"ЭКСПО-2017" көрмесіне жарты миллион Қытай туристері келмек
2016 ж. 04 қазан
2388
0
"Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясы басқармасы төрағасының орынбасары Ербол Шормановтың хабарлауынша, Қазақстанда өтетін "ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесінің 500 мың билеті қытайлық туристерге сатылмақ деп хабарлайды Sputnik.
Шорманов Қазақстан мен Ресей арасындағы өңіраралық ынтымақтастық форумының панелдік сессиясында: "Қытайдағы үш жетекші туроператорлармен жүргізіліп жатқан ҚХР-на 500 мың билет сатып алу жөніндегі келіссөздер аяқталуға жақын," – деді ол.
Шормановтың мәліметінше, теміржол тасымалы бойынша ұлттық оператор "Қазақстан темір жолы" 500 мың билет сатып алу туралы келісімшарт жасаспақ. Теміржол қатынасынан басқа, билеттің бағасына көрмені аралау да кіреді.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылы шілдеде сөйлеген сөзінде "Самұрық-Қазына" қорына " "Эйр Астана" әуе компаниясы және "Қазақстан темір жолымен" бірігіп, әуе және теміржол билеттерінің бағасына көрмені тегін аралау мүмкіндігін енгізу мәселесін қолға алуды тапсырған еді.
Халықаралық мамандандырылған "ЭКСПО-2017" көрмесі Астанада 2017 жылы 10 маусым және 10 қыркүйек аралығында өтеді. Іс-шара аясында "жасыл" энергетиканы дамыту саласындағы жаңа ғылыми жетістіктер көрермендер назарына ұсынылады.