Сахна саңлағы Хабиба Елебекова дүниеден озды
2016 ж. 18 қазан
2491
0
Қазақтың маңдайына біткен сахна саңлағы Хабиба Елебекова дүниеден озды. Бұл туралы qazaquni.kz порталының тілшісі хабарлайды.
Хабиба Қарақбайқызы Елебекова 1916 жылы Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Томар ауылында дүниеге келген. Қазақстанның еңбек сіңірген артисі.
Елебекованың театр сахнасында сомдаған алғашқы рөлі — Қарагөз (Ж.Шаниннің “Арқалық батыр” спектаклінде). Актрисаның ойнаған рөлдерінің жалпы саны 100-ден асады. Олардың ең көрнектілері — М.Әуезовтің “Абайындағы” Қанікей, Ұлжан, “Қарақыпшақ Қобыландыдағы” Күнікей, Ғ.Мүсіреповтің “Қозы Көрпеш — Баян Сұлуындағы” Мақпал, Б.Майлин мен Ғ.Мүсіреповтің “Амангелдісіндегі” Қырмызы, Б.Майлиннің “Майданындағы” Мамық, Қ.Аманжоловтың “Досымның үйленуіндегі” Айғаным, Иран-Ғайыптың “Естайдың Қорланындағы” Айнаш, т.б.
Сондай-ақ, Елебекова — белгілі әнші, өз жұбайы Ж.Елебеков туралы “Үні кетпес құлақтан” (1981), “Ән-Аманат” (1989), “Қайран Жүсекем” (1998) кітаптарының авторы.
Марқұмның балалары мен туған-туыстарына, сонымен қатар, сахна саңлағының өнерін құрмет тұтқан барша қазақ халқына портал редакциясы атынан қайғырып көңіл білдіреміз.