ӘЗІМБАЙ ДЕГЕН ӘЗ ҚАЗАҚ
2016 ж. 05 қыркүйек
5391
8
Әзімбай деген әз қазақ осы болады! Аты нағыз қазақтың аты болса да, заты бүгінгі жалпы қазақтан бөлектеніп тұратыны да бар... Өзін еркін ұстайды. Батылдығын сөзбен ғана емес, іспен де көрсетіп келеді. Креативті ойлайтын емес, әрбір ісі мен сөзі креативті болып шығатын тұлға. Күлбілтелеп, күмілжімей, қойып қалатыны тағы бар. Кейбіреулер секілді билікке әлеулай, халыққа халаулай айтып, екі дауыста әндетіп жүре беретіндердің қатарынан емес...
Костюм-шалбар киіп, қатып галстук таққанын ешкім көре қойған жоқ. Мүмкін, жеңгеміздің есінде қалған шығар... Үш тілді де жетік меңгерген саясаттанушы-ғалым ретінде үштілділікке жан-тәнімен қарсы. Саясаттанушы ретінде де, ғалым ретінде де, ең бастысы Азамат ретінде де қарсы! Атап айтқанда, Ресейдің мемлекеттік тілі -орыс тіліне өте-мөте қарсылығын айтып та, жазып та келеді. Орыс тілінің күні өткенін күнде жазады. Салафиттерге қарсы мақалаларын сайттар Әзекеңнің Фейсбук парақшасын аңдып отырып, таратып алып кетеді. Өзі сақалды ұзынсақалдардан бұрын қойғасын, олардың ұзынсақал-ұзын дау, келте балақ-келте ақыл істерін қағып-соғып, белден басып жүре береді... Тіпті, "салафиттерге қашан тыйым салынады"-деп, Президентке де ашық хат жазып қоятыны бар... Ашық хат демекші, біздің ұлт мүддесін қорғап жазған барлық үндеу-хаттарымызға қос қолдап қол қояды, қолдап, өзі де үлес қосады.
Үштілділікті меңгергендіктен болар, менің үштілділікті жақтап шыққан, өздері қазақ тілін жетік білмесе де, қазақ тілі туралы ақыл айтқан миллионер жігіттер мен министр Сағадиевке қарсы шығып, "Өздеріңнен алдымен мемлекеттік тілден сынақ алу керек" ( "Маймылдар да сұлулық туралы кеңес бере бастады…" http://www.qazaquni.kz/2016/05/28/52712.html) деген мақалама қуана үн қосты. Маған: "Сіз министр Сағадиевтен қазақ тілінен емтихан алыңыз, мен ағылшын тілінен сынақ алайын" деп, жазба қалдырып, телефонмен де хабарласты. "Білім министрінен ғана емес, барлық министрлер мен әкімдерден, депутаттардан, мемлекеттік қызметкерлерден мемлекеттік тілден емтихан алу керек! Олар Президенттен әулие емес, Тәуелсіздік алғанымызды олар ұмытып қалмаса, ширек ғасыр өтті"- дедім мен. Оған да қуана келісті. Өзі сынақ алуға дайын. Тек министр-әкімдер мен миллионерлер дайын ба, ол жақтан үн жоқ...
Бүгін бұл кісінің туған күні екен. "Өлең шіркін, өсекші, сыртқа жаяр" -деген Ұлы Абайдың өсекші өлеңі қазір Фейсбук болып тұр. Содан көріп қалып, телефон соғып, құттықтадым.
- Ой, осы туған күнді елең қылмаймын. Оның үстіне пайғамбар жасынан асып, қартая бастағасын онша қуана да қоймайды екенсің. Жеңгеңе де "шабыла бермеші" деп айттым.
- Туған күн сіз үшін керек болмаса, құттықтайтын біз үшін керек қой. Жүзіңіз жарқын күйде Жүзге жетіңіз, көке!
-Ой, сіз тым ұзартып жібердіңіз ғой. Менің осы сонша жасқа құмарлығым да жоқ...
-Ойбай-ау, сіз жүзге толсаңыз, мен тоқсанға толады екенмін, құдай қаласа... Сонда Жүз жасыңызбен құттықтап бармаймын ба? Әлде, сол кезде менің барғанымды қаламайсыз ба?
- Ә-ә, онда болады, жүз жасауға. Сіз үшін жасайын онда... Құттықтауды ұмытып кетпесеңіз болды. Әрі, некролог жазатын да бір адам керек қой сол кезде...
-Жоқ, ұмытпаймын, көке. Сіз келіссеңіз болды. Некрологты өлеңмен жазамын...
Сонымен, Әзімбай Ғали көкеммен осындай келісімге келіп отырмыз әзірше...
Иә, Алла жар болып, Жүздікке үздік болып жетуді жазсын, Әзеке!
Қазыбек ИСА
qazaquni.kz