САБЫРЖАН МАХМЕТОВ: БІЗ – БАЙЫРҒЫ ЖӘНЕ БҮГІНГІ ҚАЗАҚ ЖЕРІНІҢ ҚОЖАСЫМЫЗ
2016 ж. 10 қазан
5750
4
Менің намысыма тиіп жүрген мәселе – соңғы кездері бізде «сабырлы, төзімді, көнбіс болайық» деген ұрандардың жиі айтылуы. Жаратқан адамға малдан ерекше болсын деп өзіндік көзқарас, сана, ұстаным берді емес пе?
Өз ойын бүгіп, үнемі үндемейтін қоғамда екіжүзділер мен қорқақтар көбейеді. Ал, Қазақ – қасқыр. Бөрі секілді қайсар. Арыстан, барыс дегендер мысық тұқымдас болғандықтан қолға үйренеді, циркте билеп, елдің көңілін көтереді, қол жалайды. Ал қасқыр жарықтықтың хайуанаттар бағында, торда торығып тұрғанын ғана көресің. Сонда да рухы тәуелсіз екенін байқатып, көзінен от шашып тұрады. Оны маймылша билетуге ешкімнің тәуекелі бармайды, билете де алмайды! Түркі халықтарының арасында Асыл түрік саналатын қазақтың осындай ерекшеліктері барын бас жақтағылар қаперден шығармауы керек. Қазақ қонақты құрметтейді, сыйлайды, бірақ бағынбайды. Біздегі 130-дан астам делінетін ұлт өкілдерінің өз тарихи отандары бар. Күн туса бас сауғалап кетуіне болады. Ал қазақтың жалғыз Отаны – Қазақ елі! Біз – байырғы және бүгінгі қазақ жерінің қожасымыз! Ел мен жер бабалардан аманатқа қалған. Біз ол аманатты өз ұрпағымызға бүтін табыстауымыз керек!
Қазақтың алтын бесігі – ауыл. Ақының да, батырың да, ғалымың да сол қараша үйлерде, бесік жырын тыңдап өскен. Жаугерлік рух ананың әлдиімен, әкенің ұранымен ұрпақ бойына сіңді, атаның намысты сөзі қайралған қылыштай лыпыған перзент тәрбиеледі. Бір қарапайым мысал айтайын, кезінде қазақ жастары жиын-тойда түйенің, өгіздің жілігін қолмен ұрып сындырған екен. Сындыра алмағаны «Масқара болдым!» деп ұяттан өліп кете жаздайды. Осындай намысқа баулитын тәрбие бар-тын. Ал қазіргі жастар ше? Кейбірінің тауықтың да сүйегін сындыра аларына шүбәм бар.
Осы күні намысты, рухы өр, өзгелерді тұқырта сөйлей алатын жігіттердің мекені түрме болды. «Ат жақсысы – кермеде, ер жақсысы – түрмеде»… Өзекті өкініш өртейді. Бұның өзі тамырдан ажырағанымызды байқатады. Заманында осы кең сахарада бірде-бір абақты болмаған. Өйткені, біз екі сөйлемейтін текті едік. Батыр да, хан да әділеттің ақ туына тағзым етті, «екі сөйлегенім өлгенім» деп хақ сөйледі. Қазір ше? Бастан сабалай берген тұлпардай бүгелек күйге түстік, ортамызда алға шыққанды, жол сілтеген азаматты аранға жыққысы келетін, ішін қызғаныштың қызыл иті жайлап алған ағайын көбейді. Түбімізге сол пасықтар жетеді! Менің аттасым Сабыр Адай «Әр қазақ менің жалғызым» дейді, мен «Әр қазақ менің Асылым!» деймін. Асылыңнан айырылсаң адамдығыңнан айырыласың. Ұлт беделін, тектілігін сақтап қалу үшін қасық қаным қалғанша күресуге әзірмін.
Өкінішке қарай, спортшыларды тек білек күшіне сенген, ұрда-жық деп бағалаушылар көп. Қатты қателеседі! Спортшылар арасында «білегімен бірді, білімімен мыңды жыққан» жігіттер баршылық. Олардың жүрегі «қазағым» деп соғады, осы елдің қуанғанын көрсе – шаттанады, күңіренгенін көрсе – ширығады. Менің өз есебім бойынша қазақта жүректі, білекті, білімді екі жүздей спортшы бар. Қалғандары – екіжүзді, бүгіні үшін билік алдында бүгежектегендер. Қарақан басын ойлағандардан ұлы жеңіс күту бекер. Іші ірігеннен ірілік шықпайды. Осы күнгі қазақ жауынгерлері деп спорттың жекпе-жек түрлерінде жүрген жігіттерді атаса болар. Оларды парашюттан секірт, отқа, суға салшы – ешкімнен тайсалмайды, оларға ешкім қарсы да келе алмайды. Себебі, тегі батыр! Бәрі Ертөстік секілді бір-бір төбе!
Мәселен, «Қазақ футболы қашан өркендейді» деп күйінеміз. Осы бетімен жүре берсе – ешқашан. Себебі, құрамадағылардың бәрі – «ақсүйек», «көксүйектердің» балалары. Футболға қыруар қаражат бөлінеді, көп ақшаға жаттықтырушы жалдайды. Бірақ футболды бай балалары жем жейтін «ақыр» күйінен құтқармасақ, бұл сала дамымайды. Ауылдағы дарынды балаларды жинап, Бразилия, Аргентина сынды елдердің ең құрығанда үшінші дәрежелі жаттықтырушыларын алдырсақ, 10 жылда бір жетістікке жетеріміз анық.
Ал қазіргі қазақ баласының қалі қалай? Оны кім іздеді? Олар кеш батқанда «ертеңгі нанды қайдан тауып жеймін?» деп қып-қызыл болып ұясына кіріп бара жатқан күнге қамыға қарайды. Пана болған, сая болған кім бар?! Ал ауылдағы жастарда үн жоқ. Ыңырсымайды, қыңсыламайды! Аталарының «Қасқырдың терісін тірідей сыпырсаң да қыңсыламайды» деген сөзін түйсініп, өз бетінше күн көруге талпынып жүр. Кейбірі жолдан тайса лезде төбеден «шұғыл түрде бұзықтар мен қылмыскерлерге қарсы күрес жариялаңдар» деген бұйрық бұрқ ете түседі. Өзі қылмыс жасап отырғанын түсінбейтіндер өзгелердің қылмысымен күреспек…
Бұл – ұлттық мәселе, ұлт трагедиясы болып тұр. Анам марқұм «еркіндік деген – адалдық» дейтін. Ел еркін, тәуелсіз болуы үшін әр қазақ Отанына, ұлтына адал болуы керек. Сол адал ұлдарды бағалай білуіміз керек. Аллаға шүкір, ондай азаматтар бар. Мысалы, Қанат Ислам. Ол жігіт Бейжіңде жақсы нәтиже көрсетті. Егер финалда Бақыт Сәрсекбаевпен шықса, Қанат жеңетініне шүбәланған емеспін. Ақылы мен қайраты тасыған, өте мықты жігіт. Қанатты 75 келі салмақта Лондонға апару керек еді… Елім, жерім деп, атажұртты аңсап келген жігітті өзектен тептік. Түсіне білген адамға Қанаттың «Қазақты әлі шаталар билеп отыр екен» деп түнере айтқан сөзі – өте ауыр сөз. Бір ауыз сөзбен бүгінгі саясаткерлерге диагноз қою – бөріліктің, іріліктің белгісі. Азаматсың, бауырым! Бір-екі жеңістен соң марапат пен қызметке бөгіп қалған көп спортшыдан Қанаттың десі басым!
Қазір билікте жүрген жігіттердің көбінде төрт-бес диломнан бар. Бәрі ақылды, данышпан. Бірақ қорқақ… Басқаны былай қойғанда әйелінің қабағы шытылса кірерге тесік таппайды. Отбасына ие бола алмай жүргендер мемлекетке еге болып мандыта ма? Еркектік мінез жетіспейді…
«Қазақ мемлекеті ең әуелі қазақты қолдауы керек!» деген қарапайым қағиданы түсінбейді төбедегі төресымақтар. Мына іргедегі Түркімен мен Өзбекстанда осындай мәселе бар ма? Ешкімнің басын жарып, көзін шығарған жоқ, бірақ өз тілін, өз ділін, өз дінін, өз ұлтын алға шығарды. Өзгелер өкпелеген жоқ, қайта соларға ұқсауға, соларша назарға алынуға талпынды. Ал біз өзгелерді қазаққа үлгі етеміз, қазақтың өзгелерге еліктегенін, солардың тілінде сөйлеп, қонақтың алдында құрақ ұшқанын қалаймыз. Үйдің иесі екенін ұмыттырмақпыз… Міне, соның жемісі: Тәуелсіздік алғалы 25 жыл өтсе де қазақ баласы көше сыпырып, қыз-жігіттер құл болып жүр. Неге?! Осыны ойласам көңілім құлазып, жігерім құм болады.
Жер бетінде елі жоқ, туы жоқ, Отаны жоқ қаншама ұлт бар? Қазақты солардың қатарына қосқысы келетін қаскөйлер жетерлік. Құл еткісі келетіндер де аз емес. «Аюды алқымынан алмақ болып атылар, анталаған жауды қоралы қойдай ықтырар бөрілік бер!» деймін Жаратқанға. Бізде намыс бар! 89-жылы Жаңаөзенде таулықтарды, 90-жылдары Оралда казактарды тәубесіне келтірдік, Семейде шешендерді орнына қойдық. Қазақтың төрге шығарса да төбеге шығармайтынын түсіндірдік. Желтоқсан көтерілісінен кейін қазақтардың рухы көтеріліп, ауызбірлігі күшейіп еді. Ал одан соң… Содан соң қазақ рухын жасыту, жуасыту механизмі іске қосылды. Тепсініп келгенді тіксініп қарсы алатын, қазақ азаматтарының ұйытқысы болған жігіттердің көбі абақтыға жабылды. Атылды! Өзімді де жазықсыздан жазықсыз 7 жылға жапты… «Адалдың аты арымайды». Осы жасқа келгенше бір сәбидің көз жасына қалып, бір қарияның алдын кесіп өтпеген қазақпын.
Қазақ еліндегі саясат тым былғанышты, өте лас. 2006 жылы өзім бас болып «Халық дабылы» деген ұйым құрдым. Ұлттың сөзін сөйлеп, жоғын жоқтайтын, бұралаңсыз тік жүретін бір ұйым болса екен деп армандадым. Үкіметке «Президенттікке сайланатын адам қазақ тілін білуге міндетті, емтихан тапсырады. Демек, министрлер де мемлекеттік тілді білуге міндетті!» деген талап қойдық, «Анасы сырқаттың – ұрпағы сырқат» деп базарда сауда жасап жүрген, телім-телімі шыққан қыз-келіншектер, аналар мәселесін қозғадық. Бірақ биліктің құрығы ұзын. Айналамдағы адамдардың пейілі бұзылды, кедергі көп болды. Шошындым! Біреуге он мың теңгеге көрсетілетін қызмет саған 100 мыңға бағаланады… Арқасүйер санағаның әлдекімдердің әуеніне төңкеріліп шыға келеді. Содан кейін қоя қойдым. Қаншама есіл еңбек, қаржы кетті. Садақа!
Алаш арыстары армандаған Ұлттық мемлекет құрудың сәті келіп-ақ тұр. Ол үшін қазақ ауызбірлікті болуы керек. Бірімізді біріміз тірі күнімізде сыйлайық. Мысалы, мен қазақты бөлмеймін. Өйткені, осы жерді бар қазақтың ата-бабасы бірлесе қорғаған. Қазағымды өзім жамандап көрмеппін, өзгеге де айтқызбаймын! Осы ұстанымыз бәрімізге ортақ болса, бар қазақ бақытты болады деп ойлаймын.
Айтпақшы, анау «қазақта ел жоқ, жер болмаған» деп жүргендермен кездеспей жүрмін. Кездесіп қалса… Обалдары өздеріне! Малды таяқпен ғана қайырады!
Түпнұсқадағы тақырып: Қазақта жүректі, білекті, білімді 200-дей спортшы бар
Қалғандары – екіжүзді, бүгіні үшін билік алдында бүгежектегендер...
Ескерту: Сабыржан Махметовтың жоғарыда айтқан ой-толғаулары әуелі «Парасат» журналында жарық көріп, ықшамдалған нұсқасы «Саңлақ» журналының №3 санында (2016 жыл, қыркүйек айы) ықшамдалып жарияланды. Біз сол ықшамдалған нұсқасын алып отырмыз.
Abai.kz