ҚАШАННАН БЕРІ ГЕРБТІҢ ОРНЫНА ЛОГОТИП ЖҮРЕТІН БОЛҒАН?..
2016 ж. 26 қыркүйек
6391
1
Шымкент қаласының жаңа логотипі бекітілді
Қала әкімі Ғ. Әбдірахымовтың қатысуымен алтыншы шақырылған Шымкент қалалық мәслихатының кезекті жетінші сессиясы өтті. Онда Шымкент қаласының 1997 жылдан бері қолданыстағы қала гербінің (қарайтқан – біз. Ө.А.) орнына заман талабына сай қаланың туристік келбетін қонақтарға онан ары тартымды көрсету мақсатында жаңа логотип ұсынылды. Ол халық қалаулыларының қолдауымен ресми бекітілді...»
ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫнан (shymkent.gov.kz) осындай жаңалық оқып, аң-таң болып отырған жағдайымыз бар... Неге қаланың гербінің орнына логотип пайда болады? Бұл екеуі мүлдем екі бөлек дүние ғой. Логотип – белгілі бір оқиғаға байланысты туатын уақытша нәрсе. Мысалы, 2011 жылы Алматыда (кейін оған Астана қосылды) өткен қысқы Азиада ойындарының логотипі – жұп-жуас, моп-момақан, көзінде от жоқ қар барысы... (Өз басым қанша тырыссам да көзі от шашпайтын барысты көз алдыма елестете алмай-ақ қойдым. Өйткені, барыс, жолбарыс атаулы – көзі ең өткір хайуан болып саналады. Оған тіке қарай алатын – тек адам баласы). Гербке келер болсақ, бұл мүлдем басқа дүние. Гербтің мағынасының о баста пайда болған «ербе» сөзін немісшеден аударсақ «мұра» дегенді білдіреді. Атының өзі айтып тұрғандай, герб атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып ауысып отырады. Гербке әдетте жеке адамды, қаланы, қоғамды, ұйымды, ұлтты, мемлекетті сипаттайтын, негізінен, соған ғана тән нәрсенің бейнесі салынады. Мысалы, Шымкент қаласының гербі алғаш рет пайда болған 1909 жылдан бері үш-ақ рет өзгерсе, соның бәрінде де оған қазақ үшін ең қастерлі, адам болып жаралғалы ата-мекенінен аумаған ұлттың туған жерінің нышанына (символына) айналған жусанның табиғатта тек осы маңда ғана өсетін емдік түрі – дермене салынған. Тәуелсіздік келгеннен кейін, 1997 жылы арнайы байқау жарияланып, қала гербінің Қазығұрт тауының үстінен күн шығып келе жатқан кәзіргі нұсқасы соның нәтижесінде бекітілген болатын. Шымкент қаласының кеше қабылданған жаңа логотипі – қызғалдақ гүлінің бейнесі. Әдемі шыққан, оған ешкім таласа қоймас. Тек логотип пен гербті «сүзістірудің» не керегі бар еді? Жазда қала әкімдігінің ресми сайтынан герб алынып тасталып, орнына логотип-қызғалдақ қойыла бастап еді. Демек, бұл бұрынғы елтаңбаны ауыстыру жөнінде бұрыннан ойластырылған шара болып отыр ғой? Ол көнерген, өмірі өткен герб болса, жаңасына деген қажеттілік туған болса, әрине, ауыстырылсын, ешкім уақыт талабына қарсы тұра алмайды. Бірақ, онда бұл іс неге сол 1997 жылғыдай ашық, жария түрде жасалмайды? Депутат мырзалардың бір-екеуіне хабарласып көріп едік, олар «қабылданған құжатта логотипті қабылдау туралы ғана жазылған, герб жайлы ештеңе айтылмаған» дейді. Әкімнің ресми сайты болса әлгіндей жаңалықты сүйіншілеп отыр. Сонда бұл не жұмбақ, қандай жаңылтпаш? Қала әкімінен ресми жауап күтеміз. Және оның ең бірінші кезекте сол ресми сайтта жарияланғаны жөн болады.Шымкент қаласы гербінің ТҮСІНІКТЕМЕСІ
Гербтің негізгі формасы дөңгелек болып-бұл ежелгі дәуірден келе жатқан Шығыс, Орта Азия елдері мен орта Шығыс елдеріндегі жауынгерлік қалқанды бейнелейді. Оның ішінде Еліміздің мемлекеттік Туындағы алтын шапақты күн бейнесі мен көгілдір аспан әлемі. Дөңгелек қалқанның ішінде сегіз бұрышты шығыс жұлдызы бейнеленіп, ол мәңгілікті, тұрақтылық пен теңдікті білдіреді. Жұлдыз бетіндегі алтын түстес бедерлі дөңгелек төменгі жағында қазақтың ұлттық оюы «қошқармүйізбен» шектеліп, көзге алтын тағаны елестетеді. Тағаның жоғарғы бөлігінде «ШЫМКЕНТ» жазуы бедерленген. Герб ортасында бүкіл қазақтың киелі тауы-Қазығұрт тауының сұлбасы бейнеленген. Ол Шым қалаға тән жасыл түске боялған. Тау үстінде шығып келе жатқан алтын күн бейнесі. Ол қаланың Оңтүстікте орналасқанын, күн шуағының молдығын білдіреді. Таудың етегін ала, Шымкент қаласының өркендеуіне үлес қосқан алғашқы өнеркәсіп орыны – дәрі дәрмек зауытын ашуға себеп болған дермене өсімдігінің бұтағы бейнеленген. Гербтің сыртқы дөңгелегі мен сегіз бұрышты жұлдыз – қазақ зергерлері көп қолданған металы күміс түспен берілген. Автор – Мамырбаев Асқар Смайылұлы, Қазақстанның құрметті сәулетшісі. Өмірзақ АҚЖІГІТ qazaquni.kz