ДАРХАН МЫҢБАЙ: ҰЛТТЫҚ МУЗЕЙГЕ ҚЫТАЙ ТІЛІН ЕНГІЗЕМІЗ
2016 ж. 19 қыркүйек
3002
2
Астанадағы Ұлттық музейге келген қытайлық туристерге тіл жағынан қиындық болмайды. Өйткені, алдағы уақытта қытай тілі енгізіледі. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде аталған музейдің директоры Дархан Мыңбай айтты, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
«Ұлттық музейде экскурсия жүргізетін мамандар бірнеше тіл біледі. Енді, қытай тілін енгізбекшіміз. Өйткені, Қытайдан келіп, қазақтың мәдениетімен, тарихымен танысқысы келетін туристер өте көп. Бұл процесс келесі жылдан басталады. Сол үшін қазірден бастап дайындық жүргізіп жатырмыз. Бізге келетін туристер жедел, ыңғайлы форматта ақпарат алуы керек. Түрік тілетін білетін мамандарымыз да бар. Сондай-ақ, басқа тілдерді де қамтуымыз мүмкін», – дейді Дархан Мыңбай.
Оның айтуынша, музей ашылғалы 27 мың шетелдік турист келген. Ал ақылы түрде кіргендердің саны 40 мыңнан асады екен.
«Біз қазіргі таңда шетелдік әріптестерімізбен байланыс орнатып жатырмыз. Елбасының «ұлттық музейді әлемдік музейге айналдыру керек» деген тапсырмасы бар. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін әлемнің жетекші елдерінің музейлерімен келісімшартқа отырдық. Ол елдердің қатарында Корея, Қытай, Ресей, Франция, Италия, тіпті, Вьетнам елдерінің музейлері бар. Жалпы, бұл жалғасатын дәстүр. Өйткені, біздің жоспарларымыз өте көп. Музей ашылғалы 400277 адам ақылы түрде төлеп кірген. Жеңілдікпен, ақысыз кіретіндерді есептеп отырған жоқпыз. Ұлы Отан, Ауған соғысының ардагерлері секілді тегін кіретін азаматтарымыз бар. Біздің музейді насихаттайтындар сол кісілер болады. Мұның өзі үлкен мәдениет. Алға қойған міндеттеріміз бар. Бүгінгі күнге дейін 27 мың шетелдік келіпті. Бұл – біз үшін үлкен мақтаныш. Бұрын біздің кейбір музейлерге жылына осынша ғана адам келіп жататын. Ал қазір жаңа кезең басталды. Астанаға қызығушылық жоғары. Шетелдіктер келген кезде оларға лайықты қызмет көрсетуіміз керек. «100 нақты қадамға» сәйкес аудиогидтеріміз бар. Үш тілде баяндап береді. Онлайн билет алу жолы да қарастырылған», – дейді Ұлттық музей директоры.
Айта кетейік, Ұлттық музей Орталық Азиядағы ең жас әрі ең ірі музей. Музей «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың тапсырмасымен құрылған.