АСЫЛ АПАЙДЫҢ АҚ БАТАСЫ
2016 ж. 06 қыркүйек
6207
5
Телефоным шырылдай жөнелді. Бейтаныс нөмірді көріп "кім екен" деп алғанымда, ар жағынан таныс дауыс естілді;
-Аманба, жаным? Бұл Асылы апайың ғой.
-Иә, аманбыз апай? Өзіңіз қалайсыз?
- Шүкір, жақсымын, айналайын. Өткенде Алматы арнасындағы "Өткір тіл" хабарынан сұхбатыңды көріп, қаты риза болдым. Рахметімді айтайын деп, мына сенің телефоныңды Нұртайдан (Сабилиянов) алып едім. Дұрыс қолдана алмаймын ба, дұрыс жазбаппын ба, қайтып Нұртайдың өзіне звандайды екенмін.
- Рахмет, апай, ыстық лебізіңізге!
- Сұхбаттан шындықты тіліп айтқан өткірлігіңді, ең бастысы ұлтқа адалдығыңды айқын көріп, қатты разы болдым. Қазір ең бастысы - осы адалдық жетісе бермейді. Рахмет, айналайын! Газетің тамаша шығып жүр, оған да разымын. Ең бастысы, аман болшы айналайын!
- Әумин! Рахмет апай!
-Сен мынадай шындықты батыл айтуыңмен қалай жіберсін жоғары жаққа? Жібермейді ғой, бәрін білемін ғой, жаным. Ең бастысы денсаулығыңды күтші.
- Рахмет апай!
- Көтеріп жүрген проблемаларыңның бәрін қолдаймын. Ең бастысы, осылай ұлттық мүддемізді қорғай біліп, мемлекеттік тілімізді заңды төріне шығару үшін күрес қой. Кезінде өзім де көтеріп, сендердің "Қазақ үні" газеттеріңде де талай жарияланды ғой. Қазір бәрін астын сызып тұрып, архивке өткізіп жатырмын.
-Рахмет апай! Біз үшін Сіздің батаңыздың бағасы зор ғой. Аман болыңыз!
Сөйтіп, аяқ астынан Асылы апайымның, атына сай асыл апайымның ақ батасын есітіп, марқайып отырған жайым бар...
«Қазақстан – ортақ Отанымыз дейміз. Онда неге қазақ тілі ортақ тіліміз болмайды», немесе "Қазақ тілінің қазақ жерінде қажеттілігін арттыру мәселесін неге осынша соза береміз? Тәуелсіздігі бола тұра өз тілін білмейтін балалардың бойына отаншылдық ұғымы не арқылы сіңіп жатқанын мен білмеймін… Менің білетінім – қазақ тілін білуді міндеттеген нақты талап жоқ. Талап жоқ жерде, қажеттілік те болмайды. Қазақтың наны тәтті де, тілі жаман ба?! Олай емес, қазақтың нанын жеген адам, тілін де үйренсін!"-деген батыл үні барша қазаққа жеткен ардақты Асылы Осман апайымыз аман болсын!
Қазыбек ИСА