ТҰҢҒЫШБАЙ БАСҚАРАТЫН ТЕАТР ҚАЙРАТКЕРЛЕРІ ОДАҒЫН ТЕКСЕРУДІ СҰРАЙМЫЗ
2016 ж. 24 қыркүйек
3704
10
Қазақстан Республикасы театр қайраткерлері одағының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұловтың кинематографистер арасында даудың ортасында қалғаны туралы материалдарды оқып, таң қалдық.
«Өзгенің мінін көргенше, жамандығын тергенше, өз бойыңды тазала...» деген бар емес пе! Біз не туралы айтып отырмыз? Біраз уақыттан бері Одағымыздан береке кетті, ал төрағаның бізде шаруасы да жоқ. Әрине, Тұңғышбай белгілі адам, театр ісіне қосқан үлесі туралы әдемі жеткізеді, көп айтады, «Еңлік гүл» салтанатында сахна төрінде керемет көсілді, конвертке салынған миллиондарды «үздік актерлерге» дархандықпен таратты. Бәрі керемет, үйлесімді-ақ!
Бірақ осы залда қанша жыл отырсақ та, осы уақытқа дейін сол үздіктердің кім екенін біз неге білмейміз, неге олар туралы естімедік? Айыптаудан аулақпыз, біз тек қана олардың таланттары мен сіңірген еңбектері жайлы ұққымыз келеді. Біздің театр жетістіктерін, қызықты шығармашылық тұлғаларды не Одақ, не оның төрағасы неге насихаттамайды. Сол салтанатты түрде лауреат атанған актерлердің есімі ұмытылмай ел жадында қалатын болса, Жаманқұлов мақтан тұтқан осы сыйлықтың маңызы артқан болар еді. «Еңлік гүлді» алған адамдар, біздің театр әлемінің «брендіне» айналуы керек, оларды таныту керек, таныта білу керек, олармен мақтануымыз керек. Бұл Одақтың жұмысы – біздің театр бірлестігінің қызметі.
Одақ сегіз жылдың ішінде ешбір фестиваль, жас режиссерлар мен актерлерге арналған ешбір конкурс өткізген жоқ (Тек Таразда Жаманқұловтың атындағы фестивальдің өткені болмаса). Семинар, не болмаса стажировкаларға барып қайт деген ұсыныстар айтылса, мұндай ақпарат театрдың бір бөлігіне ғана жетіп, ал жол жүру ақысы театрлардың өз міндетіне артыла салатын. Қандай да бір мемлекеттік театрлар стипендияларға тізім жіберсе, оны біреу-міреудің алғанын естіген емеспіз. Сайланбалы сьезде Одаққа жұмысқа ынтасы бар адам келген екен, атақтарымызды қайтарады, марапаттарға ілігеміз деп ойлағанбыз. Қандай да бір төралқа осы мәселелерді талқылайтынын да құлақ шалды, нәтижесі қайда? Төрағаның кепілдемесімен сыйлық алған адамды көрсетіп беріңізші!
Өнердегі өмір ағымы өте жылдам. Кеше ғана жас актер боп келген адам, бүгін ардагерге айналады. Біз төрағаны театр қауымдастығының мүддесін барынша қорғайды деп сенген едік. Алайда, біз шығармашылық тұлғалар қауымдастығын емес, керісінше құпия, көрінбейтін сыншылдар мен аппаратшыларға тап болдық. Жылдың үздік актерін кім таңдайды, бізге беріліп жатқан «Театр» жорналын кім парақтайды? Бұл сұрақтардың жауабы жоқ. Біз өзіміздің Төралқадағы мүшелерімізден: Осының бәрін кім жасап отыр? Олар тек иықтарын қиқаң еткізіп, білмейтіндіктерін айтады. Қайырымдылық мақсаттағы концерттер мен қойылымдар неге өткізілмейді: ортамызда қаншама ауру және көмекке зәру актерлер жетіп артылады. Одақта ғимарат пен сахна жоқ, тұрақты ғимарат тапқанға дейін күте тұру қажет дейді. Бұл сөздерді есту ыңғайсыз! Себебі, Одақ барлық театрды біріктіріп отыр ғой, демек бұдан артық қандай алаң қажет. Әрине, біздіңше қарапайым тілмен айтқанда адамдар туралы ойлану қажет және Одақтың жоспарын өзіне ыңғайластырып құрмау керек! Әрине, оларды тек ойлап қана қоймай жыл сайын мыңдаған театр қызметкерлерінің оншақтысына сыйақылар беріп жатса, тіптен құба-құп іс болар еді.
Біздіңше, мәселе Одақтың ғимараты бар немесе жоқтығында емес, керісінше адамдарда. Егер төраға өнердің басқа салаларындағы былықтарға тікелей қатысы болса, оның аппараты Одақ арқылы басқарылып, ешқандай жағымды нәтиже күтуге жол бермеуде. Сыншылдар өңірлерге шығып, белгісіз жинақтар таратуда.
Театрға қатысы жоқ адамдар театрлардың тағдырын шешіп, біздің арамыздан үздіктерді таңдап шығаруда. Бірақ, нағыз театр әлемі бұл біздер – Одақтың қатардағы мүшелері! Біздің өміріміз – бұл қызықты спектакль, көрермендермен, әріптестермен араласу, әрі фестивальдер мен пікір-таластарға қатысу. Біз театр қызметкерлері Одағының жанынан театрлардың шығармашылық деңгейін көтеруге мүмкіндік беретін және біздің ойымызды жеткізудің мінбері болатын әдістемелік, ғылыми, әрі әлеуметтік орталық болуын қалаймыз.
Біздің осы аталған мәселелердің бәрін талқылайтын уақыт келгеніне көзіміз жетті. Тұңғышбай Жаманқұлов әрдайым мәдениет туралы заңға өзгерістер енгізіп, театрларды өзгертуге тырысып жүретінін де білеміз. Неге, осы мәселелер қоғамда кеңінен талқыланбайды? Заң біздің бүгініміз бен ертеңіміз, съездің шешімі біздің ортақ көзқарасымыз болып, салмағы артар еді. Мәселені өз әріптестерімен талқылап, кеңесу қажет. Бұл қазіргі төраға мен оның аппаратының басты кемшілігі.
Мәселені сырттай немесе жекелеген өңірлерде талқыламай, Одақтың кезектен тыс сьездерінде қарау керек. Талқылаудың тиімді уақыты қазір деп есептейміз. Сондықтан, алдағы уақытта не істейміз, қайда барамыз деген мәселелерді ақылдасу үшін жиналуды ұсынамыз. Біздің көбіміз жас емеспіз, азды-көпті артықшылықтар мен наградалар алғанбыз. Бұл сөздерді марапаттан айрылдық деген өкпемен емес, шынайы тілекпен жазып отырмыз.
Одақтың осы жолы да өзгелердің қолында қалғандығын қайғыра жазамыз.
Тұңғышбай Жаманқұловтың шығармашылық өмірінің барлығы жанжалмен, ұр да жық қылықтармен, дөрекілікпен көрініс табуда және барлық театр әлемі сол үшін де ұялады. 10 қыркүйектегі «Время» газетінде оның кино-продюсерлік қызметіне қаржылық тексеру жүргізіліп жатқандағын жазыпты: Мемлекеттік қаражат талан-таражға түскен.
Ал, біздің Театр қайраткерлері одағының күйі қалай? Төраға Жаманқұловтың бұл жақтағы ісін тексеріп жатқан жан бар ма? Міндетті түрде тексеру керек! Және мұны съезд шақырып, тексерген абзал. Өз-өзіне есеп бере бермей, өз-өзін оқшауламай, біздің, мәдениет қызметкерлерінің алдында Одақтың есеп бергенін қалар едік. Нақты іспен айналысатын уақыт туды. Қоғам мен мемлекетке пайда келтіргіміз келеді, ол үшін қазір жиналуымыз қажет. Кейін бәрі де кеш болуы мүмкін.
Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев барлығымыздың алдымызға ауқымды міндеттер қойды, ал біз театр қайраткерлері жаңа қазақстандық қоғамның құрылуында өзіміздің орнымызды анықтау үшін мүлдем бас қосқан емеспіз. Одақ осы іске неге ұйытқы болмайды?!
Тәуелсіздік жылдарында аз жұмыс жасалған жоқ. Президенттің және үкіметтің қолдауымен біздің мақтан тұтарлық дүниелеріміз бар. Оны халықаралық деңгейде бірнеше рет дәлелдедік! Бірақ, еткен еңбекке малданып, қол қусырып отыруды қаламаймыз!
Біз қазір жиналуымыз керек және кезектен тыс съезде барлық проблемаларды талқылауымыз қажет.
Кезектен тыс съезд қажет, төралқа оны қыркүйекке белгілесін!
Асанәлі Әшімов, КСРО және Қазақстан халық әртісі
Зинат Акбарова, Қазақстан халық әртісі,
Герман Богданов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Меруерт Өтекешова, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі
Зоя Ким, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі
Татьяна Тарская, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі
Сәулебек Асылханов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Abai.kz