрнектеудің шын шеберлік екенін мойындауға да тиіспіз. Енді бір сәт бұл өлеңнің (өлеңдердің) тап сол шақта бұлай жазылуының әлеуметтік негізі де болғанын еске түсірейік. Алпысыншы жылдардың соңы мен жетпісінші жылдардың басы қазақ жұртының ерекше марқайған шағы еді. Ауылдарда ерінбегеннің қалтасына қазына тарапынан тұрақты түрде еңбекақы (жалақы) түсіп тұратын, қорада мал көбейген, жеке шаруаны мемлекеттің қаптаған техникасымен бітіре салу да аса айыпқа санала бермейтін. Тың игерумен бірге келген саяси зардаптарды осындай аста-төк молшылықтар аракідік ұмыттырып та жіберетін. Сол кезде жиі айтылатын бір әннің мәтініне жүгінсек: «Қазақтың нағыз шырқаған кезі», Деді ғой Леонид Ильичтің өзі». Яғни Сұлтанмахмұттың «Қараңғы қазақ көгіне Өрмелеп шығып күн болам» деуі тарихи фактіге айналып, Мағжанның өлікке толы сары даласы сахнадан мүлдем шығарылып тасталған шақта, алаңсыз күн кешкен жаңа өспірім бозбаланың қаламына әуелі көктемнің көз қызықтырар көріністері ілікпестей реті де жоқ-ты. Және бұл бозбалаңыз мөлдір аспанның астындағы дилы даланың алқоңыр ауасын жұтып өссе ше?! «Таң» — сол ауаның бір лепесі: Бозала таңда бозторғай әлі шыр етпей, Тып-тыныш дала тұмшанып шыққа сүмектей, Жылыстап алып, жарығы налып жұлдыздың Қалтырайды кеп, қаяу бір соққан жүректей. Ұйықтаған бұлттар ұйтқыған желмен жайылып, Тазарады аспан нұрына талғақ шайынып. Сейілмей салқын соныға түсіп топ жылқы, Қотанда қойлар күйісін соңғы қайырып. Бозторғай ұшып, үлгірді сәтте сайрап та, Қарашықтай құс қайда жүр өзі, қай жақта? Табиғат — уыз, шайқалып кетіп шелегі, Әлден-ақ кейін айналады енді қаймаққа. Рас, ол кезде де көктем жайлы жақсы өлеңдер аз емес-ті. Мысалы, Сағи ағаның 1969 жылғы «Оркиік» кітабындағы бір өлеңі былай басталатын: «Көктем зулап өтіп жатыр төбемнен, Көкшіл булар көшіп жатыр белеңнен… Белді буып, бір жұлдызды бетке алып, Бір сиқырлы жолға түсіп келем мен». Сол 1969 жылы шыққан «Мавр» жинағында Мұқағали былай жырлапты: «Япыр-ай! Неткен көктем! Көктем! Көктем! Дүние-ау, сен осылай көкпеңбек пе ең?! Қымырандай ашимын қырға шығып, Өзегімді жалайды өткен-кеткен…». Екеуі де жас буын лезде жаттап алған атақты шумақтар. Екеуі де антологиялық жауһар. Көктемді қарсы алу салтанатының көркем қос жоралғысы. Бірақ, үңіле түссеңіз, осы бастапқы екі шумақтың екеуі де сол келіп тұрған көктемге тек осы шақтың көзімен қарап тұрған жоқ, әріректен өткен шақ және қол бұлғайды. Көз алдымызға көптен таныс кезекті көшпелі көктемге көкшіл буларды жамыла ілесіп бара жатқан бағзы Сағи аға елестер еді. Сондай-ақ қырға шыққан Жыр-Мұқағалидың неге қымырандай ашитыны да бек түсінікті. Ал Кеңшілік ше? Тіпті балауса ақын. Албырт бозбала. Оған осы бұла дәуренде бастан кешкен аз ғана көктемнің әр келуі — жаңалық. Оған өзімен жастас деуге болатындай қызыл-жасыл көктемнің әр көрінісі — ғажайып әсер. Ол (Кеңшілік) қысқы тонын шешіп тастап, гүлді көйлек киіп шыға келген шадыман шақтың ешбір құбылысын да назардан тыс қалдырғысы келмейді. Асырып айтсақ, кенеттен таңсық көп ойыншыққа тап болған айран-асыр сәби тәрізді. Көзіне іліккендер көгенге тізіле қалады: таң, шық, жұлдыз, бұлт, жел, құс… Және, кейбір болмашы кедір-бұдырларды аттап өтер болсақ, осылардың барлығы да өздеріне лайықты теңеулерге ие бола қояды. Мысалы: «Ұйықтаған бұлттар ұйтқыған желмен жайылып…». Біріншіден, түнді негізінен тәуліктің тыншу табар мезгіліне балайтынымыз қандай рас болса, сол түннен шыққан бұлттарды жай бұлттарға емес, ұйықтап жатқан бұлттарға теңеу де сондай жарасымды көрінбей ме?! Екіншіден, осы жолды қайталап оқығанда бұрынғы бір кезеңдерде, әсіресе, шағырмақ шілделерде аспандағы бумақ-бумақ ақша бұлттардың әлдебір жаққа қарай баяу ғана топтала сырғып бара жататыны қайтадан көз алдыңа келеді екен. Ал мына жолдар таң алдындағы шақтың өзгеше бір бедерлі бейнесі: «…Жылыстап алып, жарығы налып жұлдыздың Қалтырайды кеп, қаяу бір соққан жүректей». Жарығы налулы жұлдыз бен қаяу бір соққан (баяу бір соққан емес) жүрек бір-бірін үнсіз түсінісіп тұрған секілді ғой. Дегенмен бұл өлеңнің авторы, жоғарыда айтқанымыздай, албырт бозбала, сол себепті ол тіпті таңғажайып көріністердің өзін ұзақ тамашалап тұра алмайды, оған тағаты жетпейді, әлдебір жақтарға асығады. Сөйтеді де өлеңді шорт қайырады, бірақ мұншама қапылысты қадамын мүлде сездірмейді, солай болуға тиісті екеніне сендіреді, санаға сіңіріп жібереді: «…Табиғат — уыз, шайқалып кетіп шелегі, Әлден-ақ кейін айналады енді қаймаққа». Демек, бұдан кейінгі жолдар — басқа өлеңнің еншісі, бірақ, аңғарсаңыз, мұнда да өткен шақтың ізі жоқ, келер шаққа сілтеме жасалады. Он бестен он алтыға жеткен бозбалаға бозала таң ғана емес, бозғылтым кеш те сүйкімді болатынын өз басынан өткергендер жақсы біледі. Ұлықбек Есдәулеттің жетпісінші жылдардың басында жазылып, жарияланған бойда оқырманды ерекше елең еткізген, қазір де орны бөлек «Намаздыгерде қолатта Ырдуан арба ырғалып…» деп басталатын белгілі өлеңі бар. Сол ымыртта қыр үстін өртеген қырмызы отқа қызыға қараған балаға қасында отырған атасы: «Батысқа, балам, қызықпа, Батқан күн — біздің күніміз. Көкжиек деген сызыққа Сіңгенше ғана тіріміз», — дейтіні бар. Ал қасында атасы жоқ Кеңшілік кешті («Көл жағасында») ешкімнің ескертуінсіз қызыға еркін жырлайды: Кештете көлден самал соқты ғой, Шабандап есіп, сараң соқты ғой. Тыншу мезгілде тыпыршып тұрмын, Самал бола алмай, Амал жоқтық-ой! Жағасы көлдің бозқонақ, өлең, Қоғасы көлдің қозғалады әрең. Лап етіп жанып, лып етіп сөніп, Лықсиды жүрек — бозбала денем. Кемерді шайып толқын келеді, Төбемнен қою бір түн келеді. Тұр өңір тыныш… жүрегімде ұрыс, Шаттықтан шалқып күлкім келеді… Әне, солай. Әдетте кешкі көріністер аса жарқылдақ көңіл-күйдің егіздесі бола бермейтіні белгілі. Көкіректегі мұң-назды көбірек оятатын тұстары да жеткілікті. Яғни кешкі мезгіл салқынқанды сабырлылыққа, бір мезет байыз табуға шақырса керек-ті. Мысалы, мұндай шақты кемеліне келген Ғафу Қайырбеков: «Батар күннің тауда қалды сирағы, Сау денесі сай ішінде қирады. Анау жақтан аю бұлттар шыға кеп, Күннің алтын сынықтарын жинады», — деп құлпырта бейнелеп берер еді. Бірақ сияға қаламұшын баппен батырып, бұлайша байыптай жазып отыруға бозбала ақынның уақыты бар дейсіз бе?! Ол — асығыс қимылдың иесі, лап етіп жанып, лып етіп сөнетін жас жүректің жас қожасы. Ол шабандап есіп, сараң соққан самалдың өзіне де риза емес, сол себепті де «Самал бола алмай, Амал жоқтық-ой!» деп тықыршиды. Денесі көлден тарайтын салқын ауаға да тоңазымайды. Жоқ (әрине, бар болуға тиіс) шаттықтан шалқып, әлденеге күлкісі келеді. Бұл өлең — боямасыз мінездің бір нұсқасы. Ауыл сыртындағы көкпеңбек қыр туралы өлең де жасыл нұр араласқан тұнық тамшылардың бірі. Өлеңнің негізінен қатаң дауыссыз дыбыстардан бас құрап бір-бірін қуалаған ұйқасының өзі сол өлеңдегі қайырусыз құлын-тайлардың тынымсыз шабысы тәрізді, әлсін-әлсін жас тұяқтың әлсіз дүңкілі естілетіндей: …Біздің ауыл аржағы көкпеңбек қыр, Ізгі жауын себелеп көктем кеп тұр. Шаңдақ қырға шашадан көк мелдеп тұр, Қорық болмай әне бір шалғын табан Өріске өткен көп малға өткел боп тұр. … Қорық көрген құнандар көп келмейді, Құлын-тайға қайырусыз өкпем кеп тұр. Әрине, әсіресе, көктем туралы лириканың сызыла түзіліп, әтір араласқан жылы лептей елжіреткеніне не жетсін!? Дегенмен қорықты ойрандаған мына ерке қылқұйрықтылардың олай суреттерліктей қылығы болып тұр ма? Бұлар да осы көктемге қуана жеткен, ойнақтаудан басқада шаруасы жоқ уыз тіршілік иелері емес пе?! Оның үстіне осылай баяндаудың ілгеріден қалған үлгісі де бар екенін білесіз: «…Түйе боздап, қой қоздап — қора да шу, Көбелекпен, құспенен сай да ду-ду». Жалпы «Балалық күндер елесі» деп аталатын бөлімдегі барлық өлеңдерге тән ерекшеліктің біреуі — осы, сезімді қозғаған құбылысты қағазға сол күйі түсіру, аса мағыналы пәлсапамен тереңдетуге тырыспау. Қазақ телевизиясы қазір «Живой голос» дейтін орысша атаудың баламасы ретінде «Жанды дауыс» деген айдар тауып алды ғой, дәп сол сияқты Кеңшіліктің осы бөлімдегі өлеңдері — балалық күндердің керім сипаттарын көз алдыңа әкелетін жай ғана елес емес, жанды елес. Тағы бір өлеңді оқиық: Жағалауда құба тал, Тал арасы жалбыз ғой. Суат жаққа құдаша Келе жатыр, жалғыз ғой. Ақ балтыры қозғалса, Ақ көйлегін жел қаққан. Оң аяғын созғанша, Сол аяғын шаң қапқан… Көркем-ақ шумақтар. Ыстық көңілдің тамылжи тамсанған сәті. Әрине, құдаша, оның үстіне жалбыз кешкен жалғыз құдаша әлде бір құпияңды үнсіз баурауға тиістігі онсыз да белгілі ғой. Ал оған жолшыбай беймәлім жел, бұлдыраған шаң қосылғанда бұған дейінгі көріп тұрған сұлу суретің одан сайын сымбаттана түседі екен. Және бір сөз қоссақ, мұндағы екінші шумағыңыз «Қара жерге қар жауар, Қарды көр де етім көр, Қар үстіне қан тамар, Қанды көр де бетім көрдің» үшінші жақтан айтылатын жаңа тұрпатты вариантын жасап тұрған жоқ па?! Өлеңнің осы жетістігі шұқшиып оқығанда табылатын, жетістікке жатпайтын кінәратты кешіруге мәжбүр етеді. Бұны да тиянақтап өтейік. Қазіргі заманды қоя тұрып айтсақ, бұдан әріде, Кеңшіліктің жинағы жарияланған шақтың өзінде де ұйқас мәселесі шешіліп болған еді ғой. Мәселен, жуан, жіңішке, еріндік, езулік дыбыстыларға зор мән берілетін. Ертеректегі «ат сүріншек» пен «бір келіншек» ұйқасындағы асты-үстілі екі әріпке (і, а) аса мән бермейтін болсақ, бұның өз тарихы бар, өлеңнің өз даму жолына тиесілі заңдылық бар. Тыңдап көріңізші, ыңылдап қосылыңызшы: Қан түссе аяғына ат сүріншек, Келгенде жиырма беске қыз еріншек. Осы әнге шаттандырып салады екен Түбінде займкенің бір келіншек. Әсіресе, әнмен біте қайнасып тұрған соң ұйқастардағы білінер-білінбес мін байқалмай қалады. Халық әндерін, оған қоса, бәлкім, ауылдың алты ауызын шебер қайыратындарды тыңдап өскен Кеңшілік әуенділікпен астасып жататын осы нәзік құпияны зердесіне мол құйып алғаны аңғарылады. Құба тал мен құдаша, жел қаққан мен шаң қапқан, қалай десеңіз де, балталаса бұзылмайтын ұйқастар еместігін былай қойғанда, кемшілікке жатқызуға да болатын ұсақ ақаулықтар. Бірақ оқып отырған шақта, арнайы қайтадан үңіліп қарамасаңыз, осы мін сезілмейді де. Сездірмейтін себеп — сыртқы көркемдік, ішкі үндестік. Бұдан шығатын бір қорытынды, кейде өлеңді мызғымайтын тастабан ұйқастарға байлап қоймай-ақ та көрікті етіп ұсынудың әдістері баршылық екен. Рас, орыс поэзиясында бұл қалыпты құбылыс, бірақ ол басқа әңгіменің еншісі. Ал, құдаша туралы өлеңге қайта оралсақ, мұның алты жолға созылып кеткен соңғы шумағы да әлдебір қимастық сезімнің шоғын үрлейді: …Қадала қарап тұр едім, Қай жақтан… біреу қабаққа Қарсыдан шығып қылт етті, Жүрегім менің бүлк етті… …Жағаның желі жалбыздың Жат исін маған үрлеп тұр. Сіз, әрине, құдашаны көрген жоқсыз, тіпті өлеңде оның ақ маңдайы мен алма беті де нақышталмаған, сонда да әлгі қабаққа қарсыдан қылт етіп шыға келген біреуді онша ұнатыңқырамай қаласыз, ішіңіз удай ашып кетеді. Бір байқалатын жай, осы «Балалық күндер елесіне» жинақталған көктем мен жас дәурен хақындағы өлеңдердің арасында назарға ілігуге лайық еместері кемде-кем: «Қарағым деймін, қайда әлгі бақыт, қайда арман, Басымызға біздің бала жылдарда айналған. Бұлдырап ұшып, буалдыр кеште кетті ме, Қолға ілікпейтін суыртпақ сәуле сайлардан» немесе «Көктемнің кезі, көлдерге құйған қар суы, Балқұрақ қамыс қозғалып кетсе — бал шуы. Бойыңды кейде дір еткізеді, дүние-ай, Байқатпай ғана аяулы сезім шаншуы» әйтпесе «Есіңде бар ма, ел қонған мезгіл жайлауға, Көде мен көкпек көз жауын алып сайларда. Табаның жерге тұра алмаушы еді тайғанап, Сәскенің сәруар сәулесі қырды шайғанда». Міне, осылайша әр өлең сезімді әйтеуір бір шымшып кетеді. Солардың ішінде, әрине, «Анардың» орны тым бөлек еді. Кеңшіліктің осы «Анар» деп аталатын (1969 жылы жазылған) өлеңі тым қысқартып басылғаны (58 жолдың 17 жолға түсірілгені) бұдан бұрын да бірнеше рет айтылды. Кейінгі жинақтарда тұтасымен басылды да. Әйтсе де тап осы өлеңде моральға жат түк те жоқ еді. Бұл — ылғи да кінәлі болуға бейім тұратын, себебі сырбаз сабыр мен тұрақты төзімге жолдастыққа жарай бермейтін ыстық қанды сезім байғұстың бір сәт асып-төгілген суреті. Солай-ақ болсын делік. Сонда да бұл өлеңнің соншама жазаланар жөні бар ма еді?! Тіпті осы жылдар шамасында «Жазушы» баспасы Қадыр Мырзалиевтің аудармасымен шығарған Овидийдің шағын кітапшасындағы кей жолдарды оқығанда «Анарға» жылап көріскендейсіз ғой. Дегенмен бұл ретте коммунистік моральдің жалпы моральдан өзгешелеу болғанын, яғни тым ұялшақ күн кешкенін ұмытуға да болмас. Сол себепті кітап редакторының әсіре сақтығын да, оның арғы жағындағы цензураның қатаң талабын да түсінгің келетін сияқты. Тіпті Мұқағалидың өзі 1971 жылғы кітаптарға талдау жасай отырып, сол шамадағы «болашағынан зор үміт күттіретін, қазірдің өзінде творчествосы қалыптасып қалған» үш жас ақынның «Қолымды апардым дірілдеп, Үстіне жұп-жұмыр тізеңнің» немесе «Сипайық санын қаракөз қыздың ақ балық» әйтпесе «Құлаған өзім емес, есім жисам, Құлаған сені сүйеп тұр екенмін» деген жолдары бар өлеңдерін сынға алып, «Ақын деген — адам сезімі тұнықтығының сақшысы дегеніміз қайда?!» деп реніш білдірмейтін бе еді?! Ал қазіргі сапасыз эротикалық өлеңдерді көргенде ойға қаласыз: мораль коммунистік қоғамның ғана кодексі ме еді?! Қалай болғанда да, «Жиырмасыншы ғасыр жырлайды» атты екі томдық антологияны құрастырушы Сауытбек Абдрахманов «Кеңшілік Мырзабеков, басқаны былай қойғанда, «Анар» атты жалғыз өлеңімен-ақ қазақ әдебиетінің тарихында қала алатын ақын» деп баға берген өлеңді осы тұста толық ұсынудың реті келіп-ақ отыр: АНАР Бар ма екен сенің есіңде, Балқаймақ күндер шайқаусыз. Бұлтиып бір зат төсіңде Булығып өсті байқаусыз. Құрақтай қаулап қолаң шаш, Құралпы қатар қызғанған. Қынай бел қыпша, қаламқас, Қашқақтап өстің қыздардан. Омыраудың дауысын шығарып, Алқа мен шашбау тағынбай. Тал шыбық бойың бұралып, Тәнті етпес қимыл табылмай. Томардан түскен шоққа ұсап, Томсарып көзің жанғанда. Тай сезіміңе ноқта сап, Тулатпай ұстап алғанда, Жалғанда ешкім жоққа ұсап, Тезекке бірге барғанда Кезекпен әнге салғанда Кезіккенімді білмеппін Қадір түн — қайран, арманға! Қақпаша жағаң күн қағып, Қадалған түймең қатарлай. Кеудеңе кейде ұрланып Қарайтын едім бата алмай. Бойың да өсті булығып, Ойың да өсті булығып. Тамырын тартпай бәйшешек Шыға ма жерге суырылып. …Екінді құлай еңкуге Елгезек самал елпілдеп, Жаға мен жеңнен жел гулеп, Жел тиген етек желпілдеп, Ақ тезек тердік, арқаға Алаша қапшық төркіндеп. Көденің түбі қараңдап, Кіреуке тартты нарт іңір. Жалқаяқ жалқын талаурап, Жуасып жатты жалқы қыр. Қапшықты қозғап бар дене Көтере берген сәтіңде, Дар ете түсті әлдене, Күн қаққан жағаң, нәтінде… Секемсіз тұр ем алдыңда, Сескеніп менен қалдың ба, Айдындай төсің мөлт етті, Қос шабақ көлге шолп етті Оралып өскен балдырға. Он екі мүшең кетіктей Қымсыңдың неге алдымда, Айыпты тозған көйлек пе, Айымыз басқа тағдыр ма?!. …Одан соң талай жыл өтті, Аулыңа талай бардым да, Сәбиіңді көрдім алдыңда, Аңқитып төсіңді иітіп, Разы боп сонда отырдың Айымыз басқа тағдырға. Міне, осындай өлеңдер қайшыға түскеннен кейін Кеңшілік пен оның замандастары қаламдарын қалайша іркіп ұстауға мәжбүр болғандарын шамалауға болатын шығар. «Анар» тәрізді тағы бір өлеңі қалай қапасқа отырып шыққанын Кеңшілік кейін өз әңгімелерінің бірінде және айтқаны бар: «Мен бесіктен белім жаңа ғана шығып, әдебиетке әлі толық келіп үлгермеген кезімде «Тың жыртқан жыл немесе боз бие» деген дүние жаздым. Осы өлеңді он сегіз жыл жариялата алмай жүріп-жүріп 1985 жылы ақын Иранбек Оразбаев «Жазушы» баспасында менің жинағыма редактор болған кезде әрең-әрең шығардым». Бұл — бір. Екіншіден, ол кезде өлең, расын айтқанда, шабыттың жемісі ғана емес, тіршіліктің бір көзі де еді. Өлеңді былай қойғанда, жайдақ мақаламен де белгілі бір дәрежеде нәпақа айыруға болатынын КазГУ-дің сол кездегі журналистика факультетінің студенттері де жақсы білетін. Осындай шақта жарияланбайтын жырлар жазуға құштарлық ояна қоймауы да заңдылыққа айналған. Сананы тұрмыс билейтіні қаншалықты рас болса, қаламақыны отбасының мүддесі соншалықты талап ететіні де түсінікті жай ғой. Солайша өлеңнің әр жолына төленетін мырза қаламақы сапаны сандалысқа ұшыратқанын да жасыруға болмас. Бірақ бұл да соңы дауға соқтыратын ұзақ әңгіме. Ал біз қысқа әңгімемізді тұйықтайық. Әдетте тұңғыш кітабын кейін пәршелеп жыртып тастаған (әрине, өз туындысына өзі риза болмаған соң) небір ақындарды үлгі ететініміз бар. Бірақ бұл — шарт емес, жекелеген деректер, ұзақ талдауға ұласуға бейім астарлы ұшқындар. Ал негізінде тұңғыш кітап жыртылмауға тиіс. Осы Кеңшілік Мырзабеков тәрізді біраз ақындарымыздың тұңғыш кітаптары кейін тіпті де жыртылмағаны қандай ғанибет! Ал Кеңшіліктің балалық күндер елесімен басталған бұл нұрлы көктемі кейін жайдары жазға қалай ұласқаны, әрине, барша оқырманға әбден мәлім. Ертай АШЫҚБАЕВ, aktobegazeti.kz