Қазақстанда жаңа министрлік құрылды
2016 ж. 07 қазан
2084
0
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігін құру туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметісхабарлады.
Қазақстан Конституциясының 44-бабының 3) тармақшасына сәйкес мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту және оның тиімділігін арттыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қазақстанның Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) құрылсын.
Қорғаныс, аэроғарыш өнеркәсібі және электрондық өнеркәсіп, ақпараттандыру және байланыс саласындағы ақпараттық қауіпсіздік (киберқауіпсіздік), жұмылдыру даярлығы және жұмылдыру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру, мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыру және дамыту, бірыңғай әскери-техникалық саясатты және әскери-техникалық ынтымақтастықты жүргізуге қатысу, қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру, орналастыру және орындау саласындағы басшылық Министрлік қызметінің негізгі бағыттары болып айқындалсын.
Жаңадан құрылған Министрлікке:
Қазақстанның Қорғаныс министрлігінен – қорғаныс өнеркәсібі саласындағы;
Қазақстанның Инвестициялар және даму министрлігінен – ғарыш қызметі саласындағы;
Қазақстанның Ұлттық экономика министрлігінен – жұмылдыру даярлығы және жұмылдыру, мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыру және дамыту саласындағы;
Қазақстан премьер-министрінің Кеңсесінен – ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және Қазақстанның Ақпарат және коммуникациялар министрлігінен ақпараттандыру және байланыс саласындағы ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы функциялар мен өкілеттіктер берілсін.
2. Қазақстанның үкіметі:
1) Қазақстанның Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитетін, Аэроғарыш комитетін және Мемлекеттік материалдық резервтер комитетін құруды;
2) осы жарлықтан туындайтын өзге де шаралар қабылдауды қамтамасыз етсін.
3. «Қазақстан үкіметінің құрылымы туралы» Қазақстан президентінің 1999 жылғы 22 қаңтардағы № 6 жарлығына мынадай толықтыру енгізілсін:
1-тармақта:
«Қазақстанның Қорғаныс министрлігі;» деген жолдан кейін мынадай мазмұндағы жолмен толықтырылсын:
«Қазақстанның Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі;».
4. Осы жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан президентінің әкімшілігіне жүктелсін.
5. Осы жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.