Шымкенттік кәсіпкер "Төлешовтің ісі" ел назарында. Арнайы операция барысында қолға түскен сәтінен бастап елдегі көптеген БАҚ бизнесменге қатысты ақпараттарды жарыса жазуда. Осы ретте NUR.KZ-тің өңірдегі тілшісі Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихат депутаттарының жерлестері туралы пікірін біліп шықты.
Облыстық мәслихаттағы жалғыз ғана нәзік жанды депутат Рәшкүл Оспанәлиева Төлешовке тағылған айыпқа сене алмайтын болып шықты.
"Шынымды айтсам, Төлешов мырзамен жақын танысқан емеспін. Бірақ "Шымкент сыра" мекемесін бұрыннан білеміз. Ал енді бұл жердегі жаңағы төңкеріс жасағысы келді дегенге өз басым әлі күнге дейін сенбеймін, Шымкенттегі кішкентай мекеме бүкіл Қазақстанға төңкеріс жасағысы келетін болса, одан да үлкендері не істемейді?! Сондықтан да өз басым оған онша сеніңкіремеймін", - деді депутат.
Оның мәслихаттағы әріптесі Шәріпбек Жамалбек те Төлешовтің әрекетіне сенбейтін секілді.
"Өзім естіген кезде таң қалдым. Сырттай болса да танитын азамат қой ол. Ол сондайға шынымен барды ма, жоқ барғызды ма түсініксіз. Вице-президент болғысы келгені туралы артық әңгіме, өте артық әңгіме деп есептеймін. Әркім өзінің лайықты жұмысын атқару керек, әркім азамат өзінің қолынан келетін жұмысты істеу керек", - деді Шәріпбек Жамалбек.
Депутат әрі "Нұр Отан" партиясының Шымкент қалалық филиалының төрағасы Өмірзақ Мелдеханов кәсіпкерді танитынын, тіпті бұрын бірге жұмыс істегенін де жасырмай айтты. Тек оның ісіне қатысты ешнәрсе айта алмайды. Депутаттың жуырда отандық арналардың бірі көрерменге ұсынған "Шымкентский беспредел" атты Төлешов туралы деректі фильмді қарауға уақыты болмай жүр екен.
"Тоқтар Төлешов туралы қазір ешнәрсе айта алмаймын. Онымен жақын араласқан адамға жатпаймын, бірақ ол кісіні танимын... Бұл іске қатысты құқық органдары қорытындысын шығарған соң айтуға болады", - деп қысқа қайырды Мелдеханов.
Депутат әрі танымал кәсіпкер Қайрат Балабиев болса, өз пікірі жоқтығын айтып, барлығын құзырлы органдар шешеді деп ат тонын ала қашқысы келді.
"Төлешов туралы деректі фильмді көрдім. Ол кісіні білдік, бірақ тығыз байланыста болған емеспін. Қылмыстық іс құпия болып отыр. Сол себептен ешнәрсе дей алмаймын... Мен құқық қорғау саласының қызметкері болғанмын ғой. Заңды білемін. Баға бере алмаймын ешқандай. Соттың алдында бірнәрсе деп айтсам, әрекетім заңсыз болып табылады" деген депутат "бизнесіне әлдекімдер қысым көрсетіп жүр" деген әңгімеге нүкте қойды.
"Біз құқықтық мемлекетте өмір сүреміз, біреудің біреуге қысым көрсетуі мүмкін емес. Өсек қой ол. Көре алмайтындар бар, біреулер әдейі таратады. Ондай әңгімелерді өзім де естігенмін. Күлем де қоямын. Не деймін басқа?", - деп жауап берді Балабиев.
Балабиевтің әріптесі, Арыс қаласынан облысқа депутат болып сайланған Қасымбай Әбдіхалық болса, шымкенттік еместігін алға тартып, Төлешов туралы түк білмейтінін айтты.
"Мен Арыстан сайланғанмын ғой. Шымкентте көп бола бермеймін. Төлешовті танымаймын да. Ісін де білмеймін. Көзім көріп, құлағым естімегеннен кейін ешнәрсе дей алмайсың" деген депутат Әбдіхалық "өзіңіз Шымкент сырасын ішесіз бе?" деген сауалға, "Кейде бір-екі ұрттайтын шығармын, бірақ сыра құмар емеспін" деп жауап берді.