Елім деп келіп, еңіреп қаларымды білмеппін...
2016 ж. 04 қазан
3493
1
...Осы жылдың басында маған Алматы облысы Қаратал ауданына қарасты Ескелді би ауылынан қандасымыз Құрмет Жұмаділ деген азамат хабарласты. Бұдан бірталай бұрын ол Қытайдан Ақмола облысының Ерейментау ауданына қоныс аударған еді. Тарихи Отанындағы алғашқы ат басын тоқтатқан жері оның отбасына қайғының қара бұлтын тұмшалатты. Ата жұртын аңсап жеткенде бір шиеттей сәбиінен қапыда айрылған еді.
Осы оқиғадан кейін көп ұзамай Алатаудың баурайына көшіп кетті. Қазіргі тұрақтаған жері жайлы да сияқты. Жұрт қатарлы өмір сүріп жатқандарын қуана жеткізді ол. Жігер деген баласына ақындық өнер қонып, облыстық мүшәйраларда жүлдегер болып жүргенін де мақтана айтты.
«Әттең!.. кіші балам тірі болғанда ғой!» деп өзегін өртеген сол бір күндерді де еріксіз есіне алды. Мен Құрмет бауырымыздың: «Аға, сіз журналиссіз ғой, ішіміздегі шер-мұңды тарқатып, әңгіме жазарсыз» деп өзіме қалдырып кеткен жазбаларын тағы бір рет қарап, қандас бауырымыз бастан кешкен сол қайғылы оқиға жөнінде қалам тербеуді жөн көрдім.
* * *
...Кісі қолынан мерт болған баласының өлімі Құрметтің өмірін өксікке толтырып, жанарынан қайғының жасын парлатты. Адамның жаны қанша сірі болса да, ондай қайғы-қасіреттен жүрекке шемен болып қатқан шерді тарқату оңай емес екен-ау.
Баласы бес-ақ жасында қыршын кетті. Қаныпезердің жайқалып өсіп келе жатқан жас шыбықты сындырып, ботадай жаутаңдаған бейкүнә сәбиді өлімге қиып, қалай ғана қысастық жасауға дәті барды екен?! Шеттен келіп, елге енді орнығып жатқан Құрметтің жас шаңырағы осылай қайғының қара түндігіне тұмшаланып, қасіреттің нала жасына оранды. Жүдеген көңілдерін жұбатып, жан дүниесін ащы өксік қайғыдан арылтып, қамқор болар жақын ағайыны да қасынан табылса ше?..
Бұған да Құрмет өзін жиі кінәлайды. Соқа басы тек отбасын ертіп, тоқтау айтқан ағайынға да қарайламай, ата жұртым деп тартып отырғаны өзіне сор болды. Келгеніне өкінбейді-ау, бірақ, «жығылғанға жұдырық» болып тиген баласының өлімін естісе, Қытайдағы ағайындары да мұны табаламас дейсіз бе?!
Міне, сай сүйегін сырқыратып, жан жүрегін жаралаған бұл қайғы Құрметке ауыр соққы болып тиіп, шаншу болып қадалғанының бір сыры да осы еді. Өзінің жас шаңырағын тарихи Отанына көшіріп әкеліп, оның уығын шаншып, керегесін бекітудегі бар діттегені – қалың қазақтың байырғы өлкесінде қалған ғұмырын баянды өткізу-тін.
Амал не, тағдырдың салған тауқыметіне қарсы тұрар қауқар болса ғой. Қиындық атаулы қанша айналып өтсең де, кейде төбеңнен ұрғандай есеңгірететін өмір көріністері де әр пенденің аяғына оралатыны бар. Осындай жан алқымынан алып, жаныңды қысқан қытымыр қысастық неліктен Құрмет сияқты елім деп еңіреп келген жандарды айналсоқтайды екен деп те қаласың.
Құрметтің өзі қайғы жұтып отырып, қапаланған шағында өзінің дүние есігін ашқан Қытайдағы туған жерін де, ондағы ата жұртын аңсаған балалық шағындағы өмір телбелістерін де жиі еске алады. Сол күндер көз алдынан көлбеңдеп жиі өтеді.
Адам үшін туған жер, ата жұрттан ыстық ештеңе жоқ шығар, сірә. Әр адам өмір есігін ашқаннан өзінің туған төсінде баянды ғұмыр кешуді қалайтыны бар. Өзінің өмірге келген осы бір өлкесінде өрелі биіктерге көтеріліп, өрісі кең істерге жетсем деген тілек-арманы қашанда қатар жүретін. Шет елде тарыдай шашылып жүрген қаншама қандастарымыз қазақтың байырғы еліне келіп, тарихи Отанынан тағат табуды аңсайды.
Құрмет Жұмаділ Қытайдағы қалың қазақтың ортасында өсіп, ешнәрседен мұқтаждық көрмей, ер жеткен қазақтың бір баласы еді. Тек тарихи ата жұртына деген сағыныш сезімі оның жас жүрегін баурап, қазақ елі десе, елеңдеп тұратын халге түскені де анық еді. Адам ит тірлік өмір сүрмек болса да, жылқы мінезді қазақтың киелі елін сарғайып, сағынатыны оның басқа ұлттан асқақ тұратынын көрсетсе керек. Бәлкім, сосын да болар, Құрметтің ата жұртына деген ынтық сезімге жиі бөленіп, жүрек түкпірінде жатқан сағыныш отының жалынына жиі жылынатыны. Үлкендердің қазақ елі жайлы айтқан айшықты әңгімелерін де құлағына құйып алуға тырысты. Осындай сезім жетегінде жүрген оған асқан асуларға жетелеп, талпындыратын нәрседе қазақтың жерінде ғана «жұмақ өмір» бар екенінен хабар беретіндей көрінетін.
Есейе келе, кешегі қым-қуыт аласапыран кезеңде қаншама қазақ ағайындарымыз қыр асып, босып кеткенін де естіп-білді. Ал, Қытай жеріндегі ғасырлар бойы қазақ болып қоныстанған өлкені «туған жер» санайтын қандастарымыз да «ата жұрт» ұғымы тек қазақтың еркіндік алған еліне қатысты ғана айтылатынын ұғынды.
Жат жұрттық өмірдің тірлігінен гөрі «елінің басы болмаса да, сайының тасы болмаққа» талпынған сол Құрмет бауырымыздың ата жұртына оралуының бір сыры да осы еді. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан боладының» астарында қастерлі ұғым жатқанын түйсігіне түйген ол артындағы ағайындарына да еш қарайламастан, өзінің жастығына да қарамастан Қытайдың Құмыл аймағының Аралтөбе ауданынан жүгін артып қазақ жеріне көшін бұрған еді.
Әрине, балғын балалық шағы, бозбала кезі өткен туған өлкесін тастап, ата-анасы, ағайын-жұртынан алшақтап кету оған оңай соқпағаны да анық. Қоштасар сәттегі ата-анасының: «Қарағым, қайда кетіп барасың, бұл да Қытай жері демесең, өз қазағымыздың байырғы төл мекені ғой. Ойланарсың,
балам!» деп елжіреп, қиылып, қимастықпен қараған кейпін Құрмет ешқашан ұмыта алмасын білді. Ондағы өзін қамықтырған ой, қытай болса ішкерілеп кіріп, қытайлану қаупі де молайып бара жатқанда, ұрпағының ертеңгі күні не болар деген қиналыс еді. Ал, болашағына секеммен қарап күн көргенше ата-жұртына жетіп, бірақ жығылып, жаймашуақ өмірдің ырғағына түсу адамның басты бақыты да, қуанышы болар.
Қазақ жеріне алғаш табаны тиген сәтте-ақ Құрметтің өн бойын бір сезім баурап алды. Ол еркіндіктің лебі болып есілгендей болды. Өзінің ізін басқан сәбилерінің де күндердің күнінде қазақ елінің тұтқасын ұстасып, қазығын қағысып, толыққанды азаматы болатынына да сенімі нық еді.
Құрмет Жұмаділ қазақтың тарихи бір өлкесі, кешегі жат жұрттықтарды өзінің үкілі найзасымен қуып, елін қорғаған қасиетті Бөгенбай сияқты батырдың туған жеріне табан тіреп, осындағы теміржол стансасына қызметке орналасты. Аз ғана уақыттан кейін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан азаматтығын алды. Кешегі сәби кезіндегі өзіне алынбас қамалдай көрінген ата жұрттағы бақытты өмір бастау алғанына шынымен қуанған еді.
Құрметтің отбасын ойрандаған бұл қылмысты оқиға болмағанда, ол қазақ жеріне келгенінде ет жүрегін езіп кеткен бұл қайғыны бастан өткермес те еді. Бірақ, кішкентай сәбиі қандықол қарақшының қолынан мерт болған кезде оның ойын сан саққа жүгірткен күдіктер де белең алып жүре берді. Ата жұртына кетерінде ата-анасының: «Артыңа қарайламай неге кетіп барасың?» деген сөздері жүрегі жаралы жігіттің жанды жерін жанап өткендей болды. Амал не, пешенесіне жазылған тағдыры осылай өрбісе, оған қарсы тұрар қауқар бар ма екен, онда.
Құрмет Жұмаділдің баласы бес жасар Рауанды қарақшы қаныпезерлікпен өлтірді. Сол күні баласының мерт болғанын естіп, қапаланып, үйге жеткендегі қайғылы сәтті көз алдына мүлдем елестеткісі келмейді.
«Шіркін-ай, осы балаларымның болашағын ойлап, келмеп пе едім ата жұртыма. Қалай ғана айырылып қалдым екен, жан баламнан!» деп жаны шырқырап жылаған Құрметті көргенде жаныңды қоярға жер таппағандай болады екенсің.
Артынан білгеніміз бұл қанды оқиға былай өрбіген екен. Құрметтің баласы Рауан мектепке дайындық сыныпқа барады. Оқуды да үздік оқығанға ұқсайды. Қытайдан келді демесең, тілі де жаттығып, білім бағдарламасын да жан-жақты меңгеріп алады. Осылай бұл бала әке үмітін ақтайтын ұлан екенін де аңғартқандай еді.
Өкінесің, қайдағы бір қаныпезер оның өмірін қыршын еткеніне. Сол күнгі осы оқиғадан жас отбасының шаңырағына жай түскендей болды. Баланы өлтірген қарақшы Радик Гайфуллиннің әжесі бұлардың үйіне жан ұшырып келіп, өзінің немересі бұлардың баласын жетектеп, қораға қарай алып кеткенін айтады. Бір жамандық етпесе жарар еді, тезірек барыңдаршы деп жалынды ол.
Үйінен жан ұшырып шыққан Құрмет қораның жанына келгенде жаңағы Радик Гайфуллин мас күйінде шатырда отырған еді. «Балам, қайда, не істедің оған» деп сұраған Құрметке ол: «Балаңды өлтіріп, қораға апарып көміп тастадым» деді міз бақпастан. Сөйтіп, көзі қарауытып, қораның қуыс-қуысын қараған кезде көң-қоқыста көмілген баласының өлі денесін тапты. Сондағы баласын құшақтап жылаған әкенің басындағы қайғыны басқалардың басына бермесін дейсің.
Сонда адам өмірі ойыншыққа айналғаны ма?! Әлде адам азып, заман тозып бара ма екен. Бір сыныпта оқитын қарындасын ренжітті деп, бес жасар сәбиге айуандық жасайтындай не көрінді. Бейкүнә жанды тепкінің астына алып, соққыға жыққаны былай тұрсын, бас сүйегін, қабырғаларын сындырып, ішкі ағзаларын зақымдағаны қаны қарайған қарақшының әрекеті демеске лажың жоқ.
Бұл кезде сәбиінен айрылған жас ана да жүкті еді. Осы оқиғадан кейін дүниеге сәби әкелді. Бірақ, ұзақ уақыт сырқат пен қайғы олардың бойын тұмшалап, қасіреттің де жандарын жегідей жегені ұмытыла қояр ма екен?!
«Ата жұртыма балаларымның болашағы үшін келіп едім ғой. Қытайдағы ағайындарыма да елге келгенде баламды қарақшы өлтірді деп айтуға дәтім бармай, ауруханада науқастанып, қайтыс болғанын айттым. Қарақшының атын аузыма алғым да келмейді» деп, сол жолы сот процесінен шыққан Құрмет жанарына іркілген жасты сүрткені есте қалыпты.
Бірақ, сот процесінде қарақшы Радик Гайфуллиннің: «Мүмкін мені кешірерсің, соттатпасаң балаңның құнын төлер едім» деген ақылға сыйымсыз осы сөздерінен азғын адамның кейпін көрген Құрмет бауыр еті баласын басынан сипап, мауқын баса алмайтынын сезгенде жан жүрегі босап жүре береді. Енді қайтсін...
Міне, қаншама тағдырларды қатыгез өмірдің қиындығына түсіріп, қысастық күйдің торына шырматқан бұл оқиға адамның азғындығының бір көрінісі болса керек. Сонау қиырдағы Қытайдан тарихи Отанына оралған қандасымыздың ошағын ойрандап, отбасының қызығына балта шапқан қанды оқиғаны естіген жанның төбе шашы тік тұрады. Иә, өмір бар да, өлмек бар. Адамның пешенесіне жазылған өмірі қалай өрбитінін бір Алла ғана біледі. Шиеттей сәбидің өмірінің қыршыннан қиылуы, ол да тағдырдың салған жазуы шығар, бәлкім.
Біз де елім деп еңіреп, етегі жасқа толып, ата жұртына келген Құрмет бауырымызға бұл қайғың саған салған бір сынақ шығар. Сонда да қанша қайғы жұтсаң да, қуанышың мен бақытың сенің отбасыңның ұйытқысына айналсын деп тілек тіледік. Расында, алғаш көшіңді тарихи Отаныңа бұрғанда сенің санаңда туған жеріңе оралу деген мақсат тұрған еді. Ол сенің және ұрпағыңның болашағы бұлыңғыр емес, жарқын болсын деген тілекке жетелейтін сезім екенін айтар едік. Тек сені, осы сезімің алдамасын. Біз де бақытты ғұмырың әлі алдыңнан шығады деп сенеміз.
Бақыт СМАҒҰЛ,
qazaquni.kz