МОЛДАЛАР ДІНДАР ҒАНА ЕМЕС, ҰЛТШЫЛ БОЛУЫ КЕРЕК
2016 ж. 02 қазан
3097
3
Ұлттық идеология ұғымын Батыс өркениеті қабылдамайды. Батыс тек құндылықтарды қабылдайды: біздің құндылықтар – қазақ мәдениеті, қазақ тілі, қазақы исламы. Осы үш құндылық қазақтың басты приоритетті болу керек. Аталған үш басымдылық реабилитацияны қажет етеді.
Отаршылдық кезеңі, геноцид, ұлттың бөлшектенуі, «қазақ әлемінің» қасіретті тағдыры және деформациялар туралы баяндап, қазақты әлемге танытуымыз керек. Қазақ ұлты есін жию қажет. Егемендік алған тұста бұл үрдіс жақсы өріс алған еді, бірақ дұрыс аяқтай алмай отырмыз. Бөлшектенген қазақ ұлтын оралмандар көші арқылы біріктіруді жолға қою керек. Германия сияқты өз оралмандарымыздың құқығын Конституцияға жазсақ та артықтық етпейді.
Жалпы, алғанда орталық объектіміз – қазақ мәдениеті, қазақ тілі, қазақы ислам болғаны жөн. Бұл әр объект жеке институт рөлін атқарады. Қазақы ислам – әлемдік исламның бір бөлігі. «Дәстүрлі ислам» дегенге еріп кету дұрыс емес, себебі «дәстүрлі ислам» дегеніңіз «бұлынғыр» аталым. Сол үшін де ешкімге жалтақтамай «Қазақ исламы» деп нақтырақ атасақ. Бұл біздің ата-бабамыз ұстанған діннің этносаяси контексін көрсетеді. «Қазақ исламы» деген ұғым дефиницияны анықтайды. Қазақ мәдениеті, қазақ тілі, қазақ исламы... бәрі де қазақ құндылықтарын реабилитациялануын күшейтеді.
Қазір әлемде клерикализация бағыты күшейіп келеді. Өзбек, тәжік, түркмен, қырғыз, қазақ секілді ұлттар исламшыл этносқа айналып жатыр. Ал Ресейдің орыстары православие жетегінде кетіп барады. Толерантты Еуропа оңшыл ұлтшылдыққа бет бұрды. Осы ғаламдық клерикалдануға жалғыз-ақ адекватты жауап бар: ол - ұлтшылдық пен қазақ исламы, ал «дәстүрлі ислам» дегеніміз тым жалпылама, болбыр түсінік.
Қазақ молдасы діндар ғана емес ұлтжанды, тіпті ұлтшыл болса, әсіре исламизм шектелер еді. Ал қазақ мешітінде орыс тіліне уағыз айтуға жол беру - Қазақстанда ресми түрде «русский исламға» жол беру болып саналады. Орыс исламы қазақ тілін, қазақ мәдениетін, қазақ дәстүрін мойындамайды, олар қазақ исламын ислам деп есептемейді. Біз Қазақстанда орыс тіліне «қамқорлық жасау» арқылы тек тілдік зауалдарға тап болып келеміз: Мәселен, орыстілді қазақтар басқа ұлтқа айналып барады, олардың өз тілі, діні пайда болып жатыр. Яғни, олар болашақта «русский ислам» деп атауға болатын салафизмнің бір түрін ұстанатын болады.
Қазақстанда бір-ақ ұлт бар. Ол – қазақ ұлты. Басқа этностарды ұлт деп атау – Конституцияны бұзу және сепаратизмге жол ашу. Мешіттерге орыс тілін енгізу де сол сепаратизмді қолдау болып есептеледі.
Әзімбай Ғали
qazaquni.kz