ДОС КӨШІМ: ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТ РЕТІНДЕ ДАМУЫМЫЗҒА ЕКІ ҮЛКЕН ТОП КЕДЕРГІ КЕЛТІРІП ОТЫР
2016 ж. 09 қыркүйек
5866
9
Жақында «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» атты жоба аясында Қазақстан халқы Ассамблясының ғылыми-сараптама кеңесінің мүшесі, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер Дос Көшім Орал қаласында жұмыс сарапымен болды. Сонда орайы келгенде сұхбатқа тартып, мемлекеттік тіл ахуалы жөнінде бірнеше сауал қоюға мүмкіндік алдық, - деп жазады Ұлт порталы.
– Батыс Қазақстан облысындағы Бөрлі, Зеленов, Теректі аудандарында және Орал қаласында орыс тілді аудиториямен бірнеше кездесу өткіздіңіз. Жалпы жоба мақсаты не? Тарқатып айтсаңыз.
– Тәуелсіздік алғалы қазақ тілінің ахуалы күн тәртібінен түскен емес. Бір таңқаларлығы, орыс тілді қауым осы мәселеден тыс қалып жатады. Мемлекеттік тіл, түптің түбінде, тұғырына қонатыны айдан анық. Біздің мақсатымыз – орыс тілді аудиторияға осыны түсіндіру, ойландыру. Олар 27 жыл ішінде қазақ тілін үйренуге неге құлшыныс білдірмеді? Әлде мемлекет тарапынан қолдау жетпей жатыр ма? Қандай ұсыныстар бар? Міне, олар бұл мәселе жайында ойланғысы келмейді. Көз жұма қарайды. Ең болмаса, мұндай бейжайлық ұрпағының болашағына елеулі әсер ететінін білуі қажет қой. Қазіргі уақытта қазақтардың саны 70 пайызға жетті. Қазақ тілді контент көбеюде. Сондықтан орыс тілді азаматтар алдында қос тілділіктің қоғамда мерейі үстем бола бермейтінін айтуды мақсат тұттық.
Бұл жобаны, алдымен, бірнеше жыл бұрын «Ұлт тағдыры» қозғалысы өз қаржысына қолына алды. Кейін Қазақ халқы Ассамблеясы қолдады. Қазіргі уақытта ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси комитетінің қаржыландыруымен үш жылдық стартегиялық жоба есебінде жүзеге асуда. Еліміздің орыс тілді аймақтарында 2014 жылдан бері жалпы саны сексеннен астам іс-шаралар (дөңгелек үстелдер, кездесу-семинарлар) ұйымдастырылды. Менің ойымша, мұның бәрі әлі жеткіліксіз секілді. Себебі осы мәселені әрбір орыс тілді азаматтың алдына қойып, оған ой салғым келеді.
– Біздің облыстағы аудитория қандай? Салыстырмалы түрде қандай ой түйдіңіз?
– Батыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік тіл төңірегінде айтарлықтай мәселе көріп отырғаным жоқ. Тұрғындарының көбі орыс тілді болып есептелетін аудандарда өткен кездесуде көбіне аралас аудитория болды. Үштен бірі – таза орыс тілділер деп алғанның өзінде, басқасы – қос тілді еркін меңгергендер екені анық. Қайта осы өңірде қазақ тілді орта басым секілді. Қазақ тілін меңгерем дегендер үшін күнделікті сөйлесетін, пікір алмасатын қауым бар. Ал Қостанай, Павлодар облыстарының тұрғындары қазақша тілдесетін орта жоқтығын алға тартады. Ол аймақтарда, өкінішке орай, қазақтардың басым көпшілігі орыстілді болып кеткен... Негізінде Орал қаласында соңғы уақытта оң өзгерістер, мәселен, жастардың көбі қазақша сөйлесетіні байқалады. Бірақ көше және дүкен атауларынан орыс тілінің ықпалы бар екенін жасыруға болмайды. Демек, бұл жақта қазақ тілін біле отырып, орыс тілінде сөйлеу қалыпты әдетке, сәнге айналып кеткен.
– Мемлекеттік тіл төңірегіндегі түйіткілдерді шешу үшін қандай шараларды қолға алу керек?
– Әр аймақта болған кездесулерде халық тарапынан түрлі ұсыныс-пікірлер айтылып жатады. Оларды сараптап министрлікке жолдап отырмыз. Барлық салада қазақ тілін дамыту тетіктерін реттеудің ең тиімді жолы – жаңа «Мемлекеттік тіл туралы» заң қабылдау. Құқықтық мемлекетте барлық мәселе заң аясында шешілуі тиіс. Осы уақытқа дейін посткеңестік елдер бұл бағытта бір емес, бірнеше заң шығарды. Мәселен, Латвия 1989 жылы шығарған «Мемлекеттік тіл» туралы заңын, қоғамдағы тілдік жағдайдың өзгергенін ескеріп, 2004 және 2015 жылдары қайта қабылдады. Әр бес-он жылда тілдік және саяси ахуал, демография есебі өзгеріп отыратыны мәлім. Заң қоғамнан қалып қоймай, оны жетелеуші, дамытушы күшке айналуы тиіс. Ал Қазақстан Кеңес өкімет кезінде қабылданған, қоғамдағы қос тілділікті дамытатын, сақтайтын 1989 жылғы «Тіл туралы» Заңымен әлі отыр. Онымен мемлекеттік тілдің жолын аша алмаймыз, дамыта алмаймыз, қазақ тіліне деген қажеттілікті орната алмаймыз, орыс тілділердің қазақша сөйлеуге құлықсыз болып келе жатқанының ең бірінші себебі де сол.
Біздің қоғамдағы орыс тілді азаматтардың көпшілігі орыс тілінің қолданыс аясы тарылған сайын, желкенінен айырылған кеме секілді күй кешетіндей сезінеді. Кеңес Одағынан бөлініп шыққан елдерді қарасақ, Латвия, Литва, Эстония мемлекеттерінде ұлттық тіл – мемлекеттің тілі - орыс тілін қолданыстан ығыстырып шығарды. Прибалтика елдері мен Грузия мемлекеті 1991 жылы-ақ оқу жүйесінен орыс тілі мен әдебиетін шығарып тастады. Тек қана қазақтар мен қырғыздарда ғана қос тілділік сақталған. Қырғыздардың жағдайы бізбен салыстырғанда әлдеқайда тәуір. Біз – ең көп орыстанып кеткен елміз. Біздің ұлттық мемлекет ретінде дамуымызға екі үлкен топ кедергі келтіріп отыр. Олардың бірі – билік басында отырған орыстілді шенеуніктер болса, екіншісі – орыс мәдениетімен сусындаған өзіміздің қазақтарымыз.
– Мемлекеттік органдар қазақ тілінде құжат жүргізуге біртұтас бет бұра қойған жоқ қой...
– Құжат айналымында қос тілділіктің сақталып отырғаны рас. Бұны жоюдың радикалды тәсілі – аудармашылар институтын түбегейлі тоқтатуымыз керек. Кезінде бұл жайында мәселе көтерілгеннен кейін мемлекеттік органдарда мұндай мамандарды басқа лауазыммен жұмысқа орналастыратын болды. Мәселен, қазақ тілін оқытатын үйірме жетекшісі қып тағайындауы мүмкін. Жиырма жеті жыл өткенде кез келген мемлекеттік органда аудармашы ұстап отыру деген масқара ғой. Неге менің қалтамнан төленген салыққа қазақ тілін білмейтін басшы аудармашы жалдауы тиіс? Бұл – нонсенс.
ҚР «Тіл туралы» заңында «мемлекеттік мекемелерде және өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі, ресми тіл есебінде, қазақ тілімен қатар қолданылады» деген бап бар. Бұл - қазақ тілін жете білмейтін азаматтарға берілген мүмкіндік. Мәселен, қазақ тілінде түскен өтінішке қазақша, орыс тіліндегісіне орысша жауап жазылуы керек. Өкінішке орай, бұл бапты мемлекеттің шенеуінктері қос тілді кеңістікті сақтау мақсатында пайдаланып отыр. Сократтың «өзі шығарған заңын ұстанбаған мемлекеттің болашағы жоқ» деген тамаша сөзі бар. Сондықтан мемлекеттік тілді дамытудың оңтайлы тетіктерін қарастырғанымыз жөн. Мүмкін, тілдік жағдайларына қарап, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау сияқты облыстарды толықтай мемлекеттік тілде жұмыс істеуге көшіріп, Қостанай, Солтүстік Қазақстан сияқты облыстарға белгілі бір мерзім тағайындау қажет болар... Себебі алдын ала үлгісін көрсеткен жөн.
– Жастарды тәрбиесіне қазір қаншалықты көңіл бөлінуде?
– Мемлекет, ашығын айту керек, ұлттық идеология үшін жұмыс жасап жатқан жоқ. Осы жылдардың ішінде қазақ тілін білудің міндет екенін әрбір жастың құлағына сіңіріп әрі соны іс жүзінде көрсетуі керек еді. Құжаттың қазақшасын ысырып, орысшасын оқып отырған мемлекеттік мекемелер қандай мемлекеттік идеология жүргізеді?! Парламентте отырған депутаттарымыздың үштен бірі қазақ тілін білмесе, жоғары лауазымды шенеуніктер, министрлер мемлекеттік тілді білмегеніне ыңғайсызданбаса, бұған не айтамыз?! Осыны шетелдегі әріптестерім естігенде ерекше таң қалады, тіпті сенбейді. Егемен елміз деп кеуде қаққанмен, бізде ұлттық даму бағытындағы идеология мүлдем жоқ. Сонықтан болуы керек, парасатты ұлттық намыс пенен ұлттық рухтың өсуі тоқтап қалды. Тоқсаныншы жылдары тәуелсіздікті нығайту үшін жастар көп еңбек сіңірді. Желтоқсан оқиғасында да алаңға студенттер, құрылысшы жастар шықты ғой. Қазір билік орнында отырғандардың бірде-бірі Тәуелсіздік үшін күресті деп айта алмаймын. Сондықтан кейінгі толқынға үлкен үміт артамыз.
– Үш жылдан кейін жоғары сынып оқушылары жарытылыстану бағытындағы бірқатар пәнді ағылшын тілінде оқыта бастайды. Бұл реформаның қауіпті екенін айтып, қоғамда дабыл көтеріп жатқандар көп.
– Кез келген мемлекет он екі жасқа дейін орта білімді ана тілінде береді. Біздің елдегі оқыту жүйесіне бұл реформаның енгізу жайы көңіл көншітпейді. Біріншіден, мұғалім күрделі пәндерді шет тілінде бере ала ма? Екіншіден, сыныптағы барлық оқушы сол пәнді түгелдей ұға ала ма? Екеуіне де мен «жоқ» деп жауап берер едім.Үшіншіден, неліктен «Дүниежүзі тарихы» пәні орыс тілінде оқытылу керек? Кім қандай уәж айта алады? Жиырма жеті жыл бойы орыс тілді мектептердегі оқушыларға он жыл «Қазақ тілін» оқытып, қазақ тілінде халыңды сұрауға үйрете алмай жүрген Білім министрлігі ағылшын тілінде сабақ беріп, балалардың жетесіне бірдеме жеткізеді дегенге сенгім келмейді. Ең болмаса, қазақ тілін үйрете алмайтын мұғалімдерге мен баламды қалай сеніп тапсырамын?! Сұрақ көп, жауап жоқ. Мен көп тіл білуге қарсы емеспін. Қажеттілік туындаса, адам өзі-ақ шет тілін үйреніп алады.
– Қазіргі кезде ағылшын тілінің ғылымдағы орны зор екенін айтып жатыр. Оған дауласпаймыз. Дейтұрғанмен қазақ тілі ғылым тілі болуға қауқарсыз ба?
– Кезінде «Алаш» қозғалысының жетекшісі Әлихан Бөкейханов болашақта қазақ мемлекеті орнығатынын айтып, ұлт зиялыларына түрлі салада қазақ тілінде еңбек жазуды тапсырыпты. Ахмет Байтұрсынов «Әдебиет танытқыш» еңбегін шығарып, бүкіл әдебиет теориясын қазақ тіліне жатық етіп аударып берді. Мағжан Жұмабаевтың «Педагогикасы» әлі күнге таң қалдырса, Халел Досмұхаммедұлының медицина саласына қатысты бірқатар мәселелерді қозғады. Ал жиырма екі жасар Қаныш Сәтбаев 800 бет «Алгерба» оқулығын жазды. Физика-математика ғылымдарының докторы, институтта бірге істеген әріптесім Бағдат Қосанов сол еңбекті латын тілінен қазақ тіліне аудара отырып, бұндай тамаша еңбекті еш жерде кездестірмегенін айтып, таң қалғаны есімде.. Алаш зиялылары әр ғылым негізі қазақ тілінде дамыту қажет екенін, сонда ғана оның ұрпақ санасына қонымды болатынын сол кезде-ақ білген. ...1920 жылдары қазақ жерінде зұлмат аштық болған. Сонда Үкімет қауырт жиналыс жасап, күн тәртібіне екі мәселе қойған екен. Біріншісі, қазақ тілін кеңсе тіліне айналдыру, екіншісі, аштыққа ұшырағандарға көмек беру мәселесі. Cондықтан мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру қашан да маңызды боп қалмақ.
Нұртай ТЕКЕБАЕВ