Несіпбек Айтұлы: Еңліктің әрекеті - қазақ қызына жат қылық
2016 ж. 13 қазан
11109
32
Біз Егемен еліміздің 25 жылдығында биік белестерді бағындырып келеміз, Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында қарышты қадамдар жасап жатырмыз, ел еңсесі тіктеліп, экономикамыз да, мәдениетіміз де ілгері дамып, ел санасатын дәрежеге жеттік. Аллаға шүкір! Осындай жетістіктеріміздің арқасында қазақ халқын әлем танып отыр. Алдымызда ЭКСПО келе жатыр, бұл да зор жетістігіміздің бірегейі деп білемін.
Өкінішке орай, бүгінгі қоғамда келеңсіз оқиғалар да жиі орын алып жатыр. Кешегі күнгі Мәдениет және спорт министріне қатысты алып-қашпа әңгімені тарату өз басым қылмыс деп білемін! Осыны ұйымдастырып отырғандардың өздерін кінәлі деп тану керек.
Біріншіден, кез келген адамды бес-алты жылдан кейін айыптау – азаматтық құқықты бұзу деген сөз. Біреудің атымен біреуге қиянат жасайтын азаматтар заң бойынша жазаға тартылуға тиіс деп ойлаймын. Екіншіден, мұның артында тұрған бірқатар азаматтар бар екен. Қоғамда ол туралы әңгіме бар. Мұны қыздың жалғыз өзінің әрекеті дегенге күдіктенемін. Кейінгі кезде, біреуді қаралап, күйе жағатындар қатарында бірқатар адамдардың тұрғаны ұятты жағдай. Жалпы, біздің мәдениетке, салтымызға, дәстүрімізге жатпайтын, жат қылық бұл. Өкінішке орай, соңғы кездері үлкенді сыйламау, кісіні қадірлемеу белең алып барады. Тіпті, ар-ұяттан аттап, намыстан безіп барамыз...
Бұның ар жағында басқа бір мәселе тұр, кім айтса да. Қазақтың азаматтары, ер азаматтары ұсақ-түйек шаруамен айналыспауы керек, әрі-беріден соң. Біреудің қолтығына су бүркіп... Елді дүрліктірудің қажеті қанша? Басқа да шаруалар жетіп жатыр ғой... Бұл енді ұят емес пе?
[caption id="" align="aligncenter" width="437"] Еңлік Сыдықова[/caption]Мынау – қазақтың азаматының, қазақтың қызының шаруасы емес. Мұны азаматтарымыздың ұсақталғанының, қыздарымыздың көргенсіздікке бой алдырғанының белгісі деп ұғамын.
Азаматқа жала жабу – ұят! Сондықтан, заң жөнінен келсе де, адамгершілік жөнінен келсе де, мынадай азаматты мұқату үшін, оны басқа бір мақсаттармен аяғынан сүріндіру үшін елдікке, тіпті қазаққа, кісілікке жараспайтын әрекетке бару – ҚАЗАҚТЫҢ ҚЫЗДАРЫНА ҰЯТ НӘРСЕ! ОСЫНЫ ҚОСТАП ЖАТҚАН АЗАМАТТАРДЫҢ ТҰЛҒАСЫНА, КІСІЛІГІНЕ ҰЯТ НӘРСЕ!
Мен бұл қыз бала қоғам алдында өзінің осы іс-әрекеті үшін ұялып, кешірім сұрауы тиіс деп ойлаймын.
Бәріміз де адамбыз, бәріміз де азаматпыз. Сондықтан, Арыстанбектің сыртынан айтылып жатқан сөздер шындыққа жанаспайды.
Өз басым Арыстанбекті жастайынан білемін. Өз саласының шебері. Белгілі қоғам қайраткері. Елбасымыздың тапсырмаларын жауапкершілікпен орындап келе жатқан азамат. Ол министрлікке келгелі бері қаншама істі аянбай атқарып, іскерлігін дәлелдеп келеді.
Арыстанбек – мәдениеттің, өнердің саласымен біте қайнасып, сол үшін жаралған адам.
Несіпбек АЙТҰЛЫ, Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты qazaquni.kz