Жазушылар одағының ендігі төрағасы кім болмақ?
2016 ж. 31 тамыз
6575
0
ҚР Жазушылар одағы айналасындағы дау толастар емес. Түрлі басылымдарда жазушылардың қырық пышақ болып, арыздан-арыз жазып жатқанын көріп жүрміз. Одақтың бір топ мүшесі қазіргі одақ төрағасы Н. Оразалиннің жұмысына көңілі толмаса, одақ мүшелерінің басым бөлігі оның кандидатурасын лайық деп санайды. Осыған орай, жақында "Қазақ әдебиеті" газетінің кезекті санында Жазушылар одағының 443 қаламгері қол қойған Елбасы Н. Назарбаевтың атына жазылған Ашық хат жарияланды. Онда одақ мүшелері кезекті құрылтайды ұйым жарғысына сай келесі жылдың қыркүйегінде өткізу керектігін алға тартты. Еске сала кетейік, аталмыш құрылтайда Жазушылар одағының төрағасы сайланбақ. Қазіргі уақытта, түрлі басылымдар түрлі болжамдарды айтуда. Кейбір басылымдар одақ төрағасы қызметінде Н.Оразалин қала береді деп жазса, енді біреулер бұл орынға Ә. Асқар, Е. Раушан секілді тұлғалар келуі мүмкін деп болжам айтып, жарыса жазуда.
Аталмыш Ашық хат мәтінін назарларыңызға ұсынамыз:
Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!
Біздер, есімдері елге белгілі, арыстар мен алыптардың көзін көрген аға буын қаламгерлер мен әдебиет әлемінде тер төгіп, еңбек етіп жүрген бүгінгі әр буын өкілдері Қазақстан Жазушылар одағы айналасындағы болып жатқан жағдайға назарыңызды бұрып, Ашық хат жазғанды жөн көрдік.
Қазақстан Жазушылар одағы ұлт руханиятында өз орны бар іргелі қоғамдық ұйым екені белгілі. Ұйымның ұлт әдебиеті мерейін үстем етер бай тарихы мен Тәуелсіздік дәуіріндегі рухани өмірімізге ұйытқы болып келе жатқан жетекшілік ролі турасында Өзіңіз де әркез айтып, қаламгерлер қауымына қамқорлық көрсетіп, жан-жақты қолдап келесіз. Ол үшін айтар алғысымыз мол.
Шығармашылық тұлғалардың басын құрайтын шығармашылық ұйымның жұмысын жүргізу, қамтамасыз ету оңай емесі белгілі. Қаламгерлер ұйымы дау-дамайсыз, талас-тартыссыз болған емес. Кешегі арыстар мен алыптар кезінде де, өткен ғасырдың алпысыншы, тоқсаныншы жылдар аралығындағы тұста да қаламгерлер дауы толастамаған. Ол жағдай, одан кейінгі жаһандану дәуірінде де жалғасып келеді...
Өкінішке қарай, Қазақ Елі өз Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы мен Тәуелсіздікке жету жолындағы қажырлы күресінің айтулы кезеңдерінің – Желтоқсан көтерілісінің 30 жылдығы мен 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісінің 100 жылдығы аталар тұста Сіздің атыңызға ұйымның бір топ мүшесі «болмағанды болды» етіп арыз жазған болатын(«Жас Алаш» газеті, 26 мамыр, 2016 жыл). Естуімізше, аталмыш газетте жарық көрген сол арыз арнайы тіркеуден өтіп, Президент әкімшілігінде қаралып жатқан көрінеді.
Арызда айтылған «Жаптым жала, жақтым күйе» алыпқашпа сөздер бұған дейін де бірнеше рет айтылып, жазылған болатын. «Жазушылар одағының шаруашылығына байланысты есепшоттары құпия жүргізіледі» деген жазушылардың бұған дейінгі арызы бойынша Жазушылар одағын прокуратура, салық және қаржы полициясы бірнеше ай тексеріп, заңсыздық орын алмағанын көрсеткен. Деректер өз дәлелін таппады. Тексерудің нәтижелері соңғы съездің есепті баяндамасында тиянақтап айтылған. Құжаттары сақтаулы.
Бір кездері белгілі бір топтың ұйымдасуымен заңсыздық орын алып, Жазушылар одағының ғимараты «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кете жаздағаны жазушылардың есінде. Қанша соттың табалдырығы тозды... Ақыры Өзіңіздің араласуыңызбен әділеттік орын алып, қолды болған ғимараттар ұйымның өз игілігінде пайдалануға қайтарылды. Ұлт қаламгерлерінің мінбері саналған әдеби басылымдар да тікелей Сіздің қолдауыңызбен Одақ құрылтайшылығына берілгені ел есінде...
Жазушылар одағының 2012 жылғы қыркүйекте өткен Құрылтайында сайланған басқарма, басқарманың құзіретін жүзеге асырушы хатшылық өзіне тиесілі міндетін ойдағыдай атқарып келеді. Секретариат құрамы елімізге белгілі ақын-жазушылар мен басылым басшыларынан құралған.
Жалпы, Жазушылар одағының 770-ке тарта мүшесі бар, бұл арыз сол 770-тің бәрі емес, Одақ басшылығына таласып, әр сайлау сайын жеңіліс тауып келе жатқан 15-20 қаламгердің іс-әрекеті. Және бұл бірінші рет жазылып отырған жоқ...
Аса күрделі кезеңде Өзіңіздің тікелей ұйғарымыңызбен шығармашылық ұйымның басшылығына неше дүркін сайлауға түскен Нұрлан Оразалин осы кезеңде Одақ жұмысын қалыпты жүргізіп келеді. Одақ мәртебесін көтеру үшін ұйым басшысына сенаторлық мандат берілгенін де жазушылар қауымы жоғары көңіл-күйде қабылдады.
Жазушылар ұйымының жұмысы, өздері бекіткен Жарғысына сай, демократиялық, құқықтық негізде жүргізіліп отыр деп бағалаймыз.
Республика жұртшылығы Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын қызу атап жатқан кезеңде қалың қаламгерлер қауымын дүрліктіріп, кезектен тыс Құрылтай өткізудің еш негізі жоқ деп ойлаймыз. Арызға қол қойған 15 қаламгердің пікірі ұйымға мүше 770-тің пікірі емес...
Сондықтан Қазақстан Жазушыларының кезекті ХV Құрылтайы Жарғы талабына сай, 2017 жылдың қыркүйегінде өз мерзімінде өткені жөн деп санаймыз.
Атап өтейік, аталмыш Ашық хатқа ҚР Жазушылар одағының 443 мүшесі қол қойды. Олардың қатарында О. Сүлейменов, С. Досанов, С. Қирабаев секілді есімі елге таныс жазушылар бар.