Дәурен Қуат: Сөз бостандығы бойынша Қазақстан 165-орында тұр дегенге күмәнім бар
2016 ж. 25 қыркүйек
3993
0
БИЛІК ҚАЗАҚ ТІЛДІ БАҚ-ТЫҢ ЫҚПАЛДЫ БОЛҒАНЫН ҚАЛАМАЙДЫ
- Саяси және азаматтық бостандықтардың хал-ахуалын зерттейтін халықаралық «Freedom House» ұйымының биылғы жылғы рейтингі бойынша Қазақстан сөз бостандығы жоқ елдердің қатарында тұр. (Қазақстан 24-индекспен 195 елдің ішінде 165-орында). Қазақстандық БАҚ-тың қазіргі ахуалын қалай бағалар едіңіз?
Дәурен Қуат: Сөз бостандығы бойынша Қазақстан 165-орында тұрса, онда «алхам шүкір» екен. Мен осы 165-орын дегенге күмәнім бар. Бірақ менің күмәнім Дариға Назарбаеваның «рейтинг мәселесіне философиялық тұрғыдан қарау керек» деген пікірімен сәйкеспеуі мүмкін. Неге дейсіз ғой? Айтайын. Адам құқы жөніндегі Халықаралық ұйымдардың кезекті бір есебі осы жылдың ортасында жарияланып, Қазақстан халқының заң алдындағы қақы мен еркіндігі шектеліп жатқаны рейтингте төменгі орындардан көрінгенде вице-премьерміз әлгіндегідей пікір білдіріп еді: «Рейтинг мәселесіне философиялық тұрғыдан қарау керек». Қалай қарасақта, рейтингтің аты – рейтинг. Бірақ, дүниенің бәрі рейтингпен өлшенбейді, әрине. Алайда, біздің ұлықтарға рейтинг керек кезінде керек те, керек емес кезінде түкке тұрмайтын бірдеңе болып шыға келеді. Қазір телеарналар мен радиолардың бағдарламалары, веб-сайттардың қызметі – тегіс рейтинг арқылы бағаланады. Ол рейтингке басқа емес, вице-премьердің (Бұл сұхбат Дариға Назарбаева Үкімет басшысының орынбасары кезінде алынып еді-ред) өзі назар аударып отыратынын байқаймыз. Сонда қандай рейтинг дейсіз ғой ол? Шоудың рейтингі. Осы күні телеарналар мен радиотораптары, газет-журналдар мен интернет-басылымдар неғұрлым жеңіл-желпі, қызылды-жасылды дүниені көп беріп, шоу-бизнес өкілдерін көбірек көрсетсе, немесе, адамның рухани әлемін езгіге салатын, жанын жаралайтын, адами болмысын өзгертіп, есеңгірететін тақырыптарды молынан қамтыса бітті – рейтингтің ұшар басынан көрінбек. Мұндай рейтинг бойынша Қазақстан баспасөзі «сөз бостандығы жоқ елдердің қатарында тұрмауы» тиіс. 165-орынға күмәнмен қарайтынымыз сол. Неге десеңіз, осы күні саржағалданып алған газеттер мен журналдар не жазбай жатыр? Телеарналар не көрсетпей жатыр? Тележәшікті күні бойына қосып қойып қарап отырыңызшы, ыржың-ыржыңнан езуіңізді жия алмай бір-ақ күннің ішінде еліріп шыға келесіз. Бәріміз білеміз – бұл салмақты, салиқалы БАҚ-тың қызметіне жатпайды. Мүмкін ішінара жастар үшін, көп нәрсеге бас ауырта бермейтін адамдар үшін шоу-бағдарламалар керек те шығар. Оны мүлдем жоққа шығаруға және болмайды. Бірақ, ұлттық баспасөздің келбетін әйгілейтін ықпалды арналар, газет-журналдар, интернет-басылымдар кеңінен таралып, мемлекет тарапынан солар нақты қолдау көріп отыруы керек. Ыржақай-тыржақай бағдарламалар мен журналдар өкіметтің қолдауынсыз-ақ қаржы тауып, жарнама тартып, жан баға алады. Өкінішке қарай, біздің билік ұлтқа керек сөзді айтып, күрделі мәселелерді күн тәртібіне қойып отыратын баспасөздің дымын шығармай, қаржылық тұрғыдан қысым жасап, бейресми цензураның тезіне салып отыр. Есесіне, ұлтты сапалы ойдан сарқып алып әркімнің сарқындысына салатын телеарналар мен мерзімді басылымдардың қолтығына дым бүркіп қояды. Билік тарапынан БАҚ-қа берілген біздегі сөз бостандығының сиқы – осы.
Тамара Калеева дейтін белсенді әйел басқаратын «Әділ сөз» деген ұйым бар. Жоғарыдағы сұраққа жауабымды осы Калееваның Қазақстандағы миссиясымен қортындылайын. Тамара апай былайынша елгезек адам. Сауатты маман. Күрескер әйел. Орыстілді журналистердің біреуінің басынан бір тал шаш түссе, дүниені дүрліктіреді. Сондай қамқор өзі. «Freedom House» сияқты ұйым Қазақстандағы сөз бостандығын осы калеевалардың берген есебі бойынша анықтайды. Ал, сол Калеева қазақ журналистерінің жағдайымен қаншалықты таныс? Меніңше, мүлде таныс емес. Қазір телеарналарда жабылып жатқан қандай бағдарламалар? – Қазақтілді тәп-тәуір бағдарламалар. Жабылып жатқан қандай газет-журналдар? – Ұлтқа, билікке, Елбасына шын достық, жанашырлық танытып келе жатқан, заманы мен уақытына сай білімді сөз айтып отыратын қазақ тілді газет-журналдар. Соңғы екі-үш жылдың ширегіндегі осындай жайттарды, яғни қазақ журналистерінің қысымға ұшырап, қазақ тілді газет-журналдардың, телебағдарламалардың себепсіз жабылып жатқандығын әлгі аталған ұйымның есебіне түгел берсек, Қазақстан онда сөз бостандығы бойынша 165-орында емес, одан да төмен орында болар еді. Алайда, қазақ журналистері, менің әріптестерім, үндемейді, бәріне төзеді. Бұл – олардың дәрменсіздігі, қорқақтығы емес, «елімізге сырттан жаман сөз жамалмасыншы» дейтін жанашырлығы. Сол жанашырлықтан туған үндеместік. Бұндай дос пейілді баспасөз өкілдерін біздің билік дүниені қанша айналса да таппайды. Ал, әлпештеп, аузынан ақ май ағызып отырған баспасөзі (еліміздегі орыстілді баспасөзді айтамыз) сырт айнала бере көки салады, сырт айнала бере құса салады. Қазақ мұнайының қаржысына шығып отырған «Новое поколение» газетінің бас редакторы болған Сергей Апариннің сөзі қай бір жылы шу болып еді ғой, естеріңізде ме? Қазақстанды, қазақ журналистерін мазақтап Балтық бойындағы бір елдің газетіне сұхбат берген ол «отандастарымыздың» ойында не жүргенін білдіріп қойған еді. Алайда апариндер Қазақстанда сөз бостандығы жоқ деп айта алмайтын шығар. Себебі оларға бар жағдай жасалған. Әйтсе де, «Freedom House» ұйымы Қазақстанды сөз бостандығы жоқ елдердің қатарына қосып отыр. Неге? Неге десеңіз, бұл ұйым біздің елдегі жасанды сөз бостандығының шамасын біліп жүр. Сөз бостандығы Қазақстандағы баспасөз кеңістігінің шын иесіне – қазақ баспасөзіне еркіндік тигенде ғана болатындығын «Freedom House» осы күні біліп қалды. Тек оның рейтингін біздің ақ жағалы ұлықтар ғана мойындағылары келмейді. Өйткені олар қазақ баспасөзінің азат ойлы әрі ықпалды баспасөз болғанын қаламайды.
- Қазақстандық медианарықтың бүгінгі тауары билікке қолайлы тауар болып тұр. Журналистер өзін-өзі шектеп, цензура қойып алған - ананы айтуға болмайды, мынаны жазуға болмайды және т.с.с. Бірақ, БАҚ қызметкерінің жеке басының қауіпсіздігі мен тыныштығы халыққа шынайы ақпарат жеткізуге неге кедергі болуы тиіс?
Дәурен Қуат: Журналистердің өзін-өзі шектеп, өздеріне өздері цензура қойып алғаны рас. Бұның өзі біздегі «көзге көрінбейтін» цензураның пәрменінен шығып отырған жайт. Алайда, жағдай осылай екен деп қарап отыруға болмайды. Ақпараттың еркін тарауы үшін, сөз бостандығы үшін, әрбір өткір мақала үшін журналист пен бас редактор барын салып күреспесе, қарсы күштерге қарсы тұрмаса, онда цензура күшейе береді. БАҚ өледі. Бұндай жағдайда БАҚ өз миссиясынан айрылады да, бас еркін цензураға беріп тынады. Мен жалпы БАҚ деген терминге қарсы адаммын. Себебі, «БАҚ» деген сөзді тарқатып айтсақ, бұқаралық ақпарат құралы ғана. Кімнің құралы? Әрине, билік пен қаржылық топтардың құралы. Ал, құралды кім қалай пайдаланбайды? Сөз жоқ еркінше, білгенінше пайдаланады.
Баспасөзге байланысты саясаттың қазіргі пәрменіне жығылып, жаңбыр жаумай су болып, сүмірейіп жүрген әріптестеріме қарап қынжыламын, әрине... Олардың жағдайға бейімделгіштігі мені таңқалдырады. Әсіресе, мемлекеттік басылымдардағы кейбір қыз-жігіттер. Құдай-ау, жап-жас болып алып қайдағыны біліп тұрады өздері. «Өйтіп жазуға болмайды», «бүйтіп айтуға болмайды», «бүйтіп жазсақ, айтсақ, пәленшекеңе тиіп кетеді» дейді олар. Содан кейін шетінен мәнсапқор. Мұндай арзан қулықпен, әсіре сақтықпен ұлттық баспасөздің өрісі кеңи қоймасы анық. Сұрақ дұрыс. Расында, БАҚ қызметкерінің жеке басының қауіпсіздігі мен тыныштығы халыққа шынайы ақпарат жеткізуге кедергі болмауы керек! Кәсіби міндетін жеке басының қауіпсіздігімен шатастыратын жорналшының баспасөзде емес, балабақшада қызмет еткені жөн. Журналистика – бұл майдан. Мылтықсыз майдан. Осы мылтықсыз майданның ардагерлері «ақмылтық» аталатыны сондықтан. Әрине, баспасөз туралы заңымызға БАҚ өкілдерінің жеке басының қауіпсіздігін мейілінше қаматамасыз ететін баптар енгізуіміз керек. Бұл енді басқа әңгіме.
- Кез келген БАҚ-тың басты байлығы – ол ақылды аудитория: интеллектуалдық деңгейі жоғары, патриот, отаншыл, өзі үшін де, елі үшін де жауапкершілігі, айқын ұстанымы бар азамат. Яғни, аудиторияны ұстап тұру үшін де деңгей керек. 18 шілдеде Алматыда болған шетін оқиға кезінде де адекватты талдау жасай алатын журналистердің, БАҚ-тың жоқтығы байқалды. Олай болса, журналистердің кәсіби біліктілігі мен білім деңгейі туралы не айтар едіңіз? Цензураны айналып өтіп, астарлап айтатын, «Эзоптың тілін» білетін журналистер неге аз?
Дәурен Қуат: Нақты ақпарат бар жерде «Эзоп тілінің» керегі жоқ. «Эзопшылап» езудің кезеңінен өттік-ау деп жүрміз. Бірақ, шебер журналист, тілді мықты меңгерген қаламгер «Эзоп тілін» қажет кезінде қажетінше пайдалануы мүмкін. Алайда, 18 шілдедегі Алматыда болған оқиғаны эзопшылаудың жөні жоқ-ау деймін. Себебі: ҰҚК мен ІІМ тағы да бір-біріне қайшы келді. Ақтөбеде болған лаңкестердің әрекеті барысында да бұл екі күштік құрылым бір бірінің дерегін жоққа шығарып, жұртты таң қалдырған. Аталған оқиғалар барысында адекватты талдау жасай алатын журналистерден бұрын бізде күштік құрылымдардың үйлесіп жұмыс істей алмайтындығы, жалпы жүйенің жоқтығы анық көрінді. Бұндай жағдайда қатаң бақылауда отырған БАҚ не айтып, не жаза қойсын? Бірақ, мәселенің мән-жайы интернет-басылымдарда, әлеуметтік желілерде талқыланды. Қазір сөз бостандығы, ой азаттығы мен пікір еркіндігі осы жаңа медиа мен әлеуметтік желілерде қалыптасып келеді. Бұны теоретиктер «азаматтық журналистика» деп атайды. Дәстүрлі БАҚ өз қотанында қалып қоймай, кейде осы «азаматтық журналистиканың» беталысына да қарап отырғаны дұрыс деп ойлаймын.
- БАҚ десе бірден насихат құралы елестейді. Яғни, БАҚ идеологиялық құрал және бұл құралды билік тиімді пайдаланып отыр. Дегенмен, «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» және т.б. мемлекеттік арналардың ықпалы азайған сыңайлы. Осы қалыптасқан жағдаятта баспа және электронды БАҚ қызметі алдағы уақытта қай бағытта өрбуі тиіс?
Дәурен Қуат: Баспа және электронды БАҚ Жаңа медиа мен «азаматтық журналистика» қозғап отырған мәселелерді талдап, сараптап, салмақтап, әр қырынан ашып беруге ұмтылуы керек. Кәсби журналистика өзінің мықтылығын тек осылай ғана дәлелдей алады. Әлемжелідегі әңгімелер де өткінші. Енді бірер жылда оның белсенділігі де қалыпты белсенділікке айналады. Міне, сол кезде кәсіби журналистика алдыға шығатын болады. Бірақ, оған дейін дәстүрлі Баспа және электронды БАҚ медиа-технологияның барлық жаңалығын игеріп, алда болатын, болып жатқан, үрдіске айнала бастаған жаңалықтарға сергек қарауы керек.
Сұхбаттасқан Дина Имамбай
Abai.kz