1985 жыл. Аспирантпын. Қосымша табыс үшін Асқар есімді азамат екеуіміз түнде Мәскеудің 1905 жыл көшесіндегі трамвай депосында жұмыс жасаймыз. Николай деген түрі қазаққа ұқсас егде бригадир бір күні бізден қазақша сөйлесуімізді өтінді. Біз сөйлесе бастағанда көзі жасаурап, көңілі бұзылып, бұрылып кетті. Кейін өз тағдырын баяндап берді. Ол қазақ екен.
Ашаршылық зардабынан 2-3 жасар баланы анасы Мәскеуге бара жатқан отарбадағы біреулерге табыстаған деп ойлайтынын айтты. Солай деп өзі тәрбиеленген балалар үйіндегілер айтса керек. Бар білетіні қазақ екендігі және Қостанай атауы. Ол туған жері ме, не отарба аялдаған жер ме, одан бейхабар. Заты қазақ болғанымен таза орыс-кеңес мәдениетінің өкілі болып тәрбиеленген. Іштей Қазақстанды көруді армандағанмен, оны жүзеге асыруға жүрексінеді екен. Отбасы да құптамаса керек. Барғанымен ешкімді білмейтінін айтып, көңілі құлазыды.
Келесі түні Николай қазақша ән айтуымызды өтінді. Ән айтылғанда көзінен жас парлап қоя берді. Кейін ауысымдарымыз тура келген сайын бізге ән салғызатын болды. Николай бізге ағалық қамқорлық жасап, жатақханадағы достарымызға асханадан сәлемдеме жіберіп тұрды. Түнгі жұмысты доғарып, қоштасуға келгенімізде: "Мен енді ғана қазақтың жанын түсіне бастадым. Әсіресе қазақтың әндері қатты әсер етті. Сендерге рахмет. Мауқымды басқандай болдым. Елді бір көріп қайтуға бел будым"- деп, бізге батасын берді.
Әлихан Байменовтың фейсбуктегі жазбасынан