Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, Жер реформасы бойынша қоғамдық комиссияның жұмысы барысында қоғам көкейінде жүрген көптеген мәселелер талқыланды. Осының нәтижесінде қазіргі заңнаманың бірқатар кемшіліктері анықталды, xабарлайды Baq.kz тілшісі.
Назарбаев: Бір қолға жүздеген мың гектар жер беруге болмайды
2016 ж. 01 қыркүйек
3954
5
Президент Жер кодесінің дау тудырған бірқатар нормаларының мораторийін тағы бес жылға, 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартқанын тағы бір мәрте еске салды.
"Жер реформасы бойынша құрылған комиссия біраз шаруа тындырды. Қоғамның көкейінде жүрген проблемаларды талқылап, бұған дейін ескерілмей келген көптеген кемшіліктерді анықтады. Осыған байланысты бірқатар ұсыныстар әзірленді. Соның барлығы бөлек бір заңда көрініс тауып, Парламенттің қарауына енгізіледі. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы жерлерін тарату жүйесін жетілдіру, жерді ұтымды пайдалануды бақылау және тағысын тағы. Шыны керек, бір қолға жүздеген мың гектар жерді бірден беріп тастауға болмайды. Біз осыны ескермей келдік. Әлем бойынша ондай тәжірибе жоқ. Біз болсақ, бас кезінде жерді оңды-солды таратуға кірістік. Жерді алған әрбір адам оған жауап беруі керек. Жер ауыл шаруашылығы саласында тәжірибесі бар азаматтарға берілген жөн. Оның білімі бар, тәжірибесі бар дегендей. Бізде болса, кім көрінгеннің бәрі жерді алып алды. Қазір біз прокуратура арқылы ол жерлерді мемлекетке қайтарып жатырмыз. Себебі осы уақытқа дейін ол жерлерді қурай басып кетті", - деп атап көрсетті Н.Назарбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында.
Мемлекет басшысының айтуынша, Үкімет Жер кодексіне өзгерістер енгізген кезде ауыл шаруышылығы саласына қаржы тартуды көздеді. Себебі бүгінде осы салаға құйылып жатқан бюджет ақшасының қайтарымы төмен болып тұр. Қарыздың көлемі өсіп келеді. Күндердің күнінде оның бәрі "сабын көпіршіктері" сияқты жарылып, ел экономикасын тығырыққа тіреуі әбден мүмкін.
"Осыны алдымен түсіндіру жұмыстарынан бастап, артынан заңды қабылдағанда жағдай мүлдем басқаша болатын еді. Аграрлық секторға қатысты заңнаманы қабылдаған кезде осы мәселелерді барынша ескеру керек",-деді Президент.